Ержан Алаштуған. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. 1976 жылы Жезқазған облысының Жаңаарқа ауданында туған. Ұлытау (қазіргі) облысына қарасты Қаражал қаласындағы N1 орта мектепте, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын N2 Республикалық мектеп-интернатта оқыған. Абай атындағы Алматы Мемлекеттік Университетінің түлегі. ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану Институтында, Қарағанды облыстық мәдениет басқармасында, Қазақстан Жазушылар одағында, баспасөзде әртүрлі қызмет атқарған. Қазір өзі негізін қалаған «ALASHTUGAN REFORM» Компаниясын және «AR» Баспа Үйін басқарады, сонымен қатар көптеген халықаралық рухани-мәдени жобаларды үйлестіреді. Түркі Әлемі Әдебиетшілері Қауымдастығының Қазақстандағы өкілі.
Шығармалары алғаш «Толқыннан толқын туады» ұжымдық жинағына енген. «Тақсыр, Күн», «Жалғыз Аспан», «Толағай – Талай», «Көшкін» жыр жинақтарының және «Құмайын» романының авторы. Шығармалары әлемнің он төрт тіліне аударылған. Бірнеше ұжымдық еңбектер мен антологиялардың құрастырушысы және көптеген ғылыми-танымдық кітаптардың редакторы. «АЛПАУЫТ АҚЫНДАР» және «Жаһан Жыры» дүниежүзілік поэзия антологияларын құрастырып, әлем әдебиетінің інжу-маржандарын қазақ тіліне аударған. «ТМД Елдерінің заманауи әдебиеті» атты халықаралық әдеби жобаның (РФ, Мәскеу, V томдық, 2021 – 2024 ж.ж.) үйлестіруші-редакторы. «Қазақ әдебиеті» ұлт апталығының «Жаһан Жыры» һәм «Жұлдыз» журналының «Жұлдызды жамбы» айдарларының тұрақты авторы. «Жол соңына жолдаулар» поэма-эпистоласы үшін М. Мақатаев атындағы сыйлыққа, «Тарақ таңбалы тарлан» поэма-монологы үшін Қабан жырау атындағы сыйлыққа ие болған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. М. К. Ататүрік (Түркия), Ә. Науаи (Өзбекстан), М. Лермонтов (Ресей) медальдарының иегері.