Жұмабай Шаштайұлы: Қазақтың бауырмалдық қасиетінен айрылып қалдық

АДАМЗАТ ҚАТЕЛІГІ

Адам саналы жануар деген тіркес бар. Осыны рас па деп ойлаймын. Адам саналы жануар болғандықтан өзімшілдікті қатты асқындырып жіберді. Дүниеге тоймайтын адамзаттың үлкен бір обыр бөлігі пайда болды. Социалистік қоғамда өмір сүріп отырғаннан кейін обырлықтың арты жақсылыққа әкелмейтініне әбден көзіміз жетті. Адамзаттың ең үлкен бір қателігі өткен кемшілігіне зер салмайтыны. Бұл қоғамды үлкен идеологиялық қателіктерге алып барды. Адамзаттың жаратушыға деген сенімін жоғалтып жіберген дүниелер де болды. Сол сенімнің әлі де болса өз қалпына түспеуінен жаратушыны жоққа санайтын жандар көбейді. Ішкі танымның таяздығынан, өзімшілдік құлқынының артуынан барлық тіршілікті, құдіретті күшпен жаратылған дүниенің барлығын жоққа шығардық. Тіпті біз де өлеміз-ау, артымыздағы ұрпаққа не қалдырамыз деген дүниені де ойламайтын болдық. Адамзаттың ең үлкен қателігі кейінгі ұрпақты ойлайтын заманға әлі жеткен жоқпыз. Кісінің қайғысына ортақтасатын әдеттен арылдық. Бізді қоршаған орта жауыздыққа, жат бауырлыққа, тоғышарлыққа тәрбиелеп жатқан сыңайлы.

ҰЛТ ҚАТЕЛІГІ

Біз үлкен ұрпақтың көзін көрдік. Әке-шешемнен адамгершілігім қаншалықты құнды деген сұраққа келгенде әлде қайда төмен тұрғандығымды сезінем. Жанашырлық дегеннен арылдық. Соғыс жылдарында бір уыс бидайдың өзі он адамға тамақ болған. Әрине ондай қиындықты басымызға бермесін, бірақ мейірім деген қасиетті құндылық бойда болуы керек қой. Шерхан Мұртаза ағамыздың бір әңгімесінде аштықтан, күн көрістен қиналып жүрген отбасындағы бір бала ансынан кітап алып беруін сұрайды. Сондай аштықтың өзінде білімге деген құштарлқтың болды. Бүгінде мұндай жағдай болса ол қоғамға күлкілі болып көрінеді. Жасап отырған азғындалып барады. Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде қандай деңгейге жеткендігімізді, әлде құлдырағанымызды зерттеп зерделеген бірде бір әлеуметтанушы, экономист маман жоқ. Мен таңғалатын бір жағдай осы.
Қазақ бауырмашылдық сезімнен ажырап қалдық. Кем бағал жандарға мүсіркей қарайтын, қоғамнан өз орнын таба алмай тентіреп жүргендерге телміре көз салатын болдық. Шыңғыс Айтматовтың «адам қайткенде адам болып қалады» деген толғанысы болған, осы мәселе бүгінгі қоғамға қарата қойылуы керек сияқты. Бүгінгі таңда ауыл ақсақалдары ақсақалдық статустан айырылып қалды. Қызға қырық үйден тиым дегенді ұмыттық. Өзгеге жалтақтағанды, еліктегенді қашан қоямыз? Біздің орыс бола алмайтындығымызға, еуропа елдеріне ілесе алмайтындығымызға көзіміз жететін уақыт болды. Мен әдебиеттің өкілі ретінде білетін бір мәліметпен бөлісейін, әлемдегі ең мықты, сұранысқа ие 200 кітап болатын болса, соның біреуі де түркі халықтарының кітабы емес. Біз өз елімізде тіліміздің көсегесін көгерте алмай отырып, әлем әдебиетіне ауыз саламыз деу күлкілі жағдай болар еді.
Әлемге қазақтың атын танытудың бір тетігі табылды. Димаш Құдайберген әлем сахынасына аттанып еді, бүкіл әлем қазақ әнші халық екен деп тани бастады. Қазір әлем қазақтың әнін айта бастады. Осындай құбылыстар керек екен бізге. Ұлытымыздан қаншалықты әлемге ортақ танымал тұлға шыққан сайын, бедел биігіміз де асқақ болады екен. Өзінің ұлтын мақтан ететін сезім кез келген қазақтың жүрегінде тұрса екен деп ойлаймын. Әр саланың өз Димашы болса, ұлтымыздың көсегесі көгеріп кетер еді.
Енді өз салама оралайын. Шығарма жазудағы қолтаңбаның қалыптасуы жасқа тәуелді емес екен. Елге қызмет ететін адам жас кезде істеу керек. Жастық жалын, жаңаша көзқарас бар кезде жасалған жұмыстың қайыры, қаламның қарымы әлде қайда пайдалы болатынына көзім жетті.
Қазақтың ең қасиетті құндылығы өнері, оның ішіндегі жазуы, күйі, әні. Осы салалардың өзінде сыбайластық белең алып бара жатыр. Енді қазақ қайдан көгереді?! Тілің шұбарласанса, өнерің ақшаға сатылып бара жатса қазаққа тұрақ қайдан?!

БІЗДІҢ ҚАТЕЛІК

Ұлтымыздың тағы бір қателігі қазақ туралы жақсы сөз айтқан адамды жарылқағандай көреміз. Ұлттық мүддеге келгенде әр нәрсеге сақ болу керектігін ұмытып кетеміз. Өзге біреу біз жайлы жақсы пікірді шын жүрекпен айтқандығына әркез шүбәлі болуымыз керек. Ұлттың сақтығы саулыққа жетелейді. Осыны естен шығармайық.
Ертеде қазақтың кез келген қариясы адам бол, көпшіл бол деген сөз айтатын. Қазір ондай кісілерді таппайсың. Атаның, әженің тәрбиесін алған, үлкендердің сөзіне құлақ асаатын жастар азайып бара жатыр. Біз ұлттық кең жүректіктен айырылып бара жатырмыз. Халқымыз кейде бала сияқты болып кетеді, кемшіліктің көкесі осы. Баладай аңғал, бейғам бола отырып білімсіздікке, түйсіксіздікке бой алдырдық. Соның есебінен қарапайым өмірлік сұрақтарға жауап бере алмайтын ұлтқа айналып бара жатырмыз.

Бізде жазу саласында қатты атағы шығып кеткен қатарластарым болды, сол кезеңде олар өздерін жұлдыз сияқты сезінетін деңгейге жетті. Сол өзін әлдеқандай сезінген жандар уақыт сынына төтеп бере алмай, жазған шығармалары сөрелерден орын таппай қалды. Жазушылардың бойындағы тағы бір қателік жазған шығарманың барлығын тарихта қалатындай сезінеміз. Тағы бір дүние біздің әдебиетте әділетті сын қалыптаспаған. Кімнің досы, кімнің бауыры соны мақтаймыз. Шындыққа негізделген сын болмағандықтан қазақ әдебиеті дамымай отыр. Шарықтаудың жаңа жолын таппайынша, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» -сы сынды, Сафуан Шаймерденовтың «Менің ағаларым» атты шығармаларындағыдай ішкі сезімді, жан күйін толғандыратын шығармалар тумайынша қазақ әдебиеті әлемдік бәйгелерге қатыса алмайды. Оған мысал онға тарта роман жазған бірқатар жазушы ағаларымыз әдебиет тарихынан өшіп кетті. Біз өзімізді өзіміз таразыға салып өлшей алмай жытырмыз. Шағармашылық биігімізді саралай алмай жатырмыз.
Біздегі ең үлкен олқылықтың бірі жағымпаздық. Кімнің басына бақ қонып билікке келеді, немесе байлыққа жетеді соған жағымсынуға құмармыз. Қызметте отырған адам мәңгі сол биікте қалатындай сезінеміз. Билікке, байлыққа деген көзқарастан, өнерге деген жанашырлық, құрмет үстем болмай ұлт ешқашанда ұлт ретінде дами алмайды.

МЕНІҢ ҚАТЕЛІГІМ

Менің қателігім көп. Шығармашылық жолға келерден бұрын көп адастым. Ғылым жолында жетістікке жеткен профессорлардың атағы қызықтырды, бизнесте өрлеп бара жатқан құрдастарымның табысы қызықтырды. Соған қарайлап жүріп, армансыз адам- қанатсыз құспен тең дегендей, алдыма нақты арман, мақсат қоюдан ажырап қалдым. Бір сөзбен айтқанда ішкі арсеналымды басқа бағытқа жұмсауға шақ қалдым. Біраз істерімді пендешілікке жеңдіріп қойдым деп ойлаймын. Мен бастық болсам жеке бастың тәуелсіздігіне жетем деп ойладым. Бастық болдым, бола отырып басы байлаулы құл екенімді аңғардым. Көп жерде қорқақтыққа бой алдырып, жөнсіз сөгіс алдым. Ең басты қателігім көп жерде ойымды ашық айта алмадым.

“Жетісу” телеарнасы
“Қателік” бағдарламасы 
20.03.21 жыл

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

4 / 5. Дауыс саны: 3

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған