Қоғамның бет-бейнесін айнадай айқын көрсетіп беретін жанрдың бірі – сатира. Бір қызығы – біздің қоғамда бір қарасақ сатира бар сияқты, бір қарасақ жоқ сияқты. Бар болатыны – телеарнаның барлығында әзіл-оспақ бағдарламасына уақыт берілген, әзілкештер де көп. Жоқ болатыны – айтылып жатқан әзілдердің бірі де есіңізде қалмайды, тұшынбайсыз. Сатира сөзі тілге жеңіл оралғанымен, атқарар міндеті мен жүгі мол. Сатира жанры мен бүгінгі қоғам жайлы сықақшы-пародист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көпен ӘМІР-БЕКПЕН әңгімелестік.
Көпен ӘМІР-БЕК,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
– Көпшілік Өзіңізді теледидардан, баспасөз беттерінен сирек көретін болды. Сіз қазір қайда жүрсіз?
– Теңіздің беті жәй ғана толқынданып тұрғанмен, астында әр түрлі ағыстар болады. Олар бері ағуы немесе кері ағуы мүмкін, оны ешкім көрмейді. Сол секілді, менің ішкі ағыстарым тоқтаған жоқ. Жанартау жердің бетіне шығып атқылайды. Оны жердің бетіне шығарған жеті қаттың астындағы буырқанған күш. Қадыр ақынның «Атылған жанартаулар даңқты, атылмаған жанартаулар қауіпті» деп айтқаны бар еді.
– Сіз сонда қауіпті болып тұрсыз ба?..
– Өзімді кейде қауіпті боп тұрғандай сезінем, әне-міне, атыламын деймін, атылмаймын… Ұсақ-түйек пен бықи-тықиды жазатын жастан кеттік. Қоғамның түп-тамырын шірітіп жатқан жегі құртын қопарып жазайын десең, оған құлақ асатын кім бар деп ойлайсың… Жазғаныңды бірсыпыра баспасөз жариялағанмен, оны тыңдар құлақ бар, құлық жоқ.
1972 жылы Бобби Фишер есімді жігіт шахматтан әлем чемпионы атанды. Оған дейін аты-жөны белігісіз болған Фишер бір жарқ етті де жоқ болды. Мені «1970-90 жылдарда сәтті пародияларымен, «Көпен келе жатыр» деген көрінісімен, елдің езуіне күлкі үйіретін эпиграммаларымен бір рет әзіл чемпионы атанды да, Фишер секілді жоқ боп кетті» деп ойлап жүргендер бар шығар. Өмірдің өзі шахматтың тақтасы сияқты, көп нәрсе жүрісіңе байланысты. Ойланбай жүрсең ойламаған жерден мат болып қалуың мүмкін. Сатираны шахматқа теңесек, әлі де талайларға шах қоюға шамам бар деп ойлаймын.
– Сізге шах қойылған тұстан қалай өттіңіз?
– Маған қойылған «шахтың» 99 пайызы жала болды. Оған «кең болсаң, кем болмайсың» дегендей, күлдім де қойдым. Шах қоюшылар маған жанашырлық танытқан жоқ, «қайтсек, осының тауын шағып, омақа астырамыз?..» деген біреу жазып, біреу қол қойған сын еді. Өмір ғой…
– Қазір әр саланың өкілі сол саланың проблемаларын айтып, аракідік баспасөзде пікір айтады. Сатириктер үнсіз?..
– Кешегі кеңес өкіметі құлап, тоз-тозы шығып тарап жатқан кезде орыстың ақын-жазушыларының көбі саңырауқұлақ теріп кетті. Өздерінің бағы әдебиетте емес, базарда деген ойға ергендер де көп еді. «Біреулер өмір сүру үшін тамақ ішеді, енді біреу тамақ ішу үшін өмір сүреді» деген тәмсіл бар. Біз осының аражігін ажырата білуіміз керек. Сатираны тастап, саңаруқұлақ теріп кеткен кезім болған емес, ол ойымда да жоқ. Менің саңырауқұлағым – сатира. Соңғы төрт жылдың ішінде әрқайсысы 500 бетке жетіп жығылатын төрт кітап шығардым. «Батпан құйрық», «Көрмейін десем көзім бар», «Сөйле десең сөйлейін». Төртінші шағын кітап – «Шәмшінің әндері мен әзілдері». Қазақтың маңдайына біткен Шәмші тек ұлы композитор ғана емес. Оның әзілкештігі, айтқыштығы, ақындығы да өзінше ерекше. Шәмші аға екеуміз Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келгенбіз. Ол кісінің айтқандарын ауыл адамдарының аузынан жазып алып жүргенде, бір кітап болатындай материал дайын болғанын байқамай қалыппын. Кейінгі жастарды қайдам, біздің сақа сатириктер Ғаббас Қабышұлы, Мыңбай Рәш, Үмбетбай Уайдин ағаларымыз жыл сайын кітап шығарады. Қариялар бұрынғы жазған дүниесін реттеп, сұрыптап томдықтар шығарып жүр ме деп ойласаң, бәрі де су жаңа жазылған дүние. Не деген еңбекқорлық?! Сондықтан сатириктерді үнсіз қалды дей алмаймын. Құдай адамға көп тыңдап аз сөйлеу үшін де екі құлақ, бір ауыз берген ғой. Қазір біз бірдеңеден ұтылсақ, көп сөйлей алмағанымыз үшін емес, көп тыңдай алмағандығымыздан опынып жүрміз деп ойлаймын.
Оралхан Бөкей өмірден озар шағында күнделігіне «Мен соңғы кезде көркем әдебиеттен гөрі, тарихи-танымдық, тағылымдық дүниелерді көбірек оқитын болдым», – деп жазған екен. Кейіпкерлеріміздің бірді-екілі келеңсіз мінезін келекелеу біздің осы жасымызға жараспайды. Қайтсек танымдық-тағылымдық дүние жазамыз деп кейде үнсіз қалатынымыз рас…
Зейнетке шыққаннан кейін мені сол кездегі «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек шақырып, ұзақ әңгімелестік. Ел мен Елбасының арасына дәнекер болып жүрген «Нұр Отан» партиясына бұрыннан тілеулеспіз. Мені Республикалық ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының мүшесі етіп қабылдады. «Сатира – жауынгер жанр, үнсіз қалмаңыз. Баяғыда азуын айға білеген саяси- сатиралық «Ара» журналын қайта шығарайық», – деді. Сөйтіп, төрт жылдан бері «Айқын» газетінің ішінен айына екі рет 8 беттен 16 беттік «Ара» журналы шығып жатыр. Оның сыртында Қазақ радиосынан «Ара» сатиралық радиохабарын аштық. Әр жексенбі сайын таңғы сағат 09.00-де эфирге шығады. Бұл ұсынысты Қазақ радиосының Бас директоры Мәди Манатбек айтқан. «Оспанханның «Ара ара болады, шаққан жері жара болады» деп айтқаны бар еді. Нарық заманының алғашқы қысылтаяң шағында «Ара» журналы жабылып қалған кезде Қалтай Мұхаметжанов ағамыз «Ара» жабылғаны – қазақ сатирасының қара жамылғаны», – деген. Қазақ сатирасы қара жамылса, кім қалжыңға қарық болады?.. Керісінше, жемқорлық етек алып кетті. Қоғамдағы түрлі жағымсыз әрекетке, жемқорлыққа, ашкөздікке бірден-бір кесе-көлденең тұратын «Ара» журналын «Ара» радиохабары етіп шығарайық», – деді. Хабарды өзім жүргізіп жүрмін, бағдарламаның шапкасындағы араның әні мынадай:
«Мен арамын, арамын!
Бармас жерге барамын.
Ұйымдасқан қылмыс пен
сыбайласты табамын.
Талапайға салғанды
табамын да шағамын.
Жең ұшынан жалғасқан
жолын кесем параның.
Күллі жұртқа күлкі ғып,
Күйдіремін, қарағым!
Әзіл-оспақ, сын-сықақ –
Менің қару-жарағым.
Мен арамын, арамын!».
Міне, мұны үнсіздік деп қалай айтасың…
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дейді. Қазан – біздің қазынамыз, мемлекетіміздің байлығы. Ел азаматтарының бірсыпырасы, шенеуніктер қазан жалауды әдетке айналдырды. Масқара ғой?.. Мұндайда ата-бабамыз «Аспандағы құсты жердегі жем ұятқа қалдырады», – деп айтып кеткен. Сонау аспанда жүрген құсыңыз жердегі жемге қызығып, қақпанға, тұзаққа түсіп қалып жүр. Осыдан екі-үш ғасыр бұрын өмір сүрген бабаларымыз
«Қарға келіп қарқ етіп, қалқып
ішіп ол кетті.
Көбелек кеп көмп етіп, көлкіп
ішіп ол кетті.
Сауысқан кеп саңқ етіп,
сарқып ішіп ол кетті», –
деген. Қазіргі Тәуелсіз еліміздің туын көтеріп жүрген азаматтарымыздың қарғаның күйін кешіп, көбелектің күнін көріп, сауысқандай саяз ойлағандарына таңғалам. Адамның ең қымбат қазынасы – адамдығы. Оны сақтай алмаса, хайуанаттан несі артық. Хайуан не ойлайды? Тек бір күндік жемтігін ойлайды. Адамның адамдығын сақтау жолында сәл де болса еңбек етсек деген оймен жүз жылдық тарихы бар «Ара» журналын шығарып, радиодан хабар таратып жүрміз. Мұны да үнсіздік дей алмайсыз.
Енді менің жеке өз басыма келсем, тышқан аулауды қойдым. Алғашқы кезеңде сатириктердің барлығы тышқан аулайды, құс алады. Қазір мына заманның жыртқыштарын қалай қақпанға түсіріп, сатираның садағымен қалай атамын деген ойда жүрмін. Қазіргі заманның тілімен айтқанда, өзімді ірілендірілген шаруашылық деп есептеймін.
– Ірілендірілген шаруашылығыңызда жалғыз өзіңіз жұмыс істей аласыз ба? Ірі шаруашылықтың қызметкері де көп болуы керек шығар…
– Болгарияның Габрово қаласында жыл сайын 1 сәуір – Күлкі күні дүниежүзілік сықақшылар байқауы өтеді. Жүлде қоры 1 000 000 доллар. Әлемге әйгілі түрік сатиригі Әзиз Несин сол байқаудың «Алтын кірпі» аталымын екі рет жеңіп алған. Біздің Қазақстанның сықақшылары Еуропаны былай қойғанда, Ресейдің әзіл-сықақ байқауына қатысқан емес. Сонда біз олардан кембіз бе? Мынандай ұйымдасқан қылмыс, сыбайлас жемқорлық, парақорлық, ашкөздік, аярлық дендеген заманда сатирадай жауынгер жанр керек. Ол үшін «Сатира сарайы» деген Орта Азияны камтитын үлкен орталық ашсам деген ойым бар. Орта Азия сықақшыларының басын біріктірсек, өмірден озған сықақшыларымыздың мұрасын сақтасақ, дүниежүзіндегі комедиялық фильмдерді әкелсек, әлем әзілкештерін топтастырып, сатира жанрлары бойынша байқау өткізсек, қандай жақсы! Бұл ойымды қазақтың қалталы азаматтарының біразына айттым, қостайды-қолдайды, бірақ барлығы жүрегімен емес, тілінің ұшымен айтады, мен оны байқап қоямын. Осы мәселені Елбасыға жеткізсем қолдайды деп ойлаймын. Өйткені, сатира керек. Ол – ауыр артиллерия! Ауыр артиллерияға шымшық ату жараспайды.
– Ауыр артиллерияны алып жүретін кадрлар бар ма, үлкен тақырыптарға артиллерия әскерінің қабілет-қарымы, білімі мен білігі жете ме?
– Ол үшін кадр керек. Кадр болмаса – қадір қалмайды. Бізде қазір кадр бар ма? 1970 жылдардың соңы, 1980 жылдардың басында сатириктер маған үлкен армия сияқты көрінетін. Сатира – стадион болса, сатириктер бір футбол командасын құру керек деп жазғанмын. Қазақстан сатира федерациясының президенті – Асқар Тоқмағамбетов, бас жаттықтырушы –Темірбек Қожакеев, қақпашы – Садықбек Адамбеков, қорғаушылар – Жүсіп Алтайбаев, Сақтапберген Әлжаппаров, Есенжол Домбаев, жартылай қорғаушылар – Оспанәлі Иманалиев, Ғаббас Қабышұлы, Мыңбай Рәш, Қалтай Мұхамеджанов, шабуылшы – Шона Смаханұлы, Сейіт Кенжеахметов, Үмбетбай Уайдин, Оспанхан Әубәкіров. Қосалқы топ мүшелері – Абдрахман Асылбеков, Төрежан Мәндібаев, Алпысбай Боранбаев, Мұхтар Шерім, Марат Нұрғалиев, Бейсебай Кірісбаев, Бектұрсын Мәдиев, Жанғали Меймандосов деп тізіп қойған едік. Одан бері қырық жылдан аса уақыт өтті, бұл кісілердің қатары сиреді. Яғни сатирада футбол командасын жасақтайтындай он бір адам таба алмаймыз. Лев Толстой «Соғыс және бейбітшілік» деген роман жазғаннан кейін «Орыс әдебиеті енді демалады», – деген екен. Қандай сенім?! Оспанхан Әубәкіровтің орны бос, қазақ сатирасы демалыста сияқты… Сол үшін «Сатира сарайы» деген орталық ашып, сол орталыққа сатириктердің басын біріктіре алсақ, команда жасақтауға болады.
– Көп жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағының Сатира кеңесіне жетекшілік еттіңіз. Сіз сатира жаза бастаған уақыттағы сатириктердің болмыс-бітімі, бір-бірімен қарым-қатынасы қандай еді?..
– Керемет еді ғой… Оларда іштарлық деген болмайтын, бәрінде құштарлық бар еді… Қазір ше? Іштарлық та жоқ, құштарлық та жоқ, әркім өзімен-өзі. Ащы да болса шындық. Біз өзіміз танымайтын, білмейтін біреудің сықағы газетке шықса, қатты қуанатынбыз. Осыдан қырық жылдай бұрын Торғай өңірінен жолданған (авторының аты-жөнін ұмытып қалдым) «Молодец» деген сықақ өлең оқыдым. Орысша білмейтін екі әйел жанжалдасып қалып, соңында бірі екіншісіне «Сен молодецсің» дейді. Екінші әйел «Өзің молодецсің» десе, біріншісі «Сенің сөзіңді түсінбейтін мен бала емеспін, сен өзің молодецсің», – деп қайырады.
«Сен молодец!
Сен молодец!
Осымен бітті бар егес
Екеуі де молодец!», –
деп аяқталады.
Былай қарағанда, жәй сөз. Бірақ өзінің табиғилығымен, қазақы қарапайымдылығымен есімізде қалды. Ол жігітті іздегенмен таба алмадық. Жаңадан жазып жүрген сықақшылардың шығармаларын жинап «Алты әзілкеш» атты кітап құрастырдық. Оспанхан Әубәкіров алғысөз жазды. «Қазақ әдебиеті» газетінде Шерхан Мұртаза бас редактор болған тұста сатира-юмор бөлімінен «Сарыуыз сатирик» деген айдар аштық. Республиканың әр аймағынан жастардың шығармалары қаптады. Өзге бөлімдер жариялауға материал таба алмай қалғанда, біз сыйғыза алмай жүретінбіз. Ол кезде ел ішінде сатираны жазуға, оқуға деген ынтызарлық болды. Өйткені, кейіпкер нақты көрсетіліп, сын да нық айтылатын. Кейінірек бұл айдар жабылған соң сатира саябырсып қалды. Қоғамның сатираға деген ынтасы, оны жазатындарға қамшы болады. Ынта болмағасын қамшылау да жоқ.
– Сізді жақын танитын жұрт үлкенмен де, кішімен де жақсы тіл табысып, тең құрдастай ортақ әңгіме айта алатын қасиетіңізді бағалайды. Сіздің заманның жастары мен бүгінгі заман жастарының бейнесі бір-біріне қай жағынан жақын, қай жағынан алшақ…
– Наполеонның «Соғысу үшін үш нәрсе керек: бірінші – ақша, екінші – ақша, үшінші – ақша», – деген сөзі бар. Қазіргі жастар Наполеон болып бара жатыр… Заман солай. Асанбай Асқаров ағамыз келін түсіргенде Фатима жеңгеміз келініне: «Айналайын келінім, жүзігің алтын болмаса да жүзің жарқын болсын», – деп бата берген екен. Қазір жүзінің жарқын болғанынан, жүзігінің алтын болғанын қалайтындар қаптап келе ме деп қауіптенем. Жапон ғалымдары балықты зерттей келе аквариумда өмір сүрген балықты теңізге апарғанда оның ары бір метр, бері бір метр аумақтан ары аспайтынына көз жеткізіпті. Көзін ашып көргені сол аумақ болғасын қайтсін?.. Кеңес кезінде сықақшылар аквариумдағы балықтар секілді өмір сүрді. Цензура қатал болды, соның өзінде сықақшы ағаларымыз астарлап болса да көп дүние айтты. Қазіргі жастар тәуелсіздіктің теңізіне шықты. Бірақ мінгендері қайық, қайықпен теңізде жүзе алмайсың ғой. Оған алып кеме жасау керек. Мен қазіргі жастардың аквариумда өспегеніне қуанамын, бірақ қайықпен теңізге шыққанынан қауіптенем, бара-бара кеме жасап алады деген үмітім бар.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Қарны ашқан адамға балық берме, қармақ бер», – деп айтқан еді. Қазіргі қазақ жастары балықты қармақсыз аулай алмайтынын түсінді. Сондықтан да барлығы қармақ іздеп жүр. Ол бүгінгі нарықтың ырқы, заманның парқы. Бірақ ұлттық дәстүріміз бен салт-санамыз жыл өткен сайын ұмытылып бара жатыр. Соған ішім удай ашиды.
– Сатираның жанрлары қандай күйде? Заманның ағымына сай жаңа жанр пайда болды деуге бола ма?
– Сатирада сонау Эзоптан бүгінге дейін ешнәрсе өзгерген жоқ. Сатираны жанр деп есептесек, оның түріне түр қосылған жоқ. Ұстазымыз Темірбек Қожакеев сатираға «Достық рәуіш» деген сөз қосты. Ол әзіл деген сөз ғой. Сатираның түріне емес, мазмұнына қарауымыз керек, біз қазір түр қуып кеттік. Татымсыз көксорпаны көрерменге ұсынамыз, оқырманға таратамыз оны оқырман жартысына дейін оқи ма, оқымай ма беймәлім. Неге? Қазір газет-журналды ашқан ел ең алдымен авторына қарайтын әдет тапты, көрермен де сол. Бұл абырой жинау, шығармаға емес, авторға деген көзқарастан туған кері әдет. Баяғыда Құдайберген мен Тұңғышбай шығады десе, шешелеріміз сауғалы отырған сиырын қоя беріп, экранның алдына келетін. Қазір сондай бар ма?
– Тұрсынбекті іздейтіндер бар-ау?..
– Тұрсынбек Қабатов халықтың жүрегін жаулап алды. Бірақ жалықтыра бастады-ау деймін. Ол түр қуған жоқ, мазмұн қуған жоқ. Ол сан қуып кетті, сапа далада қалды.
– Халықты өзіне қалай тартып әкетті? Неге жалықтырып алды деп ойлайсыз?
– Біз әзілдің бұрынғы стиліне «Жигули», «Москвич», «Волга» машинасына үйренгендей үйреніп қалып ек. Тұрсынбек бұл әдеттен айнып, қазақтың әзілінен иномарка жасады. Жұртың бәрі қызықты. Сөйтті де, бір иномарка көлігін түрлі-түрлі қылып бір мотор, бір жылдамдық, бір көлемде халыққа ұсына берді, ұсына берді. Ары қарай жетілдірген жоқ. Тоқтап қалды. Жақсы бастап, жәй қозғалып келе жатты да, «Енді зымырайды-ау!» деген тұста тоқтап қалды. Қазір ойланып, оталып тұр.
– Қазір пародия жанрының өрісі кеңейіп келеді. Алайда, әншілер мен ата-әжелерден аса алмай қалды. Саяси тұлғаларға жасалатын мазмұнды пародиялардың кенжелеп қалуына не себеп?
– Біздің қазақ пародия жасасаң ренжиді, мені мазақтады, күлкіге айналдырды дейді. Керісінше, біз оны дәріптейміз. Пародия шоколад беріп тұрып, шапалақ жегізетін жанр. Шапалақ жегеннен кем болмайсың, кейбір кемшіліктеріңді көресің. Ал біздің пародиялар тек өзін жұлдызбын деп санап жүрген белгілі, белгісіз әншілерге ғана жасалатын болды. Дауысын салады, қимыл-әрекетін келтіреді, бірақ не айтқысы келгенін түсінбейсің. Ағылшындардың «Панч» деген әдеби журналы бар. Сол журналға пародия, эппиграма кейіпкері боп ілінбеген ақын-жазушы қаламгер боп есептелмейді екен. Көрдіңіз бе? Сатира қалай дамыған… Ал бізде сәл сын айтылса, бет қаратпай кетеміз.
Бұдан бірнеше жыл бұрын Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Камал Смаилов, Роза Бағланова, Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов секілді тұлғаларға пародия жаздым, әртістер орындады. Қазір кімге пародия жасайсың? Тұлға бар ма? Бүгінгі күннің тұлғасымақтарына пародия жасауға болады. Қай тұрғыда дейсіз ғой? Мәселен, маса біреудің білегіне қонып шағып жатыр екен. Оны қолымен қағып ұшыра берген әлгі адамға екінші адам «Ұшырма, ол әлі тойған жоқ, тойғанда өзі ұшып кетеді. Ал егер ұшырсаң, аш болған соң қайта келіп, қаныңды тағы сорып, сорлатады», – дейді екен. Біздегі мансап қуған тұлғалар масаға айналып барады. Міне, Пародия.
– Қазақ сатирасының саңлағы Оспанхан Әубәкіровтың тәлімін алдыңыз. Бүгінде өзіңіз қазақ сатирасының төріне шықтыңыз. Не себепті шәкірт тәрбиелемедіңіз?
– Қазақ данышпан ғой, «Жетектеген тазы түлкі алмайды» дейді. Мұның астарында үлкен философия бар. Сатирада ешқашан шәкірт тәрбиеленбейді. Ол өзі шығуы керек. Ананың сүтімен, атаның қанымен. Арқалықтан Марат Нұрғалиев деген жігітті, Жамбылдан Толымбек Әлімбекұлын Алматыға алып келдім. Екеуін де сол кездегі «Ара» журналына орналастырдым. Сатираның не екенін, оның қалай жазылатынын бес жыл бойы ұстазымыз Темірбек Қожакеев айтып кетті. Одан артық меніңше, ешқандай тәрбие керек те емес.
– Әке-шешеңіз әзілге жақын болып па еді? Сізге әзіл қайдан дарыды?
– Шешем – үш қыз, жеті ұл көтерген Алтын алқалы ана. Тұңғышы – мен. Әкем шертпе күйдің шебері болмаса да, күй тартатын. Әкемнің әкесі Түкібай атамыз сауық-сайранның ортасында жүретін самдағай, сері жігіт болған екен. Отыз жасында көкпардан көз жұмыпты. Қандай той-томалақ болса да жұрт Түкібайды күтіп отыратын көрінеді. «Түкібай келмей түк болмайды», – дейді екен. Шешемнің бір өзі бір театр еді. Ауылдағы келіншектерді жиып алып, дастархан басында ауыл адамдарының дауыстарын, өзіне тән қызық іс-қимылын салатын. Маған әзіл Түкібай атам мен шешемнен келген болуы керек. Біреуге біреу сатираны былай жаз деп көрсетіп бере алмайды. Біз шәкірттерге тек жол көрсете аламыз. Мен сырттай Оспанхан Әубәкіров, Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлын ұстаз тұттым. Негізі менің әзілге келуіме себеп болған аудандағы бір әже. Мектеп бітірген соң оқуға түсе алмай, аудандағы халық театрында жұмыс істедім. Сықақ оқитынмын. Бір күні ауыл-ауылға концерт қоюға бардық. Сахнаға шығып күндегі әдетіммен «Асқар Тоқмағамбетов: «Май мұрынға май шелпек» деп оқи бастап ем, бірінші қатарда отырған үлкен кісі «Әй, шырағым, осыдан басқа сықағың жоқ па? Әнеукүні келген әртістер де осыны оқыды, бұрнағы жылғылар да сөйтетін, басқасын оқысаңшы», – деп айғай салды. Жүрегім зу ете қалды. Содан ойлана келе өзім сықақ жазуға көштім. Әлгі әже маған солай деп айтпағанда, мен әлі де жұрттың сықағын оқып жүре берер ме едім… Алғашқы сықақ өлеңімнің бірі «Жігіт деме» еді. Сол кезеңде қыздар жасырын темекі шеге бастаған еді, сондай қыздарға қаратып «Қарагөз-паравоз» дейтін сықақ жаздым. Жұрт жақсы қабылдады. Одан кейін жолымды ашқан Оспанхан Әубәкіров пен Қалтай Мұхамеджанов. Олар маған ешқашан ақыл айтқан жоқ, тек жол сілтеді, жазғандарымды жариялады, кітап етіп шығаруға күш салды. Нағыз тәрбие деген осы.
– «Шәмшінің әндері мен әзілдері» атты жинақ шығардыңыз. Осы кітап арқылы оқырман Шәмшінің айтқыштығын білді. Қазіргі көзі тірі замандас, құрдастарыңыздың арасында осындай айтқыштар бар ма? Оларды жинақтап жүресіз бе?
– Баяғы замандағы ақын-жазушылардың айтқыштығы сұмдық еді. Сондай бір дәуір өтті. Ішек-сілеміз қатқанша күлетінбіз. Соның соңы Дулат Исабеков ағамыз ба деймін. Ол кісінің достарына, әсіресе құрдастарына шығарған әзілі, айтқыштығы шынайы. Сенесің. Және өзі сұмдық әсірелейді. Жүрсін Ерманның, Халық ақыны Қонысбай Әбіловтің де айтқыштығы бар. Олар айтайын деп айтпайды, аузына келе қалады ғой.
Сейіт Кенжеахметов пен Қонысбай Әбілов іссапарға бірге барып, қонақ үйдің бір бөлмесіне орналасыпты. Сейдағаң Қонысбайдан бір мүшел үлкен ағасы, екеуі бір ауылдан. Қонысбай інілік ізет көрсетіп таңертең:
– Аға, сақал-мұртыңызды алмайсыз ба? – десе Сәкең:
Қарағым, мен сақал-мұрты алынып туған адаммын, деп жауап беріпті.
– Иіссу сеппейсіз бе?
– Өзім иіссу себіліп туған адаммын.
– Жаттығу жасамайсыз ба?
– Мен жаттығу жасалып туған адаммын.
Сонда Қонысбай:
– Ойпырмай!.. Аға, жапондардың аппаратурасы секілді сапалы жасалған дүние екенсіз, – деген екен.
Ауыл-ауылда айтқыштар көп. Маңғыстаулық сықақшы Ерекен Қорабаев «Маңғыстау әзілдері» деген екі том кітап шығарды. Оқысаң, ішек-сілең қатады, туабіткен өнер. Маңғыстаулық атақты күйші Серікжан Шәкірат батыс аймақтың әзілдерін жинақтап, үлкен кітап шығарды. Мұның бәрі дәл қазіргі емес, бұдан бұрынырақта өмір сүрген адамдардың айтқыштығына мысал.
Өзімнен кейін туған Төпен деген інім де Оңтүстік Қазақстан облысына белгілі айтқыш. Оның сөздеріне жұрттың барлығы риза, бірақ көбі жүзін танымайды.
Бір күні Шәуілдірге әртістер келіп «Төпен айтты» деген әзілдерді тыңдап, Төпенді іздепті. Төпеннің өзі ауыл баласы, күнделікті жаман-жұман киімімен есіктің алдына шығып тұр екен. Оны іздеген жігіт келіп Төпенге амандасып:
– Төпеннің үйі қайсы? – деп сұрапты.
Нұсқаған үйге барса, есіктің алдында бес-алты кемпір әңгімелесіп отыр екен.
– Төпен бар ма?
– Шырағым-ау, бағана өзің Төпенмен амандасқан жоқсың ба?
– А-а-а-а, сол Төпен бе еді, деп қайтып келіп, Төпенге қайта амандасып:
– Төке, мен сіздің Төпен екеніңізді білмей қалдым, мен Төпенмін деп неге айтпадыңыз, десе, Төпен:
– Сен менен Төпенді емес, Төпеннің үйін сұраған жоқсың ба? – деген екен.
Біздің елдің жұрты «Төпен оқымай қалған, оқыса Төпен Көпеннен күшті» деп айтады. Мұндай айтқыш азаматтар әр ауылда да бар. Тек біз оны құнттай бермейміз.
– Абайдың «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» сөзін жас ұрпаққа үлгі ретінде көп айтамыз. Ойынның арзан, күлкінің қымбат екенін қай кезде, қалай сезінесіз?
– Әр жастың өзінің температурасы, жылдамдығы, күш қуаты болады. Табиғат қандай болса, адам да сондай. Жас кезімізде көктем секілді бүршік жарып гүлдедік, жазда жапырақ жайып жайқалдық, енді біздің күзіміз келді. Сарғайдық, жемісімізді бердік. Күз сияқты жасқа келгенде күле де алмайсың, ойнай да алмайсың. Ойыннан бұрын сені ой шырмайды екен… Бір данышпанның ер азамат елуге дейін өзі үшін өмір сүреді, елуден кейін ел үшін өмір сүреді деп айтқаны бар еді. Немере тәтті болады деп неге айтады, жас келгеннен кейін адам уылжып, табиғат секілді таза көңіл күйге енеді. Жас кезде не болса, соған күлдік, қазір күле алмаймыз, жылаймыз. Есейген адамда бір ғана мүдде қалады екен, ол – ел. Ол – ұлт. Шымкент қаласында Асанбай Асқаров атындағы саябақ бар. Сол саябаққа көп құлпытас қойып, Білге қағаннан бүгінгі Елбасыға дейінгі тұлғалардың ұлт жайлы айтылған сөздері жазылған. Сонау бағзы замандағы Білге қағанның «Ел болудан асқан бақыт жоқ» деген сөзінен бермен қарай Қорқыттың «Ат жемейтін ащы шөптің шыққанынан, шықпағаны игі», – деген сөзімен жалғап, Елбасымыздың «Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім керек», – деген сөзімен аяқтапты. Қазір біздегі ұлттық рух, ұлттық қасиет, ұлтқа деген сенім қандай дәрежеде екенін ойлағанда, күлу мүмкін емес, жылайсың. Бірақ сенің жылағаның жұрттың күлгенінен артық.