Түнім тыныш болса… 

Қанша түндер ұрлады ұйқымды шын,
Түнім тыныш болса екен ұйқы құрсын.
Тығылады жүрегім алқымыма,
Айтатындай бүлкілдеп бір сырды тың.

Қара жерге көк аспан құлағандай,
Тасқа тиген мезгілсіз мына маңдай.
Дейді біреу мүсіркеп “соры қалың”,
Сорым емес, келемін жол таба алмай.

Ашық күнде адастым айыбым сол,
Қарлығаштан, аңдасам, құмайым мол.
Өлеңіммен өрнектеп өмірімді
Қиқулаған құмайға құрайын тор.

Қырда гүлім жайқалсын жыр арнайын,
Ұлар құсты шыңына қондырайын.
Қу түлкіні бүрейін бүркіт болып,
Түлкі ғұмыр жаныма болды уайым.

Көз ілмеген қайтейін түндерімді,
Қара түнде болмаған кімдер мұңлы.
“Сабыр түбі – сары алтын” бек сенемін
Шуағымен тербейді күндер нұрлы.

Алай-дүлей көңілім тоят таппай,
Ойымды ой қозғайды аяқтатпай.
Басыма бақ қиялмен орнаған шақ
Таң келеді бозарып, шын бақыттай.

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған