Қызыл нұрға боялған шақта алап

Қызыл нұрға боялған шақта алап,
Көп ойланам құбыла жаққа қарап.
Салқар тағдыр шіркін-ай тұлпар жырдың,
Тұяғына қойса ғой бақ тағалап.

Желпіп өткен жете алмай ардағына,
Асқақ үміт қол созды арманына.
Жалған дейтін бес күндік берешекте,
Армандаған пендеде бар ма кінә?

Өмір дүрмек мұңынан бағы басым,
Запыранды заңына бағынасың.
Жан жүрегің жерініп бәз біреуден,
Ал біреуді себепсіз сағынасың.

Кеудең кернеп әз әнің боздамасын,
Алу керек әркім ақ өз бағасын.
Төмендейді, ал бірі биіктейді,
Өзгереді тек сенің көзқарасың.

Әлдекімдер кеудеден шоқ тереді,
Әлдекімнің болады от демеуі.
Әсемдікте керек- ақ бірақ жаным.
Әділдікті әрлеудің жоқ керегі.

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған