Елдос Нүсіпұлы Тоқтарбай жазушы, әдебиеттанушы ғалым, алаштанушы, сыншы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Ұлттық Құндылықтар академиясының корреспондент-мүшесі, «Janr» Жетісу Әдеби клубының мүшесі.
Елдос Тоқтарбай 1993 жылғы 2 қаңтарда Жетісу облысы, Көксу ауданының Балпық би кентінде дүниеге келген.
Ол әр жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ankara Yıldırım Beyazit Üniversitesi, Ankara Hacı Bayram Veli Üniversitesi оқыған. «Әдебиеттану» мамандығы бойынша Философия докторы (PhD).
Е. Тоқтарбай еңбек жолын Арқалық қаласындағы көпсалалы колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалім ретінде бастаған. Ол әр жылдары Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин музейінің ғылыми-қор бөлімінде ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, «Ақ жол» партиясының идеологиялық жұмыстар бөлімінде аға сарапшы, «Қазақстан Заман» газетінің Астана қаласындағы меншікті тілшісі, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының сектор жетекшісі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің www.ruh.kz порталының бас редакторы, Астана қаласы әкімдігі, Тілдерді дамыту басқармасының бөлім меңгерушісі, Алматы облысы әкімдігі, Ішкі саясат басқармасының жанындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі қызметтерін атқарған.
Ол – 2017 жылдан бастап Алаш бағытындағы Qyr Balasy білім, ғылым қорын құрып, қор жанынан Әлихан Бөкейхан Алаштану ғылыми-зерттеу орталығын ұйымдастырып, «Алаш кітапханасы» сериясымен бұрын-соңды шығармалары жинақталмаған алаш зиялыларының кітаптарын шығарып, жеті мәрте халықаралық «Алаш жолымен…» ғылыми-танымдық экспедициясына жетекшілік етіп, Чехия, Ресей, Беларусия, Украина, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне барып, архив, сирек қорларымен жұмыс істеген. 2023 жылдан бері еркін шығармашылықпен айналысады.
Оқырман қауымға балалар жазушысы, алаштанушы, әдебиеттанушы-ғалым, әдебиет сыншысы ретінде танылған Елдос Тоқтарбай «Ақжелкеннің ұландары», «Тау құсы» прозалық кітаптарының авторы.
Жас жазушының балалар мен жасөспірімдерге арналған әңгімелері мен хикаят, ертегілері «Кəусар бұлақ» (2012), «Балауса жырлар» (2014), «Аңсар» (2013), «Тəтті алма» (2015), «Жетісуға құйылған жылғалар» (2017), «Əдеби Қазақстан» (2018), «Тәтті алма» (2019) жинақтары мен «Құлыншақ» Жетісулық балалар жазушыларының антологиясы (2021), он томдық «Қазақ балалар әдебиеті» (2021), «Қазіргі балалар әдебиеті» (2022) антологияларына енген.
Ол сондай-ақ «Қаламгер, ғалым, қайраткер Ахмет Байтұрсынұлының əдеби мұрасы», «Қазақ әдебиеті тарихындағы түрмеде жазылған шығармалар және эмигранттық кезең» (Генезис. Эволюция. Поэтика), «Барлыбек туралы бірер сөз…», «Абай және Алаш. Абайтанудың кейбір мәселелері» , «Түрме әдебиеті», «Абай және Алаш», «Millet Mektebinin Yüreği» монографияларын жазған белгілі зерттеуші.
«Мен де АрқМПИ түлегімін…», «Сөз сәуле», «Жарық сәуле», «Жетісу өңірінің аңыз-әңгімелері», «Алаш сөзі» әдеби-танымдық сын, толғау кітаптарының авторы. 25 -тен астам Алаш тарихы туралы кітапты құрастырып, алғысөзі мен ғылыми түсінігін жазып, баспаға даярлаған.
Жазушы Елдос Тоқтарбай әдебиет саласына қосқан елеулі үлесі үшін ҚР Халық жазушысы Ә.Нұршайықов атындағы стипендияның иегері, Ғани Мұратбаев атындағы Республикалық Жастар сыйлығының лауреаты атанды. 2017 жылы жазушы, зерттеуші Елдос Тоқтарбай әдеби жетістігі үшін «Әдебиет» номинациясы бойынша ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанып, еңбегі Үкімет деңгейінде бағаланды. Сонымен қатар, ол Бейімбет Майлин атындағы стипендияның иегері, І.Жансүгірұлының 125 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық байқаудың Бас жүлде иегері, «Ақ қауырсын», «Дарабоз», «Үркер», «Балауса» «Ұлы Дала» әдеби байқауларының жеңімпазы, «Алаш аманаты» әдеби сыйлығының лауреаты, «Жылдың үздік қаламгері» атанған.