Серік Әбікенұлы Сарыбай – 1972 жылы, 3 қыркүйекте Талдықорған облысы, Кербұлақ ауданы, Балғалы ауылында туған. Мамандығы: журналист, тарихшы. «НТК», «31 арна» секілді телекомпанияларда Бас редактор, директордың орынбасары қызметтерін атқарған. Тележурналистикадағы еңбек жолын 1998 жылы «Телефабрика» серіктестігінде бастап, «Анау-мынау», «Айтпақшы» бағдарламаларын шығаруға атсалысқан. 2000-2003 жылдар аралығында «Оңтүстік астана» телеарнасында Бас редакторлық қызметте жүріп, «Сойыл» атты тұңғыш тележобасын жарыққа шығарды. «31 арнаның» «Информбюро» жаңалықтар қызметінде 6 жыл жетекшілік етіп, осы арнада «Тарих безбені», «Тұжырым», «… кім?», «Ел сойылы» сынды жобаларды елге ұсынды. Осы күні ел аузында жүрген «Тілсақшысы», «Пікірлер пирамидасы», «Тарих таразысы», «Тағдыр мен тұлға», «Монолог», «Болмыс», «Тыңдашы, айналайын» бағдарламалары «Қазақ хандығына – 550жыл» атты 40 сериялы деректі циклінің және тағы басқа көптеген хабарлардың авторы. «Құлжа сақа», «Жегі», «Жолбарыс жымы», «Жетісу жазбалары», «Аманат», «Орақты батыр», «Арша жұпары», «Жалғыз арша» кітаптарының авторы. Л.Н.Толстойдың «Исповедін», «Круг чтениясын», Е.Тұрсыновтың «Мәмлүк», «Мұстафа Шоқай», «Қарашаңырақ» романдарын аударған. 2013-2018 жылы «Парасат» саяси-қоғамдық журналының Бас редакторы және 2014 жылдан «Жетісу» телеарнасы директорының бірінші орынбасары, кейін осы арна директоры болып қызмет атқарады. Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі болды, қазірде «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары – Алматы басылымдарының жетекшісі. ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, «Ақпарат саласының үздігі», «Тәуелсіздіктің 20-25 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері, ҚР Журналистика қайраткері.