Шал қашқан. Серік Әбікенұлы

Бұл оқиға сонау 1956 жыл жазғытұрым болыпты.  Ақмола облысының шұрайлы өңірінде өркендеп отырған әсем ауыл бір таңда у-шу болады да қалады.
Есік алдын сыпырып,  Майлыаяқтың итаяғын салқын сумен шайып жұрнақтан тазартып күйбеңдеп жүрген Қыдырбек:
– Ассалаумағалейкүм, аға, – деген дауыстан селк ете қалған. Қақпаға
жалт қарап еді ешкім көрінбеді.
– Мен ғой, аға…
Бұл сол кезде байқады шегір көз сары бала екі тақтайдың саңылауынан сығалап тұр екен. Көршінің Сәрсені.
– Ой, әкең, зәремді ұшырдың ғой, – деді бұл әкесімен құрдастығына
сүйене сыбап.  – Не болды, ей, таң атпай?
– Сіздердікінде атам жоқ па, аға?
– Жоқ. Келген жоқ. Атаңды қасқыр жейді ғой деймісің, жүрген шығар
бір жерде, – деді Қыдырбек ыржиып.
– Білмеймін, ауылды аралап шықтым,  Мараттардыкінде де,
Серіктердікінде де жоқ, апам шай ішеміз деп жатыр,  – сары бала қашаға асылып басын қылтитты. Қос танаудың асты, екі бет сатпақ-сатпақ.
– Әй, атаңды бір кемпір алып кеткен шығар, өткенде Аққыз апаң сұрап
еді ғой сенен, – деді Қыдырбек баланы ермекке айналдырып.   Сары баланың көз алдына Аққыз кемпір келе қалған. Ақ кимешегі өзіне жарасып, ұзынша бойлы, жүзі күлімдеп тұратын көркем апа еді. Шалы да, баласы да жоқ. Баласы шешектен өлді деп үйдегілер айтып отыратын. Сол көркем апа өткенде Серіктің сүндет тойында мұның есін шығарып еді. Әттуіне тақия төңкеріп алып талтайып жатқан Серікті көріп шығып келе жатыр еді ауыз бөлмеге жайылған дастарқанның басында отырған  әжесі: – Үй, ботам, қайдан жүрсің, келе ғой, – деп шықырды. Барып, тізесіне отыра қалып еді, екі құрт, науат ұстатты. Бұл қантты күтірлетіп отырғанда Аққыз киліккен.
– Кімнің баласысың?
– Атамның.
– Атаңның аты кім?
– Сейітжан.
– Сен сол Сейітжанды маған берсеңші?
Бала «денің сау ма?» дегендей бажырая қарады.  Аққыз апасы оң иығымен еңсеріле бұрылып, бұған төніп алыпты.
– Беремісің?
Бұл әжесіне жалт қараған, шалымнан айырылып қаламын деп қорқып отырған адамға ұқсамайды. Қайта жымиып:
– Қалай, балам, атаңды беремісің? – дегені. Мұның әжесінің беті әжім-
әжім, ал Аққыз кемпір сұп-сұлу.  Атасының кербез апаға ілесіп бара жатқанын елестетіп, қорс етті.
– Ала берсін, жаман, ұрысқақ шалды қайтесің, құлағымыз тынышталсын,
иә, балам?
Сары бала науат пен құртты үстелге атып ұрды, бір түйірі қарсыда отырған әйелдің кесесіне дәл тиіп, шайы төгілген ол байғұс ойбайлады да қалды.
– Бермеймін! Бермеймін атамды, а-а-а!!!
Далаға ата жөнелген баланы сол кезде осы Қыдырбек ауладан ұстай алып еді. Екі аяғын ербеңдетіп, үйге қайта кіргізді.  Аққыз кемпір сылқ-сылқ күліп, әжесі айналып-толғанып, әзер жұбатқан. Атасы үйде қалатынын түсінді, бірақ, Аққыз кемпірді жек көріп кетті.
Қыдырбек қалжыңы дөп тигенін баланың өңі бұзылғанынан байқады, көзі бағжиып, қос ақ боздың басын бір тартты.
– Не де болса сол үйге кетті-ау? – деді тұздықтай түсіп.
– І-і-кі, атам онда бармайды…
– Әй, қайдам, өткенде Аққызға кетемін деп отыр еді…
Бала бұның сөзін тыңдамады, бұрылып жүре берді.  Мойнын соза қарап тұрған Қыдырбек оның біраз ұзаған соң шеткерідегі ақ үйге қарай бұрылғанын байқап жымиды. Тазалықты жаны сүйетін Аққыз кемпірдің ауласын аңдымақ. Өстіп тұрғанда Қыдырбекке бір ой сап ете қалғаны, далаға шығып бара жатып үйде  әкесінің жоқ екенін байқаған. Аулада ма деп еді, көрінбеді, жаңа егілген шыбықтарды суарып, түптеп жүретін ол жақта да  серуендеп кеткен шығар дегенде  қойған.  Мына баланың Сейітжан қарияны іздегеніне қарағанда үлкендер бір үйде шәй ішіп отырған  болды.
Жаздың жылдам таңы жарқырап, күн шақшиып арқан бойы озғанда да Сейтжан мен Қыдырбектің әкесі Сәми еш үйден шыға қоймады. Қайта Нүсіпхан мен  Елдес секілді тағы бес-алты шалдың жоқ екені белгілі болып, ата іздеген бала ауылды басқа көтерді.
– Аға, атам бар ма?
– Апа, атам бар ма?
– Апам жіберді, атам бар ма? дейді…
Сәлден кейін шалын іздеп, кемпірлер шықты.
– Өй, біздің шалды көрмедің бе, жер жұтты ма…
– Әй, Қамар, біздікін көрдің бе?
Жоқ, жеті шал ұшты-күйлі. Қыдырбектің өзі өзен жағалады, кейде ақсақалдар сонда жиылып әңгіме-дүкен құратыны бар еді. Тал көлеңкесіндегі шөбі жапырылған алаңқай бос жатыр. Суға қарап біраз ойланып тұрды да үйге қайтты. Шешесі есік алдында көзін көлегейлеп қарап тұр екен, жанына келіп:
– Қайда кетті? – деді.
– Мен қайдан білейін, ол шал есеп беруші ме еді? –  Қалимаш баласының
сөзін жақтырмай қысқа қайырды.
– Қай кезде шығып кеткенін де білмейсіз бе?
– Түн ортасында есік алдында тырпыңдап жүр еді… Таңда оянсам төсегі
бос жатыр екен. Аулаға шығып кеткен шығар деп елемедім.
Шеше мен бала арасындағы  әңгіме осымен тәмәм болды.  Содан кейін
іздеуді доғарды, біреу емес,  екеу емес, жеті қарттың бірдей жоқ болғаны көңілге медет еді.
Түс ауа басқарма жиналыс ашты. Соғыста бір қолын беріп келген Митя деген дәу басқарма «Что за соботаж во время посева? Контра. Всех посажу!»  деп біраз бұрқырап алды да жиынның аяғын жайма-шуақтап жіберді. Аққызға көз қысып:
– Шал кайда? – деген. Митяның арсы-гүрсі мінезін білетін Аққыз
– Е, ауыл шалдарының бақташысы ма едім? Шорт знает, өзіміздікі
Баяғыда өліп қалған, – деп ернін сылп еткізді. Ел ду күлген. Осы кезде есік алдына гүрілдеп жүк мәшинесі тоқтады. Есік ашылып ұзын Қамбар кіріп келгенде елдің бәрі ошарыла соған қарады. Мұнша көз өзіне қадалғанына сасып қалған Қамбар:
– Ау, мен Целиноградтан келдім, жиналыс болатынын естіген жоқпын, –
деген аузы аңқиып.
– Әй, қайдан келсең оннан кел, шаруамыз қанша, біздің шалды көрдің
бе? – деді Қамар.
– А? – аңқау Қамбар басындағы кепкасын шешіп, маңдайын сүртті. –
Айтпа деп еді…
– Немене?
Жұрт ежірейіп шыға келді. Қамбардың шекесінен шып-шып тер шыққан. Айтпасқа болмасын түсінді.
– Сейіт қария ғой, менің Целиноградқа баратынымды естіп алыпты, кеше
келіп, «Бала, мені ала кет» деді. Таңғы бесте шығамын деп едім, төртте шығайық, асығыс шаруам бар еді деп тұрып алды. Соған бола ұйқым қанбады…– өзі істеген азды ауыз толтырып айтатын әдетіне салып, басқа жаққа бұрып бара жатқан Қамбарды Қыдырбек түртіп қалды.
– Сосын?
– Сосын не болсын, – деді Қамбар. – Төртте айтқан жерге келсем ауыл
сыртында бір емес, жеті шал тұр.
– Алдың ба? – Нүсіпбай сөзін бөлген.
– Е, алмай қайтейін, сен не бұл ауылдың шалдарын білмеуші ме едің?
Өгіздей болып таяқ жейтін шамам жоқ, екеуін кабинаға, бесеуін кузовқа тиедім  де тартып отырдым. Қалаға жеткен соң түсіп, «Ауылдағыларға айтпай-ақ қой,   бір шаруаны бітірген соң қайтамыз» деді де кетіп қалды.
Қамбар бар білерім осы дегендей екі иығын қиқаң еткізді.
– М-м-м…– Қалимаш ернін жымырған. Сәл ойланып тұрды да: – Қой,
қайтайық, не тұрыс! Тірі екенін білдік қой, өздері келер, – деді. Сөйтіп жұрт тарқасты.
***
Қара төбенің басына шыққаннан кейін қариялар жүрелеп отыра кетіскен.  Елдес етбетінен жата кетіп, жерді құшақтап еңіреп жіберді. Басқаларының да көз жасы сақалын қуалай ағып, өңіріне тырс-тырс тамып жатыр еді.
– Осы топырақтан аттатып әкетті-ау, – Елдестің даусында өкіші пен
қуаныш аралас. – Жеттім-ау…
– Жеткені жеттік-ау, желкелеп кері қумаса болғаны, – деді томырық
мінезді Нүсіпхан түнеріп.
– Әкетпейді, әкетем десе атып тастасын тап осы жерде, бармаймын,
әкесінікі…
– Мен де аттап баспаймын, осы Қарашоқының етегіне көмсе арманым
жоқ. Атса атсын, соттаса соттасын, топырағына тартатын хайуан құрлы құнымыз жоқ па? – Сәми Сейітжанның сөзін құптаған.
Жүк вагоннан түсіп, Балғалы бекетіндегі үйлердің ешбіріне соқпастан күйелеш-күйелеш күйде отыз  шақырым жердегі ауылдарына асыққан жеті шал төбе басының шөбін жапырып ұзақ жатты. Ләм жоқ, бірі қырынан, бірі шалқасынан жайғасып алып дала жұпарын жұтты.
– Соттай қоймас, өкіметтің қабағы жібіді ғой… – деді Сейітжан мана
болған әңгімені қорытқандай.  Аспанға тесіле қарап жатқан Қожаш:
– Соттамайды. Қайтарып жіберулері мүмкін. Әуел баста-ақ тентіретпей
осы Күреңбелге тастап кетсе болар еді ғой… – деді. – Ағаш вагонның ішінде көзіміз бозарып кете бердік, жалған-ай.
– Саяси сенімсізсіңдер деді ғой, – Сейітжан білетініңді неге білмей
қалдың дегендей ежірейе қарады: – Қытайдан оралған  қашқан қазақтың бәрін сол Ақмола, Қарағандыға қуып жатыр. Қайта қашып кетпесін деп шекарадан аулақ ұстаған амалдары шығар…
– Е, қайта қашып жындымын ба, Қытайда қайбір шекеміз қызды. – Елдес
қызба мінезіне салды. –  Бұлар да қырды, олар да қырды, дақ әкесінің аузын, енді өлсем де осы жерде өлемін.
        Елдестің қайта иегі кемсеңдеген. Сәми ойды бөлді:
– Қой, құран оқып, қозғалайық, екі қырдан соң ауылдың үстінен түсеміз.
Одан арғысын Аллаға тапсырдық…
Аштық кезінде қызылдың қабағынан ығып Қытай асып, 1955 жылы «елге рұқсат» дегенде көптен бұрын ұмтылғандар еді. Шекарадан өткізіп, Сарыөзекке жеткізіп, көздерін бозартып айдаладағы Ақмолаға айдап жбергенде қуаныштары сап басылып,  соралары тоқтамай тақтай тесігінен сығалаған күйі кете барған.Сыздаған жүрек бір жылдан арығы шыдамады…
  Жетеуі шеп түзеп қатар отырып, Сәми судыратып құран оқыды, соңында әркім өз ата-баба, шапқыншылық пен аштықтан шейіт болған бауыр, ағайынның есімін тізіп, бет сипады.  Сосын орындарынан тұрып, солтүстікті бетке алды.
***
– Ойбу, құрыған, тұр тез.
Түс мезгілінде көз шырымын алатын әдеті бар Қыдырбекті шешесінің
 бебеуі оятты.
– Не болды? – деген.
– Басқарма «Тез келсін!» деп   шақырып жатыр деп бір бала келіп кетті.
 Ана шал бір пәлеге ұрынбаса болғаны. Құдай-ай, осы өкіметтің айтқанымен жағаласпай жөніңе жүрші деп күнде зарлаймын. Өткендегі кетісінен қорқып едім…
– Ту, апа, төндірмеңізші, жәй шақырған болар, – деп Қыдырбек сыртқа
 шыққан. Қалимаш та жаулығын түзегіштеп соңынан тез-тез басып келеді. Анасының жүзі құп-қу болып кетіпті. Адам тағдыры дегеннің өкіметтің ең қадірсіз ойыншығы екенін соңғы жиырма бес жылда жақсы түйсінген пенделердің бойындағы үрей жуық арада сейіле қоймас…
Бұлар жеткенде басқарма маңына біраз адам жиналып қалыпты. Митя бастық бір тілім қағаз шығарып, оқып берді.
– Не дейді? – деді Қалимаш сөзді ұғыңқырамай.
– Әкемді тауыпты, ауыл ақсақалдарын Талдықорған облысында ұстапты,
– деді  Қыдырбек сыбырлап.  «Ұстаптыны»  ол сыбырлап айтқанымен елдің құлағы шыңылдап кетті. Әйелдер жағы пырс-пырс жылай бастаған.
– Талдыкурганская область, что они там потеряли? – деді Митя сыңар
қолын жайып.
– Ауылға тартқан екен шалдарың, – деді Қамбар ақсиып.
– Мына жер жаман ба? – деді Митя.
– Құдай сақтасы, жері де жақсы, елі де жақсы, айналайын үкімет үй де
берді, жер де берді. Маған пойдет, мен осында қаламын. Күреңбел деген есімде де жоқ, әкем марқұмнан естігенім болмаса…
– Тәйт! – Аққыз кемпір саңқ еткенде Қамбар тұтығып қалған.  –  Әкең
Қытайда қалғанымен ата-бабаң сол шоқылардың түбінде жатыр емес пе, сөйлейді екенсің, балам. Барсаң барарсың, қалсаң қаларсың, әйтеуір, қазақ жерінде өсіп-өнесің ғой. Әй, Митя, – деді сосын басқармаға бұрылып. – Шалдарға не істейді, соттай ма?
– За что? – деді Митя. – Олар телеграмма салды, мен  ответ жіберемін,
так-то мол так, эти старики наши деп. И все. Олардың паспорты бар ғой. Қайтып келе салады.
– Қайтып келмесе ше?
– Біз сол жаққа көшсек ше?
Кемпірлер ұлардай шулады. Митя қолын көтеріп әзер сабырға
келтірген.
– Олай болмайды, это – политический вопрос. Сендерді Қытайдан сюда
переселили,  осы жерде жұмыс істеп, Советский Союзға қызмет етулерің  керек. Бұл партия шешімі, бұза алмаймыз.
– Онда отағасы сорлады, – деді Қалимаш. – ол енді Ақмолаңа өлсе
қайтпайды.
– Біздікі де, – орта тұста тұрған қара кемпір басын төмен салды.
***
Переселенецтер мекеніне қайтуға үзілді-кесілді қарсы болған қыңыр
жеті шал оқ пен соттан аман қалып, бір жыл ағайынның үйінде жүрді.  Отыздың ойранында жақыннан көз жазып, сағынысып  қалған жұрт әлі күнге қашқын атанып келген  қарттарды  аялап, қорғаштап-ақ бақты. Ал, үрей сейілгеннен кейін кемпір-баланы тастай  туған жерге тартып отырған  қарияларды жездесініп ойнайтын қулар әжуалап:
Қашқын шалдың үйі жоқ,
Кемпір де жоқ, күйі жоқ, – деп  әнге де қосып үлгереді. Сол  1957 жылдың  соңына қарай шалын сағынған кемпірлердің, әкені сағынған балалардың тілеуін беріп, туған топыраққа көшуге рұқсат алған ауыл да Қарашоқыға жетті. Содан беріде жетпіс жылдай уақыт өтсе де «шал қашқан» оқиғасы ұрпақ арасында  әлі айтылып жүр. Аңызға айналып барады…

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған