Сезбеймін «сиқырын» ғаламның,
Тағдырым – ұшында қаламның.
Тұтқыны боп өтем Өлеңнің…
Жарымын Жыр атты қағанның.
Сөзіммен соғамын жыр мүсін,
Бедерлеп ұлылық үлгісін.
Мен мәңгі берілдім Музаға –
Сен мені таба алмай жүрмісің…
Мен Айға ұмтылам қалайда,
Сен мені іздеме. Жарай ма?..
Оралам, оралам бір күні,
Айналғам әдемі арайға.
Адалдық танытам жырыма,
Қанық бол тұңғиық сырыма.
Жүректі шыңдаймын болаттай,
Төзуге тағдырдың сынына.
Тосыннан кез болар сын деген,
Жанарда мөлдірер мұңды өлең.
Жаныма араша ар-намыс,
Қаныма жат қылық сіңбеген.
Өлең-жыр – өмірім, ардағым,
Жеткізер бақытқа арманым.
Тәубә деп оянам әр таңда –
Ақынмын,
құлымын Алланың!
Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!
3.3 / 5. Дауыс саны: 3