Қарындасымның қылығы. Елдос Тоқтарбай

– Сендерді анама айтып беремін! – деп өксігін баса алмай жылаған бес жасар Кәусардың даусын естідім. Аулаға шығып қарасам, жанында 2-сыныпта оқитын Шахназар мен Арсен ойнап жүр екен. Шахназар –Кәусардың туған ағасы. Жылап отырған бүлдіршіннің жанына барып, басынан сипап, жұбатып:

– Кәусаржан, саған кім тиісті?  – дедім. Сонда Кәусар ықылықтап, әрең сөйлеп:

– А-а-а-а-ға, Арсен арқамнан соқты, Шахназар балмұздағымды тартып алды,  – деді ренжіп.

 – Шахназар, Арсен, қыз балаға қол көтеруге ұялмайсыңдар ма? Арсен, сенің де қарындасың бар емес пе! Оны Шахназар ұрып, жылатса не істер едің? Айналайындар, қызды құрметтеу – ананы құрметтеу. Қыз баласын жөнсіз жылату – ананы жылату! Қыздарға қорған болыңдар! Қыз деген – нәзік гүл емес пе!  – деп ақылымды айттым.

Екеуі кішкентай Кәусардан кешірім сұрады. Сосын Арсен:

– Аға, таңертең анам түскі асыңа деп 100 теңге берген, соған Кәусарға балмұздақ алып берейін, – деп, дүкенге жүгірді. 

– Енді бұзық болмаңдар!  – дедім де үйге кіріп, терезеден қарадым.

Арсен балмұздақ әкеп берді. Ақылды Кәусар балмұздақты теңдей бөліп, ағаларына да берді. Оның әрекетіне сүйсініп, ішімнен: «Қыз деген осындай қамқор болады екен ғой!», –  деп ойладым.

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған