Нұрбек Нұржанның «Нүкебайдың жұмбақ кітабы» фентези жанрында жазылған тамаша туындысын оқыдым. Қазақ әдебиетінің байырғы прозасына қарағанда, қазіргі заманғы түр мен мазмұн, көркемдігі жағынан жаңаша өсіп өркендегенін байқауға болады. Жазушы тіліміздің бай мұрасын бойына еркін сіңіре, бұрынғы бар түрлі қолдана отырып, қиял-ғажайыппен жаңа заман тынысын көрсетті. Адам мен қоғам өмірінің жаңа мазмұнын танытуға бағытталған фентези – ерекше кесте-өрнектерімен жаңаша сөйлетуге ұмтылысы классикалық шығармаға тән заңдылықпен өрістеп оқиға желісі оқырманын сүйсіндіріп отырады. Суреткер – өз заманының ұлы, өз замандастарының үні. Қай жанр болмасын, Нұрбектің күрделі де іргелі туындысында негізінен өмір шындығын, бүгіннің шындығын жазуды мұрат тұтқан. Бастап оқығаннан-ақ «Нүкебайдың жұмбақ кітабы» романының бас кейіпкерлердің прототиптері – автордың өзі екенін аңғаруға болады. Дәкеннің сөйлеу мәнері жазушыға көбірек келеді, өте ақылды, бірақ арман-қиял кітабы жоғалған бала Нүкебай да – зейіні бөлек зерек баланы автордың өзі болар деп ойладым. Шығармадан: «бойыңда жасырынып жатқан қабілеттеріңді ақиқат жолында құрбан еткенде ғана өмірің мәнге ие болады. Ал басқа жағдайда олар сенің арыңның тікенегі болып өсіп, жаныңа қайта-қайта батып мазаңды қашыратын болады» деген секілді сөйлемдер кейіпкердің жазушының өз прототипін танытады. Мықты! Әдебиеттегі мінездің, эмоциялық көңіл-күйдің, сарынның жиынтық бейнесі бар «Нүкебайдың жұмбақ әлемі» туындысындағы құлшыныс, құштарлық, асқақтық, қуатты сезім мен терең шабыт кез келген оқырманын тәнті етері сөзсіз. Шығарманың түбінде шырқалған әуенді есту, тамсану – әрі оңай, әрі қиынның қиыны. Оқу керек. Киносын, не анмиациялық мультфильмін түсірсе ғой.
Өмірзая қарт айтқандай «…әлем – алып кітап, ал бәрімізді жазған кім?» екенін ұмыттық. Шебер қиюластырылған оқиға желісі бойынша үш бала Нүкебайдың жоғалған арман-кітабын іздеп кітаптар әлеміне өтіп кетеді. Ал ол әлемі виртуал әлеммен келісімге отырып жерін сатқан, жалға берген , ал ол роботтар әлемі ақырындап бәрін өздеріне бағындырып жаулап жатыр.
Кітап-үйлердің тоз-тозы шығып аянышты күйге жеткені, ал Шаһдат патша жүретін көшелердің құлаған кітаптарын жасырып картонмен қапталатыны, патша кортежі жүретін көше жолдары тақтайдай тегіс, басқа қалтарыс көшелердің жолдары адам көргісіз. Тура біздегідей кенет патша мен министрлері келіп қалса көз байлау үшін қолданылған тәсіл сияқты. Ол аздай, екі көше сайын бір ескерткіш, ал ол кітаптардың ішкі кейіпкерлері тамақ үшін бірін-бірі тонап, ұрлықпен айналысып азғындап кеткені – бәрі өмір шындығы. «Оқуға жарамсыз деп танылған тарихи кітап-үйлерді құлатып, орнына патшаға арналғандай бірнеше қабатты кітап-сарайлар тұрғызылып жатқанын көрген балалар жауынгерден:
– Мынау қымбат мұқабалы кітап сарайлар кім үшін салынып жатыр? – деп сұрады.
– Бұл патшамыз бен оның бай министрлерін мадақтайтын кітап-сарайлар, – деп жауап берді жауынгер.» Ұшатын жылтырақ қоңыздардай әріптер айтқандай шынымен де; кітап оқымаған адамдар дүние-байлықтың құлы болып, кеңсе мен үйінің арасында робот құсап із салып жүрген зомбиға айналды. Есесіне кеңселерде күніне жасалатын есеп-қисаптар том-том кітаптарға айналуда. Бұлай жалғаса берсе, патшалықтағы көркем кітаптар жойылып, олардың орнын нәрі мен дәмі жоқ мемуарлар баспай ма?» Шын ғой…
Тағы бір жүректі сыздатқаны – патшаға қарсы шығатын батыл жандардың өмірі қысқа болатыны, ғылым мен техниканың тілін меңгеріп алғандар енді соны руханияттың нәзік жаратылысына қарсы пайдаланып отырғаны да, роботтармен ымыраласқан билер мен уәзірлер патшаның миын улап, теріс ақпарат беріп, өз дегендерін істетіп, онымен қоймай жағымпазданып, жалтақтап, байлығымызға тиіспесе болғаны деп бар құндылықты аяққа таптағаны, айта берсең…
Шындық пен қиял әлемінің бейнесі бүгінгі уақыт пен кеңстікке ұласып, жазудан тыс және жазба мәтіндерге түсіріліп, жинақталып, метамәтін түзеді. Кеңістік – уақыт қатынасының құндылық негізі, мазмұны барлық мәдениет түрінде – ғарыштық (мифологиялық) , тарихи модельдеу құрылысына тән. Кеңістік пен уақыт – қоғамдағы адам болмысының атрибуттық сипаты. Жалпылық мәтіндегі кеңістік классицизм драматургиясында, мысал, фентези мен ғылыми фантастикада басым мәнге ие. Авторда уақыт пен кеңістік жаһанды жалпылау, символдау түрінде пайдаланған. Қалыпты уақытта кейіпкердің ғұмыры әсіресе, шытырманды (авантюралық) оқиғалы шығармаларда ерекше «сынақ уақытында» қарама-қарсы келеді. Кейде осылай нақтылық пен ойдан шығарылған ажыратылмай араласып кетіп, қиялдағы әрекеттердің бір кеңістікте өтіп жататыны көркем шығармаларда сирек болса да кездесіп қалады.