Мергендікті тексеру. Кәукен Кенжетаев

Бірде Жүсіпбек Елебеков Елағаңа (Елубай Өмірзақовқа):
– Сен аңға шыққанда мен де бірге барайыншы, – депті.
– Жарайды. Тек сен мылтықты қалай ұстауын білесің бе өзі?
– Е, немене, сенен басқа кісі аңға шығып көрмеді ғой дейсің бе! – деп Жүсекең ренжіп қалады.
– Жарайды, келесі жолы аңға шығарда өзім хабарлаймын, – деп тарасады.
Бір күні Елағаң Жүсекеңе:
– Ал, ертең аңға шығамыз, дайындал, – дейді.
Келесі күні таң сәріден екеуі жүріп береді. Күздің салқын кезі. Жүсекең қонаққа баратын адамдай жаңа құлақшын, пальтосын киіп шығады. Ал Елағаң болса, ыңғайлы киім киіп, итін жетектеп, мылтығын мойнына асып, қоржынын арқалай шыққан.
Аң аулайтын жерге барған соң Елағаң:
– Ал аздап дем алып, тамақтанайық, болмаса кешке дейін шаршайсың, – дейді.
Алғашқы аңға шыққан адамға қандай кызық десеңші, Жүсекең Елағаңның мылтығын алып, олай-бұлай қарап, сығалап, бірдеңелерді көздеп болмапты.
– Саған мен осы мылтықты оқтап берейін, ана ағашқа тигізе аласың ба? – депті Елағаң. Жүсекең мырс етеді:
– Ағашқа тиген оқты тауып аларсың сен…
– Олай болса мен мына бөрігімді талдың басына ілемін, сен соны атып түсірші!
Екеуі келісіп, Елағаң өзінің ескі бөрігін, тал басына іліп жиырма бес қадамдай жерден, «ал, ат» деп Жүсекеңе мылтықты оқтап береді. Бірақ оққа бытыра салмайды.
Жүсекең көздеп тұрып тартып қалады, бірақ бөрік қозғалар емес. Қайта-қайта атып Жүсекең әбден ыза болады.
– Мен айттым ғой, сен өміріңде мылтық ұстамаған адамсың деп…
– Ей, сенің мылтығың мылтық емес! – деп Жүсекең мылтықты лақтырып тастайды.
– Шынында, бұған не болды екен?.. – деп Елағаң түк білмеген кісідей мылтықты олай-бұлай қараған болады.
– Ал сен былай жаса, мына патронды ал. Мылтықты жөндеп сүрт, сосын өзің оқта, мен ана бөрікті жөндеп іліп қояйын, – деп Елағаң бөрікті алып, оның орнына Жүсекеңнің жап-жаңа қаракөл құлақшынын іліп қояды.
– Ал, мылтықты оқтап болдың ба?
– Болдым.
– Ендеше, тура көздеп ат!..
Жүсекең көздеп тұрып тартып қалады, құлақшынның мақтасы бұрқ етеді.
– Әй, Елубай, әне көрдің ғой!.. – деп мақтанып қалады.
– Иә, бұл жолы дұрыс тигіздің…
Жүсекең тағы атады, құлақшын мақтасы бұрқ етеді.
Қайтадан қос ауыз мылтықты оқтап алып, ыза болған Жүсекең тағы атып-атып жібереді. Құлақшынның парша-паршасы шығады.
– Айттым ғой мен саған, мылтықтан болып тұр деп. Міне, көрдің ғой, жаман мылтығыңды жөндеп бердім, – деп Жүсекең масаттанып қалады.
– Иә… иә… солай болды… Сенікі дұрыс, – деп Елағаң қисайып жата кетеді. – Ал, енді оқты босқа тауыспа, болды! Жүр, жинал! Кетейік.
Жүсіпбек пальтосын киіп, құлақшынын таба алмайды.
– Елубай, құлақшынымды көрдің бе?
– Білмедім… Ана талдың басында тұрған сол емес пе? – деп парша-паршасы шыққан құлақшынды көрсетеді.
– Ойбай-ау, мынау менің жап-жаңа құлақшынымнан түк қалмапты ғой!..
– Енді өзің емес пе, қайта-қайта атып…
– Әй, оңбаған-ай, сен ғой соны істеген!..
– Мен сенің мергендігіңді байқайын деп едім.

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған