Мен боксер болғанда. Кәукен Кенжетаев

Әнуарбек Үмбетбаев – орта бойлы, кең иықты, батырға біткен пішіні бар адам. Сол қасиетін жақсы білген Әнекең қалайда кеуделірек болатын. Бұрынғының батырлары аңызындай өзі туралы өтірік-шыны аралас әңгімелерді көп айтушы еді.
Үмбетбаевтың оң қолының білегінде қу бас пен екі жілік айқастыра салынған сурет болатын. (Электр будкаларында сондай сурет тұрмай ма). Міне, Әнекең оның «тарихын» мақтанышпен айтатын.
Бір күні жастар жиналып, Әнуардан сол суреттің әңгімесін сұрадық.
– Ой, балалар, ол ұзақ әңгіме, қайтесіңдер, – деп, тағы сұрасын дегендей айта қоймады. Жалынып болмадық.
– Баяғыда, – деді Әнекең (Әнуар не әңгіме айтса да бәрін «баяғыда» деп бастайды. Әлде уақытын ұмытып қала ма, әлде сол өзіне ыңғайлы ма, кім білсін). – Баяғыда мен жас кезімде боксер болғам. Бүкіл Қазақстанда жеңбеген боксерім болмады. Содан бір жылы Орта Азия, Қазақстан арасында боксерлардың үлкен жарысы болып, Ташкентке аттандық. Қазақстаннан мен бардым. Сонымен, Ташкенттің үлкен стадионында жарыс басталып кетті. Талай мықты палуандарды жеңдім. Жарыстың ең соңында өзбектен бір боксер, қазақтан мен ұрысатын болып, финалға шықтық. Әлгі өзбек палуаны, көзің жаманшылық көрмесін, еңгезердей, мына Кәукендей екі бар. Қолы күректей. Алғашқыда жүрексініп те қалдым. Бірақ не болса да көрейін, ел намысын қолдан бермейін деп тырысып та тұрмын. Қолымызға боксер биялайын кигізіп, «ортаға шығыңдар» деді.
Алаңға шыққан соң, қол ұстасып амандастық та, ұрыс басталып кетті. Бірінші раундта ол мені тықсырып әкетіп барады. Стадион толы халық айғайлап оны қошеметтеуде. Бірінші раундтан кейінгі демалысқа шыққанда менің жаттықтырушым:
– Сен немене, осында жеңілуге келіп пе ең?! Бүкіл қазақ халқы боп, сені сөзсіз жеңіске жетеді деп күтіп отыр! – дегені ғой.
Ішім жанып, жүрегіме түк біткен сықылды болды. Қорқудың не екенін білмедім.
Екінші раундта анау бағанағыдай, өзінше тыртыңдап еді, оған көнетін Әнуар бар ма… Сендер білмейсіңдер, бокста «большой батман» деген әдіс болады. (Ол балетте кездесетін «па»). Оң қолымды бұлғап-бұлғап тұрдым да, (Әнекең оны қолымен көрсетіп тұр) бар күшті жинап, иектен періп кеп жіберіп ем, ана палуанның астыңғы иегі ұшты да кетті.
Осы кезде Айдали Жұбаншалиев деген ақсақалымыз бар еді, сол кісі:
– Япыр-ай, бос тұр екен, ә! – деп дауысы күж ете түсті.
Әнекең оған қараған жоқ.
– Жігіт қалпақтай ұшты. Судья маған «тоқта» деді. – Қолымдағы биялайымды шешіп алып, төрт жігіт басып отырып, оң жақ қолыма осы белгіні салды емес пе!.. Бұл – «смертельный» деген сөз. «Саған енді бокспен ұрысуға рұқсат жоқ – «смертельный» деді. Содан бері боксті қойып кеттім, – деді Әнекең.

 

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған