

Алғашқы күй тартылып біткенше Жамбыл сыр мінез, салқын отырды. Өн бойына біткен қорғасындай сабырлылығына маңғаздығы жарасып, қариягершілік бағасына сай сөз саптауы кімді болса да мойындатқандай. Әншейінде адамға көзін тіктеп қадайтын Жәкең күй күмбірлеп орындалып жатқанда қалың ойға шомған жанарын көлегейлеп көрсеткісі келмегендей жер бауырлатып, төменшектей бергенмен қатпары домбығып ісінген қабағындағы қордаланып тұрған мұң-наланы жасыра алмады. Бір кезде жуандау дауысымен тамағын кенеп, жанқалтасынан шақшасын алды да, асықпай басбармақтың ойығына насыбайын салып, атты. Артынша лақша білінер-білінбес түшкіріп қойды.
– Тұқатай, соңғы қайтарымындағы ырғақтан айырылып, астарлы дүниені бүлдіріп жібердің ғой, сол жерін қайыра тартшы, – деді Жамбыл жақтырмай жұтаңдау қолын көтеріп домбыраны нұсқады да, артынан күмістей жарқыраған қаба сақалын жәймен тарамдай сипап.
Бұл тартылған Байсеркенің дауылды «Ұран» күйі еді. Жұрттың кеу-кеуімен арқасы қозып, өзін ұстай алмай кеткен қармақтай арық, қазаншадай басына қалқан құлақ біткен 13 жасар жасөспірім онсыз да шыбықтай нәзік саусақтары перненің асты-үстіне шыққанға талықсып әбігерге түскенін білдіріп қойды. Оның үстіне бұл кезде Жамбылдың атағы әлемге әуелеп, аяқ-қолы жерге тимей тұрған кезі. Соншама жасқа келгенде қарттықтың даналығын көрсетіп тоқсанында топ жарған, жырдың желмаясын мініп, ақын-дарияға айналған шағы. Үкімет пен партия да алақандарына салып, бір өзіне көмекшісін де, хатшысын да, қосшысын да қосып, басыбайлы емшісін, ең аяғы аспазшысына дейін сайлап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай отырған жайы бар. Ал қырғыз ағайындарың болса жыр алыбы Жәкең десек, жырдың кені Кенекең деп айыр қалпақтарының қос қырына салып төбелеріне көтерген уақыты. Әрине, осыншама құдірет, құрмет арқалаған, әрі өзінің жанашыр, тілегі адал бабасының алдында бармақтай балаға сынға түсу оңай тисін бе? Осының бәрін сезініп күй кешкен баланың қысылғаны сонша, маңдайына шыны моншақтай тізілген тер шалт қимылдаған сайын жүзін жауып, тарамданып ағып түсіп жатты. Тек күй аяқталғаннан соң ғана таңырайған мұрнын екі тартып, бетін қолымен сыдыра сыйпай сүрткенмен, одан бетер айғыздап тастады. Тәтесіне қараса, өңменнен өтер өткір жанарын қадап, қимылын қалт жібермей бағып отыр екен.
– Неге асығасың, қай жау сені қуып келе жатқан?
Күйші бала сол қайырымынан күйді қайыра орындады. Ол кезде балаң күйші қазіргі К.Байсейітова атындағы музыкалық мектепте қазақтың төл сазының ардақтысы Ахмет Жұбановтың класында, әрі №18-ші жалпы білім беретін мектепте оқитын. Баланың зерек, көкірегі күмбірлеген күй сандық екенін, болашағынан жылтырап айы, күлімдеп күні жарқырап тұрғанын сезген көреген ұстаз атақты шебер Романенкоға айтып, арнайы домбыра жасатып, сыйға тартады. Күйші баланың қолындағы сол киелі домбыра. Аспапта мін жоқ. Ұзын мойын, құмырсқа бел, домбыра бөксе сүмбі қыздай жасанып тұр-ақ.
– Әп, бәрекелді. Міне-міне… – деді қабағы жадырап сала берген Жәкең.
– Тұқатай, енді Әйемнің «Аққуын» ба, «Ақ көбік, қара көбігін» бе тартып жіберші.
Жәкең өзі жұртқа атқойғыш адам. Әйе деп отырғаны немере інісі Тіленді-тін. Әйенің түбі әйбет, әдемі деген сөзден шыққан. Мұхтар Әуезовті – Қара дәу, Сәбит Мұқановты – Балуан шолақ, Кененді – Келібасым, Орынбайды – Тау құдірет, Үмбетәліні – Қара жорға, Нұрлыбекті – Арқардың құлжасы десе де, ал күйші баланы Тұқатай деген соң анасы да, ауылдастары да солай атап кеткен. Оның не сөз екенін баланың өзі де білмейді, әйтеуір Тұқатай десе, «әу» деп жүре береді.
«Аққу» күйі шарықтап кетті. Бірде күй қиқулап ұшып келе жатқан құстың падишасы – аққудың тілімен сөйлегендей сағым, сағыныш болып бөлме ішіне сіңіп кеткендей әсер берсе, бірде елітіп, еліртіп жүректің туырлығын тілгілеген сиқырлы үндей арбап, әуеннің, әуездің патшалығын құрып алғандай асқақтап тұрып алады. Содан да шығар отырғандарды тыпыр еткізбей шыңырау тұңғиыққа тастап жібергендей, бөлмені біраз үнсіздік биледі.
Күй тартылып біте салысымен:
– Жарықтық Әйемнің «Аққуына» күй жете ме, – деді де, үнсіз қолын созып, домбыраны маған бер дегендей ишара білдірді.
– Домбыраң өте шешен екен. Жамбыл аспапты аударып-төңкеріп алай-бұлай қарады да, алдымен маңдайына басып, соңынан иіскеді де:
– Тұқатай, домбыраңнан өзіңнің иісің аңқып тұр ғой, – деді күлімдеп. Сөйтті де салалы саусақтарымен домбыраның ішегін термелеп қағып көрді де, бұрауы теріс болған соң қоя қойды.
– Мынауыңның бұрауы қатты, тиегі биіктеу ме? Немене мынаның бәрін жыпырлатып қойып, – деді пернелердің бірінен соң бірін көрсетіп.
Жәкеңнің олай айтатын да реті бар. Бұрынғы ағаштан тұтастай ойып жасайтын домбыралар әрине, қолға ыңғайлы, тартуға жұмсақ. Ішегі ешкінің ішегінен жасалып, аласа тиекпен жеті пернемен тартыла беретін. Ал Ахаң сыйлаған домбыраның ішегі кергуттен, екі октава нота түгел пернеге түсірілгенде жыпырламай қайтсін.
– Тұқатай қарағым, саған айтарым, осы қара домбыраға ие бол. Сенің атыңды да шығаратын, азығыңды да тауып беретін осы қазақтың киелі домбырасы. Қасиетіңнен айналайын, ашаршылықта осы домбырамен бүкіл үрім-бұтағымызды аман сақтап қалмадық па? – Біраз үнсіздіктен кейін: – Маған анау тұрған кәрі жолдас, кәрі шөңгеме қол жалғашы, – деді Жәкең батасын берген соң. – Ол менің тілімді де, сырымды да жақсы біледі. Шырағым, мына күйді білесің бе, мұны Әйең саған тартып бермеді ме? – деді де, күйді бастап жіберді.
Күй көкірек әлі өрекпіп тұр. Қарт күйшінің қағысындай емес, саусақтарында ешқандай діріл, әлсіздік байқалмайды. Өнерге, жырға іңкәр болып туып, ғасырға жуық көмейінен жыр қоздатқан қарт жырау енді күй көмейге айналғандай, көзін жұмып сілтеп отыр. Бұл өзінің «Ой, дүние-ай» күйі болатын.
Жарықтық Жәкеңмен бұл кездесу 1938 жылы Алматыда бұрынғы Сталин көшесі, 3-ші үйде – Тілендінің туған інісі Тілегеннің әйелі қыз туған шілдехана тойында болған еді. Тұқатайдың анасы Салиқа шешей заты әйел демесе қара күштің иесі болған. Кейбір тілін безеп, кердеңдеген күйеу балаларын көтеріп, дуалдан лақтыратын көрінеді. Бірақ ешкімге орынсыз ұрынбайды. Содан да болар ол кісіні келін-кепшік, абысындары «қара қасқыр апа» деп атаған. Салиқа шешейдің осындай шатақтау мінезі баласы Тұқатайда да жоқ емес еді. Жазғы каникулда: «Балам, сенің жаралған топырағың, шыққан елің Ұзынағаш. Менің басым қисайса, саған пана болатын солар» деп ауылға апарып тастайтын. Сонда ғой Алғадай көбінесе жазды күні шөп шабуға жиналғандарында құрдасы домбырашы, күйші Тұқатайды еркелетіп, иықтарына көтеріп ала кетуші еді. Екі достың ен далада қосылып ән салғандарын талай естіген, сол дауыстар әлі құлағында.
Жәкең Мәскеуге баратын жылы Алматыдан «Аманкелді» фильмін түсіру үшін біраз кино тарландары келеді. Сол фильмге түсуге көрші ауылдан Жамбылды да алдырады. Жәкең болса каникулда жүрген Тұқатайды сол фильмге түсуге бірге ала барады.
Бірде Аманкелдіні өлтіретін эпизод түсіріліп, біраз адамдар төбеде қалып, қызықтап тұрған. Аманкелдінің жары болып ойнаған қазақтың биші қызы Шара Жиенқұлова да Жамбылды төңіректеп жүрген-ді. Бір кезде қуғыншылар Аманкелдіні сайға қарай қуып тығып, атып өлтірмек болып әрекет жасай бастағанда Жәкең танакөз, қылыш қас Шараны құшақтаудың айласын тауып:
– Әй, Жандарбектің баласы, тарт, – деп айғай салады. Оны естіп жатқан Құрекең бар ма, – Әй, Байсейіттің баласы сен де оңбайсың, Аманкелдіні атып. Шырағым келін, бері келші, жесір қалсаң сені кім алады, – деп өзіне жақындаған Шараны қапсыра құшақтап, қысып-қысып жібереді.
– Кешір келін, мен Аманкелдіні шынымен атып жатыр екен деп қалсам. Әй, Шара-ай, мына дәуді қайдан тауып жүрсің, Аманкелдіні өлтіріп қоя жаздады ғой, – дейді артынша күлімдеп…
1943 жылдың қыс айы. Соғыстан екі ағасы Қаймолда мен Баймолдадан бірдей суық хабар келген күйші жігіт ешкіммен ақылдаспастан 18-ге толмаса да соғысқа өзі сұранып, майданға аттанбақ.
Жалғызы соғысқа кетіп бара жатқан ана ырым етіп: «Бабаң ғой, тәтемнің батасын алалық» деп жылап-сықтап Жәкеңе жетеді.
– Тұқатай шырағым, сен өзі мылтық құрғырды көтере аласың ба, осы? Ол саған иығыңа салып гәккулетіп жүретін домбыра емес, – деді алдымен мысқылдай күліп алып. – Сыртқа емес, ішке кеткен баламдай көруші едім. Сен әлі жассың, бұл саған өш алатын соғыс емес. Өзіңді өзің ұста, өзіңді өзің сақта. Бізде бір қай жетіскен тұқым бар дейсің.
Жамбыл ауыр күрсінді де батасын беріп, бетін сипады.
Олар таң ата жолға шықты. Бірақ күйші жігіт ұлы бабасын соңғы рет көріп, ақырғы рет дидарласқанынан мүлде бейхабар еді. Өзіне рухани да, асқар таудай да әке болған жақын жанды қалай жаманатқа қисын. Аман-есен келсем әлі-ақ шөліркеген шөлімді, Алатаудай сағынышымды басармын деп ойлады.
Мәңгілікке жаралған пенде жоқ. Жамбыл көз жұмғанмен, ақынның рухы, аталы сөзі, жыр маржаны – алып бәйтерегі құламады. Оның бүгінде көлеңкесі ұзарып, саясы зорая түскендей. Мың жасайтын алып бәйтерек қалай болушы еді?! Өзегі жуандап, тамыры тереңге тартып, жапырағы жайқала түспей ме? Ал сол бәйтеректің бүгінде шынардай біткен бұтағы – күйші бала, дарабоз дарын иесі, ешкімге ұқсамайтын шабысы бөлек, желісі ерек нысаналы жүйрік, халқының еркебұланы, Жамбылдың Тұқатайы – Нұрғиса Тілендиев еді.
* * *
Бұл күнде Нұрағаңның үйінде алты домбыра бар. Бірақ олардың ішіндегі Нұрағаңа ыстығы, жүрегіне жақыны саздың, әуездің киесінен жаралған Ахаң сыйлаған, жырдың киесінен жаралған Жамбыл ұстаған қоңыр домбыраны Дариға шешемізбен бірге баласын әлпештеп, мәпелеген анадай оң бүйрегіне салып үлпілдетіп отыр. Оны тек қасиетті күндерде, үлкен жиындарда ғана қолына алады. «Қыз-Жібектегі» барлық күй, музыкалық сүйемелдеу қоңыр домбырамен орындалған. Әрине, сол қасиетті қоңыр домбыраны көруге біз де құмартқан едік, Нұрағаңның қасиетті шаңырағындағы осы бір баға жетпес қазынасын қолымызға ұстау бақытына ие болдық.
56 жыл өмір сүрген домбыра-ғұмыр. Күні кеше ғана хас шебердің қолынан шығып, ұлпа шашақтай жеп-жеңіл, қырық күн суытып, ащы терін алған сәйгүліктей бабында тұрған домбырадан кәдімгі иіс келеді. Бір-екі қағып көріп едік, күңіреніп күмбірледі. Шертуге бұрауы солақай болған соң, бұзуға дәтіміз жетпеді.
«Маған домбыра әкем Тіленді мен бабам Жамбылдан қалған мұра. Бұл менің тілекшім, сиынатын пірім. Қасиетіңнен, киеңнен айналдым, қоңыр домбыра. Киелілігі, қасиеттілігі сол ғой, бас жағыма қойғанда түнімен даңылдап күй тартып тұрады. Егер маған көңілі таза емес адам бұл домбыраны ұстаса, бір-екі күн сырт беріп шерткенде бұрауы бұзыла береді». Нұрағаң солай дейді…
Өзі де – жыр, сөзі де – жыр, қайғысы да – жыр, қуанышы да – жыр, жыр-ғұмыр Жамбылдың оң тізесінде отырып, рухтанып өскен Тұқатайдың киелі қоңыр домбырасы бүгінде иесін қорғап-қоршап жүрген әулиедей көрінді маған.