Әйелім түнгі сменге жұмысқа кетіп, маңдайымызға біткен төрт баланы тамақтандырып отырғанмын. Біреуі – нан, екіншісі – айран, үшіншісі – көже, төртіншісі – талқан сұрап есімді шығарды. Осыны аңдығандай, апталап жөнделіп, айлап үні өшетін төрдегі телефонға тіл біткені. «Тамақ жасауға тапсырыс бергелі отырған бәйбішем шығар» деп қалталақтай барып қондырғысын көтердім. Жоқ, ішіп кеткен еркектін дауысына ұқсайды.
— Әлеу, кім екен?
— Көкішпін ғой… институтта бірге оқыған.
— Ой, ит-ау, қайдан звондап тұрсың?
— Вокзалдан…
— Ойбу, енді не істедім… Он жылдай болды, аты жоқ көшеде тұрамыз. Әйелім түнгі жұмыста… балаларға қарап отыр едім. Кете қалсам, мына қағынғырлар, үйді өртеп жіберуден тайынбайды. Қап!..
— Былай… жобалап жолын айтсаң да тауып алармын.
— Тыңда онда… Айналма жолмен барып теміржол көпірінен өткесін оң жағында коммунистер, сол жағында Шевченко көшесі… Оған жетпей бес переулок бар. Орталарында ескі монша. Үсенбайдың ескі үйі, өте қалғаныңда Өтештің өрт сендіретін машинасы тұрады, бірақ… иттің өрт жоқ кезде аң аулап кететіні бар… Егер өрт сөндіретін машина көрінбесе, сол жағыңдағы Құдыштың үйіндегі көк мотоциклді көресің. Ол ит те құдасына барамын деп отыр еді. Ой, шын іздеген адам оңай табады. Құдыштың үйінен кейін кілт бұрылып, тауға қарай жүрсең алдыңнан көк қақпалы Қапастың үйі кезігеді. Соған жетпей оңға бұрылып кетсең, суы жоқ көлденең арық жатыр. Түсіп кетпей, солға қарай жылжысаң бір кісілік ағаш көпір… Өтесің де, тура тартасың. Аты жоқ екі көшеден өткеннен кейінгі бұрылыста біздің көше… Сәл төмен түссең, бір жағы жабылмайтын ағаш қақпамыз көзге ұрып тұр.
— Түк түсінсем бұйырмасын! – деді досым бұлқан-талқан болып. — Басқадай төте жол жок па?..
— Ей, онда сен пойыздың астынан еңбектеп өт те, кұмдауыт шағылдың арасындағы соқпақ жолға түс. Алдыңнан биік мұнара көрінеді. Содан көз алмастан ілгері жүргеніңде Ескермес шалдың ескі үйі тұр. Соған жетпей солға бұрылсаң бұзылған мектептің орны жатыр. Оған тоқтама, түнде ұрылардың бәрі сол жерге жиналады. Сәл жүргеннен кейін оңға бұрылсаң… ей, өзің көресің… Шатырбайдың қорасын айналып өткенде шағын көше көлденеңдейді. Бас жағынан санағанда алтыншы үй… Көршілерден сұрайсың ғой…
— Түн ішінде кім мені үйіне кіргізеді дейсің?..
— Біздің жақтағылар есігінің ілгегін салмайды. Іркілмей кіріп, тезірек шықсаң болғаны. Мен майға кеспе басқанша келіп те қаласың. Давай, құшақтасып көріскенше, досым…
Тағатсыздана күткенімді қайтейін, досымды біздің үйдің дәмі тартпады. Түні бойы тентіреп, таңғы пойызбен тартып кетіпті. «Кешір. Көшемізге ат берілген күні нөмірін көрсетіп, әйелің екеуіңді арнайы қонаққа шақырамын» деп, қалаға кетіп бара жатқан Қапшықбайдан хат жолдадым.