Көршім Айбар екеуіміз қораның шатырына ұя салған торғайдың жұмыртқасын жарып, рогаткамен балапандарына тас атып жатыр едік. Есік алдында аяқ киім тігіп отырған атам:
– Әй, жүгермектер! Сазайларыңды беремін қазір. Қойыңдар, кәне! – деп айқайлады. Біз атаның ащылау шыққан дауысынан қорқып, рогаткамызды тастай салып қаштық. Бір уақытта атамыз шақырып:
– Балаларым, жұдырықтай ғана қараторғай – көктемнің жаршысы. Көгершін – достықтың символы. Құрт-қоңызды жеп, ағашты тазалайтын тоқылдақ – орман дәрігері. Аққу – сүйіспеншіліктің белгісі. Қарлығаш – адалдықтың көрінісі. Құстардың қай-қайсысы болсын бәрі адамға, қоршаған ортаға пайдалы. Құстар – қанатты достарымыз! Құстардың әуені – жақсылықтың нышаны. Көк аспанда құстар улап-шулап ары-бері ұшып жүрсе, жемісіміз көп, дәнді-дақылымыз мол болады. Сонда сендердің де қарындарың тоқ болады. «Аққуды атпа, досыңды сатпа» дейтін мақал бар, екеуің жақсы болыңдар, ешқашан құстарға тас атпаңдар, әйтпесе беттерің шұбар-шұбар болып қалады, – деді.
Сол күннен бері құстарға тас атпаймын, керісінше, нан беріп, дән шашып жүремін.