Балаларымен бірге ауруханада жатқан көп әйелден осы келіншекті көзіндегі нұры тәуір-ақ ерекшелендіріп тұратын. Өзін-өзі ұстауы мен киім кию әдебінен аса бір даралық байқалмаса да, жанарының тұнықтығы оның бойында дәл осы ортада жоқ дарынның бар екенін аңғартатын. Алатаудың етегіндегі кішігірім кенттің тұрмысы тәуір тұрғындары балалары сырқаттанып, ауруханаға жатып ем қабылдайтындай күн туса бұл жерге емес, Алматының заманға сай дамыған ауруханасына кететінін жұпыны жабдықтарға қарап сезу қиын емес. Мұнда емделіп жүргендердің барлығы дерлік осы ауданға қарасты кішігірім ауылдардан келгендер. Олар нән қалаға мойын созбақ түгілі, осының өзіне шүкіршілік етеді. Туған-туыстарының келіп-кетуіне де ыңғайлы. Кейбірінің тіпті жиі келуге де мүмкіндігі жоқ. Облыстық бюджетке ауыз ашатын аурухананың жайы жоқтан жоғары. Едені сықырлап, қол жуатын бөлмелердегі суағарлардың бірі істеп, бірі істемейді. Ғимарат ішіндегі дәретханалар да санитарлық талаптарға сай емес. Алайда, оған ешкім шағым айтпайды. Себебі осында жолдама берген ауыл емханаларының жағдайы бұдан да төмен.
– Құрысын, не де болса, осы жерден сауығып шықсақ, екінші келмей-ақ қойсақ екен, үйдегі бала-шаға да қараусыз қалды, оларға тамақ жасап беретіндей емес, әкесі жұмыста…
– Айтпаңыз, үлкен балалардың сабағы не болып жатыр десеңізші?
– Әнеукүні әкесі кезекке кеткенде, үйге бас көз бола тұр деп, көрші ауылдағы сіңілімді шақырттық. Отағасының келесі кезегінде кімге айтарымызды білмейміз әркімнің өз тіршілігі бар.
Бұл осындағы аналардың барлығына таныс диалог. Сырқаттанған баласын емдетіп жатқан күннің өзінде әр келіншектің ойынан оты мен ошағы бір сәтке шықпайды. Барлығымызға таныс күйбең тірлік туралы әңгімеге асханаға жақындап келе жатқан жанның аузынан шыққан әдемі әуен сәл де болса өзгешелік енгізгендей болды.
«Таппадым саған теңеу асыл анам,
қалайша махабатты жасыра алам.
Идіріп алпыс екі тамырыңды
бұлақтай ақ сүт беріп асыраған» Бейбіт Сейдуалиеваның орындауындағы осы әнді мұнша сауатты орындай алатын кім болды екен деп бұрылғанымда әлгіндегі келіншекті көрдім. Көре сала оның жанарындағы ерекшеліктің сыры әнге деген сүйіспеншілігінде жатқанын түсіндім. Ән үзіліп, жас келіншек менің қасыма келіп отырды. Баласы ауырған әр ананың ойы да тілеуі де баласының жылдам айығуына тіреліп, уайымға салынуға бейім келеді. Мұндайда олар көбінесе өздері туралы, жолдасы мен отбасы туралы әңгіме айтып бір сәт өз көңілін өздері аулайды. Балаларды ұйықтатып қойып кешкі сағат оннан соң кезекші санитардан рұқсат сұрап асханаға барып ішетін шәй үстіндегі әңгіме тегі қызық. Екі жасты қосқан ынтызар көңіл де, сәби сүйіп ата-ана атанған бақыт та, бір-бірімен осылай таныстырып, бірге шай ішкізген Алланың бұйрығы да осы әңгімеден шет қалмайды. Мұндай ұзын-сонар сыр бір палатада жатқан келіншектер арасында жақсы өрбиді. Дәл мен жатқан палатада емес, дәліздің шетіндегі бөлмеде орналасқандықтан мен үшін әнге ғашық келіншекпен танысудың жолы осы еді. Әңгімені бірден ән туралы бастаудың реті жоқ. Баласы жайлы сұрадым.
– Бірінші балаңыз ба?
– Иә.
– Жан жағымыздағы келіншектер де бірімен бірі жарыса әңгімелесіп кетті. Қай ауылдан келді, балалары көптен ауыра ма, алғаш қандай дәрі ішті, осында жатқандарына неше күн болды деген сияқты әдеттегі әңгімелер. Мен болсам әлгі келіншекті жақын тани түскім келіп, тағы да сұрақ қойдым. Арасында өзге келіншектермен ортақ әңгімеге де аралысып қоямын.
– Жолдасыңыз не істейді?
– Құрылыста.
– Өзіңіз ше?
Өнердің аулынан алыс емес екенін сезіп тұрсам да, анығын білгім келіп тағатсыздана бастадым.
– Есікте, ПедКолледжде оқимын.
– Оқып жүріп тұрмысқа шықтыңыз ба?
– Жо-ғ-а, тойдан кейін қайын атам өзі апарып тапсыртты емес пе…
– Мәссаған!..
Екеуміздің әңгімемізге басқа келіншектер онша араласып отырмағандықтан, бұл таңданысыма ешкім мән берген жоқ. Дегенмен, Балауса себебін бірден айтты.
– Мен түскен оқу орнынан өздері шығарып алған соң…
– Қайда оқып едіңіз?
– Консерваторияда.
– Консерваторияда?!.
– Иә, «күйеуің таксист болмасын, әйелің әнші болмасын» деген…
Бұл жауап мені ілгеріде айтқан сөзден бетер таңдандырды. Балаусаның жүзінен еш өкініш байқалмады, керісінше, әңгімесінде өзіне ғана тән ерекшелігін қандай жағдайда да жоғалтпаймын дейтін паңдық бар. Сөзінің соңын сыңғырлаған әдемі күлкісімен аяқтады да, әрі қарай тағы бір әнді айтып ыңылдай жөнелді. Сәл бұйрасы бар толқынданған жирен шашы да өзіне сондай жарасып тұр. Ән айтқанда тіпті ажарлана түседі екен.
– Сонда, күйеуіңіздің айтқанына көніп, консерваториядан бас тарттыңыз ба?
– Иә, енді не істеймін?.. Отбасы адам өміріндегі басты бақыт емес пе, ал бала, тіпті тәтті…
Ән ғана!.. Бұл сөзді ішімнен бірнеше рет қайталадым. Санама қат-қабат келген қалың ойдың ұшығын тапқанымда Балаусаның әнге деген сүйіспеншілігі әнші болумен өлшенбейтінін ұқтым. Ән оның жан дүниесімен бірге жасайды. Алдағы өмірінде кездесер қай қиындықты да ол әнмен жеңеді. Көңіліне мұң ұяласа әнмен жұбанады, қуанса ән арқылы жеткізеді. Бауырындағы баласын да әнге деген адал көңілмен тәрбиелейді. Меніңше, бесігінде ән тыңдаған баланың жүрегі мейірімге толы болады…