«Қытай жерінде, Шынжаң өңірінде Қожеке Назарұлы
деген әйгілі күйші өткен. Қазақстанның шығыс өңіріндегі
күйшілік мектептің өкілі ретінде Қожекенің дарын тегеуріні
Құрманғазы, Тәттімбет сияқты ұлы күйшілермен өрелес.»
(Ақселеу Сейдімбек)
Қамшы басар
Іленің таудан құлар тұсын қоныс қылған Рабат төренің ауылында бүгін таң атпастан қарбалас. Есік пен төрдей жарау байталды жайратып тастаған жігіт-желең үйірге жаңа түскен бесті айғырдай жалаң қағады. Бірі білегін түріп жіберіп, байталдың жон терісін қолмен ірейді. Екіншісі ет жіліктеп, қазы тілуге дайындалғандай онсызда қылпып тұрған бәкі, сапыларын қайраққа қайта-қайта жаниды. Енді бірінің қолында пышағы болмағанмен аузында қылжағы бар. Ішек-қарын аршыған қыз-келіншектерді қағытып, елдің ішек-сілесін қатырып, қағынып отыр. Қысыр сөз, жарасымды қалжыңға қыз-бозбала жадырай күлісіп, жамырай дуылдасады. Тек базары тарқаған кексе қатындар мұрын тыржитып, бас кегжитеді.
– Күшәлә жеген күшіктей неменеге жыртыңдайды осылар, – деп күңкілдеп сөйлейді, ит пен балаға зекігенсіп, кірпікшешенше жиырылады.
Күн арқан бойы көтерілгенмен төре үйінің түңлігі түрілмеді. Он екі қанат, сүйекті ордаға кіріп-шығатын үлкен ұл Әбілқайыр ғана, басқа жан баласы жоламайды. Әбілқайырдың да кіргенінен шыққаны тез. Қабырғалы Қызай руына қабағын бақтырып қойған қатал әке соңғы күндері толғағы жеткен әйелінің туар сәтін күткен жандай мазасызданған. Өзінің көңіл-күйі болмаса өзгенің де екі аяғын бір етікке тығып, құтын қашырып жіберетін күйгелек еді. Бұл жолы да қабар иттей күдірейіп, жауар бұлттай түнеріп жүрді. Қаражорғасына қонжиып мініп, қарауыл шоқыға күніге екі барды. Қарайған атты көрінсе күтіп тұруға тағаты жетпей, кісі шаптырып хабар алғызды. Ақыры шыдамы таусылып, жортуылда әбден ысылған әлекедей жалаңдаған он жігітті аттандырған. Бір бағытқа бет түзеген солардың қай жаққа, нендей мақсатпен кеткені былайғы жұртқа жұмбақ, тек төре мен баласына мәлім. Сол ондық кеше ақшам жамырай аттарының қан-сорпасын шығарып ауылға алқынып жеткен. Қастарына баран атты бөтен біреу ілесіпті. Бейсауат жолаушыны басқаға емес тап төренің қонақ үйіне төтесінен түсіргенде сорпа-суын сырттан айыратын қыдырымпаздар мен түтін аңдыған қатындар «әп бәрекелді» десіп, ерін жалап, жұтқыншақ тартқан. Еттің піскен, қазаннан түскен уағын шамалап-ақ барды, бірақ дәм тарпай жолдан қайтты бәрі. Төренің төлеңгіттері абалаған төбеттерімен бірге төбенің үстінен қарсы алған.
– Қонақ шаршаңқы, қонақасы ертең беріледі, – деген хабарды естірткен.
***
Қараңғы түнектен ыңыранған үн шықты, өз дауысы секілді. Әлдене сықырлайды, есіктен біреу кірді. Түр-тұлғасы жендетке ұқсайды. Жендет күмпілдетіп күбі пісті. Қымыздың қыштылқым иісі танау қытықтады.
– О, тоба! Түрмеде қайдағы күбі, қандай қымыз? – деді кеберсіген ернін әрең икемге келтіріп. Таңдайын тілімен дымдап, тамсанды.
Жендет, ілбіп басып ерсілі-қарсылы сүйретіліп жүрді де қойды.
– Не істемек ойы бар?
Көзін сығырайта ашып, теңселген сұлбадан жанар тайдырмай аңдып жатып ұйықтап кетіпті.
…Манаурап жатыр, есі кіресілі-шығасылы. Әрнәрсе ойға түседі…
Тас көмірдің шоғы көкірек пен жотаның дал-дұлын шығарғалы жендеттердің қолы жеңілдеп сала берген. Тергеу мен тепкілеуін доғарғанмен қабақтағы сыз со қалпы. Сасық күзенше шақылдап әмір етеді, жылмиып жүріп-ақ о дүниенің тозағына тобықтан малып, торға түскен торғайдай шырқыратады. Бұл жұрттың тілі майда, діні қатты екенін бұрыннан білетін. Баласына дейін құрбақа, тышқандарды қорлап ойнағанды ұнататын безбүйректігінен шошушы еді. Бірақ солардың қолындағы қауқарсыз жәндіктің күйін кешемін деп ойламапты. Абақтыға алғаш әкелген күні қаба сақал сібені* елдің көзінше жазалаған. Тірідей отқа қақтап өлтірді. Қол-аяғын шынжырмен шандып байлаған тұтқынның шыжғырылған денесінен шыққан иіс қолқаны қапты, шыңғырған дауысы сай-сүйекті сырқыратты. Мұндай иіс пен дауысқа бертін келе еті үйреніп кеткен. Жазагер жендеттер дедектетіп жетелеп бара жатқанда да ойына өлім кіріп, бойына қорқыныш маңайлаған жоқ. Қанша қинаса «қыңқ» етпеген қазақтың беріктігіне түрмедегі тұтқындар тұрмақ жендеттер де таңғалған.
Кеудесін көтере алмай апта бойы ауырлап жатты. Тәннің жарасы жеңіл-ау, ат арқасындағы жауырдай бір аунағаннан қалмас. Ал жанның жарасына не дауа?! Орысқа бастырмаған өр кеудеге қытайдың таңба салғаны қан қарайтып, сүйек жасытады. Әрі осы қорлыққа итермелеген өзге емес, өз ағайыны. Аттың түгіндей қалың елдің ішінде жүрген аттың төбеліндей аз ғана қазақтың алауыздығын ойласа бұл өмірден баз кешеді.
Қарап отырса айрандай ұйыған берекені іркіттей іріткен осы алты бақан алауыздық екен. Тап осы алауыздық кесірінен елін қонағына билетті, жерін тастап жат босағаны сағалады. Енді міне, абақтыда азап көріп, қорланып отыр. Қарсыласуға қолда қару, баста ерік, бойда дәрмен жоқ. Пенде үшін бұдан асқан сор бар ма?!
Сөз сұрамас бұрын, сүйегін танып алу қазақтың қанына сіңген ежелгі әдет. Жатты жақын қылу, бөтенді бауыр қылуда бөрі байрақты жұрттың алдына түскен жан жоқ. Алыстан ат арытып жеткен қонақ төрге шөгіп, бағланның басын мүжіп, бабы келген қымызынан шөл қандырам дегенше отағасына сүйекшатыс болып шығатын. Әлгінде ғана имене аттаған талдырықтан бұл үйдің мың жылдық құдасы, жүз жылдық күйеуі немесе нағашысы мен жиені болып шіреніп аттанатын. Өріс болмас сай үшін, мініс бермес тай үшін ұрыс шақырып дауласу, жігіт жұмсап, мал алдырып жауласу қашанда болған. Бірақ ту көтеріліп, ұран салғанда атқа қонбас ер жоқ еді, ұмытылмас кек жоқ еді. Күні кеше құрық сілтесіп, төбелесіп жүрген өркөкірек тентектер тізе қосып қатар шабатын. Сөз таластырғыш, құдірет жарыстырғыш бай-бағландар ата кегін ұмытып, бәтуаға келетін. Алтай мен Алатау, Арқа мен Атыраудың алабын жайлаған қалың қазақтың бірлігін көрсетші дегенге бұрынғылар рулық шежіресін тарқатып, туыстығын айтар еді. Жат жанынан түңіліп, бүлік іздеген дұшпан райынан қайтар еді. Тыңдаған жас ұлағат алып, дос қуанатын. Енді міне – елдің бірлік-берекесі тап сол құт байланған тұстан сетінеп отыр. Зауалдың беті қатты…
Түрменің тар төсегіне бөксе артқан бойда қаумалаған қалың ой атойлап шығып, талай мәрте алқымнан алған. Бүгін де жан таптырмай тұр.
Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар деуші еді, бұл қазақтан бәрі кеткен секілді. Әуелі төре баласының ауызбірлігі кетті. Төренің орны төрде еді, екі тізгін, бір шылбыр сонда еді. Төре төбедегі шаңырақ болса өзгелер шаншылған уық, керілген кереге еді. Бүгінде сол шаңырақ жоқ. Шаншылар жер таппаған уықтар шашылып жатыр, керегелер керусіз қалған. Неге бүйтті? Кім кінәлі? Келешегін болжай алмаған хан ба, оған сенім артып, соңынан соқырша ерген қараша ма? Бабалардан аманат болып қалған жер қайда? Жер иесі ел қайда? Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға шыдаған қазақ, ботқа жеген орыстың бопсасына қалай төтеп бере алмады? Ханда қырық кісінің ақылы бар деуші еді ғой, неге алданды? Кигізген шекпен мен таққан шенге басқаны сатуға болатын шығар, бірақ би-төрелер бостандықты қалай бұлдады? Заман тозды ма, адам азды ма? Бұл қазақтың жаратқанға қандай жазығы бар?
…Күңіреніп кетті, оң жамбасынан солға қарай әзер дегенде аунап түсті.
Біреу ілбіп басып, ерсілі-қарсылы сүйретіліп жүр. Таныс сұлба…Кім ол?
…Манаурап жатыр, есі кіресілі-шығасылы.
*Сібе – Қытай Халық Республикасында ресми түрде мойындалған 56 ұлттың бірі. Солтүстік-Шығыс Қытай мен Шынжаң аймағын мекендейді.
***
Түс көргендей. Түсі емес өңі секілді. Бастан өткен жағдай, санада сақталып қалған сартап сурет.
Қараңғы түнде қозғалған көш таң қылаң бере Қабандының қарлы иығына табан іліктірген. Түні бойы жан баласына тіл қатпай мылқау адамша жалғыз жортқан еді, ат басын іркіп, артына қарады. Кедей қыздың жасауындай жадау көштің алды таяқ тастам жерге келсе, соңы етекке енді ілініпті. Өздері түгіл жүк артар көліктері де туған жерді қимағандай аяғын ілбіп басады. Көтензорлықпен көшке ілескені көрер көзге көрініп тұр.
Қарқараның аспаны ежелден жылауық, Хантәңірінің етегіне бұлт үйірілсе болды еңіреп-боздап қоя беретіні бар. Бүгін де күннің райы өкпешіл баланың өңіндей бұзылып тұр екен. Жүрек тұсы шымыр етті де көз алды тұманданып кетті. Қолымен сипалап, белбеуіне түйілген беторамалын іздеген. Балалығы өткен Назардың жұртынан кеше бір уыс топырақ алған, түйінін шешпестен мұрнына тақап құшырлана иіскеді. Туған жерді әлден сағына бастапты, танауынан кірген жұпар тұла бойын балқытты. Терең күрсінді, іштен шыққан от-жалын аттың жалын желпіді. Сол күрсініспен босаған көңілін қатайтып, бойын жиып, түсін суытты. Қасындағы серіктеріне көңіл толқынысын сездіргісі келмегендей ширақ үн қатқан.
– Екі жүзге жетпейді ғой, – деді ағайын-туғанның көбі көшке ілеспей қалғанын біле-тұра.
– Жиырма бес түтін…
– Өзіміздің Құрмандар ғана, – деген қосамжарласа шыққан дауысты естіді. Кімдікі екеніне мән берген жоқ, әйтсе де күмілжіген қос үннен үміттен көрі күдікті сезді. Осы қазір ат басын бұрамыз деп бұйрық берсе барлығы сүйіншілеп етектегі елге шапқалы тұр. Бірақ бүгін қуанғандар ертең зар жылайтынын біле ме, бүгін алғыс айтқан ананың аузынан бүрсүкүні қарғыс шықпасына кім кепіл?.. Жеріңді алғандар еліңді есіркей қояды деген ертекке басқа сенсе де бұл сенбейді. Алыстың екен не жеңесің, не жеңілесің. Жеңсең жасайсың, жеңілсең жер құшып топырақ асайсың. Жеңген жеңілгенмен ешқашан тең атының ұлындай сөйлеспеген мына далада. Бітімге келіп, басқыншымен жарасып тұру – құл болғанмен парапар. Сандықта сақтаған пұлыңды салық ретінде төлейсің, қажетіңе жарат деп… Айбалта ұстар ұлыңды сарбаз есебінде бересің, қожаңды қорға, оқ ат деп… Оған тойса, тоқтаса жақсы. Әлпештеген қызыңды қалыңсыз алып, тоқалдыққа сұрар, әулиедей қартыңды сақалдан сүйреп, қамшымен ұрар. Буынсыз жерден пышақ салып, жанды қинар. Асыңды ішіп, аяғыңа түкірер. Бересің, көнесің. Көнбесең заңы мен законы арқылы көгендеп апарып, зынданға тығар…тар қапаста шіріп өлесің…
Сол себепті шегір көзділерге әуел бастан шекесінен қарады, қалың Албанның бас имеуін қалады. Ел қыдырған серілігі мен ойын-сауығын тастап Саурықтың қасынан табылғаны да жүрек қалауымен болған қамкөңіл тірлік. Домбырасын ер басына іліп, шиті мылтық ұстады, жасанған жауға қол бастап шапты. Жеңген жоқ, жеңілдім де демеді. Қарқара мен Шалкөде, Қарадала, Текес, Сарыжаздың сай-саласында талай ердің басы қалды домалап… Сол құрбан болған бейбақтардың тұқымы құрымауы тиіс. Істің қиуы қаша бастаған тұста-ақ ағайынға осыны айтқан.
– Кіндік қаным тамған жерде сүйегім қалсын, жанын аяғандарға жол ашық,–деп бастапқыда көпшілік кеуде тоқпақтап көнбеген. Бірақ мінез танытқан туыстың кейбірі жаттың қолжаулығы бола бастағанын көрген бетте атқа қонды. «Өз еліңде жүріп, өзгеге кіріптар ұрпақ өсіргенше басқаның босағасында шірігенім артық», – деп күллі Албанға жар салды. Екі жүз үй еріп шыққан, содан қалғаны мыналар… Жиырма бес түтін…
Жауар күндей түнеріп, қабақ түйді. Қоржындағы қара домбырасын суырып, алдына өңгерді. Құлақ күйін келтіріп бірер қаққаннан-ақ тулаған көңілдің зары екі ішекке ауысып сала берген. Шанақтан шыққан шерлі әуенмен жарысып көк күрсінді, тау жаңғырды. Етекті ала бастаған жаңбыр ұйлығысқан көпшілікке жеткенде бұл да күйін аяқтаған. Көңілдің кірі шайылып, кәдімгідей сергіп қалыпты. Айналасындағы ағайын-туыстың да еңсесі өскендей өрекпіп тұр. Батыр бойындағы бұлқынған сезімге бөгет болмайық дегендей, үнсіз тыңдап қалған көпшілік күй аяқталғанда, жамырап берген.
– Әп, бәрекелді!
– Ел естімеген сарын ғой…
– Құдай жолымызды оңғарады, – екен десті шулап. Өзгелерден бір табан жақыны, жан жолдасы Егінбай өтімділігін пұлдап күйдің атын сұрады.
– Шалқайғанға шалқай ол патшаның ұлы емес, еңкейгенге еңкей сатып алған құл емес… Есіктен кірген қонақты төрге отырғызған қазақ, ешқашан төбесіне шығармаған. Шалқайып жүргендеріңді қайтейін, ертең шалқайған басыңа шәй қайнатарын білмедің-ау ағайын! Бұл күйдің аты «Шалқайма» болсын! Я тәңірім, кеудемдегі басым емес, белімдегі ұрпағымды сақтау үшін елден бездім. Қотаныңнан шыққаның – Отаныңнан шыққаның емес. Іленің арғы жағы да біздің ата қоныс. Қытайдың көзі қысық болғанымен өзі пысық. Ел соныкі болса да жер біздікі. Жаратқан жолымды оңғар! Тарттық,–деп ошарылған көшті бастап, күншығысқа бет алған. Қарқараның түйіліп тұрған аспаны сол сәтте жер-дүниені қалтырата күркіреді. Артынша жаңбыр сіркіреді.
– Қош туған жер! – деген сыңар сөз көмейінен атылып шықты. Екі көзден егіз тамшы қатар ыршыды.
***
Қарқара! Қайран, Қарқара! Атажұрт! Қарқараға қайта-қайта қарағыштай бергені есінде. Қарқара да бұлармен қимай қоштасты. Жауындатты, жылады, көз жасын ол да бұлады, ханға жалтақтаған қарашадай Хан Тәңірдің қолтығында қала берді, шөккен орнынан тұрмады.
Қарқарадан – Текеске төтелей салса екі күншілік жер. Бірақ орыс әскері онда да барған, Текес тұрмақ Құлжаны алған. Босқын қазақтарды маңдайдан сипай қоймасы анық, қойша тырқыратып қайыра шегара асыруы да ықтимал. Сол себепті көшті Бұраталаға бұрған. Алатаудан қашқан жұрт Алтайдан бір-ақ шықты осылайша. Буыршын-Жеменей өңірін төрт-бес жыл жайлап ылдиға сырғыды. Тарбағатай баурайындағы Қарағанды өлкесінде он жыл жүріпті айналсоқтап. Ешкім беттен қағып, төске итерген жоқ. Керей ата баласы: «Қарағандыны қоныс сайла, ат басын түбегейлі байла»,–деп ақеділ ниет танытқан. Тіпті бұл тұрған жерді «Қожекенің Қарағандысы», «Қожеке Қарағанды» атандырған. Бірақ кеудедегі жұмыр ет Жетісу деп бұлқынып, соған жетсем деп жұлқынып қоймады. Туған жерден табаны тайса да, желіне кеуде тосып, алыстан болсын көз суғарып тұрсам деді. Сондықтан, Құлжадан орыс әскері ығысқанын ести сала, Жетісудың өргібасы Текеске көшеміз деп ел-жұртын асықтырды. Жолай Сайрам көлін айналып, Талқы асуын асып, екі жылдай Қызай Найманмен ырыздық бөлісіп Нылқыға еру қонды. Ақыры ат-көлікті тынықтырып алып Күнес, Тоғызтараудың Мұқыр, Жырғалаң деген жерлерін басып өтіп Текеске келген. Жиырма бес үйлі құрман ірге ажыратпастан Үшқұштай өңіріне қазық қағып, біржола орнықты.
Қайран ел, сенген ел, жалғыз атты күйшінің соңынан ерген ел… Ақмылтық боранда адасқан жылқыдай Алатаудан – Алтайға тартқанда бірі келіп шаужайға оратылып, кедергі келтірмепті. Оны қойшы, қабақ шытып, қарсы сөз айтқаны есінде жоқ. Әрине жол шығынсыз болсын ба?! Жасы жеткенді кәрілік алды, ауру-сырқау да бір жырада қалды. Он жылдан аса көшіп-қонған беймаза тірлік Үшқұштайға жеткенде байырқалаған. Бұл да мойындағы ауыр жүктен арылып, бір сәтке жеңілдеп, бой жасады. Бастысы ағайын-туғанын ауыр сапарда сақтай білді, үмітін ақтай білді. «Бұл дүниеде тындырған ісің қане» деп бүгін жаналғыш келсе де осы қызметін бұлдап, арғы өмірге өкінішсіз аттанар еді.
Әйтсе де армансыз адам, қанатсыз құспен тең. Сары орыстың құрсауынан құтылған азғантай ағайынды қара қытайдың азуына іліктіріп, арандатып алмау басты мақсат, ұлы мұрат еді. Сол үшін де жергілікті ұлықтардың заң-жарлығына бағынып, бейбіт тірлікке бейіл танытқан. Бірақ ел арасында сөз жата ма?! Босып келген қазақтың ноқтаұстары – орысқа шапқан бағлан батыр деген әңгіме демде тараған. Орыс десе отырған жерінде омалып, үйінен шықпай қамалып қалатын қорқақ шонжарлар естіген бойда еліріп жеткен. Белдеуіне кезек-кезек ат байлап, азғана жыл Құлжаны орыс билегенде көрген зәбірін айтқан, жекжат болуға ыңғай танытқан. Ауылдан аттанған бетте естігенін екі еселеп, батыр-күйшінің даңқын асырып баққан. Ақыры сол дақпырт Іле генералының құлағына шалынды, ол арқылы Бейжіңдегі Ежен ханға жетті.
Арада жыл аунамай жатып, Ежен ханнан тарту-таралғы келген. Ұлықтар барынша зорайтып, әспеттеп жеткізген сыйлығының төресі бармақтай көк тас. Айнала күміспен көмкерілген, төбесінде шашақты бауы бар, түбіне патша таңбасы соғылған. Елдің сөзіне қарағанда бұл Ежен ханға еңбегімен жаққан уәзірлерге ғана бұйыратын ұлы белгі, мұнымен тіпті шегарадан ары-бері тергеу-тексерусіз өтуге қақылы. Көк тасқа көз айырмай қарап тұрып, аздап тіксініп қалып еді. Терістіктегі шегір көз бен шығыстағы қысық көздің көздері бөлек болғанмен көздегені бір екен-ау деген іштей… Орыстың сарыала салпыншақ, атақ-даңқына сатылған қазақ аз ба, бойымды былғамайын деп бас тартуға оқталды да, ойынан лезде айныды. Қара басымды имеймін деп жүріп, қарайған жұртымды қырып алмайын деген… Келімсек болып тұрып, кекжиіп мінез танытсам кесірім басқа жұртқа тиер деп қауіптенген. Патшадан келген сыйлықты сүлесоқ қабылдап, зорлана жымиып, өмірінде тұңғыш рет өтірік күлген.
Патшаның шапағатына ие болған соң-ақ қара басының даңқы Текестен асып, Іленің суын сапырды. Ал дақпырты қос өзенмен бірге ағып шегарадан өткен. «Қожекенің көші жолда қырылыпты», «моңғол мен қытай шеріктері кескілеп өлтіріпті», – деген жел сөзді естіп жағасын ұстап отырған арғы беттегі ағайын ақсарбас айтыпты әуелгіде. Артынша «Қожеке бауырым қайдасың»,– деп олар да қопарыла көшкен. Елге ел қосылса құт. Атажұрттан аңырап жеткен албандардың ешбірін кезінде көшке ілеспедің деп көзге шұқыған жоқ, әрбіріне қоныс кесіп беріп, бауырына тартты. Бірер жылдың ішінде-ақ босқындар ауылы үш жүз түтіндік іргелі елді-мекенге айналды.
***
– Қайран, қазақ! Қайтейін…
Біреу келе жатқандай, аяқ сыбдыры естіледі. Қараңғы түнектен шыққан ыңыранған дауысқа иттің үргені, жылқының кісінегені үн қосып құлақты көтереді.
– Құдай-ау, қайда жатыр?! Итті қойшы, түрменің жуындысын жалап жүрген бұралқы болар, ал жылқы кісінегені несі? Кісеннің сылдыры болар бәлкім?!
Манаурап жатыр. Дүние астаң-кестең. Өртеніп барады, оттан жейде кигендей ыстық… Кеудеге басылған шоқтың бірі ішке түсіп кеткен секілді. Шемен боп қатқан кектің қоламтасын қайта-қайта қозғайды. Ол қозғаған сайын ызалы көңіл боз інгенше боздайды. Тұла-бойы күйіп-жанып, шиыршық атады, өкініштен «аһ» ұрады.
Барлығы көрген түстей. Атажұртын жатқа қалдырып,күні кеше бас сауғалап қашқан еді. Арада жиырма жыл өтіпті. Өткен уақыт аққан сумен тең, қайта айналып келмейді, екінші мүмкіндік бермейді. Белді бестісін белдеуге байлап, жау күткен батырдай елегізіп жүрген шақта Саурықтың өлімін естіді. Артынша, Тазабек қаза тапты. Жетісудың әрбір жусанын қанмен суарған Колпаковский деген әпербақан әскербасы қол бастап келіп, Ілені шапты. Апанына тығылған арлан қасқырдай Тазабек азу көрсетіп, арпалысып-ақ еді. Дегенмен қауқары жетпеді. Өзін байлап, қоластындағы елді бөрі тигендей тырқыратып әкеткен.
Саурық пен Тазабектің екеуі де соғыста өлуге серт берген ер еді. Ақтық демі қалғанша ақ патшамен айқасып өтті. Арманы жоқ. Өздері өлсе де, ізі қалды, ел үшін еткен ісі қалды. Қарқараның әрбір қарағайы олар туралы қапалана сыр шертеді, Шалкөденің шалғын шөбі жарыса шулайды. Көк аспаннан күн сөнгенше Хан Тәңір де қос батырдың ерлігін ұмытпас. Ол ерлікті естіген жас өсіп, ержетер, атаның кегін қуар, жерін даулар. Күндердің күні бас көтеріп бұлқынар, ұран шақырып жұлқынар. Демек, Тазабек пен Саурықтың арпалыста өткен ғұмыры текке кеткен жоқ. Шоқ тастап кетті артына. Сол шоқ журықмаңда сөне қоймас. Сөндірем дегендер табылар, ұлыңды құл, қызыңды күң қылам деп аттың белін талдырып, сар далада сабылар. Бірақ оған көзінде жалыны, кеудесінде намысы бар ұрпақ көне қоймас, ел тізгінін ешкімге бере қоймас. Сол сенім ғана ат құлағы көрінбес соқыр тұмандай күдікті сейілтіп, пәс тартқан көңілге үміт сыйлайды. Сол сенім еңкіш тартқан еңсені көкке көтереді.
Жігіттік дәуренді бөліскен қатар еді олармен… Жаугершілік жылдары бірге жортты, әйтсе де тағдыр жолы басқаша сызылыпты. Ол екеуі секілді артына даңқ пен дақпыртын, ерлік пен өрлігін қалдыра алды ма?! Бұл жалғаннан Қожекедей беліне қылыш байлап, қолына домбыра қондырған күйші өткенін біреу білер, біреу білмес. Аюдай ақырған орыстан қашып, алып аждаһаның аузына кірген бейбақ деп біреу сөгер, біреу сөкпес. Сопайған басты емес, солқылдап өскен жасты сақтаймын деген ниетін де түсінетін, ұлы арманын ұғатын ұрпақ келер. Бұл да кетер жалғаннан, мәңгілік ештеме жоқ. Саурықтың ажалы орыстың уынан болса*, Тазабек солардың оғынан кетті, ал бұған тас көмірдің шоғын әзірлеп отыр әзірейіл. Қартайғанда қарақшы атандырып, қапасқа қамаған ұлықтар қадалған жерден қан, жабысқан жерден жан алмай тынбас. Тек жұрттың намысы сынып, жігері құмға айналмаса болғаны, орыстың ойранынан қашқан ел, атасы басқа шүршіттің* ордасын күзеткен құл, ошағын көсеген күң болмаса екен. Бүгінгі бар арманы осы!
Текестің бойында керуен тоналғанын кештеу естіді. Саудагер сартты сабаймын деп ұсталған қазақ ұстасының сөзін сөйлеп Құлжаға кеткен. Ежен ханнан көк тасты алғалы, шүршіт ұлықтары көп жерде ығатын, бұл жолы да беделін салып жүріп жалалы қазақты жазадан босатып келе жатқан жолда хабаршы жеткен. Қашқарлық саудагер Бозадырдан асып, түнделетіп Текес бойындағы «Селкiлдек» көпірдің қасына қоныпты. Әккі қарақшыға керегі сол, қараңғы түнде талап әкеткен. Екі-үш жігітті дереу аттандырып, ел ішіндегі жел сөздің соғысын аңдығанмен ұрының соқпағын таба алмады. Керуен басы қара сарт Іле генералына арызданып кетіпті деседі. Арада апта өтпей Сүйдің-Күреге* шақыртты. Бір бәленің боларын сезсе де, қасына қара етпей қарулы жасаққа ілесіп кете барды. Содан үй көрген жоқ. Барған бетте «іргеңе қонған керуенді тонадың»,– деп шүйліккен ұлықтар бет-жүзге қарамастан қапасқа тыққан. Артынша қырғыз баласын* өлтірдің деген жала қоса жамалды. Текестің бойындағы Жылқыөткелдің көк суына беліне тас байлап ағызыпты бейшараны. «Қазақтар құртты», – деп арызданған қырғыз жақ, ал «Қожеке мен інісі Ыбырайым молда* өлтірді», – деп ол айыпты ауырлатар куәлік берген бөтен емес, талай мәрте табақтас болған таныс шонжарлар. Арасында өз қазағы да бар. Жанды осы қинайды.
Шүршіт бектерінің шибөріше жабылып талағысы келетін бұзық ниетін бұрыннан сезетін. Бар айыбы – ноқтаға басын бермеді, айдауына жүрмеді, айтағына үрмеді. Ежен ханның сыйлығы арқылы беделді қазақты сатып алып, мұрнын тескен тайыншадай жетелейміз дегені болмады. Іле бойындағы күллі мұсылман ереуіл жасағанда осыны айқын аңғартқан. Бұлқынған топтың бел ортасында жүрмесе де тілеулестік танытып, қолдаған. Оны жергілікті ұлықтар көрді, білді, ішіне мұз қатып, кек сақтады. Содан беріде жүрген жеріне қақпан жасырып, тұзақ құрды. Аңдыған жау ақыры алып тынды. Оған дауа бар ма?.. Тек, жаттың қолы жағаны жыртқан кезде қарындас бауыр балақтан тартады деп кім ойлаған?!
Күңіреніп кетті, төр көрпені умаждап аунақшыды.
– Қайран, қазақ! Қайтейін…
*Саурық батырды қолға түсірген орыс әскері оны бірден өлтіруге ел ішіндегі абырой-беделінен жасқанып, үзеңгісіне у жағып жіберген деген дерек бар. Батыр осы удан ауыр сырқатқа ұшырап қайтыс болған.
*Шүршіт – қазіргі Моңғолия жерін мекендеген тұңғыс тектес тайпалар. Бірақ қазақ халқы қытай-маньчжур текті ұлттардың барлығын «шүршіт»деп атаған. Орта ғасырлардан бастап, 19 ғасырдың соңына дейін кеңінен қолданылған. Кейіннен қытай атауы Шүршіт сөзін ығыстырып шығарды. Бұл шығармада шүршіт сөзі қытай деген мағынада қолданылған.
*Сүйдің-Күре – Қытай Халық Республикасындағы қала атауы. Кезінде Манжу хандығының Іле генерал мекемесі орналасқан. Солтүстік Шығыс Түркістанның әскери, әкімшілік орталығы болған шаһар.
*Текес бойында болған қазақ пен қырғыз арасындағы қанды оқиға. Баланың өлімін Қожекеге жапқанмен қырғыз тарабы басылмай, алты қазақты өлтіріп, «осы жәйтті қазағыңа барып айтарсың»- деп біреуінің қол-аяғын байлап тастап кеткен деседі. Өздері дүрк көтеріліп көшіп, қоныс аударған. Оқиға қазіргі ҚХР Текес ауданына қарасты Көктерек деген жерде болған. Әлгі жер әлі күнге «алты қазақтың қаны төгілген жер» деп аталады.
*Ыбырайым – Қожекенің інісі Тәнекенің баласы.
***
Көзінен жас сырғанады. Өкініш жасы.
Дамбалға сарып, көрпе-төсекті саталдайтын саржамбас өлімді ешқашан құдайдан сұрамаған. Ат үстінде шәһид кетсем дейтін өмір мен өлім туралы оңаша бір ойланғанда. Бірақ тағдыр тақтасы басқаша өрнектеліпті. Бұл туған сәтте бәлкім Сүйдің-Күренің осы бір қарғыс атқан мекенінің топырағы бүлкіл қаққан болар… Қарқараның бұлтын шайқап, өмірге айқайлап келген қара баланың торсық шекесіне тас көмірдің шоғы жазылған шығар, кім білсін?!
Қу жанын шүберекке түйіп, талай мәрте ажалға қарсы шапты. Қалмақтың найзасына түйрелмей, қылышына туралмай аман өтті, аузынан от бүркіген орыстың зеңбірегі мен қой құмалағындай қорғасыннан да құдай сақтады. Енді міне істікке шаншылған тауықтай отқа қақталмақ. Екі дүниенің табалдырығын түрмеден тапқандар аз ба, бірақ мұндай өлім қазақтың еш баласына бұйырмаған шығар…
Қытайдың азабы, құдайдың тозағының қасында түкке тұрмас. Содан сақтасын! Не болса да көнді. Жаратқанға арыз айтар, жамағайынға өкпе артар реті жоқ. Тәңір бұған тиісті ырыздық-несібе, абырой-бедел, ерлік пен өнерді аманаттапты. Соның ешбіріне қиянат қылмады. Байлығын жұртпен бөлісті, абыройын ел үшін бұлдады, өнер мен ерлігін де қажет жерінде аяған жоқ. Бірер жаманға бола қалың қазақты да қаралай алмайды. Ел іші ер азаматсыз емес. Қожеке ұсталды дегенде өз албаны түгіл, керей мен қызайдың небір жақсы-жайсаңы өре түрегеліп, ат ойнатып талай жерді шаңдатқан. Әйтсе де бостан ел емес, бодан жұрт. Жоғарыдағыларға сөз өтпей, жағасына қол жетпей, тайқы маңдай тасқа ұрылған. Ниетін айтсаңшы солардың, жан семіріп, көңіл бүрленеді. Әсіресе Рабат төреге екі дүниеде разы.
Рабат пен Мамырбек төрелер ізденіп жатыр екен, Бейжіңдегі ұлықтарға хат жазыпты, тоналған керуеннің құнын төлейтін болыпты деген хабар Сүйдің-Күренің тар қапасынан да саңылау тапқан. Төренің төлеңгіттері түрмені төңіректеп жүріп күніге бір мезгіл сорпа-суын кіргізді. Ұлықтардың да ұртын майлағанға ұқсайды. Көп ұзамай-ақ аманатқа босанып шықты. Жалаға ұрынып, жабыққан көңілі әуел баста көтеріле қоймаған. Алты жігіт қаумалап келіп, атқа демеп мінгізгенде ғана бойына аздап желік біткен. Тақымы ат жүрісін сағыныпты. Жол жорғасы жылқы желдірер күрең төбелді бір тебініп ағыза жөнелген. Қаумалаған топтан құрық сілтем алда отырды. Кеуде тұсындағы жара орны сыздаса да сыр бермеді. Көңіл ауламақ болып ауыл-аймақтың әңгімесін айтқан серіктерімен сараңдау сөйлескен. Ауылға асықты. Қызға да қымызға да елітпейтін байсал көңілі қызыл домбыраға жетсем деп өршеленді.
Екі ай… Өмірінің соңғы екі айы… Үміт пен күдік, өлім мен өмір тайталасқан алпыс күн. Қос төренің кепілдік беруімен екі ай бостандықта жүрді. Осы аралықта жер жұтса да керуен тонаған ұры мен бұғанасы қатпаған баланы қара суға батырған қандықол табылар, нақ қылмыскер түрмеге жабылар деген ағайын-туғанның әйтсе де үміті ақталмады. Істің беті бері қарамасын байқаған Рабат бастаған ел ағалары қайта-қайта қолқа салды.
– Келер зауалды біз көтерелік, атқа мін де атажұртқа тарт, өз қазағыңды тап,– деп белдеуге жүйріктерін кезекпен байлап дігерлеген.
– Қасыңа қорғаушы қосып береміз, шегарадағы шеріктерді жарып өтеміз,– деп бірі тепсінсе екіншісі: – диуана кейпінде өткеніміз қауіпсіз ,– деп қулық ойласты. Бірақ соның біріне илікпеді.
– Қашқаным – кінәлі екенімді айғақтағаным. Батыр болып, ел бастап кеткен Қожеке қарақшы атанып келіпті, – деген күңкілді естігенше өлгенім артық. Сөз тәмәм!
Көнбеді. Ұры мен қарақшының ұсталарына да сенбеді. Бостандықтағы екі айды алаңсыз өткізген. Қызыл домбырасымен армансыз сырласқан.
***
Денесі күйіп-жанып барады. Іші алай-дүлей. Көзін көкке қадағанда көргені шаңырақтан шуақ шашқан сары күн.
– Қайдағы күн. Күніміз батқан жоқ па, – деді іштей. Шаңырақ та емес, шаңырақ болып елес берген темір тор шығар бәлкім.
Қаратерге түскен сүлдерін көтеріп, түрегелмек болды. Қолымен сипаланып қабырғаны қарманды.
– Кереге секілді… Әлде қабырғасы темір тормен шегенделген түрмеге тастаған ба?! Құдай-ау, қайда жатырмын?! Өлімін бе, тірімін бе?!
Көзі қарауытып, басы айналды. Өзіне төніп келген біреуді байқаған бетте бар күшін бойына жиып, қарсы атылған. Кешелі бері төңіректеп жүрген жуан қарын жендет секілді, кеңірдектен қылқындыра қырылдай тіл қатты.
– Кімсің, атаңа нәлет?
– Батыр, батыреке… Қожеке, – деген таныс дауыс құлағына талып жетті.
– Кім?
– Қожеке, көзіңді аш! Қожеке… Мен – Рабат төремін.
– Төре… Мұнда не істеп жүрсің? Әлде, сені де?..
Шеңгелі жазыла берді. Талықсып құлады. Күбірлескен адамдар дауысы естіледі. Таңдайына су жүгіртіп, маңдайына дымқыл басып жатыр.
– Төре, ел қайда? Түрмеде неғыл деп жүрсің, төре? Бұ құдайдың қай мазағы? Қапас қараның орны емес пе еді, ханды кім қамаған? Саурық пен Тазабек қайда? Әруақ қолда, атқа қон! Әруақ! Әлмерек! Райымбек! Аттан!
Сандырақтап жатып, ұйықтап кеткен. Түс көрді. Саурық пен Тазабек қосарлы арғымаққа мініп терістікке қарай құйғытып барады екен… Қарсы беттен жау қарасы байқалды. Ат тұяғынан шыққан шаң, тұмандай көтеріліп күннің бетін көлегейлегеніне қарағанда бір емес бірнеше түмен. Екеуі «Бақтияр», «Әлмерек» – деп ұран салады. Бірақ соңынан ерген найзалы нөкер жоқ. Жасанған жауға жалғыз қылыш, жалаң кеудемен барып ұрынбақ па, немене? Қос батырға болысайын деп атын қамшылап еді, жүрмеді. Сауырдан дойырмен екі осқанда жануар ышқына ытырылды да сүрініп барып түрегелді. Сонда байқады, астындағы қаражал тұлпар темір шынжырмен шідерленген екен.
– Атаңа нәлет, өзім түгіл атыма да кісен салған ба?!
Қарғып түсіп, қара шынжырға қылыш ұрған. Бірақ тасқа түссе майрылмас алмас білеудей темірді кесе алмады. Қайыра салды, қайтадан кері тепті, шыңылдағын үні құлақ тұндырды. Сол уақытта әлдеқайдан ән естілген. Шалтабайдың дауысы…Тура құлақ түбінен шырқағандай анық жетіп тұр, әншінің ырғағын танығанмен, бұрын-соңды естімеген әуен.
‹‹… Әкесі Қожекенің Назар еді.
Назардың жүрген жері базар еді.
Қожеке мен Саурық тірі тұрса,
Мені іздеп артымнан бір барар еді.»
– О, тоба! Шалтабай өмірі әнмен зарламайтын ер еді, мынаусы несі? Бізді өлдіге санап, жоқтау айтатындай қара басына не күн туды?
«…Менің атым Шалтабай,
Күмістен соққан балтадай.
Оралға барған Шалтабай,
Барып қашан қайтады- ай!››
– Қайран, Шалтекем! Саған да бұғалық түскен бе?! Бағлан басың қор болған екен-ау?
Әннің аяғын күтпестен қаражалға қайта қарғып мінді. Төңірекке көз салып, Шалтабайды іздеген. Таба алмай алақтап тұрғанда қасына желе-шоқырақтатып мың қаралы қол жетті. Бастаушы екеу, біреуін жыға танымады, екіншісін шырамытатындай. Саурықтан айнымайды.
– Саурықтың асау үйреткіш баласы Ұзақ емес пе мынау? – деп сұрады өз-өзінен. – Тайға мінген ұл еді, топ бастайтын серке болыпты-ау, анадан ер боп туған екен, ата кегін қуған екен, –деді разылықпен күбірлеп. Жау іздеп, анталаған әскер шідерлі атқа мінген бұған қайрылмастан өте шықты. Әлгінде Саурық пен Тазабек кеткен белден асқанша қас қақпастан қарап тұрды артынан.
– Атаңанәлет! Жасаққа ілесіп шаба алмадым, атым тұсаулы. Жауға қылыш сала алмадым, қолым байлаулы. Жаратқан саған не жаздым?!
Мүсәпір халіне күйінгендей аласұрып, көкірегін тоқпақтады. Біреу аузына су тамызып жатыр, шөліркеп қалған екен. Кебірсіген ернін дымдап, сыздықтата жұтты.
***
Күй тартқысы келген. Көкейдегі шерді сыртқа шығарып жан сарайын суытпаса болмайтын секілді. Өртеніп барады.
– Домбыра… Домбырамды әкел, – деп айқайлады.
Жуан қарын жендет былқ етпеді. Кескен томардай күдірейіп отырды да қойды. Ой-санасындағы аласапыран қайта басталды. Сүйдің-Күренің абақтысындағы азапты күндер жан дүниесіне шырпы салып қайта-қайта от қояды.
Қылмысты мойындата алмаған шүршіт ұлықтары жан қинаудың небір түрін қолданған. Сондай бір қулығы ағайын-туғанын шақырып, елдің көзінше жазалау еді. Қасірет көрсін, жүрегі шайлықсын, көз жастарын көлдетіп қырсық күйшіні көндірсін дегені…
– Айтарың болса, айт! Осы қазір өлесің? – деп қызыл қалпақты сот төресі дігерледі. Шегірткенің айғырындай шыртиған неменің шіңкілдеген үніне міз бақпады. Сөйлеуді де ар санағандай қабағын қағып, иегімен домбырасын нұсқаған.
– Домбыра сенің не теңің, – деп ыржалақтады шеріктер. – Тілі байланып қалған шығар, – деп тәлкек қылған кейбірі. Оларға сөз шығындамады. Тілдесетін жалғыз серігім осы дегендей домбыраға қарап қайтара иегін қаққан. Ұлықтардың құлағына шайтан сыбырлағандай, күбірлесіп өзара сөйлесті де қутыңдап қызық көруге ықыластана қалды. Қолдағы кісенді шешпестен қызыл домбыраны берген, жотасына қып-қызыл шоқты қойған.
– Ал, тарт! – деген бұйырып.
Шыжғырылған дене, шынжыр қысқан қолға қараған жоқ. Кісенді кере созып қызыл домбыраның тілін ағытты. Тәннің азабын жанның рахаты басып кетті. Күйді төккені, лаулаған отқа су сепкені секілденді. Ештемені сезбеді, еркіндікте жүргендей есіп тартқан, көсіле шапқан. Соңғы ырғақты қайыра сала, салдық дәуреннен қалған салт бойынша домбырасын қарсы бетке ыршытып жіберді. Күйші бойындағы бұлқынысты таныған жас талап домбырашының бірі қағып алып, қайыра зарлатты.
– Мына күйің «ойбай, жаным!», – деп кетті ғой қарағым, – деп әзілдеді оған. Кеу-кеулеген жұрт арасынан Тілекенің* ұлы Дуан суырылып шығып шарт жүгіне отырды. Жалын атқан көзінің шарасы жасқа толып кетіпті. Оның сарыны да өксіктен арыла алмады. Бұғанасы қатпаған жігіттің асау көңілі бұл көрген азап отына шарпылып қалғандай. Тіпті тас көмірдің арқа теріні шыжғырғанын домбыра үні шыңғыра баяндайды.
– Дуан, сен де “ойбай, жаным”, – деп боздап кеттің ғой, – деді сөзіне салмақ салып. Кісенін сылдырлатып домбыраға қол созды. Қызыл жорға қолына тиісімен алғашқы сүрлеуге қайта салған. Шоқ басуды ойынға айналдырған шүршіт төрелеріне қыр көрсете тартты, ағайынның жігерін жани шапты. Дүниеден баз кешіп тұрған туыстарға домбырамен ақыл айтып, жұбатты. Қорс-қорс жылап, өксігендер іштен тынды, өзі кірпігін де дымдаған жоқ. Жасытамыз деп жігерлендіріп алғанын ұққан шүршіт төрелері шаңқылдап әмір еткені сол еді шеріктер жүгіріп келіп, қос қолын артына қайырып кісен салды.
– Ал, тарт! –деп домбыраны қолына берді.
– Бойжеткен аңдыған бозбала күнімізде елді таңғалдыру үшін домбыраны сан түрлі тәсілмен тартатынбыз, – деді «енді қайтер екенсің» деп шылтиып тұрған шүршіттерге жиіркене қарап. – Жотаға қондырып шертетін, пернені иекпен басып, қос ішекті шынтақпен қағатын дүрлер өткен. Кешегі Шалтабай етігін шешіп тастап башпаймен ойнайтын, қос қолымен қыздарды қытықтап отыратын. Біз де солардың сарқыты едік, – деді кәдімгі алқалы топта өнер көрсетер сәттегідей арқаланып. Дереу қызыл домбыраны бір аунатып ыңғайлап алды да жүйткітіп кеткен. Күйдің соңын желдіртіп, аяңдатып барып баппен аяқтады.
– Қазір аяқтан қалған тұлпардаймын, қартайған сұңқардаймын, – деген ағайынға қарап. – Әйтсе де достың өрекпіген көңiлi басылмасын, дұшпанның еңсесі көтерілмесін, жақын сүйінсін, жат күйінсін, – деп талап қылдым. Еркек тоқты құрбандық, мені жоқтамаңдар! Жанымды құдайға, тәнімді қытайға бердім. Ал сендерге аманаттайтын өнерім ғана! Өлсем – өлікпін, күйсем – күйікпін, тек күйлерім жойылмасын, – деді де төкпелеп кеткен:
Адасқанның аспанынан
Жол көрсеткен ай едім.
Ағарсынның ақ толқынын
Теріс ағызған сай едім.
Жырғалаң мен Мұқырда
Жылы жұмсақ жай едім.
Одан да сая таппадым,
Қу қытайға жақпадым.
Ат айналып қазығын,
Су айналып жазығын,
Табарына сен, елім,
Терістікке тай, елім, – деп «Терісқақпай» күйін тартқан. Көңілі жасып, жабырқау тартқан жұртты серпілтетін біраз сөз айтқысы келген. Бірақ шүршіт ұлықтары килігіп, мүмкіндік бермеді. Шаңқылдап әмір етіп, кездесуге келген жұртты қуды, өзін сүйреп апарып жалғыз адамдық қапасқа тықты. Сол күнгі өнерінің ақысы ретінде шоққа күйген арқасына алпыс дүре соғылған.
– Атаңанәлет, ит кәпір!
*Тілеке – Қожекенің інісі
***
Қанша жатқаны белгісіз, құран оқыған қоңыр дауыстан оянды. Қаба сақал қара қожа бас жағында сәлдесін бұлғаңдатып сұңқылдап отыр екен. Діннен өзге дүниенің тірлігіне араласпайтын текті әулеттен. Арғы тегі Түркістандық сунақ деседі, атам заманнан Рабат төренің ауылында дін ұстайды, бала оқытады. Қасында төбедей болып, төренің өзі отыр. Қалың қабағы түксиіп, түнеріп кеткен.
Қайтадан көзі ілінген. Оянғанда денесі едәуір жеңілдеп, санасы сергіп қалыпты. Үй ішінде тірі жан жоқ. Кешелі бері көрген-білгенін есіне түсіре алмай, мәңірейіп едәуір уақыт сұлық жатты. Рабат төренің ауылына қонаққа келгені еміс-еміс есінде, ешкімді кіргізбей екеуі ұзақ сұқбаттасқан. Домбыра шерткен. Одан кейінгісі бұлыңғыр. Жарты тәулікте жарты ғұмырын қайыра өткергендей шаршап, салығып тұр. Басы мең-зең. Әр кезеңнің кейбір суреттері ғана көз алдынан кетпей көлбеңдеп жүр. Не болып, не қойғанын есіне түсіре алар емес.
Төрт қабат түйе жүн көрпенің үстінде, құс жастықты қолтыққа қысқан күйі жағалата көз салды.
Рабат төренің осы бір он екі қанат қонақ үйінің сәні мен салтанаты бөлек. Керегесіне кісі бойы жетпейді, уығын атқа мініп байлайды. Құны да осал емес дейтін, жұрттың сөзіне қарағанда тұрфандық шеберлерге 200 саулық айдатыпты. Үй десе үй. Сүйегі түгелдей қып-қызыл жосамен боялған. Кереге мен мен киіздің ортасынан түрлі-түсті жіппен тоқылған ши ұстапты, төрге жібек кілем іліп, қос қапталға тұскиіз тұтқан. Әрбір тұстан қару-жарақ, қасқыр, түлкінің елтірісі ілінген. Есіктен кіре берісте қарны сыздаған қара саба тұр. Түнімен төлеңгіттеріне пістіріп, таң азанмен кіргізген секілді исі танау қытықтап, құтырынады. Оң жақ қапталды ала төсек-орын жиналыпты да қасына орыс сандығы қойылған. Төре үйінің байлығын түгендеп келе жатқан қос жанары тап осы сандыққа келгенде атылған оқтай бір нүктеге қадалды. Орнынан қалай ыршып тұрғанын өзі де сезбей қалды. Жанды мен жансызда жолдас болған қызыл домбырасы «кешелі-бері маған жоламадың ғой, батыр-ау» – деп қасқайып қарап тұр. Сандықтың үстін ала керегеге сүйеулі тұрған аспабына екі ұмтылып әзер жетті.
– Армысың, саңлағым! – деген даусы дірілдеп. Қолы да домбыра ішегімен амандасып үлгеріпті, көмейі күйден құрғамаған шанағы күмбір етті. Жүкаяққа арқасын бере отыра қалып, құлақ күйін келтірді де көзін сығырайта жұмды. Мұқырдың қалың орманындағы оқиға есіне түсті.
Таң ертеңгілік мезгіл болатын. Қасына Қасымбай ұстаны ертіп орманға отынға барған. Бұлар балта салмақ болған қарағайға кенет тіл бітті. Сөйлеген ол емес, басына қонған бұлбұл торғай. Құйқылжытып сайрағанда отыншылар аңтарылып отырып қалған. Сиқырлы әуен аяқтала сала Қасымбай:
– Шіркін, мына бұлбұлдың даусын домбыраға түсірсе, – деді мұртын ширатып.
– Дыбысы даңғыл домбыра болса, Қарқараның қарағайынан ойған қара домбырам қаңсып барады, – деген бұл да ұстаға салмақ салып. Сол күні Қасымбай орманнан отын емес, томар іздеп кетті. Қас қарая таудың құзар шыңында өскен қарағайды құлатып, сүйретіп жеткен. Үйіне келген соң шанағын шапты, қақпағын салды, тау ешкінің ішегін есіп ішек тақты. Жау түсірген батырдай ентелей жеткен ұстаны құр қол қайтарған жоқ, құлынды бие жетектеткен. Ал жаңа домбыра сөзшең болып шықты. Қос қолдың саусақтары жатырқамай табысты. Құлақ күйді келтіріп, бірер жортқаннан-ақ көкейде кілкілдеп тұрған бұлбұл үні сарнап қоя берген. Сол күй ел арасында «Бұлбұл торғай» атымен танылды.
***
Тізгін тартар
Қара аспанның бүгін қабағы қату. Қара-сұр бұлттар жамыраған қозыдай жөңкіліп жүр. Күннің көзі ара-тұра ұялшақ қыздай сығалап, арай шашады да мезетте тасаланады. Айналадағы заңғар таулардың кеудесі ғана көрінеді, кеңірдегінен жоғары бұлтқа көміліпті.
Жанбұлақ бейітінің маңы шилеуіттеу жер екен. Топтасқан шилер қылықты келіншектей әр тұстан бой көрсетіп ақ жаулықты басын бұлғап, маңғаз теребеледі. Бұл моланың іздеушісі жоқ, ал шырақшысы біз дегендей сыбдыр қағып, сыбырлайды. Түсінген адамға әлдене айтқысы келетіндей, күйзеліп өкінетіндей… Қалған тіршілік иесінде үн жоқ. Тілсіз, меңіреу. Бұл далада қан төгіліп, ер өлмегендей бейқам. Жесір жылап, жетім өксімегендей мамыражай. Осынау тыныштық Рабат төренің намысын қашап, қанын ойнатып жіберді.
– Қайран Қожеке! – деді күбірлеп. Көкіректегі шер, көзге жас толтырды. Бет әлпетіндегі құбылысты басқалар байқамасын деген ниетпен құбыланы бетке алып, отыра кетті. Төренің қимылын бағып тұрған өзге жұрт та жапа-тармағай тізе бүккен. Қара қожа тамағын бір кенеп алып, мұңлы мақаммен сұңқылдап құран оқыды. Бата жасау реті келгенде көпшілік «әумин» десіп төреден сөз күткен. Іркілмеді. Сүйдің-күре түрмесінде өлген небір жақсы мен жайсаңның атын атап дұға қылған. Қожекенің әруағына жеке-дара құран бағыштады. Жұрт бет сипап, орнынан көтерілгенмен төре қозғалған жоқ. Жүрелеген қалпы, балбал тасша бедірейіп отырды да қойды. Қарсы алдындағы топырағы қопсыған қоянжон төмпектен көз алмайды. Өзгелер күбірлесіп, қозғалақтап барып қайтадан жайғасқанда:
– Тарт! – деп әмір етті. Топқа іліскен күйші жігіт домбырасының құлақкүйін келтіріп дайын отыр екен, аттың басын жіберді. Қожекеден қалған дәстүр бойынша «Күй шақыртқыға» басқан. Жел сарынымен дауыс жарыстырған әуезді ырғақ күйші моласына телмірген төрені тебірентіп жіберді. Күй аяқталғанда аяғын жазып, малдас құрды. Бұл төренің ұзақ отырамыз дегені, басшының әрбір қимылынан сыр ұғатын төлеңгіттің бірі домбырашыға ымдап күй желісін үзбе дегенді сездірді. «Қос келіншекті» ағыза жөнелген. Рабат төре ат арқасында тербелгендей теңселді, көңілі қосыла толқыған.
– Сендей тыңдаушысы бар менде арман жоқ, – дейтін Қожеке тірлігінде.
– Күй тартсаң – Қожекедей тарт, – дейтін бұл да оны көтермелеп. Өмірінің он жылын батыр күйшімен бірге өткізіпті. Шәй дескен кезі жоқ. Жан баласына жарамсақтануды білмейтін тоңмойын күйші мен төренің достығын былайғы жұрт аңыз қып шертетін. Қызығатын, қызғанатын. Сөйткен жан жолдастан қапияда айрылды. Қасқыр мінез қазақ, қарсақ қақпанына арандайды деп кім ойлаған. Абырой-беделін салып бармаған жері жоқ, мыңдап мал айдатты, талай ұлыққа асатып, жемсауын бөктірді. Бірақ соның бірінен қайыр болсайшы… Іш қазандай қайнайды. Жазықсыз екенін біле тұра, жаладан арашалай алмады. Соған қапалы. Бар көрсеткен қайраты құнын төлеп, аманатқа алып шықты. Бостандықта өткен екі айлық ғұмырда ол да, бұл да қан шеңгелден құтылмасын түсінген. Кесілген мерзім аяқталғанда Қожекеге жігіттерін жұмсап, жеке-дара қонақ қылған. Әуелгі түн шалық қысып, сандырақтап шыққаны болмаса батыр күйші сыр алдырмап еді. Апта бойы домбыра тартты, сырласты, мұңдасты. Ақбоз үйден ақтарылған күйді жалғыз тыңдаған, тек соңғы қонағасы берілерде ат аяғы жетер жердегі күйші-домбырашыларды алдыртқан. Сұңғыла күйші сол кеште тек соңғы күйлерін шертті.
– Менің ісім оңына емес, терісіне айналды. Алға басқан қадамым, кері кетті. Мына күйлерден соны ұғыңдар, – деп «Кертолғау», «Таскөмірдің шоғына қақталу», «Түрмедегі қинау», «Қинау» секілді күй-дастандарды бірнеше мәрте қайырды.
– Бұл күй – асқақ күй, арман күйі. Қожекенің арманы деп біліңіздер, – деп «Арман» күйін тартты.
– Мынау ағайынға айтарым, – деп «Арыздасу» күйін шертті. Домбыра үнімен таңды қарсы алған сол мәслихаттың ертеңіне Сүйдің-Күреден келген шеріктерге ілесіп кете барған. Арада ай өткенде Қожеке мен Ыбырайым қайтыс болды деген хабар жетті.
…Есіл ерді тас көмірдің шоғына қақтап өлтіріпті.
Қожекенің қазасын естігенде Рабат төре іштен тынған. Қабырғасын біреу сөгіп алғандай қиналса да сыртқа сыр алдырған жоқ. Күйшінің қырқын бере сала атқа қонды. Бағыт – Сүйдің-Күре. Содан келген беті осы.
Күн күркіреп, жаңбыр себеледі. Шөккен нардай күжірейтіп отырған Рабат төре осы сәт шошып оянғандай басын көтерген. Төңірек қарауытып, көз байланар шақ таяпты. Домбырашы жігіт Қоженің жан азабын сөйлетіп отыр, «Тас көмірдің шоғына қақталу» күйі құлақтан кіріп, жүректі бұлқынтады, қанды ойнатады.
Күні бойы уысында умаждап ұстаған бетормалды алып, добалдай саусақтарын әрең икемге келтіріп түйінін тарқатты. Қап-қара топырақ, Қарқараның құнарлы топырағы. Арасында жусанның бүрі секілді қураған шөп-шаламы бар, қанша жыл өтсе де жұпарын жоғалтпапты жарықтық. Осы бір түйіншекті Қожеке жан қалтасынан тастамайтын. Құшырланып иіскеп отырғанын талай көрген. Түрмеге аттанып бара жатқанда соңғы рет танауына тақап, дем тартты да қолына ұстатқан. Екеуі үнсіз ұғысты.
Рабат төре етжеңді денесін ауыр қозғап түрегелді де орамалдағы қара топырақты күйші жатыр деген қабірге төкті. Сол-ақ екен жаңбыр тамшылары өші бардай жабыла кетті. Жан-жақтан түйгіштеп, мезетте бір уыс топырақты шөкімдей балшыққа айналдырған. Сонда да қоймады, қаптаған тамшылар қара балшықты езгілей түйреді. Қарқараның қара топырағы езіле-езіле қара су болып сары топыраққа сіңіп жатты. Ол езілген сайын Рабат төре мен Сүйдің-Күренің аспаны қосыла егіліп, жылап тұрды.