Пенделерміз… Бұл дүниенің қонағы,
кешір түгел! Қыс, көктем, жаз, күзді өткіз.
Кейін, күнім, бәрі жақсы болады…
Бірақ кейін… Біз – жоқпыз!
Құдай қиса, таусылмайды жол әлі,
сапарлардан үшбу хаттар жолдаймыз.
Сосын, сәулем, бәрі әдемі болады…
Біздер ғана… болмаймыз!
Жолдар, хаттар… Олардың бар обалы.
Жігер жетпес, әуре болма жүз құрап.
Жарар, жаным, жарқын заман болады…
Жете алмаймыз… Біз, бірақ!
Тән төменге, Рух ұмтылар жоғары,
үміт шығып үделерден Ел сенген,
әлі, алтыным, тұрар мезгіл болады
қарап басқа… өлшемнен!
Тоғысарда тоқсан жолдың торабы
алды – артыңа қарайлап жүр, абайла!
Бізсіз де, айнам, бәрі орнында болады…
Сен асықпа… Жарай ма?!
Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!
5 / 5. Дауыс саны: 1