Жылдарға күндер ілесті. Әйгерім Тұрлықожа  

Жылдарға күндер ілесті,
Көнеде кепкен кенезем.
Жыр есті бөлек сыры ескі,
Сарғайған сары терезем.

Үңілген талай түйме көз,
Сыртынан ғана бақылап.
Жұпыны үйге тимеңіз!
Сыйып тұр бүкіл атырап.

Сығалай сәуле тарайтын,
Қызықтап қоңыр бөлмені.
Әйнектен жиі қарайтын,
Тани ма сірә, ол мені?…

Өз үйім менің – киелім,
Сағыныш желі еседі-ей!
Жағалай көше жиегін,
Жол күткен кәрі шешедей.

Жақтауы ескі, сыз қалған,
Даладай ашық есігі.
Күтетін ылғи бізді алдан,
Балалық шақтың бесігі.

Алыстап басқан адымның,
Жеткізбей ізі шалғайдан.
Жәдігеріндей жадымның,
Терезем қалды сарғайған

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған