Кеше Талдықорғанда жыр қағаны Жұматай Жақыпбаевтың 80 жылдығына орай «Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде» атты әдеби дәріс оқылды. Жұматай ақынның Жетісудағы мерейтойының шымылдығын ашып берген бұл рухани шара «Janr» клубының бастамасымен І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің қолдауымен аталған оқу орнының қабырғасында өтті. Оған дәріскер ретінде белгілі ақын, «Алаш» сыйлығының иегері Ержан Алаштуған арнайы шақырылды.
Жұматайтанушы ретінде Ержан Алаштуғанның шақырылуының өзіндік мәні бар. Алматыдағы № 2 мектеп-интернатта оқып жүрген 12-13 жас кезінен-ақ Жақыпбаевтың жырларына қанығып өскен Ержан кейін Жұматайтану бағытында курстық және диплом жұмыстарын жазып, ақынның мұрасын індете зерттеуге ден қойған екен. Сол ізденістері жаңа арнада жалғасып, дәріскер студенттерге Жақыпбаев шығармашылығының көпшілік әлі күнге біле бермейтін тың қырлары жайлы айтып берді. Ақын өлеңдерінің лирикалық сипатынан бөлек, оның тарихи-философиялық астарын ашып көрсетіп, шығармашылығының әлем әдебиетімен астасып, көне тарихпен тоғысатын тұстары, соның бәрін қазақы таныммен жырлаудағы шеберлігі туралы сөз қозғады. Жақыпбаев өлеңдеріндегі Ләйлә бейнесі жиынтық образ ретінде жаңа қырынан танылды. Бұдан бөлек, белгілі мәдениеттанушы, қаламгер, ғалым Әуезхан Қодардың ақын шығармашылығын ежелгі Рим ақыны, әлем поэзиясындағы алғашқы лирик Гай Валерий Катулмен салыстыра отырып жазған «Жұматай және Катулл» атты әйгілі мақаласына да кеңінен тоқталып өтті.
– Жұматай Жақыпбаевтың мерейтойы аясында түрлі шаралар өз ретімен өте берері хақ. Бүгін «Janr» клубы бастап берген дәріс соның айқын айғағы. Жалпы биыл Жақыпбаевтың академиялық жинағын шығару қолға алынып жатыр. Сол сияқты шайыр шығармашылығының тілін зерттеудің нәтижесінде «Жұматай сөздігі» басылып шығарылады деген жоспарымыз бар. Бұл іс-шаралар Жұматайтануға жасалған жаңа, игі қадамдардың бірі болады деп сенемін, – деді Е. Алаштуған.
Өз кезегінде мұндай әдеби дәрістердің жастар үшін берері мол екенін тілге тиек еткен І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің гуманитарлық факультетінің деканы Ержан Буланов студенттер ғана емес, әдебиетсүйер қауым да осы шарадан үлкен әсер алғанын атап өтті.
Дәріс барысында студенттер ақын өлеңдерін оқып, сөзіне жазылған әндер орындалды.
– Бұл «Janr» әдеби клубы мен Жетісу университетінің бірлескен жаңа жобасы деуге болады. Жобаны әдеби дәріс деп атадық. Оның алғашқысы бүгін Жұматай Жақыпбаевтың 80 жылдығына арналып отыр. Алдағы уақытта Оразақын Асқардың 80 жылдығына, т.б. ақын-жазушылардың шығармашылығына байланысты университетпен бірлесіп, осындай дәрістерді жалғастырсақ деген ойымыз бар. Дәріс толығымен таспаға басылды. Алдағы уақытта «Janr» клубының YouTube каналынан көруге болады, – дейді «Janr» клубының президенті Есболат Айдабосын.