Жерге қаратқан ұрпақ. Ермахан Шайхыұлы

Өткен ғасырдың 90-жылдарының басы болса керек. Нарықтың шөміштен қысып тұрған кезі. Халықтың әл-ауқаты төмен. Зауыт-фабрикалардың бәрі жекешеленіп, жұрттың бәрі базар жағалап кеткен. Бір күні «Зерде» журналының бас редакторы Әшірбек Амангелдиев ойға шомып, төмен қарап, Жібек жолы көшесінің бойымен келе жатады. Оның алдынан белгілі сатирик-жазушы Қажытай Ілиясов шыға келеді. – Әй, Әшірбек, саған не көрінді? Төмен қарап келе жатырсың ғой, – дейді Қажекең салған жерден. Сонда Әшекең: – Сіздер ғой – аға ұрпақ бізді жерге қаратып кеткен, – деген екен.

Тағы бірде… Тағы да сол Қажытай Ілиясов пен Әшірбек Амангелдиев көшеде жолығысып қалады. Іні болғаннан кейін ағаға ізет көрсетіп Әшекең: – Ассалаумағалейкум, Қажеке, көрінбейсіз ғой, – деп екі қолын созып, ықылас таныта амандасады. – Сен мені Алатау деп пе едің күнде көрінетін, – дейді Қажекең бұра сөйлеп. Сөзден тосылып, есе жібере қоятын Әшекең емес. – Қажеке, мен сізді аға көріп, тау көріп жүрмін. Төбе болсаңыз, амандаспас едім ғой, – деген екен. «Сөз тапқанға қолға жоқ» демекші, інісінің тапқырлығына риза болған Қажекең Әшірбек Амангелдиевтің қолын алып, арқасынан қағыпты.

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған