Жақсы адам болғым келеді (Әңгіме)

Аядай ғана ауылға жаңа отбасы көшіп келді. Бұл керемет жаңалық еді. Әсіресе, балалар қатты қуанды. Жазда жаңадан салынған әсем үйлердің бірінен бес жасар бала шықты. Кемел көшеде асыр салып ойнап жүрген балаларға қызықты. Шарбақтың арасынан қарап тұрған. Бір кезде балалардың бәрі мұны қаумалап алды.

– Сенің атың кім?  – деп сұрады тәмпіш Мәди.

– Кемел.

Мәди жимиып:

– О, атын жақсы екен! Кел, танысып қояиық, – деп есімін айтып, қолын ұсынды.

– Ал, мынау Жақсылық, анау Айнұр, Самал. Жүр, бізбен бірге ойнасаңшы, – деді Мәди тезірек достасқысы келіп.

– Білмеймін. Анамнан сұрану керек. Не ойнамыз? – деді Кемел қызығып.

– Шеңбер сызып асық ойнайық. Сен ләңгі теуіп көрдің бе?

– Жоқ.

– Мамаң мен папаңның аты кім? Олар қай жерде жұмыс жасайды? – деді Айнұр.

– Мамамның аты – Ақгүл. Дәрігер болып жұмыс жасайды. Әлихан папам мал емдейді. Екеуі де дәрігер.

– Дәрігер болған жақсы ғой. Мен өскенде дәрігер болғым келеді, – деді Самал.

– Ал, мен Қажымұқан атам сияқты балуан болам, – деді Мәди білегінің күшін көрсетіп.

– Мен Жансая Әбдімәлік сияқты мықты шахматшы болғым келеді. «Балапан» каналынан көрсетті ғой. Сендер көрдіңдер ме? Ол ақылды, білімді қыз. Мен де сабақты жақсы оқитын боламын,- деді Айнұр армандап. Жақсылық жарыса сөйлеп кетті:

– Бәрінен әкім болған жақсы. Ауылға әдемі гүлдер егем. Көресіңдер әлі, ауылымыз әдемі болады. Бәріміз бай боламыз.

Кемел ғана достарын үнсіз тыңдап қалған.

– Кемел сен өскенде кім боласың? Айтшы, біздің білгіміз келеді, – деп шуласты балалар.

– Білмеймін. Әлі ойланған жоқпын.

– Таптым. Сенің атын Кемел ғой. Сен өскенде ғалым болсаңшы, – деп қиылды Самал.

– Жоқ, Кемел әкесі сияқты мал дәрігері болады? – деді Мәди қызбаланып.

– Қай-да-ғы. Дәрігер болу үшін инеден қорықпау керек. Сен инеден қорқасың ғой, иә? – деп сұрады Жақсылық

– Иә, қорқам, – деп шынын айтты Кемел. – Мен жерге қарбыз еккенді жақсы көрем.

– Сонда сендер қалада қарбыз ектіңдер ме? – деді Мәди таңырқап.

– Қалада биік үйлер көп. Біз мамам екеуіміз балконға шығып, гүл егетінбіз. Балкон кішкентай. Қарбыз сыймайды.

– Таптым, Сен өскенде егінші боласың? – деді Айнұр.

– Иә. Анам: «Сен осы ауылда туғансың» деп айтады. Қаладан атам мен апамның қасына көшіп келдік. Олар қартайып қалды.

– Сонда сен осы ауылда тудың ба? Туған жерін екен ғой,  – деді Самал.

– Иә, – деді Кемел жымиып.

Осы кезде Кемеледі анасы дауыстап шақырды.

–  Кемел! Кемел, бері келші!  – деді Ақгүл анасы. Кемел жүгіріп барды. Қолына табақ ұстатты.

– Міне, мына бауырсақтарды ал.

– Мама, мынау көп қой.

– Өзің біреуің ал да, қалғанын достарыңа бер.

Кемел жымиып күлді. Анасы басынан сипады.

– Міне, сендерге бауырсақ әкелдім, – деді Кемел. – Мамам сендерге беріп жіберді.

– Ой, анаң бауырсақты дәмді пісіреді екен,  деді Айнұр. – Менің анам тәтті тоқаш пісіреді. Сол кезде сендерге де берем.

– Сенің анаң жақсы адам екен ғой, – деді Мәди пыш-пыш етіп, қызыл бауырсақты ортасынан бір тістеді. – Бәріміздің анамыз жақсы.

– Мен өскенде анам сияқты мейірімді, жақсы адам болғым келеді, – деді Кемел.

– Иә, бәріміз де жақсы адам болайық, – деді Жақсылық қуанып.

– Жарайды, – деп балалардың бәрі қостай жөнелді.

Бұл кезде Кемелдің анасы сырттан қарап, риза болып тұр еді.

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған