Жадыра

Түннің қай уақыты болғаны белгісіз. Қандайда бір қатты шыққан дауыстан оянып кеттім. Не болып, қайда жатқанымды түсіну үшін екі – үш минут өткен болар. Тағы да айтты. «Жо – жоқ! Тоқта!..», – деп көрші төсектегі қыз айғайлады. Әншейінде орнымнан көтерілуім мұң еді, қалай төсектен атып тұрғанымды сезбей қалдым. Жастықты құшақтап булығып жылап жатқан қыздың жанына жетіп бардым.

‒ Толғақ басталды ма? Ішің аурып кетті ме? Дәрігер шақырайын ба? – деп жауап күтпестен сасқалақтап үш – төрт сауалды бастырмалата қойып жатырмын. Басын көтеретін түрі жоқ. Терлеп кетіпті. Әлі де  ұйықтап жатыр екен. Түс көрген болды ғой. Бірақ жылауын тоқтатар емес. Ақырын ғана қолынан түрттім. Денесі селк етіп барып, көзін бақырайтып ашып қалды. Ақырын артқа шегіндім. Сәл басын көтеріп алақ – жұлақ етіп  жан – жағына қарады. Көрген түсін есіне түсіріп отыр ма екен, әйтеуір, бір нүктеге қарады да қалды. «Қой, былай тұра беруім болмас, кезекші медбикені шақырайын» деген оймен есікке қарай беттегенімде «Тоқтаңызшы!» – деген артыман дауыс естілді. Не ары не бері емес бөлменің қақ ортасында мелшидім де қалдым. Ол болса артқа қарап алып қыстығып жылап жатты.

‒  Не болды? Неге жылайсың?

̶  Менде бәрі жақсы. Жәй жылап жатырмын. Мазаңызды алсам, кешіріңізші! – деп, басын сәл көтерген болып ақырын ғана айтты да, су – су болған жастығын кері аударып қайта  жата қалды.

‒ А-а, жылап ал онда! – дедім. Бағана ет қызуымен байқамай қалған сияқтымын. Ішім де аурып кетті. Көрші қызды жайына қалдырып, өз орныма жайғастым.    «Жәй жылап жатырмын» деген кезде есіме бірдеңе түсіп кетті. Әйел адам, бала күтіп жүргенде бір түрлі сезімтал келеді ғой! Біраз жыл бұрын, тұңғыш балаға аяғым ауыр кезде, өзімнің де айнаға қарап тұрып, қараптан – қарап жылағаным бар-ды. Көзімнен мөп – мөлдір болып шыққан жас, мұрнымды жанай өтіп, ернімнің үстіне жетіп өзінің тұзды дәмін татқызып кетіп еді. Көз жасының жүру бағытын  зерттейтін ғалымдай тесіле қарап тұрдым.  Ал кейбір жас тамшылары көзді ашып жұмған сәтке сәйкес келіп кірпіктерге байланған шықтай, көз аясынан шыға алмай қалып жатты. Соңында, көкірек тұсым ауырлап,  мұрным пышылдап әрең тоқтағаным бар. Егер сол кезде сыртымнан біреу көрген болса «жынды ма, мынау» дер ме еді? Кім білсін?!

Перзентханадағы алғашқы түніміз. Ай – күні жақындаған келіншекте не ұйқы бар дейсің? Түнімен дөмбекшіп шығамын, одан қала берді дәретханаға барғыштайсың. Іштегі сәби де «Мен бармын! Тірімін!» дегендей белгі беріп ішіңді бүлк – бүлк еткізіп теуіп қояды. Ауық – ауық жылаған ана, айқайлаған дәрігерлер дауыстары естіледі. Біраз тынып барып, шыр етіп дүние есігін ашқан сәби үні де көктемнің тыныш түнін шулатып жатты. Минут сайын болмаса да үлкен қала болғандықтан балалар сағат сайын өмірге келуде.

Күндіз көрші төсектегі қыз өзін «Жадырамын» деп таныстырған. Жиырманың алтауына келген, бойы аласалау қарапайым қазақтың қаракөзі. Алып бара жатқан сұлу да емес. Бірақ өңсіз деп те айта алмаймын. Әйтеуір бір тартымдылығы бар. Көзімді жұмғаным қазір ғана сияқты еді, ашсам таң әлдеқашан атып кетіпті. Көрпемнің жерге тиіп жатқан бөлігін ақырын ғана көтерген еден жуушы апайдың қимылы көз ілестірмейді.

˗  Түнде қорқытып жібердің. Алғашқы сәбиің бе? – деп терезеге қарап жатқан Жадыраға тіл қаттым.

̶  Жоқ, бұл екіншісі

̶  А, солай ма?

Қысқа қайырған жауабына қарағанда әңгіме айтуға ниеті жоқ. Орнымнан тұруға ыңғайландым. Таңғы астан кейін дәрігерлер келіп кетті. Қан қысымы, баланың жүрек қағысы, қан мен зәрдің сараптамасы барлығын айтып жатты. Екі – үш күн бақылып өзгерістер болса айтатынын да ескертті. Бітіретін іс жоқ. Бөлме ішінде арлы – берлі жүрген болып, жата қалып телефон деген жарықтықты шұқылаймыз. Одан да жалығады екенсің.

‒ Әсел! – деді.

‒ Ау! – деп бас көтерсем, Жадыра арқасына жастық қойып қабырғаға сүйеніп отыр екен.

‒ Сізде, егіз бе? – деді, менің ішімнен көз алмай.

‒ Жоқ, су егіз деп жатыр ғой! Білуші ме ең ондайды?

‒ Иә, естігенмін. Бір баланың орнын су алып тұрады деуші еді ғой.

Сөйлеп отырған Жадыра ойланып кетті. Бір бүйіріне қарай қисайып, қатып қалғандай болған ішін ақырын сипалай бастады. Құрсаққа симай керіліп жатқан бала анасының жып – жылы алақанын сезіп, бұлтаң етіп орнына түсті. Аналық сезіммен әлі жарық дүние есігін ашпаған әлдиіне қарап еміреніп жатқан көрші қыздың күйі шынымен әдемі еді.

– Ешкімге бергім келмейді! – деді де жылап қалды. Бұл жолы сөйлемеуге тырыстым. Бірақ, іште –  мың сауал. Біраз үнсіздіктен кейін…

Ажырасқан әйелмін. Күйеуіммен арадағы айтылар сөз таусылғанда, өзімнің оған тең емес екенімді ұққан кезде ешқандай ұрыссыз, бір ауыз артық сөз айтыспастан баланы ертіп әкемнің есігін қағып тұрдым. Бірақ жолдасымның «Асығыстық болыпты. Соны түсіну үшін үш жылымыз кетті» деген сөзі еске түскен сайын қорланып кетемін. Егер ол солай айтпағанда бала тағдыры үшін жүре беруге дайын едім. Өйткені мен оны шын сүйдім.

Ауылдың жыры айтпаса да белгілі. Шешемнен бала кезімде айрылып қалғанмын. Қара шаңырақтағы інім темір жолдың оқуын бітірсе де жұмысқа кіре алмай жүр екен. «Әпке, оларың екі жылқы сұрайды екен. Қырман жақта тұратын Есет аға есіңде ме? Сол кісі баласын кіргізіпті. Өй, әкесін дедім де қолды бір сілтедім!» деді. Қолында болса беріп, ел баласы сияқты қызметкер болар еді. Екеуміз етене жақын болғандықтан ба көңіліме қарап сөйлеп отыр.  Үйде бары  ̶ бір жылқы. Қарақан басымның қамымен жүріп, жақынымның жағдайынан бейхабар болғанымды қарашы! Әкем болса, мен қайтып келген күні бүк түсіп жатып қалды. Ештеңе де сұрамады. Көзіне күйік болып жүре бермей ауылдан қайтуды ойластырдым. Тағы да жүре берсем, ол кісінің жағдайы нашарлап кететіндей көрінді. Менің осы хәлім жүрегіне ауыр тигені ақиқат.

Қалада қимылдасаң тірлік табылады. «Біреудің қызы байдан қайтып келіпті» деп айтатын адам да таппайсың! Барлығы тірлік үшін таңнан кешке дейін еңбек етеді. Тар бір бөлме болса да, қала ортасында. Мектептің жаны. Әкем үйден кетер кезде «Жарты зейнетақымды саған аударып тұрамын!» – деді. Жұмыс та табыла кетті.  Базарда киім сатамын. Жұмыс беуші әйелдің айтуына қарағанда, сататын заттарым нағыз сапалы киімдер.

Бастығым ‒ Сабира. Менен он жастай үлкендігі бар. Ірі келген, бойшаң сары әйел. Өзімнен үлкенді атымен атай алмайды екенмін. Бірақ ол солай қалады. «Ой керек емес, Сабира дей берші» деген. Еңбегі адал, жомарттығын да көрдім. Базардан үйіне көк шөп азық – түлік алса, маған да алып келіп тұрады. Уақыт зымырап қалаға келгеніме де алты айдан асып кетті. Бір күні бастық үйіне шақырды. Жолдасы көрінбеді. Сабира мен келгеннен тықыршып жүргендей сезілді. Келер маусымның киімдеріне тапсырыс бердік. Шәй іштік. Сыртында жылтыр сызығы бар ақ кесені ұсынып тұрып:

̶  Бізге бала туып беріңізші! Біздің ұрығымызға сурогат ана болыңызшы! – деді. Даусы дірілдей шықты. Бағанадан бері тіпті, алты айдан бері айтуға оқтала алмай жүрген әңгімесі осы болғандай. Керек десең осы күнге дейін жасаған жақсылығы да осы үшін сияқты ғой! Кеседегі шәй қолымның қалтырағанынан ары – бері шайқалып барып, арнасына әрең сиған өзендей басылды – ау әйтеуір. Басым да дәл солай. Көзім қарауытты. Мен суррогат ана туралы тек кинодан көргенмін. Бірақ, дәл маған біреу осылай ұсыныс айтады деп ойлаппын ба? Соны түсінгендей пысық келіншек бір журналды әкеліп қолыма ұстата салды. «Осыны оқышы!» деді. « Суррогат болу – қиындықтан құтылу, қыжалаттарыңнан шығу» – деп жатты. Арғы жағын естімедім. Өмірімде екінші мәрте қорланғандай жүрегім түйнеп кетті.

̶  Бірден жауабын айтпа! Әбден ойлан! Арнайы келісімшарт бойынша барлығын заңдастырамыз. Екі бөлмелі пәтер алып береміз. Одан бөлек айына берілетін ақша тағайындалады. Сосын ініңіздің де жұмысқа кіруіне қол ұшын беремін» – деді. Мен туралы барлық ақпаратты біліп алған. Тіпті, тұқым – тұяғыма дейін зерттеп тастаған сияқты. Қорқайын дедім…

«Суррогат ана болшы» деген ұсынысты біреу келіп бетіме айтатындай деңгейде құлдырағанымды қарашы! Бұл ұсынысты мен сияқты шарасыздарға айтады ғой! Әлсіздігіңді, дәрменсіздігіңді сезеді олар.  Үш күннен кейін, келіспейтінімді білдіріп хабарлама жазып жібердім.

Өмір өз ағысымен өтіп жатты. Тек әкемнің денсаулығы сыр беріп, кардиологиялық емханаға түсіп қалды. Жүрегіне стенд қойылды. Жағдайы қалыпқа түсті. Енді әкемді күтпесе болмайды. Тегін жасалған ота болса да дәрігерлерге рақметін беру керек. Дәрі – дәрмек алу тағы бар. Дәл осы сәтте інімнің бір жағына шығудың орнына,  менің жүрісім мынау. Әкемнің соңғы  екі айлық зейнетақысын алып барлығын реттедік. Байқұс қария әлі күнге дейін бізге ауыртпалығын салмай келеді. Әкемнің аурып қалғаны, сол кездегі шарасыздығым, бауырымның жұмысқа кіре алмай сандалуы, тіпті әкемді жайлы үйге алып барардай күйімнің жоқтығы қатты ойландырды. Іштей өзімді жейтін күндер тағы да басталды.

Бір айдай әкемнің қасында болдым. Жұмысыма оралсам, Сабира күйеуімен сонда екен. Сабира болған жайт үшін кешірім сұрады. Қазіргі кезде арнайы агенттіктер арқылы жөні түзу суррогат іздеп жүргендерін айтты.  «Қанша әйелмен кездестік ұнамай жүр»,- деді күйеуі.

‒ Ал неге мені суррогат болуға лайық көрдіңіздер?

̶   Бізде адам танитын шығармыз. Ісің тыңғылықты. Жолдасыңмен ажырасқансың. Заңды түрде болғанына қарағанда қосылмайсың! Балаң бар. Ауру – сырқау, жаман әдеттерің жоқ. Бір жағынан саған көмектескіміз келеді! Үйді қалай аламын деп жүрсің? Біреудің есігінің алдындағы күркедей жерде қанша тұрмақсың! – деді Сабира.

Тоқтамай тізбектеп айтып бергеніне тосылып қалдым.  Күйеуі де  біраз үнсіздіктен кейін, шарттағы пәтер мен ақшадан бөлек болашақта білім алуыма көмектесетінін  айтты. Көздерін төмен салып:

‒ Түсініңізші, біздің басқа амалымыз қалмады. Барлық мәселе меннен болып тұр. Мен тура дәрігердің айтқанын айтайын, – деді күйеуі. Ол маған кәдімгідей түсіндіре бастады. Сабирадан қарағанда жақсы сөйлейді екен.  ‒ Менің ұрық жасушаларым өздігінен жатыр түтігінен өте алмайды. Кешіріңіз, ашық айтып отырғаныма, шындығы осы енді! Жас кезімізде алдын – ала дәрігерлерге қаралмадық. Соның кесірінен Сабирада жатырдан тыс жүктілік болды.  Оның екі жатыр түтігін де алып тастады. Көзге көрінген тұңғыш қызымыз «эко» арқылы әрең өмірге келді. Тағы да қайталауға тырыстық. Бірақ болмады. Қанша жасатсақ та түсік бола берді. Кеткен ақшада есеп жоқ. Сондықтан, бізде бір ақ жол қалды ол ‒ суррогаттық. Бары осы,- деді. Қиналып кетті. Ол әр сөзімен қимылынан байқалып тұрды. Әрине, қай еркекке «белсізбін» деп бөтен әйелге айтып отырған оңай дейсің?!

‒ Келіс. Бауырыңа көмектес! Осы күнге дейін ардан аттамағансың. Тек ажырасқансың! Ол да сенің кесіріңнен емес. Суррогат ана болу ұятты іс емес. Бастысы, ешкімнің астына жатпайсың! Тек құтыда жасалған  ұрықты дәрігерлер жатырыңа салып береді. Сен оны уақытша өсіріп, босанып, өз иелеріне бере саласың! Былайша айтқанда жатырыңды жалға бере тұрасың! Ей, ана ауылдағы жарымжан әкеңді ойласаңшы! Қашанғы жарты зейнетақысын қағып отырасың! Сондай бейшара күйден шықшы! Кезекке тұрып үй де ала алмайсың! Өйткені, заңды жұмысың да жоқ. Білімің де жоқ! Бұрынғы байыңнан жақсылық күтпе, сен! Сен алимент сұрайды деп табысын да аз қылып көрсетіп әлек емес пе? Ол аз десең, басындағы үйлерін де сендер таласады деп басқа біреуге аударып қойды емес пе? Сондықтан қиялға берілмей дұрыс ойлан!»,- деп іштегі  бір дауыс өз ойын айтып жатты.

«Ұят-ұят! Әкең білсе, түсінбейді. Сөздің астында қаласың! Жатырды жалға беру деген не ол? Қай ата – бабаңнан көріп едің бұндайды?», – деп екіншісі үн қатты. Басым шынымен істен шыққандай. Мидағы ма, іштегі ме әр жақтан үн қататын дауыстар ақырындап үнсіз қалды. Алғашқы дауыс жеңгендей болды. Келістім… Бірақ бұл туралы жан баласының білгенін қаламадым. Ол өзі де шарт бойынша солай екен.

Екі бөлмелі үйге көштік. Қолайлы жағдай балама балдай жағып жатты. Інімнің жұмысы бір қоңыраумен шешілді. Ауылдағылар бір қуанып қалды. Көптеген медициналық талдаудан кейін, дәрігерлер Сабираның жұмыртқа жасушасы мен күйеуінің сперматозойд жасушасын алып ұрық жасап жатырыма салып берді. Бірақ, толық бір ай болмастан түсіп қалды. Ақ халаттылар саспады. Солай болатынын білгендей екеуіне қарап « осыдан екі жыл бұрын банкте сақталған материалыңызды сынап көрейік!» – деді. Не айтып кеткенін шынымды айтасам түсінбедім. Олар бөлмеден шыға бергенде медбикеден сұрадым. Банк дегені репробанк болып шықты. Арнайы мұздатқышта ұрықты да, жыныс жасушаларын да сақтауға болады екен. Мысалға бір қыз өзінің жиырма бес жастағы жұмыртқа жасушасы мен күйеуінің отыз жастағы сперматозойд жасушасынан ұрық жасатып оны арнайы сақтатып, қырық жасында сол арқылы дені сау бала туған екен. Сонда ұрық репробанкте он бес жыл сақталған. Әрине, сақтатып қою аз ақша емес екені белгілі. Басыңнан өткен соң біледі екенсің, әйтпесе, осының бәрін мен білді дейсіз бе?

Бірнеше рет қайталап, ақыры соңғы салған ұрықтары жатырыма дұрыс орналасыпты. Ауыр аяқ кезеңдерім басталды. Өзімді ерекше сезіндім. Ішімде өзімдікі емес өзгелердің ұрпағы жатқанын біліп тұрғандықтан ба, ағзам біраз тулағандай. Етке қарай алмаймын. Етті көрсем құса беремін. Тамақ жасаудан қалып бара жатқан соң, Сабира көмекші қыз жіберді. Ішім білінбей тұрып, ауылға жиі барып тұрдым. Талай рет оқталсам да айта алмай жүрген сырымды, осы жолы үй артына шақырып алып, ініме айттым. Үнсіз ғана тыңдады. Айтып отырып жылап қалдым. Ол жерге қараған күйі отыра берді. Аяғындағы бәтеңкесіне көзінен аққан жасы тырс-тырс етіп тамып жатты.

Ішім өсе бастағалы ел арасына шығуды доғарғанмын. Бастықтарыммен дәрігерге барған күннің өзінде біреу – міреу көріп қалмаса екен деп алаңдап тұрамын. Жер басып жүрмін бе? Әй қайдан? Сол кездерде жер астымен жүргендеймін. Алдымнан танитын адам шықса, жерде бір тесік болса соған кіріп кетуге дайын болатынмын. Жасырыну, қысылып қымтырып өмір кешу, мына дүниенің кеңдігін ұмыттырды. Уақыттың тез өтуін дәл осылай  қаламаған екенмін.

Орман ішінде түнделетіп жүгіріп келемін. Үстімде жұқа көйлек, қолымда құндақталған сәби. Өзімнің қайда бара жатқанымды білмейтін сияқтымын. Суықтан денем қалтырап барады. Артыма қарайлап қойып бас ауған жаққа бара жатқан сияқтымын. Жауларымнан алыстадым ба? Қуғыншылар көрінбеген соң бөпеме қарадым. Көзі бақырайып жатыр екен. Бәрін біліп тұрғандай тесіле қарайды. Бетінен сүйдім. Ыстық жасым оның бетіне тамып жатса да көзін жұмбайды. Жанары тайса мен ғайып болып кетердей шімірікпей қарап жатыр. Көзіне қараған қалпы шақалақты жерге қойып алыстап барамын. «Анашым, мені тастамашы! Мен сенің балаңмын ғой!» деген дауыс естілді. Жылап жатып оянып кеттім. Түсім екен. Бүкіл денем қара терге түсіпті.

Дәрігерге бардық. «Ұл екен» – деген бір ауыз сөз бала аңсаған екі жанды қуантқаны сондай, естері шығып жүр. Маған «рақмет, рақмет» деп қояды. Бірақ менің оған қатысым қанша? Мен ол кезде түнде көрген түсімді ойлап әлек едім. Жатуға ыңғайланғанда тағы да түс көретінімді білдім. Сол түс қайтадан енді. Бірақ, бала дауысы тым жақыннан естілгендей «Анашым, мені ешкімге бермеші!» деді. Тағы ояндым. Су-су болған кимімді ауыстырып таңға көз іле алмай жаттым. Барған сайын ішімдегі балаға бауыр басқаным сондай, біреудің баласы дегенге өзімді сендіре алмаймын. Санам барлығын біліп тұр. Есім дұрыс. Бірақ адаммын ғой. Әйелмін. Ең бастысы анамын. Тоғыз ай көтерген бала менікі болмаса да, қимайтын сияқтымын. Неге келістім екен?! Құрып кеткір! Бұндайды кім шығарды? Ата – тегімізде жоқ нәрсе еді ғой. Аналық сезім деген ше? Осы қадамға барған кезде «өсіп қалған балама не айтамын!» деген ой мына тауықтың миындай миыма келмеген екен!  Басқалар туа берсінші! Осыны бизнес көзіне айналдырған әйелдерде жүрек бар ма екен? Солардың біреуімен сөйлесіп көрсем бе екен? Уақыт сіздер үшін зымырап жатса, мен үшін тоқтап қалған сияқты болды. «Есіңді жи! Балаңды ойла, өлім аузында жатқан әкеңді ойла!» деп әр күні өзіме зекіп қоямын. Түнімен түсіме енетін баладан кейін, таңда қайта бүлінемін. Ойым, қалайда баланы өзімде қалдыру. Мүмкін емес екенін білсем де, ойлай берсем бір шешімі болатындай үміттенемін! Босандым делік, сосын не істеймін?! Бұл сәбиді заңды ата – анасына беремін де ары қарай қалай өмір сүремін? Іштегі сәбиім мені қимайтын сияқты. Әйтпесе, неге түсіме енеді? Оған биологиялық ата – анасымен қатар меннен де бір нәрселер берілетін сияқты. Дәл осылай жазған бір ғалымның мақаласын оқып қалып едім. Ол менің күмәнді ойымды шындыққа айналдырғандай.

Жадыра тағы сөйлеп жатты. Не айтқаны есімде қалмады. Дәретханаға барғым келгендей болған соң, орнымнан тұрдым.  Суым аққан екен. Тез – тез медбикелер де келе қалды. Кезекші дәрігер табиғи жолмен туа алмайтынымды айтып, шұғыл отаға алып кетті.

Ішімді кесіп баланы алғаннан кейін жағдайымның ауырлығына байланысты жан сақтау бөлімінде бір күн жатып қалдым. Есімді жиып, бөпемді қолға алған соң, Жадыраны іздедім. Бала тапқан әйелдер тізімінде жоқ. «Әлі де босанбаған болды ау!», деп өзіміз жатқан жерге де бардым. Жоқ. Тіпті ондай әйел болмағандай. Медбикелер толық аты – жөнін сұрады. Ал оның тегі есімде қалмапты. Таба алмадым. Ой деген жүйрік қой! Ойлап кетсем, өз ойымнан өзім шошып кетемін.

Баламды емізсем, «Жадыра да осылай емірене емізді ме екен? Әлде әлгілер «исін алдырмаймыз» деп туа сала алып кетті ме екен?! Не болды екен?» деп ойлап кетемін. Сол кезде мен оны тек тыңдадым. Бір ауыз жылы сөз айтуға мұрша болмай, не қоштаса алмай қалғанымды қарашы? Арада бір жыл өтсе де Жадыра қызды ұмыта алмай жүрмін.

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

1 / 5. Дауыс саны: 1

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған