Жабық есіктер

Пошташы Әрсен құлқын сәріден оянып, таңғы шәйін асыға ішіп жұмысына аттанады. Поштадан кезекті газеттерді алып, жазылушы тұрғындарға, қызметкерлерге тарата жөнеледі. Бұл жұмысты бастағанына да көп болған жоқ. Бірер жыл ғана. «Бүгінде газетті кім оқиды», «газет кімге керек, терезе сүрткенге, үй әктегенге болмаса  жиһаз жапқанға ғана болмаса…» немесе «интернет газеттің орнын басты» деген уәждерді қанша естігенімен, нәпақасын осы газетпен тауып жатқан жайы бар. Көбіне егде кісілер алады. Олар телефонға шұқшиып отыруға пейілдері жоқ па, әлде, газетті жөн санай ма, бір-бір газет қолтықтап жүргенді жөн санайды. Одан бөлек мемлекеттік мекемелер үстелі үстінде газет және жатуы тиіс.
Қаламызда газет бақшасы бар. Газеттер кәдуілгі ағаштарда жайқалып өсіп тұрады. Дер кезінде үзіп аласың да баспаға апарасың, олар журналисттердің жазбасын таңбалап түсіреді. газеттер ағашта ілініп тұрған жерінен қаламмен қала жаңалықтарын, арыз-өтініштерін жазып кететін пысықайлар да табылады. Бұның бірі халыққа жетсе, енді бірі жете қоймайды. Демалыс күндері Әрсен «Газет» бақшасына барып қоңыр себетіне піскен газеттерді жинап, баспаға апарады. Баспаның сырын қара халық біле бермейді. Әрсен де тіс жарған емес. Ол алғашында жайқалған бірі сарғыш, бірі ақ газет парақтарына таңбалайтын кәдуілгі принтер деп ойлаған-ды, сөйтсе олай емес екен. Ұшып-қонып жүрген мың сан перизаттар қолдарына әріп таңбаларын ұстап алған. Әрқайсысы әр әріпке жауапты. Қатесін де қадағалап тұратын, корректор перизаттар тағы бар. Беттеуші перизаттардың өзіне не дерсің. Әрбірі кішкене көзілдірік тағып алып, бір-бірімен ақылдасып, я тәжіклесіп жатқанын байқайсың. Газет парақтарын көтеріп алып анда, бірде мұнда ұшып жүреді. Бүгін күндегіден кеш кіріп келген Әрсенге құлағы қалқиған, шүңірек көз, ерніне папирос қыстырған перизаттың бірі шәңк етті.
–Қайда жүрсің, оқырмандар күтіп қалды ғой. Әне, мың дана газет жатыр. Бес жүз данасын оқу ордасына, қалған бес жүзін жазылмандарға тарат, – деп әмір берді.
Үнсіз ғана бас изеді ол қисайған малақайын түзеп. Терезеден қараса сыртта қыламықтанып қар жауып тұр. Ал ұшып-қонған мына перизаттарға қарап, баспа ішінде де құдды бір қар жауып жатыр ма дерсің!
Бума-бума газеттерді арқалап, ескі мерседесіне өңгерді де, «Қайдасың жазылман?» деп жолға шықты. Ол пошташы болғалы бері сандаған есікті қағады. Есіксіз бірде-бір адамды кездестірген емес. Тіпті адам десе – есік, есік десе – адам көз алдына елестейді. Ол үшін адам мен есік – егіз ұғым. Адамға апаратын жол да, алыстатын да сол – есік. Кісі баласымен араласу үшін де ол ең алдымен есігіне қарайды, сонсоң барып қана табалдырығын аттайды. Оның ойынша, есік – адамның айнасы. Ол бір адамды еске түсірерде ең алдымен есігін көз алдына елестетіп: «Еее, пәленше ме? Есігі қоңыр» немесе ақ, – деп алады.
Тоқ-тоқ.
–Кіріңіз, – деген дауыс естілді. Есік сыртында тұрған Әрсен әлгі әйел даусына елігіп бірден ішке еніп кеткен жоқ. Есігі – ақ-қара жолақты, әрі жаңа екен: «Жаңадан келген басшы болса керек»  деп ойлады. Есікті тоқылдатқанда байқағаны – дыбыстың тұншыға шығуы. Көп адам тоқылдатапағаны аңғарылып тұр. Ең алдымен жаңа болғанынан бөлек, қызметкерлер, қонақтар есігін қағуға бата бермесе керек. Қатқыл мінезі есік дыбысынан қылаң беріп тұрғандай. Есік тұтқасын түсіргенде қиналып барып әзер ашылды. Кірген-шыққан оқыс қимылдап қалмайық, абайлайық дегендей есікті баяу ашып, баяу жапса керек. Аяқ ұшымен кіріп шығатыны да анық.  Қырсық болар деп ойлады Әрсен. Бұл есік мына бастықтың тек жұмысы ғана емес, өмірінен де хабар беріп тұрғандай көрінді оған. Өміріне де көп адамды кіргізе бермесе керек. Сырттан қанша сұлу, керім, жарқырап көрінгенімен жалғыздықтан жабырқап жүр-ау. Жалғызлігін осынау бір есікпен бүркемелегісі келетіндей.
–Кірі-і-ңіз, –  деп қайтара сөйледі іштен. Есікті әзер ашып алдына келді. Қабағы түйюлі, көзін ноутбуктан аудармаған әйел бірден дүрсе қойды, – неменеге кірмей тұрсыз? – қолымдағы газетке көзі түсті, – жаңа нөмір ме, қоя салыңыз? – деді қайтадан ноутбугіне телміріп. Әміршіл, жалғыз, сұлу әрі жабырқау есікті жауып келесі есікке беттеді.
Тоқ-тоқ. Жуан емен есік, тоқылдатқанда дауысты жұтып қояды екен. Кабинетте егделеу, шаршаңқы кісілер отыратындай. Есік те мені көп ашып, мазамды ала берме деп тұрғандай. Тұтқасын кәрі қолдар ұстағандай-ақ қатты. Есікті бірнеше рет соғып, жауап болмаған соң, амал жоқ  өзі ашып ішке енді.
Төрде отырған көзілдірік таққан алпыс жас шамасындағы мырза бұған жақтырмай қарады. Ұйқысын бөліп жіберіпті. Қызара-бөрткен жүзін сипап қойып, көзін уқалады да, сәлеміне бас изей салды. Компьютердің тышқанын алып мониторға телмірді. Бұның алдын қарт ойнаса керек, қалған жерінен қайта жалғастырды. Әрсен өзін ыңғайсыз сезініп барып газетті үстел үстіне қойды. Шығып бара жатып та әлгі қызметкер бесатардың оғындай көзін бұның желкесіне қадап тұрғанын сезді.
Дәлізге шығып кезекті бөлмеге кіре бермекші еді, ұзын-сонар кезекте тұрған адам қарасы көп. Қастарынан өтіп бара жатып әрқайсысының бір-бір гу-гуін құлағы шалып қалды. «Өмірде қол қойдырудан асқан мехнат жоқ шығар», «бір құжатпен жүргеніме бір айдың жүзі болды», «Не деген бітпейтін қағаз» деген іспетті реніштер онсызда тар дәлізді толтырып тұр. Кезексіз ішке ендім. Хатшы қыз Әрсенді көре сап,
–Газет бұл жолы кешікті ғой, – деді есінеп, еріне газеттің бір данасын қолына алып. Үстелі үстінде кісі бойындай қағаз үйіліп жатыр. Әрсеннің әлгі парақтарға қарап таңқалып тұрғанын сезген хатшы қыз, одан бетер таңқалсын деді ме:
–Бастықтың алдында  бұдан да көп қағаздар жатыр. Ал мына өтініш-арыздар өз кезегін күтіп тұр, – деді. Оның ойы ақталды – Әрсен басын шайқап, таңданды.
–Бастықтың жұмысы қол қою десеңші, – деді миығымнан күліп. Хатшы қыз бұнысын жақтырмай, көз аласымен қарады. Әрсен оның мұнысын байқап қойды ма, – не дегенмен оңай емес, жауапкершілік, – деп жуып шайып қойды. Хатшы қыз қайта есінеп, компьютеріне үңілді.
–Ерініп тұрғанымды қарашы, – керіліп-созылып, артынан өз-өзін қозы құсап сілкіп алды да, – қой жұмысыма кірісейін, – деді монитордан жаңа папка ашып. Ал саябақта газет беттеріндей көп жандардың өмірі парақталып жатты. Ал парақталып, оқылып болған өмірлер ше, олар да газеттей желмен бірге ұшып аулаққа, алысқа кетіп бара жата ма? Базбір қағаздардай кейбір өмірлердің де бар-жоғы беймағлұм.
Тоқ-тоқ.
–Кіре беріңіз, – деді аңқылдақ, ашық дауыс бөлмеден сыртқа естіліп. Есігі де бөлменің иесі құсағандай оңай ашылады екен. Әрсеннің қолы тұтқаға тигені сол, есік дереу жеңіл ашылды. Газетті алдындағы үстелге қойды. Қушықтай, сұңғақ әйел отыр алдында. – Рақме-е-е-т, – деді қашандағыдай көзі күлімдеп. Есігі де өзі сияқты ұзын әрі жіңішке ғана.
Әрсеннің тірлігі осы. Күніне қаншама есікті ашып-жауып, қаншама адамның өміріне кіріп-шығып жүреді. Сыртқа шыққанда барып аңғарды – газеттен бірнеше дана қалыпты. Демек баспадағылар артығымен беріп жіберген ғой. Бұл газеттерді қайтадан баспаға апарып беруге ерінді. Себебі бір айға еңбек демалысына шығып бара жатыр. Бұл аралықта ел көріп, жер көріп туған-туысты аралап қайтсам деген ойы бар. Орынына бір студент уақытша келмек. Енді мына артылған газеттерді не ғылмақ? Бұлар да атақонысын аңсайтын болар. Газет бақшасында соңғы күндерін өткізгісі келетін шығар деген оймен, газеттерді дорбасынан шығарып аспанға лақтырып кеп жіберді. Газеттер парақтарын қағып, бір-екі сілкініп қалып еді, үстіне жұққан бояу, сия-қаріптердің бәрі зым-зия болып, ұшты да кетті. Шағала құсаған аппақ газеттер газет бақшасына қарай қалықтап бара жатты. «Әр нәрсе өз тегіне тартады екен ғой», деді Әрсен топырақты уыстап тұрып терең тыныстап. Орнынан тұрды да кезекті уақыт есігін қағам деп жолына түсті.
Ол үшін әр атқан таң, батқан кеш – бір-бір есік. Қағады. Ашылған соң, жолын жалғастыра түседі. Өмірдің де алып есігінен ол осылай кірген. Ұлы миссия үшін. Жо-жоқ, газет тарату үшін емес. Өмір сүру үшін. Гүл сияқты – жұпарлы ғұмыр үшін. Сонда да оны күтіп тұрған өлім есігі барын және білетін. Ол есікті қақпаса да өзі-ақ ашылатынын ұғынады. Тіпті өзі білетін қаншама есіктер бүгінде табытқа айналып кетті… Неше түрлі есіктердің арасында жүрген өзін кей-кейде алып бір үйдің ішінде жүргендей сезініп, өкпесі қысыла қалатын. Тек терезедей аспаннан желбіреп тұратын күн байрағы мен жұлдыз-моншақтар ғана жан сарайын ашқандай терең тыныс алады.
Ол жалғызаяқ жолмен көк төбеге өрлеп келді де, жалғыз тұрған есіктің алдына аялдады. Көңіл жарастырған арудың үйі. Жұмыс-жұмыс деп оған көңіл бөлмей кеткені бар-тын. Өкпелеп қалса керек, бұдан теріс айналып кеткен-ді. Гүлмен көмкерілген, шағын бақшасы бар, жидегі өскен, жанға жайлы аула екен. Есікті қақты. Есік түрлі-түске боялған сәнді. Соған қарамастан суық. Ішінен құлттанған. Ашатын болар деп ойлады.
Есік алдында күн астындағы орындыққа жайғасты. Жайқалып тұрған ақ раушандарды иіскеді. Ғажап. Осы бір иіс жан-дүниесінің астаң-кестеңін шығарды. «Ғашық жанның тамағынан осындай жұпар аңқыса керек, – деп ойлады. – Осындай жұпар аңқыса керек жүрегінен де, тілегінен де» деді тәтті ойға ерік беріп.
–Кім бұл?
–Мен – пошташы.
–Неге оралдыңыз?
–Сізге оралдым, аппақ гүлім.
–Мені олай атамаңыз. Мен енді сіз үшін жоқпын.
–Олай демеңізші, – деді пошташы есіктің саңылауына маңдайын сүйеп. – Татуласқым келеді. Тіпті де түсінбеймін, арамызда ренжісетіндей түк те болған жоқ қой. Маған сізсіз өмір қараң! Есігіңізді ашыңыз!
–Біздің жолымыз қосайрық. Мені ұмытыңыз, – деді де аяқ дыбысы аулақтап кете берді. Ал бұл үшін мәңгі жабылған есік, құлттанған күйі тұра берді. Оны ашар кілт бұнда жоқ. Сұп-суық, сонда да әдемі есіктен алыстап, жолына қайта түсті.
Бұл келмей жатып-ақ айқара ашық есіктің ар жағынан туған өлке андағайлап тұрды. «Көке-апа» деді үйіне құстай ұшып, зыр жүгіріп. Айқара ашық есіктен мұны қарсы алған қайран әке-шеше, балаларын орталарына қауғалап, бала күндегідей айналып-толғанып жатыр. Алдынан тағы бір есік қылаң берді. Әпкесі – Үміт. Есік ашылар-ашылмас шиқылдап қоя берді. Әдеттегідей ұрысып шыққаны.
–Ой, жүгермек-ай, жұмыс-жұмыс деп жүріп туған ауылды да ұмыттың ғой. Келмей-ақ қоймадың ба? – деді мысқылдап.
–Енді өздеріңіз білесіздер ғой, қу тірлік…
–Соқа басың сорайып жүре бергенше, қатын алып, мына әке-шешеңнің аяқ-қолын жылы суға неге малмайсың? – деп шап берді.
–Өй, әпке сізде  бір… – Әрсеннің қабағы қатулана ашулана бастады. Оның ашуын екінші бір есіктің сықырлай, қинала  ашылғаны демде сейілтті.
–Ата-а-а-а, – деді есікке қарай құдды бір бала болып кеткендей елігіп.
Сықырлауық есіктен, сай сүйегі сырқыраған ақсақал ентелеп шықты.
–Әй, біздің Әрсентай келген бе? Құлыным-ау ат көлік аман ба? – деді бүкшиген белін әзер көтеріп.
Әрсен туған жердің топырағын аттағалы арқа-жарқа болып, көңілі бар болғыр бір жайланып қалды. Тек осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған әжесін ойлап жаны сәл жабырқап қалғаны болмаса… Жусан, бетеге түгілі өзінің ой-арманы бірге өскен мына туған топыраққа көз алмай ұзақ қарап тұрды. «Туған жер, балаң есейіп келді», – деді туған елдің самалына маңдайын тосып. –Сипа мені, арқамнан қақ, еркелет. Кеше бүгініме асық ем, міне, келдім, ержеттім», – деді көзі жасқа үйіріліп. Көп жылдан бері бір келгенде әжесінің мазартасына барып құран оқып қайтуды ұйғарды. Әйтпесе, соңғы кездері түсіне еніп, дәметіп жүргені тағы бар.
Әжесінің есігіне келді. Табытқа айналған есік. Төмпешік. Осы бір есіктің ар жағында нешеме жылы естеліктері бірге көміліп жатыр. Нешеме бақыты мен қызығы бірге кетті. Соның бәрін ойлап көңілі бұзылды. Бетінен бір қақпаған асыл әжесі, енді баласының қызығын көрем бе дегенде, келмеске кеткені қалай болғаны, деген оймен мең-зең боп біраз отырды. «Осы шал-кемпірдің қазынадан да құнды – мейірімі емес пе, менің құшағымды әлемге ашып, кең қылған, солардың махаббаты емес пе, – менің жанымды нәзік еткен», – деді көзін сығып қап. Бір тамшы жас үзіліп барып төмпешікке тама қалды. Құран оқып, жолына қайта түсті.
Ылдилап келе жатып тағы бір есікке назар аударды. Етене таныс, жанына жақын. Қаншама естеліктері мен арман-мұраттары сақтаулы есік. Әлі есінде осы бір есіктің ар жағында құлындай шапқылап жүрген өзі көз алдына елестеді. Өне бойы сағыныш аңқыған сарышұнақ кезі көз алдына көлбеңдеп келе берді. Есіктің алдында тұр. Айналасын шөп-шалаң басқан, келмегелі қаншама жылдың жүзі болғаны белгілі. Бұнда тіпті біреу-міреу тұрады дегенге сену қиын. Тозған, түрлі түсті бояуы кетілген мына бір кішкене есік оның көңіл күйін түсіріп жіберді. Ауласында ешбір жанның қарасы көрінбейді. Жападан жалғыз қалған балаң есік. Әрсен ешкім де шықпаған, ешкім де кірмеген осы бір есікті қақты. Тоқ-тоқ. Есікті тоқылдатқаны сол жаңғырған дыбыс жан-жаққа құлақты жара шашылды. Есікті қақса да, ешкім елеңдеп не есікке жақындаған жоқ, не құлақ түрмеді. Амал жоқ, өзі құлағын тақағаны мұң екен, есік ар жағында бақытты баланың сыңғыр күлкісі естіліп жатты. Артынан бұл дауысты көз жасы және жұтып қойып, аңсар әуені аулақтан естілді. Ойнаған, секірген, жүгірген баланың аяқ дыбыстары есік артында әзер естіліп жатты. «Не деген бақытты бала, – деп ойлады Әрсен, – маған сондай таныс, сондай жақын, қайдан көрдім? Неге ашпайды есігін?»
Амал жоқ мәңгі жабық есіктен аулақтап жолына қайта оралды. Есіне түсті. Бұл есік – өзінің балалық бал дәурені. Ал ар жағында ойнап жүрген құлыншақ – бала Әрсен ғой. Ол маған есігін ашпады, демек, есейіп кеткен мені бөтен көргені ғой, – деді ол және. Есіктің ар жағында қалып қойған бала Әрсенді уақыт тұтқыны көріп, іштей жаны ашыды. Артынан «әсілі, тұтқын мына мен шығармын, осы кезеңге қамалып қалған. Ал ол болса еркіндікте өмір сүріп жатқан әрі бала, әрі мәңгі тәуелсіз», – деп өз ойына өзі қайтадан қарсы келді.
Осылайша Әрсен бүгінге шейін қаншама есік қақты, бірі айқара, енді бірі әнтек қана ашылып, қылтиған басты көреді. Бөтенсіген, жатсынған нешеме есік бар. Тіпті, туысқан бірінің есігін қаққан. Әншейінде оған жиі келіп, әңгіме-дүкен құрып жүруші еді. Ол бұл жолы есігін тарс бекітіп алып есіктің көзінен аңдыды да тұрды. Ашпады. Бұл да «ашшы» деп өтінген жоқ. Сәл кідірді де жолына қайта түсті. Ол пошта ғимаратына қайтып келе жатып сан ойға ерік беріп, өзінше мынадай қорытынды шығарды: «Егер, адамдар бір-бірінен алыстап, табалдырығын аттамайтындай халге жетсе, демек, ақырзаман да таяп қалған болар. Бір-бірімен араласпайтын неткен қоғам? Бәрі де жалғыз. Бөтен. Соған қарамастан, ешкімді де керек етпейді, – деді күрсініп алып, – «адам қарым қатынасын үзуге үш шарт негіз болады менімше, – деді тамағын қырнап, – бірінші: іздеген адам ол үшін қызық емес, екінші – бақытты, үшінші – күнәға немесе қарызға белшеден батып жүр», – деген қорытындыға келді. Қызғаныш пен кекті қосқысы келсе де, осы үшеуін жөн санады. Өзі де қаншама рет талай есіктерді ашпастай тарс жапқан. Жабылған есікте тығылған өксіктей дыбыс қалды қарлығып. Сосын өкініп қайта кешірім сұрап та нешеме рет сол есіктерге қайта келген.   Қаншама есік көрді: бірі – апандай тар, үрейлі. Енді бірі, әлемге ашылған қақпадай кең.
Қағаз бақшасынан газеттің жаңа нөмірлерін теріп жүргені сол екен, аулақтан тоқ-тоқ етілген бір дыбыс естіді. «О, тоба кім кімнің есігін қағып жатыр?» – деді ол дыбыстың соңына қарай аяңдап. Қараса, таныс есік. Қағылып жатыр. Мынау, менің есігім ғой. «Маған кісі баласы келмегелі қай заман? Менің де есігімді қағатын жан табылады екен-ау» деген қуанышты үнмен есігін ашып қалды. Ашса – есік алдындағы теректен саудырап түсіп жатқан жапырақтар екен. Есігін қаққан күз. «Менің есігімді қашан гүлдеген шыбық қағады, – деді күрең күзге қарап тұрып қос иіні түсіп. Бұл есікті алғаш өмір қақты, енді, біраз уақыт қонақ болмақ. Соңында, ол да қайтады: тараған базардай, таусылған көңілді отырыстай. Ізінше өлім келіп есігімді қақпақ…», – деп ойлады күрең күз қай-қайдағыны ойына салып. «Жо-жоқ, – деді артынша жаңа бір ойдың тұтқасынан ұстап. – Өлім де – бір есік. Ол мәңгі өмірдің қақпасы» – деді өз үрейін өзі тыйып, жұбатып.
Ашық есіктің үстінде қарашаның желі би билеп, ойнақ салып жүр. Етегі желбіреген бикештей мың сан жапырақ қоса айналады. Жапырақ үздіксіз жауып жатты. Ал осынау бір жапырақтардың ар жағында сансыз есіктер кеңістікте қалықтап тұр. Бірілері құлттауды ұмытып кетсе керек, сөзуардың ашық аузындай – ашылып-жабылып жатыр. Кеңістікте қалықтап тұрған есебі жоқ есіктер. Әрсен өз есігінен сәл басын шығарып төменге, жоғарыға қарағаны мұң екен, басы айналып барып қайта орынына тұрды. Өзі де сол бір сансыз есіктердің бірі екен. Ауада қалықтап тұр. Кенет әлгі жинап жатқан газеттерін ұрлықшы жел бөлмесіне бас сұқты да, бірнешеуін өзімен бірге ұшырып әкетті. Газеттер ақ жапырақтай басқа жапырақтарға қосылып ана есікке бір, мына есікке екі соғылып қалықтап бара жатты. Есігін жапты. Кезекті жұмыс күніне аттанып, газет тарату үшін қайтадан есіктер қақты. Тоқ-тоқ.

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

2 / 5. Дауыс саны: 2

One thought on “Жабық есіктер”

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған