ТЫНЫШТЫҚ. Торғын Тұрлыбаева

Ғалам мына толған сұмдық, сын, егес,
Көкжиектен бұлдырайды мың елес.
Жанталасқан жаһан дерті жанында
Менің таудай тауқыметім дым емес.

Нені дұрыс, нені бұрыс дей алам,
Байлығымен астамсиды кей адам.
Азып-тозған ашқұрсақты көргенде,
Тойып ішкен тамағыма ұялам.

Жарылыстан естерін де жия алмай,
Назаланса көз жастарын тия алмай,
Жазықсыздар жанұшырып жатқанда,
Қалай ғана ұйқым қанар ұялмай?

Зұлым ойлар шымылдығын түруде,
Кедергі көп қамсыз өмір сүруге.
Бүтін бір жұрт қайғы кешіп жүргенде,
Қақым жоқтай емен-жарқын күлуге.

Шама жетпей бүлік дейтін дүлейге,
Үркек ойлар түндігіме түней ме?
Бейбіт елде өмір сүрген бақыт қой,
Орын да жоқ қорқыныш пен үрейге.

Қолда барды қуат тұтып, ырыс қып,
Сабырменен күн кешуге тырыстық.
…Қолыма ұстап әлдилесем жер шарын,
Әлди, әлди…
Аңсағаным тыныштық.

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

4.1 / 5. Дауыс саны: 10

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған