Тұлпар серті (хикаят)

«Ұрлық түбі – қорлық» (Халық даналығы)

1. Сөз басы

Қозыбасының көк желкесінен шығып, өз сүрлеуімен өрлеген көктемнің күні Қоңыртөбе тауына жеткенде мезгілсіз жортқан қарақшы бұлттардың қоршауына түсіп, малтығып қалды. Тоң қатқан даланың маңдайы жіпсіп, бусана бастаған еді. Мезетте суық шалып, қанын ішіне тарта сұрланып кетті. Күншуақта бой жылытып жатқан арық-тұрақ қайтадан қалтылдап жаурап, ойнақ салып жүрген қозы-лақ терістіктен соққан ызғырыққа шыдас бермей ықтасын іздей жөнелді. Ырғайтының аузындағы жалғыз үйдің адамдары да бүгінгі ауа-райындай түнеріп алған. Түнімен төбелесіп шыққандай бір-біріне тіл қатпайды. Тіл қатса да үй сыртында айдаһар ұйықтап жатқандай ерін ұшымен сыбырласып қана сөйлеседі. Қашаннан мал баққан қауымға қиындығын ала келетін Отамалының амалында үйдегілердің құтын қашырып, жауар бұлттай қайнап отырған Оғланды шалдың өзі. Өзгелер таңғы асын ішкенде шарт жүгінген күйі жайнамазынан тұрмады. Қолында қайда барса тастамайтын тәшкендік қара тәспісі. Басбармақпен тәспінің әрбір тасын сырғытқан сайын, мұрын астындағы мұрт пен иектегі сақал ептеп қана жыбырлайды. Анда-санда кеберсіген ерінін жалпақ тілімен дымдап қояды. Одан басқа бет әлпетінде қозғалыс жоқ. Көзін жайнамаздың маңдай соғар нүктесіне қадап, балбал тастай мүлгіп, үйдің берекесін алып безеріп отыр.
Бүгіндікке оразасын ашқан жоқ. Кеше де жегені шамалы. Әншейінде екі адамның несібесін місе тұтпаушы еді, жатар орынға жарты жанан жылытпа ішті де қисая кеткен. Содан нәр сызбады. Алпысты алқымдаса да ауылдағы ешбір жігітті тең көрмейтін адуынды қарт, айналасы бір айдың ішінде сылынып түсті. Ертеңгілік таң намазына да әзер тұрды. Қалтасыз шапанын жамылып, қалтылдап жүріп дәрет алды. Парызды оқып жатқанда тіпті қалбалақтап құлап қала жаздаған. Екінші рәкәтта сәждеге жығылғанда көзі қарауытып кеткені бар емес пе?!
– Әй, болған шығармын, – деген іштей сөйлеп. – Не ат үстінде, не намаз кезінде өлсем шіркін, – деп армандайтын. Ажалым жетті деп ойлады. Бірақ қателесіпті, көрер жарығы бар екен. Басы зеңіп, құлағы шыңылдап барып басылды. Содан кейін қайталанбады.
Жалпы Оғланды туғалы ауырып көрмеген жан. Тек бір рет ұшынып қала жаздаған. Осыдан бес жыл бұрын үш немересін қатар сүндетке отырғызып, ат шаптырып көкпар берген. Көк жигилуиінің артында теңкиіп жатқан қасқа марқаны көріп, көңілі марқайған хирург жігіт:
– Балалардың насыбайы жазылмай жатса, мына бір дәріні жағып қоярсыз, – деп кемпіріне бір құтыны ұстатып кетіпті. Борбайларын әркімге бір көрсетіп, көрімдік жинап жүрген үш тентектің шыбығын күнде кешкілік сонымен сылайтын. Шәй ішетін кесеге құйылған әппақ қоймалжың дәріні бір күні жылқыдан ашығып келген Оғланды кілегей екен деп жеп қойғаны бар. Қалайы қасықпен аузына көсіп салып, дәмін сезбестен артынан көмбеш нанды нығарлап тыға салған еді. Сол кезде асқазаны аздап қыжылдады, бір аптаға дейін кекіріп жүрді. Қазір де осы бір әпенділігі есіне түссе, аузына әлдебір кермек дәмнің келетіні бар. Одан басқа сырқаттанып көрмепті. Денесіне ине шаншытпақ түгіл дәрі ішкен емес.
Таң атқалы қалың ойды ғана қорек етіп отырған Оғланды кенет басын көтеріп алды. Шалт қимылдап тәсбісін төс қалтасына салды. Теңселе басып далаға шықты. Онсызда сүреңсіз көрінетін қора-жайдың бүгін тіпті сұрқы қашып кеткен секілді. Алыста мал жайғап жүрген жұмысшылардан өзге көзіне ешкім шалына қоймады.
– Ақарыс! Әй, Ақарыс! – деп айғайлады. – Мыналар қайда кеткен өздері, – деп күйгелектік танытты. Екі ұлдан туған еркек кіндікті үш немереге Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс деген атты өзі қойған. Соның ішінде осы Ақарыс атасына жақын. Қалған екеуі ойын қуған далабезер. Бүгінде малға қарайласып, кәдімгідей қолғанат болып қалған Ақарыс атасы ауырғалы әжесін төңіректеп, өзінше томсырайып жүр еді. Қора жақтан етігін тарпылдатып ентелей жетті.
– Ракетаны ертте!
– Ата, қайдағы Ракета? Бала Ақарыс әппақ қудай болып бозарып кеткен Оғланды шалға таңдана қарады.
– Өй, астапыралла! Жаның жай тапсын, жануарым! Қоңырауды ерттеші. Өзің де Шегіркөзді жабулап мін! Кетеміз!
Ақарыс қос қолымен құйрығын шапалақтап шапқылай жөнелді. Шаттанып бара жатқаны байқалып тұр. Оғланды елгезек немересіне іштей риза болса да жібіген жоқ. Өкпек желді пайдаланып бидай ұшырып жатқан Бижамал да шалының даусын ести сала бері қозғалыпты. Мама қаздай тербетілген оның сұлбасы байқалған бетте Оғланды түсін одан сайын суыта түсті.
– Таң атқалы дүңкілдетіп не қылып жүрсің өзі? – деді іштегі зілін сыртқа шығарғандай.
– Не істеуші едім? Келі түйіп жатырмын да… Наурыз көжені бірінші болып беретінімізді ұмыттың ба? Бижамал күбірлей сөйлеген күйі самауырды құлағынан ұстап, қазан-ошақ жаққа бет алып барады. Шәй қояйын дегені…
– Шәй ішпеймін, ашымал болса құйшы, – деді Оғланды. Бұл сөзді жүре тыңдаған бәйбіше «тегі жақсы» дегендей самауырды сол жерге қоя салып, үйден бір кәстрөлді көтеріп шықты. Оғланды екі жанан бидай көжені төңкеріп тастап, кемпіріне жөнін айтпастан қораға қарай беттеді.
Келер сәтте екі салт атты Құрқойынды төске алып, суыт жүріп бара жатты.

***

2. Асаумен арпалыс

Ракета – Оғландыны бүкіл Жетісуға танытқан ерен жүйрік. Құлын күнінен қолында өсті. Ол кезде совхоздың жылқысын жаңадан қабылдап алған кезі. Он үйірді алдыға салып, жаз болса Қоңыртөбенің жон арқасындағы Желсаз, Жамбас жайлауларын, күз бен қыс айларында еңістегі Қопаның бойын қоныс қылады. Қатты аязда жылқылар қар теуіп, Доланқараның бергі беті мен Мәтібұлақ, Аңырақайға дейін жететіні бар.
Бір күні совхозға сонау Қостанайдағы жылқы зауытынан екі жирен айғыр алып келді. Екеуін ауылдағы екі жылқышының иелігіне бермек. Тұрқы биік, омыраулы қасқа айғырға Оғланды көрген бетте қызықты. Бірақ ауылдағы ардагер жылқышы, Ленин орденін алып, дүркіреп тұрған Бекбосын ақсақалды аттап кете алмады. Жолы үлкен, таңдағанын алуы тиіс. Жылқы баласын жазбай танитын Бекбосын шал да ойланбастан оқыранып тұрған қасқа айғырға шалма тастаған еді. Ал Оғландыға бөкен тұмсық жұмыр жирен бұйырды. Несібесіне көңілі толмаса да сол жолы Оғланды бір қулықты ойластырып қайтқан. Үйіне келген беттен жоспарын іске асыруға кірісті.
Бекбосынның жылқышы деген аты болмаса, салпақтап малдың соңында жүрген жан емес. Азамат болған үш ұлы бар, шетінен малсақ. Қарт жылқышының қарауына берілген он үйірді солар бағады. Бірі Желсаз бенен Текшелінің аузына раскөл құрып, ерте көктемнен қарашаның қарасуығы түскенше бие байлайды. Сауыншыларға бас-көз болады, аудан белгілеп берген саумалдың жоспарын орындайды. Екіншісі үнемі ат үстінде. Қоңыртөбенің қос қапталына ақбөкенше жосылып жайылатын жылқыларды көзден таса қылмай қадағалайды. Ал кенжесі Бекбосыннан бір елі ажырамайды. Шопыры секілді, өкімет берген ақ волгамен ары-бері әкесін тасиды да жүреді. Бар жұмысы сол.
Бекбосынның өзі баяғының сал-серісіндей сыланып қалған кербез адам. Сусар бөркін киіп, қазақы шапанын жамылып шыға келгенде қапсағай денелі қара шал тіпті айдынданып кетеді. Жас кезінде қандай болғанын кім білсін, қазір үйге тұрақтамайды. Жүріс-тұрысы көп, қыдырымпаз. Ауыл арасындағы той-томалақ, ас-бәйгіден қалмайды. Ел сұраған талай мықтымен тамыр, соларға қыдырыстап жүріп-ақ жазды өткеріп, қыстан шығады.
Мықты жекжаттарының ықпалы болды ма, әлде кемпірінің мол дастарханымен алды ма, «герой» атағы аудан бойынша алғаш өзге емес Бекбосынға берілді. Ақтерек қой совхозынан Мәскеудегі ауылшаруашылығы жәрмеңкесіне барған, Жоғарғы кеңеске депутат болған жалғыз адам да осы.
Аудандағы жиналыс мұнсыз өтпейтіндей, екі күннің бірінде кілегей түстес боз волгасы Ұзынағаштағы ұлықтар отыратын үйдің алдында қаңтарылып тұрады. Бұл аймаққа орталықтан сыйлы қонақтар келе қалса да, солардың қасында күміс сақалын жел тербеп Бекбосынның жүргені. Өзінен жиырма жастай үлкендігі бар жылқышының осындай ырыс-бағын Оғланды бұрындары кәдімгідей күндеуші еді. Қызығатын, қызғанатын. Айналдырған екі жылқышыны алалап, біріне бар жағдайды жасап бұлғаңдатып қойып, енді біріне көз қырын да салмайтын өкімет адамдарына өкпелейтін. Енді сол реніштің бәрін ұмытып, алақан ысқылап қуанып отыр. Қарт жылқышы кезекті бір «гәстрөлге» кеткенде, ойластырған қулығын жүзеге асырып алмақ.
Қостанайлық қасқа айғырды Бекбосынның балалары бір айдай қолда ұстады. Шамасы жерсінбей қашып кетер деп қауіптенген болуы керек, әуелгіде шідерлеп жүрді, кейіннен мініс аттарымен бірге қайырмалап бақты. Бір айдан соң ғана таңдаулы жиырма биесіне қосып, жайлауға айдады. Мұның бәрін сенімді кісілерінен біліп отырған Оғланды да сол күннің кешінде атқа қонған. Құнан-тайында бәйгіге түскен бес байталын қасқа айғыр жатқан Шолақсайға түнделетіп апарып тастады. Келе сала «бес басым үйірінен бөлініп кетіпті» деп ел арасына қаңқу таратты. Арада бір апта өтпей Бекбосынның балаларынан хабар келген. «Жоғалған жылқысы бізге қосылыпты, тезірек бөліп әкетсін» деген сүйіншіні Оғланды салқын қабылдады. Белімнің құяңы ұстап, қозғала алмай жатырмын, келер апта өзім бармасам, басқалар түстеп тани алмас деп қайтарған. Ақыры келер аптасы арғысына ұласты, одан тағы созбалақтатты. Бес байтал Бекбосынның үйірінде бір айдай жүрді.
Бойжеткен қыздай қылық танытып, күйлеп жүрген бесеудің барлығы қасқа айғырдан қашып кеткенін Оғланды бір қарағаннан-ақ білді. Келер жаз бесеудің төртеуі қатар құлындады да тек Тоқпақтың базарынан құлынды биеге айырбастап алған жылан қарагер кенжелеу туды. Биыл алтыға аяқ басқан қарагердің бұл бірінші тумасы. Жабағы күнінде алдына жан салмаған деседі. Дамылдатпастан бәйгіге қосып, тайдан құнан шығар жылы аяқтан қалдырыпты. Тұқым алмақ болып үйірге жібергенмен екі жыл бедерінде қысыр қалған. Ұзын бойлы сары қырғыз саудаласар сәтте қарагердің бедеулігін жасырған жоқ. Оғланды да қызыққан атын алмай тынбайтын әдетіне салып, көп ойланып жатпады. Бәйгі байталдарының көбінде кездесетін «шыжың» дерті шығар азар болса деп тәуекел еткен. Бірақ Жылан қарагер Оғландыға келгелі үш жылдан асты, соңынан құлын ермеді. Қарын да байламай қаншырдай қатқан күйі жүрді де қойды. Бастапқыда соғымға сойып жібермек те болған, көпті көрген Бекбосын шал тоқтатып еді. Тұмағын шекесіне қисайта киген күйі ыңылдап әндетіп жүріп, есік пен төрдей қарагерді алыстан бір орағытып өткен.
– Етсіз қалсаң да мұны сойма, – деген. – Өзінен әлеуеті күшті айғыр ғана тоқтата алады. Мынау көк долының нақ өзі екен, анау-мынауды үстіне шығармайтын, – деп насыбайын аузына атып ұрған.
Бұл сөзден кейін Оғланды әдейілеп жылан қарагерді балаларына аңдытты. Артына алтын жасырып алғандай, айғыр біткенді тепкілеп жолатпайтын шайпау деп келді барлығы. Қос аяқтап тепкен кезде кеуделеген бір айғырдың төсін қақырата жыртып, енді бірінің тісін сындырыпты. Қандай мықты айғырды қосты ешбірінің шамасы келмеді. Құдайдың құдыреті сол қарагерді Қостанай қасқа жеңіпті. Жайлаудағы қойшылардың айтуынша, қасқа айғыр басқаларды үйіріп қойып, қарагер биені бір апта қуалаған. Яғни арқадан келген айғырдың бойына симай тұрған алғашқы ұрығы осының құрсағына құйылып, қалғандарына сарқындысы бұйырды деген сөз.
Жылан қарагер буаз, құймышақ қылшығы көтеріліп қалыпты дегенді естігенде Оғланды сенер-сенбесін білмеді. Өзі арнайы барып көріп, көңіл демдеген. Сол күннен бастап көзден таса қылмады, ай санады, күн санады. Желін тастасына қарап туатын күнін болжады. Бірақ нақ құлындайтын мезетте қара басып, көз жазып қалды. Ерте қашса да кештеу туған биені үш күн сабылып іздеп, бүкіл Қоңыртөбенің жықпыл-жықпылын сүзіп шықты, таппады. Тек төртінші күні қалың қорыстың ішіннен ақтанау кер құлынын ертіп шығып келе жатқан жерінен жолықты.
Оғландының сол кезде қуанғанын көрсеңіз. Қатыны ұл тапқандай үйіне бара сала көкпар беріп, бүкіл Ақтерек пен Сұлутөрдің малшыларын бір шулатқаны бар. Содан беріде Оғланды ақтанау құлынды айрықша күтімге алды. Қыста қасқыр тартып кетпесін деп қорадан шығармай бақты, бірақ шешесінен ажыратқан жоқ. Өзге құлындарды күзде-ақ бөліп тастаса, бұл жабағы жүні түсіп, тай болғанша арда емді.

***

Ақтанаудың құйрық-жалын Оғланды тайдан құнан шығар жылы бір-ақ күзеді. Асау биелерді қамап сауатын расколге кіргізіп, дір-дір етіп шошынған денесіне қолын тигізіп, алғаш сыннан өткізді сол кезде. Көз шарасы шығыңқы, жанары шақырайып қаһар шашады. Жұмыр мойынға біткен киік бастың төбесіндегі қос құлақ найзадай шаншылып тұр. Селт еткен дыбысқа елеңдеп, таным таппай құлақ қайшылығанына қарағанда – дүбірге төзбес, намысқойдың нақ өзі. Баланың жұдырығы еркін сиып кетердей кең танау – алқынбай шабар арғымақтың белгісі. Ерініне насыбай қыстырған шал құсаған салпы ауыз. Жүні үрпиіп байқатпай тұр екен жақтың асты етсіз, әрі безсіз болып шықты. Үңгір сағақ деген осы. Оғланды асау құнанның бас сүйегінен мін таба алмады. Тек жал-құйрығы жас жылқыға жараспайтын ұсқынсыз, арпаның сабағындай сойда-сойда ірі, әрі қайратты екен. Қырықтық қайшының жүзін қайта-қайта қайрап қиқалауға тура келді. Бұрынғы көрген жүйріктері құлан жал, майда қылшықты болушы еді, мынанікі басқаша жаратылыс.
«Бала нағашысына, құлын жатырына тартады» демекші дене бітімі енесінен аумай түсіпті. Шығыңқы шынтақ, қабырғалы кеуде, қарынсыз құрсақ, ақсүйегі қысқа, шоқтық пен жамбастың ортасына ертоқым әзер сиярлықтай шолақ бел. Екі шаттың арасы алшақ біткен талтақ аяқ. Оғланды асау құнанның жон арқасын алақанымен ептеп сипалап мықынына келгенде кідіріп қалды.
– Қабырғасы қалбағайға жабысып қалған ба немене? – деп күбірледі. Қайтадан қол жүгіртті. Бітеу секілді көрінгенмен екі еліге жетер-жетпес саңылау бар екен. Оғланды дереу арғы қапталды өлшеді, екі жақтың да қабырғасын санап шықты. «Жылқының бір жақ қабырғасы кем болады деуші еді, мынаныкі тең ғой» деп аз-маз абдырап тұрды. «Бәлкім семіздіктен қабырғаларын дұрыс болжай алмаған шығармын» деп қайта санады. Тағы тең шықты. Жүйрік аттың қабырғасымен жанаса өсетін қанаты болады дейтін, бәлкім сол ма екен деді іштей. «Не де болса ешкімге тіс жармау керек, тек Бекбосынға бір көрсетіп алған артықтық етпес» деп ұйғарды.
Сол күннің ертеңіне Оғланды байыз тауып отыра алмай, аттарымды сынап берсін деп Бекбосынға баласын шаптырған. Бір марқаның басын мүжіген қарт жылқышының алдынан бәйгіге қоссам деген төрт-бес талапты тай-құнанын қатар өткізді. Әрқайсысын жеке-жеке сынаған Бекбосын, Ақтанаудың қасында көп бөгелді. Оғландыны оңаша шақырып алып, әлденені айтты. Екеуі күбірлесіп-сыбырласып сөйлесті. Бірақ олардың не дегенін ешкім естіген жоқ. Сұрағандарға екеуі де бедірейген күйі сыр алдырмады. Тек Бекбосын кеткен соң Оғланды бір тоқтыны сойып көрші-қолаңға құдайы таратты.
Арада апта өтпей Оғланды Ақтанауды енесінен бөлектеді. Ауылдың асау үйреткіш балаларын алдыртты. Қолда өскен малға ұқсамайды, жануар шайпау. Шадырайған көзінен-ақ таскөтен жігіттердің жүрегі шайлығып, екпіні қайтты. Тек Оғландының кәрінен қорқып, бір жағы намысқа шауып бірнешеуі тәуекел етіп, кеуделеп көрді. Бірақ қос аяғын қолтығына тығып үлгерместен, жалпасынан ұшты. Боскөтен деген табаға қалмас үшін құлаған балалар ызалықпен қайта ұмтылған. Бұл жолы Оғланды жолдарын бөгеді.
Асау үйреткіштерді ертең келіңдер деп түгел қайтарып жіберген. Ондағысы бір жерлері майып боп қалар деп қауіптенгені… Олар кете сала екі ұлына қоржынның қос басына қойдың жүнін суға малып, кептеп салуды тапсырды. Қоңырау жорғасын алдырып, өзінен басқа ешкім отырып көрмеген құранды ерді төргі үйден көтеріп шықты. Құйысқан, өмілдірігін тағып, қос тартпаның бірін төстен, бірін шапқа таяу салып шірене жұлқығанда иесінің көңіл-күйін қимылынан жазбай танитын Қоңырау да ұзақ шабыстың боларын сезгендей шиыршық атып кеткен. Оғланды қонышы тізені соғар хром етігіне сұға салған тобылғы сап дойырын шығарып, салмақтап ұстап тұрды да киіз үйдің белдеуіне қыстыра салды. Сол белдеуде қаз-қатар тізіліп тұрған құрық, бишік, қамшылардың ішінен сабы жіңішке, өрімі қысқалау бірін алып мама ағашты шыр көбелек айналып, есік алдын шаң қылған жорғасының қасына келді. Артынша көз ілеспес шапшаңдықпен Қоңырауға секіріп мінді. Екі аяқтың үзеңгіге кіргенін біліп тұрған ақылды жануар, тебінуді күтпестен тепсеңдегі қораға қарай тепеңдей жөнелді.
Оғланды да аттың басын тартып, аяңдатайын деп ойлаған жоқ. Керісінше аударыспаққа шығар алдында астындағы қылқұйрығын шықпыртып алатын шабандозша сауырға бірер мәрте қамшы жүгіртті. Ауылдың асау үйреткіш балаларын құлатып, масайрап тұрған Ақтанаудың қасына сол екпінмен құйындата жеткен. Қораның қапталындағы электр бағанына қыл арқанмен байланған асау құнан қасына атты адам емес, арыстан келгендей үркіп кетті. Сенің әуселеңді көрейін дегендей Оғланды Ақтанаудың шадырайған көзіне мелшиіп қарап тұрды да жалғыз қолымен бір тартып, арқанның күрмеуін шешіп алды. Талай қашағанды аттатпай жетіп, тентек айғырларды тізгіндеуге атсалысқан Қоңырау да бұл кезде құлағын жымырып, жанаса берген. Сол сәтті пайдаланып Оғланды «әп біссімілла» деп шылбырды тақымға басып алды. Асау құнан қос аяғын көкке шаншып секіріп, қайрат көрсетпек болды. Көткеншектей шегініп, ары-бері бұлқынбаққа талаптанды. Бірақ еңгезердей жылқышы мен оның астындағы белі жуан буырыл жорғаны шайқалтуға да шамасы жетпеді. Бағанағы балалардай емес, мынаның көзі сұсты, қолы қарулы екенін сезгендей кер құнан құлындағы дауысы шығып, кісінеп кеп берген.
Бұл кезде арқанның ұшын қос тақымнан өткізіп алған Оғланды, Ақтанауға жанай бере нығарланған жүнге толы қоржынды үстіне зірк еткізіп тастай салды. Арқасына әлдененің қонжия кеткенін сезген құнан тіке секіріп, құйрығын көтеріп екі-үш рет мөңкіп қоржынды жерге тастап кетті. Әудем жерге барып, өзінің үстіне жабысып алған жансыз затқа шошына қарап тұрған. Оғланды атын оңтайлап келіп, қоржынды жерден іліп алды. Арқанды бір тартып, құнанды өзіне жақындатты да қоржынды қайта мінгізді. Ақтанау бұл жолы да көп әуреленбеді, көкала қоржынды ақ қардың үстіне қалдырып сытылып шыға берген. Оғланды іліп алып, қайта салды. Қайта құлатты.
Осылайша шу асау менен әккі жылқышы ет пісірім уақыт бойы ырғасып, ауылдан қозыкөш жерге ұзап кеткен. Қоңыраудың шатының арасы ақкөбікке толып, Оғландының самайынан аққан тер омырауына құйылған кезде Ақтанаудың да сілікпесі шығып, жүні жығылған еді. Қайта-қайта үстіне мініп алатын жансыз шүберекке көндіккендей кейіп танытып, мөңкуді тоқтатты. Бірақ шоқтай жанған жанары әлі де жыны басылмағанын аңғартып тұр. Сәл есін жинаса сойқанды тағы салары анық. Оғланды аттың басын қыстауына бұрды. Борбайлап шапқан күйі үйіне жете бере:
– Әй, қайсың барсың, – деп айғай салды. Әкесінің қарасы шалынғаннан-ақ мәселенің мәнісін ұққан үлкен ұлы Айбын қамшысын білегіне ілген күйі жүгіріп шыға келді.
– Мін! – деді Оғланды жауын жеңген адамдай масаттанып.
– Құлақтан бас! Құлақтан бас!
– Өй, есек болып қалыпты ғой… Құлақтан баспай-ақ міне берсін, – деп дабырлап жатыр қора тазалап, көң тасып жүрген жұмысшылар. Оғланды Қоңырауды бір тебініп, екі бүйірінен дем алып тұрған Ақтанауға тақап барды. Шылбырды қысқартып, ердің басына орады. Қос қолымен құлақтан алып тұқыртқан сәтте Айбын да жарау құнанның жалына жармаса бере лып етіп мініп үлгерді. Әуелгіде Оғланды тақымдап алып, қатарласып жүріп отырды. Артынан Ырғайтының өріне қарай бағыттап, баласын жалғыз жіберді. Сол кеткеннен Айбын, Ақтанаудың қан-сорпасын шығарып қас қарая бір-ақ оралған.
– Ә, боласасы болыпты…
– Енді қойға мінсең де қыңқ етпес, – деп ел мақтау айтқанмен Оғланды сыр алдырмады. Бұл жылқының бір күнгі міністен момақансып қалатын мәстектер тұқымынан емесін, әке мен шешенің қанына тартса әлі біраз қиғылық саларын қаумалаған жұртқа түсіндіріп жатуды артық көрді. Болжамы расқа айналды. Шайпау құнан ертеңіне тағы шатақ шығарды. Қоңырауға құранды ерді және салуға тура келді. Жас балалар игере алмас деп аяғын салаңдатып тағы да Айбынды мінгізді. Туғалы ат арқасынан ажырамаған Айбын ары-бері шапқылап жынын қағып келгендей болған, бірақ бүрсүкүні қайтадан түлен түртті. Құлақтан басып қайта мінгізді, балғын денеге ащы қамшы тие сала құйындатып шапты, кешқұрым жуасығандай болып қалды. Бірақ ертеңіне тағы әбігерге салады. Осылайша Оғланды мен Ақтанаудың арпалысы бір айға созылды. Асау құнан қиғылық салған сайын өзгелер ашуланып кіжінсе де, Оғландының ішін ерекше бір қуаныш сезімі кеулейді. Кәріқұлақ шалдардан естіген «дүлей жүйрік» деген осы болар деп топшылайды. Бірақ іштей ырым қылып, ол ойын ешкімге ашып айтпады.

***

Ақтанау, алғашқы бәйгіге де асаулығы басылмаған күйі қосылып еді. Екі иінінен дем алып, есі ауып тұрған шағында солығын баспастан құнан жарысқа салып жіберген. Өмірі топқа түсіп көрмеген асау неме басында жатырқап тұрды да қиқу шыққанда қосылып шапқансыды. Бірақ амал нешік, алғашқы бұрылыстан-ақ алып қашып кетті. Өзгелер солға айналғанда бұл тікесінен тартқан. Ауылдағы қарулы бозбаланың бірі керең Еділді мінгізген. Көкпарда екі орап тақымға басқан талайдың серкесін үзеңгісімен қоса жұлып алатын оны құрдастары қалжыңдап «Дүлей» деп атаушы еді. Бірақ ол Дүлейің де мына «дүлейге» дәнеме істей алмады. Ауылдан бес шақырым жердегі қырманды қара тартып, еңіске қарай ұрып барады. Еділдің жалға жармасып, оң қолын қайта-қайта шошаңдатқанына қарағанда шірене тартқанға шыдамай тізгіні үзілген секілді. Жандалбасалап енді қамшымен басқа сабалап тоқтатпақ. «Басы мен бауырынан ұрушы болма» деп бағана ескертіп еді, керең неме елемеген болды ғой, әлде естімеген…
– Әй, ұрма басынан!..
Майтөбенің үстіне аткөрпелерін жайып жіберіп, малдас құра жайғасқан шалдардың арасында отырған Оғланды қалай атып тұрғанын сезбей қалды. Дауыс жетер жерде емес. Дауыс жеткен күннің өзінде құлағына келіп айқайламасаң мәңірейіп отыра беретін кереңнің естімесі белгілі. Оқыс қылығына ыңғайсызданып қалған Оғланды ұялған тек тұрмастың керімен онсызда далбалақтап шауып бара жатқан қос ұлына ұрысқансыды.
– Ноқай немелер, бағанадан бері ай санап жүрсіңдер ме? Бұрылманың қасына барып, қақпайлап тұрмайсыңдар ма? Өй, шіріктер,– деп күбірлеп, орнына қайта жайғаса берген. Сол сәтте артқы жақта тұрған сөзуардың бірі:
– Ойпырмай-ау, мынау ат емес, ракета ғой… Ракета, – деп таңғалғанын құлағы шалды. Алдыға көз тіккен Оғланды енді байқады. Бір-бірімен алысқан екі «дүлей» бағытын өзгертіпті. Шамасы, Еділ қамшылар жақтан ұрып-ұрып, басын солға бұрып алған-ау, енді көлденеңдей салыпты. Артынан кеткен қуғыншылар алдынан орағытпақ болып, төтелей шауып барады. Бірақ жеткізуі неғайбыл. Совхоздың күздік бидайы себілген аңызға қарай аңыратып бара жатқан Ақтанауды көргенде Оғландының да аузы ашылып қалды. Байқаса елдің бәрі құнан жарысын емес, Ақтанаудың шабысына қарап, сілтідей тынған екен. Мұндай аяқалысты өзге түгіл, неше жыл жылқы баққан Оғландының өзі бұрын-cоңды көрмеген еді. Біреу шықпыртып сабап жатқандай созылуын-ай жануардың…
Оғланды жон арқасы жыбырлап, көзі жасаурап кеткенін сезді. Әлгінде естіген «ат емес, ракета» дегенді іштей қайталай берді, қайталай берді. Бұрын бәйгісіз қалса, сыбағасын ит жегендей берекесі кетуші еді. Бұл жолы Майтөбеден мерейі өсіп қайтты. Жалғыз сауығы ат жүгірту болып қалған ауыл жұрты да кешкілік шәй үстінде бүгінгі жүлде алған жүйріктерді емес, бас білмейтін шайпау құнанның шабысын сөз етті. Елдің бәрі «ат емес, ракета екен. Оғландының Ракетасы» деп жатты. Содан беріде Ақтанаудың жаңа есімі пайда болған – Ракета деген.

***

Ракетаны үйрету оңай болмады. Асаулығы өз алдына, бас білмейтін тарпаң. Әуелгі бәйгіде алып қашып кеткен соң «топпен қатарласып жүруге дағдылансын, шеңберді айнала шабуға үйренсін» деп жексенбі сайын болатын жабағылар жарысына қосып жүрді. Бастапқыда қарасүйеп жап-жақсы келеді де, құлақ түбі терлеп, ет қызған соң бас бермейді. Шабандоздар қайта-қайта шеңбердің ішін алуға тырысқанмен мойнын бір сүзіп, қыңырайып алған күйі тартып кетеді. Тіпті болмаған соң Оғланды әрбір бұрылысқа құрық ұстаған адамдарын қойып көрді. Бәрібір нәтиже шықпады. Қақпайлаған сайын екілене түседі, әріберіден соң ешбіріне жеткізбей кетеді. Ауылдағы атқа шапқыш балалардың Ракетадан көңілі қалып, түрлі сылтауларды айтып, жоламайтынды шығарды.
Сөйтіп бір құнанға әлі келмей Оғланды абдырап жүргенде қыс бітіп, көктем жетті. Қарашадан бері әппақ көрпеге оранып, қымтанып жатып алған Қоңыртөбенің етегі түріле бастады. Қылаулап көк шықты. Төрт түлік төлдеп, ел-жұрт ағарған ішіп жырғап, қыстай қорада қамалып тұрған арық-тұрақ өріске шыққан берекелі шақ басталды. Найқалып нурыз мейрамы да келе жатыр. Көршілес жатқан жеті-сегіз совхозға ортақ той биыл Ақтеректе өтпек. Әдеттегідей аламан бәйгі болады.
Оғланды басқа аттарымен қоса Ракетаны да жаратты. Бірақ көңілі күпті. Басы қатты дүлей неме тағы да алып қашып кетсе қайтпек… Досқа күлкі, дұшпанға таба деген осы. Әрі бұл – жексенбі сайын болатын тай жарысы емес, ұлыстың ұлы күні, үлкен бәйгі. Жүлдесі де тәуірлеу. Анажылы күрең байталы екінші келіп, магнитофон ұтып алған. Былтыр ат бәйгісінде кілем өңгеріп қайтты. Жалпы атжарыс сайын Оғландының қанжығасы құр қайтпайды. Тек соңғы жылдары бас бәйгіні ала алмай дымы құрып жүргені болмаса… Біресе Дегерестегі Нәркен шал мен Оңталаптың тазақандары, біресе Қордайдан келген қылқұйрықтар топ жарады.
Аламан бәйгіде атыңның алғашқы жетілікке ілігуінің өзі де жаман емес. Бірақ кеуде шіркіннің кейде көнбей кететінін қайтесің… Ондайда өзінен-өзі қорланып, терісіне сыймай, құтырған бурадай көзі қанталап шыға келетіні бар. Алдыңғы жылы сондай ызалықпен бәйгіден соңғы көкпарға араласып кеткен. Доданың ішіне долданып кіргені сол еді, әлдекімнің қамшысы мойнын осып түсті. Іздегенге сұраған деген осы. Әкеден бір жіберіп, қамшының иесін жон арқадан бұл да екі тартты. Абырой болғанда тоғыз өрімдік дойыры үйде қалған, қолындағы төрт өрімдік қысқа сапты бәйгі қамшы болатын. Соның өзі тіліп түскен болу керек, қайыстай қатқан қара бала белі қайқайып барып, атынан ауып түсе жаздады. Мұны көрген Ақтеректің жастары қарап тұрсын ба? Еділ бастатқан есерлер едіреңдеп шыға келді. Ештемені естімеген, тек елдің ауыз жыбырлатысып жатқанын, әрі Оғландының әлем-тапырақ түрін көрген «Дүлей» тақымындағы көкпарын тастай сала, әлгі қара балаға ұмтылды. Ақыры Ақтерек пен Беріктастың балалары сабасып, Оғланды өзі бастаған сойқанды әрең тоқтатып еді. Артынан осы әрекетіне іштей ұялып жүрді.

***

Ауылдың атағы мен абыройы сыналатын Наурыз тойында Оғланды қалайда бақ асыруды жоспарлады. Ракетадан басқа үміт артары жоқ. Ол үшін Ракетаны қалайда шеңбермен шабуға үйрету шарт. Бірақ қалай? Қайтіп? Әбден басы қатты. Сөйтіп жүргенде бір күні контордан Бекбосын шалды жолықтырып қалды. Ракетаның шабысы мен шайпаулығы туралы ел ішіндегі әңгімені естіп жүр екен, қай айғырдан туғанын да білетін болып шықты. Оғланды мұны естігенде қара терге түсті, ұрлығы әшкерелендей қысылды. Бірақ Бекбосын сыр алдырмап еді.
– Әр биенің борбайында кетер аттың сідігін сататындардың сойынан емеспіз, – деп салалы алақанымен арқасынан қаққан. Состиып тұрып қалған бұған қарамай тұмағын қисайтқан күйі Кененнің «Көкшолағын» айтып ыңылдап кете барған.
Ертеңіне Оғланды баласын жіберіп, Бекбосынды үйіне қонаққа шақырды. Кемпірі екеуіне соғымнан қалған сүрленген қазыны бұзбай салып, құрмет қылды. Кетерінде Бижамал шапаныңыз деп Бекбосынның алдына бір шибарқыт кездеме тастап, кемпірінің иығына былтыр құдалықтан келген түбіт орамалды жапты. Осынау құрметтің бәрі не үшін екенін бұл үйде екі адам ғана білді, Бекбосын мен Оғланды. Қалғандары бірі кигеніне, бірі бергеніне риза болып тарқасқан. Тек кетерінде Бекбосын Оғландыға қарап «менің Қыңыр қасқа деген жүйрігім болғанын білуші ме едің?» деп сұраған.
Қыңыр қасқаның даңқы ата сақалы аузына түскен Оғланды тұрмақ бұл өңірдегі өндірдей балаға дейін мәлім. Қырғыздың қойшыларымен бәстесіп көкпар тартқанда, Бекбосын көкпарды өңгеріп алып, Ақтастының құламасынан құйғытып түскенін көрген адамдар әлі күнге жағасын ұстап, шошына әңгімелейді. Ат тұрмақ жаяу адам қалтылдап әрең жүрер қия беткейден Қыңыр қасқаның қалай құламай өткені бір Аллаға аян… Әйтеуір содан соң өркеуде қырғыздар «Бекбосын Қыңыр қасқамен келіпті» десе түрлі сылтау айтып көкпарға бармайтын болыпты деседі.
Енді Бекбосын сол бір аты аңызға айналған тұлпарды білесің бе деп басқадан емес, осы ауылдағы екі жылқышының бірі Оғландыдан сұрағаны несі? Не ойлағаны бар мұның? Оғланды осы оймен арпалысып, қапелімде айтар сөз таппай кібіртіктеп қалды. Бекбосын да осыны сезгендей, жауабын күтпестен көлігіне бет алған. Қоштасып жатып, «ертең бізге келіңдер» деп қонаққа шақыра кетті.
Бірдемені жұмбақтамаса жүре алмайтын қарт жылқышының бұл қылығы Оғландының қытығына тиді.
– Кербезденбей айта салса несі кетер еді, – деп іштей бір сыбап алғанмен сұңғыла шалдың бір жоспары барын сезіп-ақ тұр. Бірақ ұшығына жете алар емес. Бекбосынның көлігі көзден тасаланғанша Оғланды орнынан қозғалған жоқ.

***
2. Қыңыр қасқа

«Бекбосын шал неліктен Қыңыр қасқа туралы сұрады?»
Оғланды күні бойы осы жұмбақтың күрмеуін тарқата алмай-ақ қойды. Көкейдегі жалғыз сауалдың жауабы табылмаған күйі кешкілік Бекбосынның үйіне қарай бет алған еді. Қарт жылқышы қонақтардың көлігі келіп тоқтағанда, қора жақтан келе жатқан. Қолына ұстаған жүгені бар. Екеуі кеше ғана бір табақ етті бірге жесе де, көптен көріспеген құдаларша құшақ айқастырды. Әуелгіде ауыл арасындағы ұсақ-түйек жаңалықтар сөз болды да, артынша әңгіменің ауаны жылқыға түбегейлі ойысты. Көбіне тізгін Бекбосында. Бірақ қарт жылқышы Қыңыр қасқаның қызықтарын айтуға асығар емес. Ет желініп, сорпа келгенде Оғланды шыдамады.
– Осы жасыңызға дейін қанша жүйрік жүгірттіңіз? – деп әңгіме арнасын негізгі тақырыпқа жақынырақ бұрып қойды.
– Тай-құнандарды есептемегенде сегіз бәйгі атын жаратыппын, – деді Бекбосын ойланбастан…
– Ерен жүйрігі қайсы еді?
– Әрине өзгелері де осал емес, десе де Қыңыр қасқаның даңқы мен дақпырты қазақ пен қырғызға қатар таралды ғой…
Оғланды атақты жүйрік туралы әңгіме тыңдауға дайын екенін сездіріп, қолтығындағы жастығын ыңғайлап, шынтақтап жатты. Бекбосын көп тостырмады. Сорпа толы кесені бір төңкеріп бәйбішесіне ұсынды да, әңгімеге кірісті. Оғланды бұл ат туралы бір кісідей білемін деуші еді, білмейтіні көп екен. Ара-тұра сұрақ қойып, әңгімені қыздырып отырды. Бекбосын әрбір сұрақтан шабыт алып, аңға түсер бүркітше қомданып көсіледі.
– Осы Қыңыр қасқамен көкпар әкеле жатып, Ақтастының құламасынан қанша мәрте сорғаладыңыз?
– Ел екеуін ғана көрді, негізі үш рет түстім. Біреуі қараңғыда болатын. Күңгейдегі Әбдірәсіл жекжатымның үйінен түнделетіп қайтып келе жатсам, бір топ атты алдымды кескестеп өте шықты. Даланы басына көтеріп дуылдасып барады. Сөз ауанынан байқадым, қырғыздар көрінеді, көкпардан қайтып келеді екен. Шамасы қазақ қойшылары қас қарайғанда көз жазып қалған. Тұмағымды баса киіп, ақырындап соңдарына түстім. Аздап қызулау секілді, мені ерен санайтын ешбірі жоқ, кейбірі ат үстінде қалғып келеді. Көкпарды өңгеріп келе жатқан атақты Сәбден. Он адам жабылсаң да жалаң тақымындағы серкені бермейтін нағыз сабаздың өзі. Көкпарды алдына бос тастай салыпты. Жармаса кетуге жүрексіндім. Сәбден ұстап үлгерсе айрылмасы белгілі.
Бір кезде Сәбден қасында келе жатқан көк аттыға «көкпарды ала тұршы, түзге отырып алайын» деді. Анау қапталдасып жақынырақ барды. Сәбден оған өңгерте бергенде мен де тебіндім, Қыңыр қасқа лып етіп екеуінің ортасына кіре кетті. «Иә, әруақ» деп шаңқ ете қалғанымды білем, жануар жыланша ирелеңдеп топтан сытылып шықты. Қырғыздар «бұл кім? бұл кім..» десіп ойбайлады да қалды. Артымнан қуғын салды. Зулап келемін. Астымдағы атыма сенемін, жеткізбесімді білемін. Байқасам тура Ақтастының тұсына келіппін. Қырықтан жаңа асқан, лапылдап тұрған жас кезім ғой, желігім әлі басылмаған шақ. «Қара қырғызды тағы бір таңғалдырайын» дедім де тізгінді еңіске қарай бұрдым. Жануар да жерді танып келеді екен, іркілместен ылдиға салды да кетті. Бір қарасам өзен жағалап барады екенмін. Сарылдап Ырғайты ағып жатыр. Ат басын тартып, тың тыңдадым. Дыбыс жоқ. «Жердің астына түсіп кетпесе қайда?» деп қырғыздар сол маңнан іздеп қалған көрінеді.
– Cонда жануар қиядағы жолды білетін болып тұр ғой…
– Өзім де солай ма деймін. Өйткені ол құлынынан осы тауды көріп келеді. Жазық жерде таудағыдай көсіле алмайды. Ал ой мен қырға салсаң ортекеше безетін. Жас болдық, қымызға мас болдық, талай мәрте әдейі сынап көрейінші деп тастақпен шабамын. Сонда бір тасырқаған емес, әрі аяғын ұрмайды. Осы күні бәйгі аттары борпас топырақпен жарысса да сіңірін ұрып, мертігіп жатады ғой… Қыңыр қасқада ондай жоқ еді, мысықша епті еді жануар.
– Таста туған құлын тасырқауды білмейтін қазанат болар, ата көрген ұл жатырқауды білмейтін азамат болар, – деген қанатты сөзді содан кейін шығарған екенсіз ғой.
–Анабір тентек жиеніме қарата айтқаным ғой… Сөйтсем, соным бүгінде ел аузындағы мақалға айналып кетіпті.
– Жалпы сіз атты тағаламай мінесіз?
– Менің мінгі аттарымның ақсап жүргенін көрдің бе?
Бекбосын қарсы сұрақ қойды да, Оғланды ауыз ашып үлгергенше, өз сұрағына өзі жауап беріп кетті.
– Мен бір сараңдығымнан тағаламай жүр ғой деймісің, – деп тақиясын шешіп, тершіген маңдайын сүртті. Маңдай терін сылып түскен сұқ саусағын жоғары шошайтты. – «Ат тағалағанша, жол жағала» деген. Аздап тасырқады екен деп, добалдай темірді тұяғына шегелеп тастаған атқа жаны ашығандық емес. Ол малды қорлау біле білсек, – деп тері сорғалап тұрған әлгі дымқыл саусақты қынапқа қылыш салғандай, сол қолына умаждап ұстаған бетормалдың ішіне сүңгітіп жіберді.
– Ойбай-ау, аттың тұяғы деген адамның қолы емес пе? – деп жаңа ғана сүртініп шыққан сұқ саусақты қалған төрт серігімен бірге тарбита жайды. Тырнағыңды апта сайын алуды ұмытпағанда, мініп жүрген көлігіңнің тұяғын айына бір кесіп, майтабанын тазалап тұруға болады ғой… Жоқ, біз қашан атымыз алжыған кемпірдей кібіртіктеп қалғанша тұяғын көтеріп қарамаймыз ғой, қарамаймыз… Содан кейін жүреміз, атым шекіп қалды, тасырқап тұр, таға соғып берші деп ұсталарға жалынып.
– Әйтеуір, тұяғын жерге тірей алмай тұрған аттар, тағалағаннан соң жортақтап кетеді ғой, содан кейін тағаға үйірсекпіз, – деп Оғланды ақталғансыды.
– Әй, сен, шекіп тұрған атың тағаның арқасында құрдай жорғалап кеткенін қайдан білесің? – деді Бекбосын Оғландыға алара қарап. Өзіне қарсы келгенді онша жақтыра қоймаушы еді, даусы ашуланғандай тарғылданып шықты.
– Тағаламас бұрын тұяғын тазалап, артық жерін жонып, кеспеуші ме еді. Бәлкім соның арқасы шығар. Ойпырмай, сендер осы таға жасайтын ұсталар ақша төлеп қойғандай, тағаға шаң жуытпайсыңдар. Тайынан бастап тағаға үйретсеңдер, аттарың тағасыз жүре алмағанда қайтеді екен?
– Шеге тағаны сақтайды, таға жүйрікті сақтайды, жүйрік жігітті сақтайды, жігіт елін сақтайды, – деген бар емес пе?
– Ол да бос сөз, – деп Бекбосын қолын бір сілтеді. – Мықты болсаң атты тасырқатпай мін, күтімде, бабын келтір. Біле білсең тек бәйгі аттарына емес, қойға мінер жабының өзі бап тілейді. Атты аптасына бір ауыстырып міну керек, белі талады, тұяғы тозады. Сенікін қайдам, талай атқұмардың қорасын көрдім. Олардың атқорасынан менің сиыр тұратын сарайым таза шығар. Жылқы жарықтық тазалықты жақсы көреді. Жатар жері былжырап жатса, тұяғын күс басып, майтабаны сыздамағанда не қылады. Атының тұяғы өсе-өсе шәркей секілді майрылып, опырылып сынып жатқан нақұрыстарды көргенде қояншығымды қозады-ау менің… Анажылы Әткеннің анабір бақырауық баласын сабап жүргенім де сол ғой. Өзі де шешесінен теріс туған пәле екен, айтқанды ұқпайды, сөзге қонақ бермейді. Әй қайдан шықсаң, оннан шық деп жон арқасынан екі тартып едім, жаман құнанына міне салып безіп жоғалды. Бірақ сонда да тілін тартпай боқтап кетті, атаңанәлет!
– Беке! Қыңыр қасқа қалайша аяқтан қалып жүр сонда? – деп Оғланды басқа тақырыпқа ауысып бара жатқан Бекбосынға әңгіменің негізгі жүлгесін ескертіп қойды.
– Таспен шапқанда аяғын ұрмаса, қалайша аяғы шор болып қалды?
Үстемелете қойған қос сауал, қарт жылқышының жүрек жарасын тырнап кеткендей… Ауаны тереңнен тартып, бір күрсінгенде ішінен өзекті өртеген жалын шыққандай болды.
– Қырғыздан келді бәленің бәрі. Мұны ешкімге айтпап едім, сенің білгенің жөн. Қыңыр қасқаға қырғыздар қатты қызықты. Көкпарда ат жеткізбеймін, бәйгі сайын жүлде бермеймін. Әрі ол кезде аламан бәйгі қазіргідей шыр көбелек айналып шаппайды. Тікеге жібереді. Қырғыздың даласының бәрі тау мен тас. Ал ондай жерде Қыңыр қасқа киікше безеді. Қалың қырғыздың ортасына жалғыз барамын да, бас бәйгіге тігілген ірі-қарасын жетелеп кетемін.
Қырғыз да қазақ секілді намысқой халық. Әбден қорланды. Ақыры бір емес, бірнеше мәрте бізге сат деп қолқалады. Сәбден бес ту биесін жетектеп әкеліп, белдеуіме байлап кетті. Көнбедім. Соған кектенді білем, Қордайдағы бір бәйгіде сіңірін қиып кетіпті.
Бәйгі болар күні таң асырып қойған едім. Ертеңгілік терезеден қарасам жалы жатыңқы, жалын шашып тұратын көзі кіртиіп қалыпты. Бір аяғына салмақ салып тұр, екіншісін ауырсынады. Бір бәленің болғанын сезе қойдым. Қасына жетіп барсам, ит тістегендей сіңірінің дал-дұлын шығарыпты. Пышақпен де кеспеген, кемпірауызбен жаншып-жаншып тастаған. Тасқа шауып алдым деп ойласын деген ғой. Сасық қулық…
Бәйгіге қарайлаған жоқпын, жетекке алдым да жүріп кеттім. Сұрағандарға түнде суытып жүріп, аяғын құрттым дедім де қойдым. Қастандық жасалғанын ел естімесін, ел естісе көтеріліп кетер, бір оңбағанның кесірінен бір өзеннен су ішіп, бір тауды жайлаған екі елдің арасына шоқ түсер, от жанар, өрт қаулар. Үйге келген соң ем-дом жасап жазып алармын дегенмін. Бірақ оңалмады жануар. Аяғы ісіп, артынан шор болып бітті. Өзінің де жасы келген еді сол жылдары. Шаппақ түгіл жүрістен қалды. Бір ғана амал бар – ақадал бауыздап алу. Өзім союға дәтім шыдамайды, біреуге берсем жанын қинап малға мініп алса қайтпекпін. Ақыры екі айдай байлап, соғым кезінде сатып жібердім.
– Қаскөйлерді іздестірмедіңіз бе?
– О неге керек? Онсызда білем. Сәбденнің қасында атжалманша жылмаңдап Алым дегені жүретін, соның істегені. Құдай есебін табады дедім де қойдым. Әй, солардың ешбірі жақсы болмады. Сәбден асау үйретемін деп аттан құлап өлді, аяғы үзеңгіден шықпай қалып шу асау тепкілеп өлтіріпті. Алым ұрлық жасап сотталды. Қазір шыққан көрінеді, алқаш болып кетіпті дейді. Тоқпақтың базарында бұтына жіберіп, жерге домалап жатқанын біздің қойшылар көріпті. Ешбірі жақсы болмады, аттың киесі жібермейді ғой…
– Ал мұны неге басқа есім таппағандай Қыңыр қасқа, – деп атадыңыз?
– Сені шақыртуымның да бір себебі осы болатын. Бұл ат менің қолыма құнанында келді. Жамантыдағы қойшы Сағындықты білесің ғой, соның есік пен төрдей кер биесі болатын. Сүтті еді жануар. Содан туған. Әкесі қайсы айғыр екенін білмедім. Сақаңнан сұрап едім, ол да нақты ештеме айта алмады. Бәленшенің үйірінде жүретін, түгеншенің айғыры қайырыпты деуден ары аспады.
Бір күні жайлауда мал қарап жүріп Сағындықтың үйіне бара қалдым, желі басында қатыны екеуі бие сауып жатыр екен. Сақаң екеуміз нағашылы-жиен болып қалжыңдап, ойнайтынымыз бар. Көз қиығымен мені көре салып, көпе-көрнеу байқамағансып айқайға басты.
– Атаңанәлет, мына кер биені нағашы болмай кеткір Тасқашағандар (рудың аты) беріп еді, солар секілді тышқақ. Сиырша жапалап тышады әкең… Қарашы міне, – деп шөмеледей төңкеріліп түскен жылқы тезегін күрекпен іліп алып, маған қарата атып кеп қалды. Сол кезде ғана мені көргенсіп:
– Ойбай тағы бір Тасқашаған келіп қалыпты ғой, – деп қарқылдап күлді. Мен де қалжыңына, қалжыңмен жауап қатып, құшақтасып, жұлқыласып жатырмыз. Бірақ есіл-дертім кер биенің тезегінде. Ақыры шыдамай барып тұрып көрдім. Расымен де сиырдың жапасындай бүтін түскен. Ылғи осылай ма десем, осылай дейді. Менің қызыға қалғанымды аңғарған Сағындық:
– Ол аз десең шаптырғанда шелектеп төгеді. Алысқа шашады. Тезегінен қоржыныңа салып, құтыңды әкеліп зәрінен құйып алсаңшы, – деп одан әрі қылжақ қылды.
Хас тұлпардың көтен ішегі кең болады, тезегін бөлшектемей бүтін тастайды, зәрін алысқа төгеді дегенді естуші едім. Мынау сондай болды ғой деп қоямын іштей. Бірақ ол ойымды Сағындыққа айтқан жоқпын. Ақыры «тышқақ, шыжың» деп тілдейді екенсің, кер биені маған сат, – деп қолқаладым.
– Сатпаймын. Бір өзі үш биенің сүтін береді. Алдыңдағы совхоздың жылқысын түгел айдатсаң да сатпаймын, – деп едіреңдей қалды.
– Ондай болса жақсы айғырға қосып құлын алайық, – дедім. Оған да көнбеді.
– Ұрлап кетті, – деп жоқ қылғалы тұрсың дейді. – Тасқашағанның барлығы ұры, – деп кекетеді. Жарықтық қиқар адам еді ғой. Көңіліне жақпаса бет-жүзіңе қарамай айта салып, түк болмағандай бақырайып тұра беретін. Аудандағы талай жиналысты тастап шығып кеткенін көрдім. Әкім- қаралардың бірі ауыз аша алмаушы еді. Еркелететін, ол да соны біледі, жөнімен еркелейді. Қойшы әйтеуір Сақаңды бірер сағат қажап отырып, кер биенің бір құлынын алатын болып келістім.
– Әне жүр былтырғы құлыны. Өзі секілді түйедей дәу. Осы қазір алдағы жорғаны таста да, мініп кетсең, кеттің. Әйтпесе айнып қаламын, – деген соң құрық бауына күміс сағатымды беріп, астымдағы атымды қоса байлап, Сақаңның балалары қойға мініп жүрген жирен құнанды тепеңдетіп үйге қайттым. Негізі, Қыңыр қасқа аттың аты еді ғой жануар! Бар айыбы –қырсықтығы. Жабағы кезінде дұрыс үйретілмеген секілді, бар бәле содан жабысқан ба деймін. Жылқы малы әуел баста қандай адам ауыздықтап мінеді, соның мінезін бойына сіңіріп алады. Бір қырсық баланың тақымы тиген болу керек, қырсықтығы өле-өлгенше қалған жоқ. Маған келгенде сыңарезу болатын, шапқанда да оңға қарай ауыздықсүйеп тұратын. Әрі қолтығы ашылмаған қолау еді. Сағындықтың помчабаны тай кезінде орыс ерді салып, қойға оңдырмай мінсе керек. Кібіртіктеп әзер шабады. Тапырақтап келе жатып, кішкене арық кезіксе секіре алмай, сүрініп жығылатын. Сағындық тап бір бәйгі алған тұлпарын тегін бергендей көрген жерде «жирен құнан қалай?» деп сұрайды.
– Өзің үйреткенсің ғой деймін, саған тартқан қырсық. Мешеу баладай бұты-бұтына шалынысқан қолау, – деп қажаймын.
– Қырсықтардан бірдеме шығады, – деп ол да қалыспайды.
Қойшы әйтеуір жорға беріп алған жирен құнаным мал біткеннің қырсығы болды. Қамшы салсаң құйрығын көтереді, басын қоя берсең бір жағына бұрылып кетеді. Басында Сақаң қасқа деп жүретінмен, кейіннен Қыңыр қасқа аталып кетті ғой… Енді сен менен мұның қолауын қалай жазып, қырсықтығын қалай түзедің деп сұра?
– Е,бәсе… Қалай үйреттіңіз?
– Қолауды біреулер бағанға байлап, жерге жығып үзіп жатады. Менімше ол қатерлі әдіс, кеселін жазам деп кемтар қылып алуың кәдік. Ең дұрыс емі – көсіліп шабу. Бір айдай бөккен бидай мен көк жоңыршқаға еркін қойдым, домаланып семірді. Қораға сыймай, ойнақтайтынды шығарды. Бір күні балаларға жайдақ мінгізіп, бірнеше аттылы боп, Сарықойынның өріне аяңдап шықтық, ылдиға қарай желе-шоқырақтатып бусандырдық. Жазықтау тегістікке келгенде өзгеміз ат басын іркіп, жалғыз жібердім. Сәл ұзатып барып қиқулай ілестік. Жете бере қиқуды үдетіп, қамшының астына алдық. Жалпы қандай қамшысүйер шабан ат болсын артынан дүбір шыққанда, кемінде бірер ұмтылып шабысына шабыс қосады. Семіздіктен шиыршық атып тұрған жануар жанталасып, алға ұмтылды. Көз алмай қарап келемін. Тапырақтап аяқты кеңінен сермегендей болды. Кәдімгі бел омыртқаны үзгендей «бырт, бырт» еткен дыбысты естідім сол кезде… Бірер сүрініп, барып оңалды. Содан өзімізге қарасын көрсетпей ақты да кетті ғой. Ал сыңарезулігін өлгенше қоймады, кертілген ауыздық салып қана тежеп жүрдім.
– Кертілген ауыздығы қалай?
Қарт жылқышы жауап берудің орнына жан-жағын сипаланып, әлденені іздеп кетті. Таппады.
– Әй, кемпір, әлгі жүген қайда? – деген даусы қарлыға. Дастарханның шетінде Бижамал екеуі әлдеқандай әңгімеге қызу кірісіп кеткен, кемпірі:
– Қай жүген? – деп орнынан атып тұрды.
– Қыңыр қасқаның жүгені. Осында әтейілеп алып келіп едім жаңа ғана, қайда кеткен?
– Е, тәйірі! Бәсе, төргі үйге кім әкеп тастаған деп жаңа далаға шығара салып едім, – деп кемпірі жүре сөйлеп барып, қайыс жүгенді әкеп берді. Қолына жүгенді алып, Бекбосын әңгімесін қайта жалғады.
– Әлгінде ауыздықсүйеп шабады, еті қыза келе солға тартып кетеді дедім ғой. Алдым да былай істедім. Міне, қара. Ауыздықтың оң жағын төске салып, үш жерден кертіп қойдым. Бұрын басын бұра алмаушы едік, кертік езуін қажаған соң өзі-ақ дегеніңе көне кетеді. Тек бәйгі сайын аузы қызыл ала қан боп келуші еді жануардың, – деп қарт жылқышы жүгенді Оғландының алдына тастай салып, тағы бір рет терең күрсінді.
Оғланды үндемеген қалпы, жүгенді ары-бері төңкеріп қарады. Қыңыр қасқадан кейін, ешбір аттың басына салынбағаны байқалып тұр, қайысы ағаш секілді серейіп қалыпты. Оғланды кертілген ауыздықты бас бармағымен сипалап біраз отырды. Ал, Бекбосын, осымен бүгінгі әңгіме таусылды дегендей, қалта сағатын шығарып көзін сығарайта қарады. Сағат тілі түнгі он бірге жетіпті. Бата жасап, барлығы дастарханнан тұрды.
Күркіреудің аузындағы жылқышы ауылынан аттанған Оғландының нивасы қара жолмен шоқақтап келе жатқанмен, көңілі аспанда шалқып жүрген. Ырғайтының өріне табан іліктіргенде «енді құдай абырой бере көр» деп күбірледі. Қасында келе жатқан Бижамалды сөзге тартпақ болып, көз қиығын тастап еді, көлікке мінсе болды көзі ілінетін әйелі шайқалған мәшинемен бірге тербеліп ұйқыға кетіпті.

***
4. Дүлей жүйрік

Сол күннің ертеңіне Оғландының Қоңырау жорғасы ауылдағы МТМның алдында азанмен байлаулы тұрды. Совхоздың бүкіл техникасын жөндейтін ұсталардың станогына салып, бір емес, екі жүгеннің ауыздығын үш жерден кертіп із салды. Сонымен қатар қалың қайыстан алақандай қылып қиып, сағалдырықтың қарсы тұсына қалқитып көзқалқан тікті. Бұл тәсілді қайбір жылы Дегерестегі жылқы зауытына Мәскеуден келген ғалым айтып еді. «Сонда шайпау жүйріктер, тек алдындағы жолды көріп отырады» деген ұлты қарашайлық қауға сақалды кісі. Ат жайлы білмейтіні жоқ екен. Бір күн бойы дастархандас болғанда біраз жайтқа қанықты. Әсіресе Оғландының таңғалғаны – әлемде атқұмар жұрт бұл ойлағаннан көп болып шықты. Бұрын тек қазақ пен қырғыз, түрікпен ғана ат жүгіртеді деп білетін. Сөйтсе еуропада да бәйгілер болады-мыс. Бірақ олар ұзаққа айдамай, қысқа қашықтыққа жібереді екен. Сол ғалымның қолындағы кітаптан небір аттың суретін көріп таңғалып еді, бірінен бірі өткен сұлу еді, шіркіндер!
Ауыздығы кертілген жүгенді кигізгелі Ракета жөнге түсті. Әуелгіде қасарысып, аузын қара қан қылып еді, ертеңіне жараның орны сыздаған болу керек, бұрған жағыңа жүйткіп отырды. Оғланды енді алаңсыз баптауға кірісті. Бүкіл шаруашылықты балаларына табыстап, Ракетамен тікелей өзі айналысты. Сұлыны саумалға бөктіріп, атдорбамен мөлшерлеп берді. Жоңыршқаны бір қарыстай қылып турап, суға шылап ақырына уыстап қана тастады. Күн аралатып суытып, таң асырды.
Бекбосын бір көргенде еті қалыңдау екен деп еді, екі рет киіз үйге от жағып, қамаутерін алды. Ракетаға арнап Алматыдан арнайы ипподромдық ертоқым әкелді, Бижамалдың жасыл түсті жеңіл алашасы болатын, соған ою салып, жабу істетті. «Жаратқан жар болса бұл жолы Оңталап пен Нәркеннің алдына шығармын» деген сертпен келді бәйгіге.
Майтөбедегі наурыз тойының биылғы сән-салтанаты ерекше. Айналдыра оншақты киіз үй тігілген. Шамасы әрбір совхоз ішім-жемі, сойыс малы мен сауынын арқалай жеткен секілді. Бір қапталға сахна орнатып қойыпты, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен ауылдық клубтардың жастары концерт қойып жатыр. Аулағыраққа алтыбақан тігілген. Қазақша киінген қыз-жігіттердің сұлбасы байқалады. Бір-бір жабағыға жайдақ мінген, бір есекке бірнешеуі мінгескен қараборбайлар мөшек көкпар тартып, қызылшеке болып жатыр. Жалауша мен түрлі түсті шарды ұстаған оқушылар, кішкентай балалар асыр салып, қуаласпақыл ойнап жүр. Әрбір жерде бәйгі атттарының құйрық жалын сүзіп, тынымсыз жетектеп, қи тастатпақ болып атымен бірге жүгіріп жүрген атсейістің де қарасы қалың.
Оғланды көпшілікке араласпай шеткері шығып кетті. Ракетадан бөлек, балалары жаратқан үш тай, бір атты бәйгіге қоспақшы. Олардың жалпы бабын қадағалағанмен бүгін онша жолаған жоқ. Тіпті алдымен жарысқа шыққан тайлар сөреден өткенде де сауықшыл топқа жақындамады. Ақарыс далбалақтап шауып келіп, Қарақасқаның үшінші, Керқұланың бесінші келгенін қуанышпен айтқанда да сүлесоқ қабылдады.
– Бекбосын ақсақал қайда екен? – деп сұрады асығыс.
– Бастықтармен бірге төбе үстінде отыр.
– Барып құлағына ақырын ғана сыбырлап айт! Ракетаның құйрық-жалын сүзіп берсін…
Ақарыс, Майтөбеге қарай құлдыраңдап шаба жөнелді. Оғланды жолда төңкеріліп жатқан кебісті көрсе де атынан түсіп аударып тастауға еренбейтін, ырымшыл еді. Бүгін тіпті әрбір қадамын санап жүр. Таң намазында жарты сағаттай отырып тәсбі тартты, тағы жарты сағат бата жасап, тілек қылды. Бабаларының аттарын түгел атап, әруақтарға иман тіледі, балаларына береке-бірлік сұрады. Әсіресе «бүгінгі бәйгіде досқа күлкі, дұшпанға таба қыла көрме» дегенді бірнеше мәрте қайталады.
Үзеңгіге аяқ артпас бұрын да дәретін жаңартып, мұнтаздай таза киінді. Екі ұлы мен шабандоздарға да сондай тапсырма берген. Барлығы тобымен Майтөбеге бет түзегенде, кенет күтпеген жағдай болды. Қарсы алдынан қызылды-жасылды киінген бір топ қыз-келіншек шыға келгені бар емес пе?! Қоңырауды сипай қамшылап қойып, қалың ойдың құшағында келе жатқан Оғланды селк ете қалған. Әйел баласы жолды кеспейді деуші еді, қапелімде не істерін білмей қалды. Ат басын іркімекке бекінгенде, олар да бұларды көріп, кідіре қалғаны. Шамасы ішінде жөн білетін біреуі болғаны, ер азаматтардың жолын кеспейік деп тоқтаған сыңайлы.
Оғландының риза болғаны соншалық, алыстан айғайлап жастармен өзі амандасты. «Бақытты болыңдар, айналайын!» деп пейілін танытты. Осындай жақсы көңіл-күймен Оғландының тобы сар желдіріп отырып, Майтөбеге жеткен еді. Енді заманында небір жүйріктің жалынан ұстаған Бекбосын шалдың батасын алмақ. Бұл да ырымға жақсы.
Шақыртуды ести сала омырауындағы алтын жұлдызды орденін сыңғырлатып Бекбосын да елпең қағып жеткен. Атынан жас жігітше секіріп түсіп, Ракетаны бір айналып шықты. Жабудың астына қолын жүгіртіп, әр жерін сипап көрді. Содан кейін ақ матаны бір тарқатып:
– А, құдайым, менің қолым емес, Қырықбай бабамның қолы. Бабымыз бен бағымызды сай қыла көр, абыройымызды асыра бер! – деп күбірлеп жүріп Ракетаның құйрық-жалын сүзді. Ракетаның құйрығы басқа жүйріктердікі секілді сирек емес, қалың әрі қайратты болатын. Соның жалғыз тарамын бөлек алып, қалғанын қайыра бүктеп, ақ матамен шандып орады. Ұзынша шүберекпен кекілін түйді. Тура сондай көлемде үзіп алып, шабандоз баланың оң жақ білегіне байлады да қалған матаны белбеуше шиыршықтап белін буды.
– Мынау, – деді Ракетаның құйрығындағы орамға ілікпей қалған жалғыз тарам құйрық қылын жан-жақтан анталап тұрған жастарға көрсетіп… – Жалғыз келсін деген ырым. Бұйыртса бүгінгі бәйгі біздікі. Ал қол жайыңдар, – деп батасын беріп, қайта атына қонған.
Бұл кезде бас даяшы «құнандарды жарыс жолына шығарыңдар» деп дыбыс күшейткішпен хабарлап жатқан. Ірі бәйгі болған соң барлық ат тізімделіп, шабандоздарға нөмірі бар кеудеше берілді. Ракетаға тоғызыншы нөмір бұйырған екен. Тоғыз киелі сан, Оғланды мұны да жақсы ырымға балап қойды. Майтөбе басына келгенде де бұрынғыдай елдің арасына кірмей, оқшаулау тұрып жан-жағына көз жүгіртті. Әрбір ауылдың азаматтары өздерінше шоғырлана жайғасыпты. Жаңа ғана тай жарысында екі жирені қатар келген Оңталаптың жағасы жайлауда секілді. Бүкіл Дегерестік атбегілердің ортасында тұрып алып, әлденені сампылдап соғып жатыр. Ұлы бәйгіде алдына қара салмай жүрген Қарлығашпен жатырлас, сойқан қара құнаны бар деп естіген. Соны әкеліпті деп еді әлгінде біреулер. Шамасы құнан бәйгіні де шаппай бер дейтін секілді.
Қордайлық Кеңесхан, балуан Серіктердің көңіл-күйі пәс көрінді. Шамасы жаңағы тай жарысында ілінбей қалған болу керек. Кеңесхан күйгелектеу адам еді. Бәйгі болар күні ұйықтамайды, әрі тамақ та ішпейді деседі жұрт. Аламан атты байталы болатын, былтыр құнан бәйгінің бәрін сыпырды. Биыл дөнен, атқа қосылатын шығар. Әйтпегенде жүлдеге таласар жүйріктің бірі сол еді.
Оғланды төңіректі шолып келіп, төрдегі төрелерге көз тоқтатты. Өңшең мойындарына қылғындыра галстук байлаған тоқ қарындар жайғасыпты, арасында совхоз директоры Темірлан да бар. Қақ ортада қаққан қазықша қаздиып Бекбосын отыр. Үстінде қазақы шапан, басында сусар бөрік. Бекең айналасындағылардан анағұрлым көрікті, айбынды көрінді.
– Әй, Бекем-ай, – деп сүйсінді ішінен. – Адамзаттың сұңқарысың ғой…
Бекбосынмен қатарласа көрші ауылдың озат шопаны Жақып жайғасыпты. Аттан көрі қойды жақсы көретін Жақып дәл қазір бәйгіні емес, туып жатқан саулықтарын ойлап отырған болар, ала көзін төңкеріп жан-жағына самарқау қарап қояды. Ал ана бір ақ орамалды әйелді танымады. Тарғапта елден озған комбайншы қатын бар деген еді, дәу де болса сол шығар деп топшылады.
Оғланды осылайша өз ойымен әлектеніп тұрғанда, жұрт қопарыла жылжып алға қарай ұмтылысты. Құнандар жіберіліпті. Көппен бірге кеңірдегін созып бұл да қараған. Жарысқа шыққан қырық құнан екі топқа бөлініпті, соңында шуатылып қалғандары да бар. Алдыңғы топ сөренің қасынан өтті. Ракетаны байқай алмай қалды. Шамасы қалың топтың ішінде кеткен болар.
Майтөбедегі атшабар шеңбердің жалпы ұзындығы төрт шақырым. Жердің тоңы ескеріліп тайлар екі, құнандар төрт, ат алты айналымға жіберіледі. Екінші айналымға өткенде сонадайдан байқады. Ракета, басымен алысып жеке келеді. Оның соңынан Оңталаптың қарасы мен Отардан келген сары байтал түсіпті. Олармен құйрық тістесіп тағы бес құнан кетіп барады. Екпіндері сұмдық. «Ракета алып қашып кетер ме екен?» деп Оғландының іші қыпылдап тұр. Жоқ, ылдиға айналар бұрылыстан жақсы өтті. «Енді астыңғы айналымнан дұрыс өтсе екен» деп әрбір бұрылыс сайын өзі атқа шауып келе жатқандай қопаңдап отыр. Иесінің мінезіне әбден үйренген Қоңырау Оғланды қанша қопаңдаса да, былқ етер емес.
Құнандар сол құраммен үшінші айналымға кетті. Отардың сарысы төртке түсіп, оның орнына құйрығын көкке шаншыған қаракөк шықты. Ешкі бас, бұттары сидаң, еліктің лағындай сүйкімді екен жануар. Шамасы арабы тектес. Ракета әлі ауыздықсүйеп алдыда бара жатыр. Дыбыс күшейткішті ұстап алып, шапқылап жүрген даяршы енді алдыңғы бестіктегі құнандарды таныстыра бастады. «Бірінші келе жатқан өзіміздің ауылдың құнаны – Ракета, иесі – Отарбаев Оғланды» дегенде Майтөбеге жиылған жұрт араның ұясындай гуілдеп кетті. Оғландының да бойын мақтаныш сезімі кернеп, құлағы дыңылдап барады. Айналадағы адамның бәрі қызыға қарап тұрғандай сезінді, өзіне тесілгендердің ішінен Оңталаптың көзі өңменінен өтті. Жалт қарап еді, жанарын тайдырып әкетті бәлекет. Бағанағыдай емес, басылып қалған, шыжбалақтап бір орында отыра алар емес. Құнандар төртінші айналымға кетті. Бүкіл Ақтерек халқының тілеуі Ракетада…
– Әруақ, әруақ!.. Жабағы атамның әруағы қолдай көр, – деп барқырай ұран салған біреудің даусы шықты. Оғланды мойын бұрып қараған жоқ. Жамағайыны Жөкен екенін таныды. Аздап қышқылсуға жақындығы болмаса жақсы жігіт. Бағана ауылдың бір топ тракторисімен бірге қылжақтап жүргенін көрген. Сол Жөкен арақтың қызуымен қазір Ракета үшін күйіп-пісіп тұр. Әншейінде мас адамды көрсе қояншығы қозатын Оғланды бүгін керісінше Жөкенге риза болды. Бір нәрсеге көңілі толғанда жасайтын әдетіне басып, қалтасынан тарағын алып сақалына салды.
Құнандар астыңғы айналымнан өтіп, өрге бет алыпты. «Осы жерден аттың басын жіберерсің» деген шабандозға… «Көп қамшылама, еті өліп кетеді. Өте сақ отыр, шайпау неме кез келген сәтте үркіп, жалт беруі мүмкін» деп қатаң ескерткен. Өзінің Үтай әпкесінің немересі Айдос еді шабандоз бала. Жиеншарын өзіме тартқан деп жақсы көретін, бала да айтқанды екі етпейтін пысық.
Оғланды бәрін көріп тұр. Шабандоздар ат қамшылай бастады. Айдос әлі ұрған жоқ. Сауырына қамшы тисе Ракета дүлей шабысына салар еді, көсілер еді, әлі көсілмеді. Бірақ артына ілескен Қарабайталдан оқ бойы озық келеді. Ағылшын мен ақалтекенің буданынан шыққан Оңталаптың Қарабайталы, Қарлығаштан аумай қалған екен. Қап-қара, төрт аяғы алаяқ, жылқы біткеннің сұлуы. Шабысы да әсем. Бірақ бұл жолы сұлулықты дүлейлік жеңді. Қанша ұмтылса да алдындағы Ракетаға жете алар емес. Бүкіл Майтөбеге жиылған жұрт шулап кеткен. Құнандар сөреге бастар тіке жолға шыққанда тіпті әруақ шақырған, ысқырып қиқулаған, бас-бас… – деген дауыстан құлақ тұнды. Елдің бәрі сөреден қай ат бірінші өткенін көрмекке ұмтылғанда Оғланды қозғалмады. Ракетаға сенді, озғанын сезді.

***

Наурыз тойынан кейін Ракетаның дәурені жүрді. Ат аяғы жетер жердегі бәйгінің бәрінде алдыға қара салмады. Тіпті Алатаудың арғы бетін жайлаған қырғызға әлденеше барып, айырқалпақты ағайынды сан соқтырған. Құнаннан дөнен шыққан жылы бәйгіге қоспады – денесі босаңсиды деп… Бестіге тұяқ іліктіргенше үйірге салды – қоржынын босатып, құмарын тарқатсын деп… Ала жаздай жайдауда жүріп, жілік майы әбден толысқан тамыздың соңын ала қолға алған. Сол тұста алғашқы бәйгінің де дақпырты жетті. Ауыл арасындағы атшабыс емес, алты алашқа сауын айтылған үлкен той. Арқа мен Сырдың сейістері сәйгүлік жаратып, қырғыздың атбегілері алақанға түкіріп отыр дегенді естіген. Көп ойланбай Бекбосынға туралай тартты. Үйірін іздеп азынап тұрған айғырды сыннан өткізіп, ат жаратудың жайын ақылдасқан. Тоқсанға таяған қарттың қолына діріл жүгіргенмен сарайы бүтін, санасы сергек. Ракетаны басынан бақайына дейін көзбен бір сүзіп, танаудан тақымға дейінгі аралықты асықпай сипап шығып бұйдадан қашқан бұқадай басын алма-кезек шайқаған.
– Сүйегі ауырлап кетіпті-ау, жануардың, – деп күбірледі. – Бойында артық еті көп, ойында айғырлықтан басқа дәнеңе жоқ. Дәл қазір бәйгіге шабуды емес, байталға шабуды ойлап тұр мына дүлей, – деп езу тартты.
– Енді еркектің аты еркек, – деп Оғланды қосамжарласа беріп еді, «мал да иесіне тартады» деп өзін бір қыршып алды. Басқа сөз айтпай дәптер, қалам сұратқан. Тәптіштеп отырып жем-суын, жүріс-шабысын сағат, минутына дейін нақтылап қағазға жазғызды. Осыдан ауытқымауды жүктеп, он күнде бір келіп сыннан өткізіп тұруды тапсырды. Оғланды да бұл жолы өзінің бар білгенін жиып қойып, қарт жылқышының айтқанын бұлжытпай орындады. Ракета да мейіздей қатып жараған. Бұйыртса бәйгіге бірге барамыз деп отырғанда Бекбосын қарт аяқ астынан сырқаттанып қалды. Жастықтан басын әзер көтеріп батасын беріп шығарып салып еді.
– Құдай бәле-жаладан сақтаса бәйгіні аларсың, алдыңғы үшеудің бірі болып келер. Сол кезде өзің үшін бір берсең, мен үшін және бір ырым үлестір, тарылма. Жүйрік ат жеке адамның емес, жалпы халықтың қазынасы. Халық тілеуін тілеген аттың жолы ашылады. Елге бергеннен кем болмассың, – деп бір түйген. Сонан кейін Оғландыға бажайлай қарап үнсіз отырды да:
– Жылқы малы өте сезімтал келеді, адал бол! Сыбай-салтаң жүрістен тиылғаның жөн, – деген. Ауылға соққан сайын бойдақ келіншектерге қымыз апарғыштап жүргенін біліп қойғанын Оғланды сезді. Ұрлығы әшкереленгендей қызара бөртіп қысылған. Сол қысылған күйі далаға шыққанда жігіттер аттарды көлікке тиеп жатыр екен. Ракетаны бір көлікке жалғыз мінгізіпті. Көзі шапыраштанып, ұшқынымен шөп өртегелі тұр.
– Тағы бір көлік табыңдар, – деді мұртын сылап. «Оны не қылмақ?» дегендей аңтарылып қалған жігіттерге жауап берудің орнына «түйені қайда тиемексіңдер?» деп ежірейе қарады. Қарт жылқышы үштің бірі дейді, ал өзі бірдің өзі болғысы келеді. Содан үмітті, бас бәйгіге тігілген түйені жетелеп қайтарына сенеді. Алда-жалда құдай қалап, әруақ көтерсе ол түйені өз үйіне емес, Бекбосынның шарбағына барып байлармын деп бекінген. Бірақ тұлпарлар жер апшысын қуырып дүниені дүбірге бөлеп жатқанда өмірі жылқы үстінде өткен қарт жылқышы да дүниеден көшіп кетерін білмеді. Бәйгіні алып, масайрап тұрып Бекбосынның қазасын естіген Оғланды жас балаша өксік ата жылаған. Ауылға жетер жерден көліктегі көп аттың бірін түсіріп мінді де көшенің басындағы Бекбосынның үйіне қарай көзден жас, көкіректен шер ытқытып жөнелген.
– Азаматым-ай, – дескен көрген шал-шауқан кеу-кеулеп…
– Аға сыйлау осы емес пе? – деп кемпірлер жағы кемсеңдеген.
– Оғланды Бекбосынға ат қойып келіпті, атымен бірге бәйгіден алған түйесін де байлапты, – деген дақпырт елден, елге тарады.
Келер күзде Ақтерек ауылы бірігіп, Ленин орденінің иегері Бекбосынға ат шаптырып, ас берді. Оғланды бұл жиынның сойыс малын көтеріп, тікесінен тік тұрып қызмет етті.
Бас жүлдеге Оғланды берген қоңыр бура тігілген еді. Ракета дара келіп, бір түйені екінші рет ұтып алды.

***
5. Қырсық

Ракетаның әрбір бәйгісі Оғландының көз алдында. Дүниенің басы сайран, соңы ойран… Керемет басталған тұлпар тағдырдың қырсыққа ұрынғаны жанын кеміреді. Алматыда «Тайбурыл» телебәйгісі өтіп, ат жүгіртіп, тұлпар мінген жұрт бір желпінген шақ-тұғын. Телеарнадан күнде көрсетеді. Түп негізі Дегерестен шыққан Талисман, сүліктей жылтыраған Қаратөбел, жер тарпыған Көкдауыл, Бақторы, Сарыгүлдің жарнамасы жер жарады. Бірі таза қанды ағылшын жылқысы, екіншісі арабы тектес, енді бірі ақалтекемен будан. Қазанат та жоқ емес.
«Тайбурылдың» бірінші бәйгісіне Оғланды қатыса алмай қалды. Кештеу қимылдаған, тіркеліп үлгермеді. Ол бәйгіде Талисман чемпион болған. Қаратөбел екінші, Сарыгүл үштікті түйіндеді. Сол жылдың күзінде Қаскелеңде өткен бәйгіде Ракета мен Сарыгүлдің жолы түйісті. Әдеттегідей топ бастап, алдына жан салмай келді де ақырғы айналымның орта тұсына барғанда өз-өзінен кілт тоқтады. Аттың шабысын дүрбімен қадағалап отырған Оғландының жүрегі де бір сәтке тоқтап қалғандай болды. Денесінен суық тер бұрқ еткенде есін жиды. Әншейінде іркіліссіз шабатын Ракета бірдемеден үріккендей алдыға баспай, қамшы салса құйрығын шыжбаңдатып, қырсық есекше қасарысып тұр.
– Мертікті… Аяғы сынды, – деп ел шулап жатыр.
– Аяғы сынса, құлау керек еді ғой. Жоқ, сынбаған, – деп даурығысады өзара.
Ракета бас-аяғы үш минуттай тұрды. Бір кезде ептеп қозғалды, желе-шоқырақтап шапты, артынан қайта көсілді. Бұл уақытта алдыңғы топ ұзап кеткен. Сөреге дейін қуып жетуі неғайбыл. Оғланды қалш-қалш етіп дегбір табар емес. Ракета дүлей шабысына салып ұшып-ақ келеді, сол ғана дәтке қуат. Қашықтық сәл ұзақтау болғанда барлығын басып озары сөзсіз еді, мәре тым жақын. Жоқ, жететін түрі бар, әне алтыншыға түсті… Бесіншіден өтті, төрт, үш, екі, сөреге тақап қалды.
– Я, әруақ! Жасаған ием, жаппар хақ, – деп Оғланды жүгіріп шықты мәреге қарай. Сарыгүлдің мойны озып келіпті. Біреу сойылмен салып жібергендей тәлтіректеп барып отырып қалды. Атты көтермелеген көпшілік бәйгіге ілінгендерді жетектеп апарып, жүлдесін алып жатыр. Оғланды бармады, баласын жіберген. Елден жырақтап, Ракетаның қанын таратып жүргенде жетпістен асқан қария келген қасына. Сарыгүлдің иесі екен. Өзі төртпақ болғанмен сүйегі ірі. Күректей алақанымен Оғландының арқасынан қағып басу айтты.
– Атың жүйрік-ақ екен бауырым! Осы уақытқа дейін талайдың шабысын көрдім, бірақ мұндай мінезді жылқыны кездестірмеппін. Бір қырсық айналдырып тұрған секілді, – деп кете барған. Оғланды бас изегеннен басқа ләм дей алмады. Айтары да жоқ еді.
Содан бергіде бәйгі сайын, Ракета екі-үш рет тоқтайтынды шығарды. Ауыздығымен алысып алдымен бір-екі айналым бойы көкпар алып қашқан жігіттей елді соңынан шұбатады. Үшінші айналымда кілт тоқтайды. Басқалар екі-үш шақырым ұзап кеткенше тұрады да қайта шабады. Қайта басып озады, сосын тағы кідіреді. Егер сөреден өтер тұс құдай қолдап шабатын кезіне сай келсе жүлде алады. Керісінше шықса құр қалады. Оғландының жасамағаны жоқ. Шабандоздың қамшысына қаудырлаған салафан байлап берді, тоқтай қалса үркітіп орнынан қозғап аларсың деп… Қалтасына қой айдайтын сылдырмақ салды. Бәрі кәдеге жарамады. Бір тұрса, қасарысып, қашан өзі қалағанша қозғалмайды. Жарыс ұйымдастырушылары келіссе Оғланды арнайы адамдарын дайындап қоятын болды. Олар шеңбердің ішінде ойқастап шауып жүреді. Ракета тоқтай сала тұс-тұстан құйғытып барып қамшылап, құйрығынан бұрап, қозғап жібереді. Бірақ ірі бәйгілерде ондайға рұхсат бермейді көбіне. Бір білгіштер сөйтіп тоқтаған кезде, құлағының түбінен мылтық ат деп ақыл айтты. Оны да көрді, еш нәтиже жоқ.
Осылайша салған құсы тасқа түсіп, иті қырын жүгіріп тұрған шақта «Тайбурыл» жарысы тағы да өтеді деген хабарландыруды естіген. Алматыға барып тіркеліп келді. Жорға салыстыру болады екен, Қоңырауды да қоспақ ниеті бар. Бірақ осы шаруаның барлығын біртүрлі көңілсіз атқарды. Бұрындары бәйгі десе түлкі көрген тазыдай жұтынып тұрушы еді, бұл жолы бәрі сылбыр. Үміттен көрі күдігі басым. Ракета тоқтамай шапса озары сөзсіз. Оғланды бір сәтте бүкіл республикаға әйгілі адам болар еді. Бірақ жануар жын соққандай қырсығады да қалады. Осындайда ақыл айтатын Бекбосын да жоқ қасында, шақшадай басы шарадай болды. Балалары «елге күлкі болғанша қоспай-ақ қойсақ қайтеді» деп қайта-қайта күңкілдеген. Бірақ Оғланды алған бетінен қайтпады. Соңғы рет Ракетаны бәйгіге салмақ. Жануар арманда кетпей, өзі қатарлы шын тұлпарлармен де бір жарыссыншы» деген ішкі есебі бар.
Алматыдағы ипподромды бірнеше мәрте келіп көргенмен алғаш рет ат қосып отыр. Жорғалар жарысына үлкен ұлын мінгізіп, Қоңырауды жіберген. Он бес аттың ішінде бесінші болды. Бірақ жүлде үш атқа ғана тағайындалған, бәйгіге ілінбеді.
Құнан жарыстан кейін, ұлы бәйгіге кезек келді. Қазақстанның әр өңірінен жиналған отыз екі сәйгүлік сап түзеді. Дәстүрлі белгі қағыла сала қатарласа жүйткіді. Оғланды көзімен Ракетаны іздеп әуре болмады, туа бітті тентектігіне салып өршеленіп жеке келеді. Қаумалаған жұрттың алдынан топ бастап өтті. Ат жарысын жүргізіп тұрған диктор саңқылдап Ракетаны елге таныстырып жатыр. Арасында Оғландыны «Алматы облысының белгілі бапкері» деп асыра мақтап қояды. Бірақ Оғланды мұның бәрін сүлесоқ қабылдады. Ракетаның тоқтайтын жерін шамамен көздеп отыр. Күткендей-ақ екінші айналым бітіп, үшіншіге кеткен кезде Ракета кілт тоқтады. Артында келе жатқан Көкдауыл мен Қаратөбел соқтығысып, арандап қала жаздады. Айдос үсті-үстіне тебініп, қамшылап әлек. Ел ду ете түсті, бұл жерде мұндай боларын Оғландыдан басқа ешкім күтпегендей… Диктор да әңгімесінен жаңылысып, айтар сөз таппай далбасалап жатыр.
Ракета орнынан қайта қозғалғанда алдыңғы топ жарты айналым ұзап кеткен еді. Төртінші айналымға кеткенде қуып жетіп қайтадан алдыға түсті. Бәйгіні тамашалап отырған елдің барлығы таңдай қағып, таңырқап жатыр. Бесінші-алтыншы айналымда тағы да алдыңғы топты бастап жүрді. Оғландының есебі мен Ракетаның әдеті бойынша енді жетіншінің ортасына барғанда кідіріс жасауы тиіс. Содан сегіз бен тоғыз қайта шабады, оныншы айналымда тағы тоқтайды. Он емес он бір, он екі айналым болғанда бас бәйгіні алар еді, әттең деп іштей опынып та отыр. Болжағаны дәл келді. Оныншы айналымға келгенде Ракета тұрды да қалды. Ол тұрғанда Оғланды да орнынан көтеріліп, сыртқа бет алған.

***

Оғландының үйі жайлаудан күзекке көшуге қамданып жатқан. Ырғайтының аузын бір ай жайлап, ары қарай қыстауға тартпақ. Биылғы қыс қалай боларын кім білсін, былтыр қар қалың түсіп, аяз ақырып, үскірік ұрған қаһарлы қыс болды. Жылда қар теуіп шығатын жылқылар қатты боранда қолға қарап қалған. Бір мезгіл шөп шашып, жем бергенмен аузымен жұлып жемегеннен кейін жылқы баласының күйі болмайды екен. Биелердің көбі құлын тастап, қыстан сүлдерін сүйретіп зорға шықты. Итқұс та ерекше құтырды. Бір қыста төрт басын қасқырға алдырған Оғланды енді оның орнын қалай толтырмақ, жоспарды қайтіп орындамақ? Әбден басы қатты. Совхоз бастықтары бар мағлұматтан хабардар болса да жаз бойы сазарып-безеріп жақ ашпады. Не ойлағанын кім білсін?! Алда-жалда сөзге келетіндей болса, өздерің бағыңдар деп жылқыны өткізіп бермек ниетте. Бірақ одан кейін не тіршілік қылмақ? Оғландының көңілі күпті. Сол бір зілмауыр ой ала жаздай еңсесін көтертпеді. Бүгін тіпті төсектен салыңқы тұрды. Ат соққандай денесі ауырлап қалған.
Таң намазынан соң қисая кеткені сол еді, шым-шытырық түс көрді. Өңшең бір-бірімен қабыспайтын дүниелер әйтеуір. Есіне түсіре алмай біраз әлектенді. Үлкен ұл келіп, сөзге тартпағанда түске дейін түсін іздеп отырар ме еді, кім білсін?!
– Көке, Ракетаны қашан алып қайтамыз?
– Ә, не дейсің? Қайдағы Ракета?
– Дегерестен Ракетаны қашан алып қайтамыз? – деп баласы тағы қайталады. Сонда ғана Ракетаны Оңталап ауылына жігітшілікке жібергені есіне түсті. Былтыр күзде Дегерестегі Оңталап «Ракетадан тұқым алайық» деп кісі салыпты. Елшілікке әйгілі атбегі Сапар Мараттың өзі келген.
– Сасық биелеріне секірте бермей күшін бойында ұстасын, көктемде Қарлығаш бастатқан оншақты жүйрікке қосақтайық, – депті. Қарлығаш та шабыстан қалды деп естіген, біреулер аяғына жем түскен десе, енді бірі лайсаңда сіңірі созылған дегенді айтатын. Енді әйгілі жүйрікті бие қылмақ. Ракетаға көз тиген, дұғаланған деген күдікпен бақсы-балгердің барлығын адақтап шыққан Оғланды күтпеген ұсынысқа кәдімгідей ойланып қалды.
– Е, Қарлығаштың да дәурені өткен екен-ау, – деп ұйысқан сақалын тарағымен жазды. – Өмір бойы аттың бабын ғана емес өздерінің бағын жарыстырып өткен Оңталап пен Оғландыны құдай құда қылмақ па сонда?
Оғланды өз ойына өзі мырс етіп күліп жіберген. Бір тамақ жеп Сапар Марат үйіне қайтқан. Ерте көктемде Ракетаны Дегереске апаратын болып келісті. Шарт бойынша артық кемі жоқ он биеге салады. Төлі теңдей бөлінбек.
– Қанша күн болды кеткеніне? – деп сұрады Оғланды күздегі келісімді есіне енді алып…
– Екі айдан асты ғой…
– Ә, онда әкелу керек екен.
– Бүгін барайын ба, әлде өзіңіз барасыз ба?
Оғланды, баласының соңғы сұрағын естісе де жауапсыз қалдырды. Кешегі көрген түсі есіне түскендей. Көңілі басқаға ауса тағы ұмытып қалармын деп жалма-жан баласына қолын ербеңдетіп «бар, бар…» дегенді ымдап түсіндірді.
Әкесінің бүгінгі қылығын ұқпаған үлкен ұл иығын қиқаң еткізіп, сыртқа шығып кетті. Ал Оғланды кешегі түстің шетін ұстаған секілді, енді соны ақырындап тарқатып отыр.
Қас қарайған кез екен. Майтөбенің атшабарында Ракетаны шілдеге салып, суытып жүр. Бір кезде салт атты біреу пайда болды. Шоқырақтап бара жатқан мұнымен қатарласты. Үзеңгі қағыстырғанда таныды – Бекбосын екен. Астындағы Қыңыр қасқа секілді.
– Оу, Беке! – деп амандасуға ұмтылып ат тізгінін тарта бергені сол еді, Бекбосынның даусы саңқ ете қалды.
– Әй, Оғланды, – деген басын оңды-солды шайқап. – Адал бол дегенім қайда? Бәйгіге қосар жүйрікті ұрлыққа мінгенді қай атаңнан көрдің, антұрған, – деп атын тебініп жүріп кеткен. Cәлемін де алмады. Бұл қолын ұсынған күйінде артынан қуалай шапты. Жете алмады. Тебініп, қамшы салып еді Ракета қырсықтығына басып қозғалмай қойды. Арғы жағы есінде жоқ.
Бекбосының түсінде айтқаны, өңіндегідей қазір де құлағынан кетпей тұр. Қайдағы ұрлық? Нені меңзегені? Ақылы жетер емес. Біреуге жорытпаққа бекінді де артынша ол ойынан бас тартты. Күні-бойы әлгі түстің жұмбағын шешуге тырысты, бүкіл өміріне ойша көз жіберді. Еш жерде қия баспаған секілді. Бекбосын ескерткелі ауылдағы жесір әйелдерге жасайтын жігіттік жорығын да тиған. Біреудің ала жібін аттамап еді, қайдағы ұрлықты айтып тұр. Түс түлкінің боғы деп ешкімге сыр алдырмай қоя салайын дегенмен ішкі бір ой түртпектеп маза бермейді. Өзі білмейтін әлдебір қылмыс бар секілді. Түскі асты ішкен соң әдеттегідей көз шырымын алмақ болып төрге құрақ көрпе тастатып қисайып жатқан. Көзі ілінсейші… Тағы да сол түсін жори алмай әлектенді. Ары жатты, бері жатты. Бір кезде ұшып түрегелді.
– Cол, нақ өзі… Соны айтып тұр, – деп есалаң адамша айғай салғанда ауызғы бөлмеде нан ашытып жатқан Бижамал есі шыға жүгіріп келген.
– Астапыралла! Оғылан, не болды? Не болды?
– Не болмады? Не болды дейді ғой өзі, – деп қарсы атырылды. – Айттым саған сол саулықты жетім-жесірге таратып жіберейік, – деп… Көнбедің. Сол менің жолымды байлаған, – деп бәйбішесін итеріп жіберіп далаға шықты.
– Айбын, Айбын, – деп айғай салды. Иесінің даусын ести сала қора жақта жатқан ұялас екі төбеті жүгіріп келді. Баласы көрінбейді. Үлкен ұлды бағана Дегереске жібергені енді есіне түсіп, үйге қайта кірді. Жаны жай табар емес, қуаныш пен өкініш араласқан әлдебір сезім дегбірін алып барады.

***

Содан бері екі жылдай уақыт өтіпті-ау… Ракетаның атағы дүрілдеп тұрған кез. Жуық арада бәйгі болмаса да Оғланды жүйрігін бабында ұстайтын. Уақтылы қаңтарып, бойына артық ет жинап, қазы байланбауын қадағалайды. Бұлшық еттерін жетілдіремін деп аптасына екі мәрте Құрқойынның беткейіне желіп шығып, шоқырақтап түседі.
Қойнауында өзен тұрмақ, бұлағы жоқ жалаңаш таудың басына әдеттегідей сар желіспен көтеріліп бара жатқан. Бір кезде Ракета әлденеден үркіп жалт берді. Оғланды бос отыр еді, ауып түсе жаздады. Осқырынып барып әзер тоқтаған Ракетаны қайта қамшылап, жаңағы тұсқа тақап келді. Тобылғының түбінде бірдеме теңкиіп жатыр, сыр-сыр етіп демалады. Анықтап қарағанда байқады, қой екен. Күндіз бұл маңда бірнеше отар жатқан, қайсысынан қалғаны белгісіз. Қырдың шөбіне әбден тойынғандықтан, шұңқырға үйелеп қалған болу керек. Іші тегештей болып ісініп кетіпті. Енді болмаса өледі екен. Оғланды жан қалтасынан тастамайтын бәкісін алып, бауыздап жіберді. Ракетаны бір тобылғыға байлап, әлгі саулықтың ішек-қарнын ақтарып тастады да, өңгеріп үйіне әкелді. Бір-екі рет ауылдағы кембағалдарға садақа қылып үлестіріп жібермек болып ниеттеніп еді. Бижамал «еті әппақ қардай семіз екен» деп тамсана берген соң “тұздап, кептіріп ал» деген. Іздеушелер келсе орнына бір қойды берермін деп бекінген.
Ертеңіне ешкім келе қоймады. Тек арғы күні хабар жеткен. Совхоз қоймасының меңгерушісі маңқа Мұқанның қойы екен. Көшенің кезегіне қосып бағатын көрінеді, содан қалып қойған. Маңқа дегенге Оғланды кірпіше жиырыла қалды. Шолақ белсенділер жоспарды артығымен орындамадың деп әбден зәрезап қылып еді, іздегенге сұраған. Бір мұқатайын деген ой көңіл түкпірінен атойлап шыға келді. Қырсықтығы ұстап, бермеске шықты. Жоқ іздегендерге көрген жоқпын деп шығарып салған. Күйеуінің мұнысын түсінбей бетіне таңғала қараған әйеліне тырп етпе дегендей санынан шымшып алды.
– Мұқан осыны еңбек қып тапты ғой дейсің бе, маңқаның мұртын балта шаппас, – деп мырс еткен.
Мұқан совхоз қоймасының кілтін неше жылдан бері қалтасына салған шынжыр балақ, шұбар төстің бірі. Тірі қойды өлгендер санатына қосып, ауданға жалған ақпар беретінін… Өзге бастықтарымен ауызжаласып, ешкімге құйрығын ұстатпайтынын талай естіген. Жемқор деп сырттай жақтырмай жүретін. Енді соны бір нұқып қалудың реті келді деп пенделікке салынып іштей қуанған. Бірақ Оғланды ол күнгі қой кезегін Ғайни шалдың кемпірі баққанын артынан білді. Білді де өкінді. Күйеуі ерте қайтқан, қолында екі жиен немересімен ғана тұратын кейуана қанша жыласа да Мұқан бойбермей қойын төлетіп алғанын естігенде, өзінің әбестігіне опынды.
– Қойды мен сойып алып едім, – деп баруға бір жағынан бет шыдамайды, кеуде жібермейді. Елдің сөзінен де қорқады. Кейінірек сорпа-суыңыз деп бір тоқтыны апарып берермін деп өзін-өзі жұбатқансыды. Алайда «әне-мінемен» жүргенде ол да есінен шығып кетіпті. Сол екі арада Ғайнишалдың кемпірі қайтыс болды. Алматыдағы қыздары бүкіл малын сатып, екі немересін көшіріп кеткенін кештеу естіді.
Енді мінекей!.. Сол ұрлығы алдынан шығып отыр. Өкінгенмен не пайда? Болар іс болды, бояуы сіңді. Дегенмен мойнындағы қарыздан қалай құтылмақ? Құныкері кім? Кеудесіне нан піскен Мұқан ба? Ол зәлім кәрі кемпірдің қойын шырылдатып тұрып тартып алған жоқ па? Ал, малдың иесі әлдеқашан ана дүниеге кеткен. Кімнен кешірім сұрамақ? Әлде Ракетадан ба? Тентек болса да текті жануар иесінің қараулығын кешпеген болып тұр ғой…
Оғланды үйдің төрін ойып жіберердей дүрсілдетіп, ары-бері теңселіп жүрді де қойды.
– Ракета бүгін келсе, ертең кешірім сұраймын, – деді күбірлеп. – Бір қошқарды өңгеремін де тура Құрқойынның қапталына тартамын. Анажылы үйелеген қойды тауып алған шұңқырға барып, Ракетаның көзінше құрбан шаламын. Керек болса тұяғын сүйіп кешірім сұраймын. Құрбандықтың етін жетіге бөліп таратамын. Одан бір қойды сойып алып Алматыға барамын, Ғайни шалдың қыздарынан кешірім өтнемін, – деді ертеңгі шаруаның барлығын кесіп-пішіп…
– Тек жануар қателігімді кешірсе болғаны!..

***

Сәскеге қарай, ауылдағы шопыр Жұманның көлігімен Дегереске аттанған Айбын кешке дейін келмеді. Қайта-қайта дүрбі салып, жол тосқан Оғланды қас-қарайғанша әзер шыдады. Малды қоралай сала кенжесі екеуі қызыл нивасына мініп, алдынан шықпаққа аттанды.
Жүрегі әлденені сезгендей, біртүрлі атқақтап соғады. Ақтерек пен Дегерестің арасы қырық шақырымдай жер. Алматы-Бішкек тас жолымен барып, Дегереске бұрылар тұста Басбатыр асуы тұр. Кезінде Шапырашты Наурызбай үш жүздің әскеріне қолбасшы болып сайланғанда осы жотаға шатырын тігіп жатыпты деседі. Содан бері бұл тау Басбатыр аталады. Оғланды Басбатырдың етегіне іліне бере жол жиегінде қараңдаған адамдарды байқап қалды. Жарым түнде жол бойында тегін адам жүрмесі анық. Жылдамдықты азайтып, анықтап қарады. Автокөлік соқтығысқан секілді. Жүрегі зырқ ете түсті. Дереу тоқтай қалып, далаға атып шықты. Бірден таныды. Жұманның мәшинесі төрт дөңгелегі аспаннан келіп, аударылып жатыр. Бірнеше адам, айналсоқтап жүр. Тағы бірқатары арғы жақта дабырласып, тоңқаңдап бірдеме істеп жатыр.
Оғландының көзі ештемені көрер емес, құлағы да естімей қалған секілді. Бір кезде «көке, көке…» деген Айбынның даусы шыққанда ғана өз-өзіне келді. Өмірі балаға мейірленіп көрмеген қатал әке көзіне жас алып кемсеңдегенін сезбеген еді.
– Не болды? Не болды? – деп сұрай берген. Арғы жақтан тәлтіректеп жеткен Жұман мен Айбын екеулеп әлденені айтып жатыр. Оғланды олардың сөзінің бірін ұқса, бірін ұғар емес. Ара-арасында «Ракета, Ракета…» – дегенді құлағы шалып қалды.
– Ракета қайда?– деді әлсіз ғана.
– …
Ешкім жауап бермеген соң «Ракета қайда?..» – деп ақырды.
– Бәріне мен кінәлімін, аға, – деп Жұман жерге қарады.
– Кінәлісі несі?..
Оғланды ызаланғанда сүзеген бұқаға ұқсап мойнын күжірейтіп алушы еді. Сол әдетіне басып, Жұманға тақалып барып гүжілдеді.
– Ракета қайда? Айт!
Арақтың иісі мүңк ете түсті. Ішкен секілді қызталақ. Өзіне төніп келген еңгезердей шалдан қаймыққандай Жұман артқа жылжи берген. Айбын араға түсіп, Оғландыны қолтықтап дабырласқан адамдарға қарай жетелеп жүрді. Одан кейінгі көргендері Оғландының есінде жоқ. Таң атқанда өз-өзіне келген. Теңкиіп жатқан Ракетаның басын құшақтап, мылқау адамша булығып отыр екен. Алқымы шылқыған су, шамасы көздің жасына шыланған болу керек. Аяғында жан жоқ секілді, ұйып қалған. Қос қолымен жер тіреп тұруға ыңғайланғанда, ту сыртынан біреу келіп демеп жіберді. Кенжесі екен, өлген тұлпарын жоқтап өкірген әкені түні бойы көз ілмей, күзеткен секілді.
Оқиға орнына милитциялар келіпті. Бір топ адам жабылып, Жұманның мәшинесін тұрғызғалы жатыр екен. Оғланды ешкімге де, ештемеге де қарамады, көлігіне отырып ауылға тартты. Тек бәріне өзін кінәлі санап, күйгелектеп жүрген Айбынға, Ракетаның денесіне пышақ тигізбеуді тапсырды. Өзі ауылға келген бойда, күрегін ұстап Құрқойынды бетке алған. Болған жәйтті Ракетаны жерлегеннен кейін ғана естіді.
Қырсық шалғанда Ракетаны алуға барған күні Оңталап үйінде болмапты. Малға бас-көз болуды Сапар Маратқа жүктеген. Оңталаптың көзі тайса болды жүз граммды қағып салып отыратын Марат қу мыналар барғанда қутыңдап шыға келеді. Жұман да салынып ішпегенмен бір тартары бар жігіт. Екеуі отырып екі жартылықты босатады. Ымырт үйіріле «қоныңдар» дегенге көнбей жолға шығады. Басбатырдың қауіпті бір бұрылысында ләйліп келе жатқан Жұман көліктің тізгініне ие бола алмай қалады. Ары шайқалақтап, бері шайқалақтап барып жолдан шыққан ГАЗ-53 екі аунап тұрыпты. Жолдың оң қапталы терең құз болатын, абырой болғанда оған жетпей жазыққа қарай домалаған. Өздері аман. Телешкідегі Ракетаның мойны үзілген.

6.Тізгін тартар

Құрқойынды бетке алған қос атты жол-жөнекей аялдаған жоқ. Тек таудың ортан беліне дейін өрмелеп барып, тоқтаған. Екеуі аттарын қалмақ шалып айқастыра байлады. Алыстан қарағанда топталып өскен тобылғы секілді көрінетін, қоян жон төбенің қасына барып жүрелей отырды. Қыбырлап ары-бері жүрді. Бұлардың Оғланды мен немересі екенін беткейде мал жайып жүрген қойшылар бірден таныды. Аптасына осында бір соғатынын жақсы біледі. Зерігіп отырған олар Оғландылар кетер-кеткенше дүрбімен кезек-кезек қарады. Құрқойынның беткейінен қос жолаушы құлдап түскенде қойшылар да атқа мінген. Артынан бірі шақшасындағы насыбайын қағып, екіншісі газет қиындысына махоркасын орап жатып:
– Ракета десе, Ракета еді ғой жануар, – десті…

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған