Түсіме ылғи теңіз кіреді. Әйгерім Тұрлықожа

Түсіме ылғи теңіз кіреді,
Тербелген толқын жағасы.
Аспанмен оның егіз жүрегі,
Аспандай биік бағасы.

Көкпеңбек түсі жанды баурайды,
Баурайды көзді ол тынбай.
Көкжиек тұстан таң қылаулайды,
Оянам тулап толқындай.

Телегей теңіз – тіршілік кешіп
Лайланбас түбі шайқалсаң.
Жағалауына құлшынып келіп,
Тыныштық іздеп қайтам сан.

Асау да асау ағыстарында,
Жай тауып жаным жатқанда.
Толқынға бұйра жабысқанымда –
Оянып кетем ақ таңда.

Теңізбен бәлкім, егіз жүрегім,
Оянам жарық отынан.
Түсіме ылғи теңіз кіреді,
Ой аулап үнсіз отырам…

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған