Таңғы шықтай мөлдір жырға адамзат баласының жүрегі қашанда ынтық. Өмір атты ұлы мұхиттың сан толқынына омырауын тосып, тірліктің дауылында, жауынында жүріп, өзінің ақиқатын айшықтаған, күйініші мен сүйінішін талантымен тұтастырып, өлмес жыр түлеткен ақын атаулыға ақыл иелері әманда мұқтаж. Содан да болар, аспан асты, жер үстінде салтанат құрған сөз өнерінің ең ұлысы поэзия секілді көрінеді. Ал поэзия асқақтайтын жерде ой омартасына бал тұндырғысы келетін іңкәр жүректілер төбе көрсетпек.
Рас, ай бұрын алты Алашқа болмаса да, жер жаннаты Жетісу өлкесіне сауын айтып, саф өнердің кеші өтеді деп облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы сүйіншілеген болатын. Мезіреті келіп, мезгілі жеткенде шырайлы кеш шымылдығын түрді. Тотыдай түрленген Талдықорған төрінде жетісулық жеті ақынның асқақ үні қалықтады. Өміршең жырлары жүректен-жүрекке жетіп, тамырды тулатты. Таным көкжиегін кеңейтіп, тағылымға тамыр тартты.
«Жапырақ жауған күз» атты поэтикалық әдеби-сазды кеш шымылдығы жалпақ жұртын жырымен тебірентіп келе жатқан жеті ақынның күз туралы кестелі жыр шумақтарымен түріліп, көңілді көкжиекпен астастырғандай күйге бөледі.
Ұлттық рух, бабалардың асқақ болмысы мен танымын, салт-дәстүрін жырына арқау етіп жүрген ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Жұматай Оспанұлы, екпіні таудан аққан өр өзендей адуынды да асқақ, философиялық астар мен терең иірімге толы поэзия авторы Айнұр Төлеу, махаббат пен ғадауат, мейірім мен шарапат сынды толғауы тоқсан тақырыпта сезімнің нәзік қылын шерткендей тебіренер Сағыныш Намазшамова, шалқар шабытпен терең иірім, асау арналы тау толқындай тұнық та саф жыр түлетіп келе жатқан Гүлбақыт Қасен, кешегі заманның серілер елесін шалдырып жүрген Жангелді Немеребай, адам сезімінің ақиқатын екпінді сарынымен ерекшелеген Әмина Адайхан, юмор мен ақиқатты астастырып, өзінше қолтаңба қалап келе жатқан Салтанат Құмархан поэтикалық кештің көрігін қыздырды.
Әдемі әдеби әлемде атой салған рухани шара кейіпкерлері мыңның жүрегін жаулаған тұмарлы жырларын тебірене оқыды. Б.Римова атындағы облыстық драма театрына жырға сусап келген жетісулық көрермен тамаша кештің куәгері болды.
Адам баласының рухани өмірінің ең ұлы жетістігі сөз өнері десек, мәртебелі поэзия мыңжылдықтардан тамыр тартқан ұлы құдірет екені айқын. Жабыққанда жұбану үшін, тасыр тірліктен қажығанда серпілу, рух мұқалғанда шалқар шабыт алу үшін ақын жүрегінен құйылып түскен қазынаға әрбір адам бас қояры даусыз.
Мың бояуы шашылған өмір соқпағында өз жүрегінің соғысын саф өнермен жұртына сездірген жетісулық жеті ақын жалынды жырларын паш етті. Бірде алау сезімнің жалынын үрлегендей болса, енді бірде қоңыр шекпен киінген күрең күзге, мезгілге деген махаббаттарынан туған тебіреністерін термеледі. Ал келесі бір жырларында азаматтық лирика, философиялық толғанымдарын тыңдарман жүрегіне қондырды. Ақиқатты тану, жалғаннан жеріну, шығыс шайырларының ғазалымен үндескен туындылары да өлеңсүйер қауымның өр сезімінің нәзік қылын дөп басқандай болды.
Алғаш рет өтіп отырған осынау кеште облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әнші, бишілері де өнер көрсетті. Сондай-ақ, «ДОМБЫРА-ЛАЙФ» тобы музыкамен сүйемелдесе, өз кезегінде ақындар тек жырларын оқып қана қоймай, қазақ халқының әсем әндерін әуелете шырқады.
Рас, өлең – өмір өрісі. Қандай заман келсе де, ақиқаттың айнасы болып жыр түлеткен ақындар төбе көрсетпек. Олардың сезімінен туған поэзия мәңгілік жасай берер мұра болып қала бермек. Бүгінде жалпақ жұртына танылып, Жетісу жерінің мақтанышына айналып үлгерген Жұматай Оспанұлы, Сағыныш Намазшамова, Гүлбақыт Қасен, Айнұр Төлеу, Жангелді Немеребай, Әмина Адайхан мен Салтанат Құмархандар қазақ әдебиетіне әлі де шоқтығы биік шығармалар алып келетіні анық. Десе де, бүгінге дейін жазған туындыларымен талай жүректі тулатқан осынау ақындар рухани шараның көрігін қыздырып, көпке қуаныш сыйлады. Ал «Жапырақ жауған күз» поэтикалық әдеби-сазды кештің қоюшы режиссері Назым Өтеулинованың еңбегі әдеби кештің әсем өтуімен көпшілікті еріксіз мойындатты десек артық айтқандық емес.
Поэтикалық кешке Алматыдан арнайы келген көрерменнің бірі, танымал әнші Роза Әлқожа да алған әсерімен бөлісіп, әлеуметтік желіге жазба қалдырды. “Бикен апаның атындағы театрға кірсек, күз тамылжып, сахна сағынышқа бөленіп тұр екен. Кешігіп жетсек те үміт ақталды. Ғажап әлем! Ғажап өлең! Ақындар алма-кезек өлең оқып, дуэт боп ән де шырқады. Көктемде күткен, жазда жаңылған романтикалық күйді осы жерден тауып қоңыр күздегі қоңыр күйге бөлендік. Жапырақтардың мұңын, қыз жүрегінің үнін, батыр жүректің қалауын ұғындырған жырлар жүректерге төгіліп жатты. Режиссер әр ақынды актер, әнші етіп жібергендей! Шіркін, әр поэзия әр автордың жан дірілімен қоса жеткені қандай әсерлі?! Соңында саксафон ап шыққан жігіт те есте қалған ескі күндерді қайта жаңғыртты. Сөйтсе, ән де артық екен-ау мынадай кештен соң?! Айналып жатқан уақытты бейнелегендей ақындар да шеңбер бойымен айналып өткенде жапырақтар саулап жерге түсіп жатты. “Браво” дедік біз де шаттанып. Бәлкім өмір жалғасып жатқанына қуандық?! Бәлкім, әр ақын өлеңін ұмытпай, әдемі киініп жарқырап шыққанына қуандық па?! Әйтеуір, режиссер деп күбірлеп, ақындармен жарыса суретке түстік”, – деді Роза Әлқожа.
Форматы мен идеясы бөлек, тыңнан өрілген кеш жайлы белгілі журналист Гүлжанат Мақұлжанова: “Жапырақ жауды. Жыр жауды. Жетісудың 7 ақыны жыр кешін өткізді. Іштен шыққан баладай өз туындыларын өздері “мәпелеп” оқығандары әсерлі. Жетеуі де сегіз қырлы,бір сырлы. Ән де салды. Әнші емес. Бірақ әсері еселі. Жаным жұтап жүр еді. Рухани құтайып қайттым. Идея керемет! Өлеңнің киесін арттырды. Ақындардың құрметін асырды”, – деп ағынан жарылды.
Көңілге күмбір күй сыйлағандай жан жадыратқан кеште облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев қорытынды сөз алды. Ол:
– Қашанда қазақ жеті санын кие тұтқан. Біз де осынау рухани шараға Жетісу жұртын жақұт жырымен тербеп келе жатқан жеті бірдей жұлдызы жоғары ақынды кейіпкер етіп отырмыз. Бір тиын қаражатсыз өткен осынау шырайлы шара бәрімізді тебірентті. Көңіліміздің зерлі зеңгірін кеңейтіп, рухымызды асқақтатты, – дей келе, осынау жыр кеші алдағы уақытта да жалғасын тауып, әдебиеттің алдыңғы толқынындағы қаламгерлеріміз бен жас буын, орта буын өкілдерінің сахнада осы өнерді насихаттап, жырдан жұртқа алқа тағатындығын ерекше атап өтті. Ал көпшілік болса жалынды ақындарға риза көңілмен аталмыш кештің жалғасын табуына тілекші пейілмен тарқасты.