Асыл бүгін ерте оянды. Әдетте жексенбі күні жылы көрпенің астында ұйықтап жатқанды ұнататын. Төсегінен тұрып, киініп, терезеге қарады. Ауыл таңы бозарып атып келеді екен. Сырттан әтештің әні естіледі. Ас үйге келгенде әжесінің жүн түтіп отырғанын көрді.
– Әже, атам келген жоқ па? – деп сұрады Асыл есінеп.
– Әлі келмеді. Келіп қалар. Асылжан, бетіңді жуа ғой. Саған айран құйып қойдым, – деді әжесі.
Асылдың асқа зауқы соқпады. Атасы Алматы деген үлкен қалаға кеткен. Қаладан үлкен қызыл алма әкеп беремін деген. Міне, атасын тосып, дегбірі қашып отыр. Атасы да көп күттірмеді.
– О, атам келді! – деп үйді басына көтере айғай салды Асыл терезеден сыртқа қарап. Есік ашылып, қолына ауыр сөмке ұстаған атасы кіріп келді.
– О, Асылжан, сен ерте тұрғанбысың? – деп атасы сөмкесін еденге қоя салып, немересін құшақтай алды.
– Иә, ата. Мен бүгін ерте тұрдым, – деді Асыл. – Ата, маған алма әкелдіңіз бе?
– Әкелдім, Асылжан, – деп атасы Алматының қып-қызыл апортын ұсына берді. «Не деген үлкен алма» деп таң қалды Асыл. Бір алманың өзі қос уысына әрең сыйып тұр. Мұны қалай жейді, ауызға да сыймайды ғой. Әжесі алманы жуып, пышақпен бөліп, бір бөлігін Асылға берді. Асыл алманы жеп көріп еді, тісі дызылдап, денесі тітіркеніп кеткені. Сонша күткен алмасы көңілінен шықпады.
– Ата, сен алманың отаны Қазақстан деп едің ғой.
– Иә, ең алғашқы жабайы алма қазақ жерінде өскен.
– Тү-у, ата, мынау жабайы алма емес пе?
– Жабайы емес, бақта өскен алма ғой.
– Сонша неге қышқыл?
– Қышқыш емес, сен тісіңді жуған соң жегенсің ғой. Дәмді алма.
– Ауызымды сумен көп рет шайдым.
– Алма әлі суық шығар. Дәмі де білінбейді.
– Мұндай алманы жегім келмейді. Әже, мына алмаларды балаларға бере салшы, – деді Асыл бұртиып, өкпелеп қалды. Ол кесеге құйылған айранды да ішпей, далаға шығып балалармен ойнап кетті. Достарымен аулада доп тепті. Өскенде Еркебұлан Сейдахмет секілді мықты футболшы болғысы келеді. Балалар доп теуіп әбден шаршады. Қарындары да ашты. Бір кезде Асылдың әжесі үлкен бір алманы бірнеше бөлікке бөліп, балаларға үлестірді.
– Әже, бұл қандай алма? – деп сұрады Асыл таң қалып.
– Бағана өзің жеген алма ғой, – деді әжесі.
– Қалайша? Ол алма қышқыл еді ғой.
– Алмаларды балаларға бере салшы деп өзің айттың ғой.
– Иә, бірақ… Мына алма тәп-тәтті ғой.
– Сендер ылғи бөлінбей бірге жүресіндер. Айнымас доссыңдар. Өзің айтқандай, алмаңды достарыңа бөліп бердім, – деді әжесі күлімсіреп. Асыл мән-жайды түсініп, алманы қырш еткізіп тістеп:
– Ой, әже, бөлінбейтін достармен бөлісіп жеген қандай жақсы! – деді.