Сырттанның итаяғы (әңгіме)

Тараз қаласынан шыға берістегі жанармай бекетінің маңы қойшы қорасындай абыр-сабыр. Ірілі-ұсақты автокөліктер енесіне ұмтылған қозыдай жамырап келіп жатыр, жарысып кетіп жатыр. Біз мінген автобус та бензин құдығына өзгелермен таласа-тармаса, өңешін созып, өңмеңдеп жетті. Қос бүйірдегі қарыншасы толғанша ұзақ сімірді. Атқа жеңіл жастар жағы шопырдың «көлік суғарып» жатқан сәтін пайдаланып, бекеттегі шағын дүкенге бас сұққан. Олар да өзіне қажетті «жанармайды» сатып алған секілді. Артымда отырған тақыр бас қара әбден қаталап қалған екен, келе сала жартылықтағы сыраның бірін «пыш» еткізіп ашты да жарты минуттың ішінде көмейіне құлқұлдатып тастай салды. «Ух…» деп жау түсіргендей терең тыныстады. Танауынан шыққан жел желкемді желпіп өтті.
Автобустың артқы жағына жайғасқаныма өкіндім. Мыналар Алматыға жеткенше тыным бермес. Жанармай мен сыраның сасық иісі қолқаны қатар қауып, жүректі айнытты. Көз шырымын алуға оқталдым. Кірпік айқасқанмен ұйқы жолар емес. Мазам қашты. Осы кезде алдыңғы жақтан тәжікелескен дауыс естілді. Ерігіп отырғанда ермек табылды ғой дегендей бәріміз елең ете қалыстық. Керенау көтеріліп, кеңірдек созғанда көргенім, үстіне шибарқыт күртке, басына қарсақ тұмақ киген қарға бойлы қазақ автобусқа кірейін деп ентелеп тұр екен. Кетік тіс кондуктор жолын кес-кестеп жіберер емес.
– Әй, кет әрі!
– Кетпеймін! Кіргізбеймін бәрібір.
– Неге кіргізбейсің?
– Автобусқа адамдар мінеді, иттер емес.
– Әй, нақұрыс, кім саған ит?
– Ана сөмкеңіздегі ит емегенде тауық па?
– Бұл тазы…
Осы кезде жанармай кассасына бензин пұлын төлеп келген шопыр да жетті. Ол кондуктор секілді сасықкүзенше шақылдаған жоқ, қарсақ тұмақтыны алдап-сулап далаға алып шықты. Енді не болар екен дегендей терезенің пердесін түріп жіберіп, жапа-тармағай сыртқа қарадық. «Төбелесе ме, әлде қайтер екен?!» деген есек дәме ақталмады. Керілдесіп тұрғандар келісіп үлгерген секілді, шопырымыз анда-санда тазының басынан сипап, тіпті күліп қояды. Екеуі уағдаласқандай болып қол алысты, артынша автобусқа қосақталған танадай қатар кірді.
– Құрметті жолаушылар, – деді шопыр ресми үнмен. – Мына кісіні Қордайға дейін ала кетсем қалай қарайсыздар? – деп барып тоқтады. Жағалата көз тастап, елдің райын байқады.
– Итімен кіргізбеу керек, – деді едірең мұртты орыс.
– Онысы құсып қояр, тышып тастар, – деп қостай кетті түрі тотықұстан аумайтын, өзі де тотыдайын таранып-сыланып қалған көзілдірікті келіншек.
– Ауру шығар, – деп күңкілдеді біреулер. Осы кезде «ит көрмей жүрген жоқпыз, мінсін» деген дауыс саңқ ете қалсын. Орта жастан асқан қызылшырайлы әйел екен.
– Осы, қаланың халқы ит-мысығымен бірге тамақ ішеді ғой, неменеге шошисыңдар, түге, – деп тағы бір түйреді айналасындағы алакөзденіп отырған жұртты. Қызылшырайлы әйелдің сөзінен кейін қоғамдық пікір оң жаққа аунап сала берген. Қысыр әңгіменің күбісін пісіп, майын шайқап отырған жастар да өре түрегеліп, қарсақ тұмақтыны қолдап шыға келді. Ақыры басым дауыспен қарсақ тұмақты қазақ, автобусқа отыратын болып шешім қабылданды. Отырғанда да тазысын көтерген күйі, тап менің қасыма келіп жайғасты. Автобус орнынан қозғалғанша жолаушылардың күбір-сыбыры, пікір қақтығысы басылған жоқ. Жеңілген жақ жеңістік бергісі келмеді. Әсіресе тотықұстай таранған келіншек пен қызылшырайлы әйел біраз жерге дейін барып қайтты. Қарсақ тұмақтыға бола жұлысып қалар ма еді, қайтер еді, кенет көлігіміз кілт тоқтады да әлгі күңкілдеген ауыздар «ойбай», «көтек», «абайланы» хормен айтып шыға келді. Кетік тіс кондуктор терезеден басын қылтитып, әлдекімді әдемілеп тұрып бір боқтады да іштегі наразылықты сыртқа шығарып жіберді. Автобусты ғана емес, жолаушылар арасындағы айқасты тоқтатып берген бұйрабас жігіт екен. Дүбірден қашқан қояндай алақтап, аласұрып жүр. Еңкейіп-тоңқайып әрбір көліктің астын қарайды. Шамасы жоғалтқаны бар. Сөйтіп жүргенде автобус қағып кете жаздапты байқұс баланы.
Бір шарпысып алып, Алматыны бетке алып жүріп кеттік. Қоғамдық пікірді қақ жарып, қақтығыс тудырған қарсақтұмақты қасымда тымпиып отыр. Жасын айырып болмайсың. Алпыстан аспаса да елуді ерттеп мінген. Ал мінезі менмұндалап тұр. Шырт етпе шатақ, қол-аяғын кісендемесең бағынбас мазасыз екен. Құлақшынын біресе шекесіне қондырып, біресе қарағұсына кигізіп тыным таппады. Аузы да «мен айтайын сен тыңданыкі»… Қалғып-мүлгіп отырған менен қайыр болмаған соң жастарды әңгімеге тартады қайта-қайта. Тақырбас қара екеуі танысып, ру сұрасып алды. Өзінің сүйегі – Ысты екен.
– Аңшы Жұман десең Қордайда бәрі таниды. Ысты Бөлтірік шешенді білесің бе? Сол біздің бабамыз, – деп желпініп қойды. Көз жұмулы болғанмен көңіл ояу. Барлығын естіп-біліп отырмын. Бөлтірік шешеннің бүгінгі ұрпағына білдіртпей көз тастап, қозғала беріп едім қағілез неме байқап қойды.
– Әбден шаршапсың ғой, – деп сөз қармағын маған лақтырды. – Мынадай автобус қанша тұрады бауырым, – деп ескі икарустың көнетоз салонына көз жүгіртіп, орындықтың қыжыма қаптамасын қолмен сипады. Аузымды ашып үлгермедім, «он бес мың доллар» деп тақырбас қара құлақ түбінен гүж етті.
– Ал анау ше?… – деп ережені бұзып оң жақтан озып бара жатқан еңгезердей көлікті нұсқады.
– Бұлар кемінде 30 мың тұрады, бар малыңды сатып біреуін мініп алмайсың ба, Жүке?!
Тақырбас қара әкесімен жасты қарсақ тұмақтыға құрдасынша «сен» деп сөйлей бастапты. Өйтетін жөні де бар. Сырасын тауысқан бетте артқы жақтағы достарының дастарханынан дәм татып, көмейін жібітіп отыр екен сабазың… Барлығы сыртында «Парламент» деген жазуы бар шөлмектің бірін босатып, екіншісін орталап қалыпты. Парламенттің депутаттары секілді кейбірі есінеп, қалғып-мүлгіп отыр. Кейбірі есіп сөйлеп, қызыл-кеңірдек дауға кірген. Өнбес дау… Қыршып сөйлейтін қыршаңқы әріптестің айтқаны еске түсті. «Мәселе шешпейтін – Мәслихат, мәмілеге келмес – Мәжіліс» деп еді-ау сол. Мыналардікі де соның ар жақ, бер жағы.
Қарсақ тұмақ жастардың жеңіл сөзінен қашқақтағандай құнжыңдап, қалтасын ақтарып өзімен-өзі әбігерленіп кетті. Ал топырақ өңдес қоңыр тазы Қытайдың ала дорбасынан мойнын қылтитып, жан-жағына жалтақтап қарайды. Жанары отты екен.
– Қанша қар басқан, – дедім.
– Ит бір жылда төрт жасағанда… – Қарсақ тұмақты көршім тазының жасын есептеп ойланып қалды. – Бұл жануар биыл он тоғызға шығады екен, – деді.
– Жүгіруі мен жүрегі қалай еді?
Жауап бермес бұрын жалт қарады. Жанарынан аңшылық туралы білетін қусың ғой деген жазуды оқыдым.
– Тазының алымы, аузыңның салымына байланысты ғой, бауырым, – деп жұмбақтады да қойды. Жүйрігін жұрт көзінен тасада ұстайтын атбегілер секілді аңшылардың да ит пен құсын оншалықты мақтай бермесі белгілі. Бірақ әлгінде ғана әңгімеге шақырып қоймаған адамның аяқ асты сөзге сараңдана қалғаны несі?! Оққа сүйенген құлжадай қылтия қалыпты өзі.
– Ағасы, қайдан келесіз? Аңға автобуспен бармаушы еді атам қазақ, – дедім тілімнің тікені барын аңғартып. Соңғы сөйлемім ерігіп отырған жастардың құлағына майдай жақты білем, бірі дарақылана қарқылдап, енді бірі шиқылдап, кейбірі жымыңдап жырқылдаған. Қарсақ тұмақ қызарақтап қалды.
– Міне, қара! – деді әмірлі үнмен.
– Нені қараймын?
– Тазыны қара! Дұрыстап қара!
– Ал қарадым.
– Қарасаң сол, бұл сырттанның сарқытын ішкен тазы.
Шамасы терісі жұқа. Менің шымшығаным өтіп кеткен болу керек, мезетте аузы көбіршіктеніп, түтіп жейтіндей түрі түтігіп кетіпті. Құнжыңдап аладорбаның ішіндегі тазысын бір қозғап қойды да, сыр еткізіп сыдырмасын жапты. Ойламаған жерден көршіммен араздасып қалғаныма опындым. Мұндай қайнауы тез адамдардың басылуы да оңай, сабасына түскенше тіл қатпай сабыр сақтадым. Менің үнсіз қалғанымды айыбын түсіндіге жорыған ол ыңғайсызданды енді. Ары-бері қозғалақтап отырды да:
Құлағыңды әкелші бері, – деді. Менің ұмсынғанымды күтпестен өзі ұмтылып келіп сыбырлады. Тікен мұртының қытықтағанына қарамастан тыңдауға құлық танытып басымды ие бергенде:
– Кенесарының Көкдауылын білуші ме едің, – деді құпиялап. Мен таңданғандай кейіп танытып, басымды шайқадым.
– Мынау – соның итаяғын жалаған саңлақ…

***

Қазақ пен қырғыздың қақ ортасына жамбастай жатқан қарт Алатаудың күдірейген жондарын жағалап тартып келеміз. Қордай тұсындағы қонышынан шыққанбыз, әлі кіндік тұсқа жетпедік. Көлігіміз бұзылған секілді, өрге күшеніп шығып, көксау адамдай демігіп, әзер келеді. Ал көңіл алабұртып, шабыс тілеп тұр. Жұрт Алматыға жетер-жетпесімізді уайымдай бастағанда ноутбугымды алдыма алдым. Жолға шығарда қуатын толтырғанмын, біраз шимайлауға жетерлік қауқары бар. Монитор бетіне телміріп едәуір отырдым да «Сырттанның итаяғы» деп маңдайына жаздым. Тақырып табыла кетті. Енді Жұманнан естіген дүниелер мен әлгінде өзім көрген жағдаятты жүйелеп тізіп шығу керек. Алайда әңгімені бастап үлгермедім, шопырымыз тізгін тартты. Көтерем автобус күрк-күрк жөтеліп, бірер сілкініп барып тоңқаңдай тоқтады. Жұрт қатарлы бел жазуға сыртқа шықтым. Жағалай ағаш өскен, дәмхана-дүкендері бір-бірімен бәсекелескен жайлы һәм базарлы жер екен. Қақ ортада балпиып аю отыр. Құры отырған жоқ, елге су беріп отыр. Шеберлер қолындағы ыдысынан құдықтың шүмегін қылтитыпты, сонысынан тіршілік нәрі тоқтаусыз саулайды. Ұзақ жолдан шаршап-шалдығып жеткен жүргіншілер мөлдір сумен мейір қандырып, беті-қолын жуып жатыр.
– Бұл маңда аю бар ма?
– Қайдан болсын, – деді құтысымен су алып жатқан ауыл қазағы. Екі құтысын толтырды да ағаштың көлеңкесінде байлаулы тұрған атына бет алды.
– Бәлкім бұрын болған шығар, қазір мұнда қасқыр қалың, – деді үзеңгіге аяғын салып тұрып. Сөз әлпетінен, киім киісінен ырыздығын мал тұяғына байлаған қойшы боларсың деп шамаладым. Ол мені аңшы деп ойлады. Тотыққан жүзі мен адамды алдауды білмейтін тұнық көзі ит-құстан әбден зәрезап болған пенденің бірі менмін дегенді айқайлап айтып тұр. Осы қазір мылтығымды шығарып, кеттік қасқыр атамыз десем бағып жүрген қойын тастай сала жол көрсетер түрі бар.
– Шаптырып тұр ма? Алыстан қарағанда шаптырып тұрғанға ұқсайды екен.
Тараздан бері жолсерік болған тақырбас қара езуіне темекісімен бірге әзіл-оспағын да қыстырып алыпты.
– «Тауып айттым ба, қалай?» дегендей айналадағы қыз-келіншектерге қулана көз тастап келіп қоңыр аюдың суына қолын шайды.
– Иә! Бұл өлкеде қасқыр көп. Оларды аулайтын Жұман жоқ, – деп күбірледім. Қарға бойлы, қарсақ тұмақты қазақтың сұлбасы көз алдыма келе қалды.
…Екі жағында екі жендет… Қолын бір сілтеп кетіп бара жатты…

***

«Көкқасқа қаншық күшігін ертіп ұясынан шықты»…
Көлігіміз қозғалған бетте ноутбукке қайта жармасқанмын. Төрткіл дүниені ұмытып телміргеніме жарты сағаттан асты. Сол жарты сағатта жазылғаны осы жалқы сөйлем. Диктофонға басылған үнжазбаны құлаққап арқылы қайта-қайта тыңдаймын. «Көкдауылды күшік кезінде құс көтерген» деп басталатын қарсақ тұмақтының қырылдақ дауысы жеткізген құрғақ деректерді қиялмен түрлендіруім керек. Оқиғаға төтесінен килікпей, қыз аңдыған жігіттей төңіректеп жүретінім бар. Бұл жолы да алғашқы сөйлеммен құйрық тістесе тұратын екіншіге лайықты тіркесті ұзақ екшедім. Ақыры күрделендірмей, жадағай бастауды ұйғардым. Әлқисса…
Көкқасқа қаншық күшігін ертіп ұясынан шықты. Үнемі жалқы туады. Сорлы күшіктері көзін ашпаған соқыр күйінде сатылып кетеді. Иесі де бір дорақ. Туар-туғанша аңға қосады. «Буаз күйінде қоян алған» деп жұрт мақтаса тіпті екіленіп кететіні бар.
– Жатырындағы жалғызды ауырсынса таймас болмай кетсін бұл қызталақ, – дейтін мұртын ширатып. – Тазы да емес, – дейді ерніне насыбай атып. – Онда ол – ит болғаны! Қазан аңдыған, қора күзеткен көк ит, сұр ит, көп иттің бірі…
– Тазының нәсілі иттен емес пе? – деп аңдаусызда айтып қалған, көпе-көрнеу сөз таластырған адамды со жерде итше талайтын. Сөзбен қажап, ит терісін басына қаптайтын.
– Көкқасқаның соңғы күшігі менікі, оған дейінгісі ел ырысы, – деп екі жылда бір түсетін жалғыз күшікті арзанды-қымбатты сататын, ұзатылар қыздың жасау-жабдығына көңілі түссе қосатын.
Көкқасқаның арғы тегі таймас тұқымынан. Бұл иттің бір тармағы қырғызда қалған. Олар тайған десе, қазақ таймас атайды. Тайған мен таймастың түпкі тегі бір болғанмен аздаған ерекшелігі де бар. Қазақ пен қырғыздың ұқсастық-өзгешелігі қандай болса тайған мен таймастың болмысы да тап сондай. Өскен ортасы, баққан қожайынына қарай дене тұрқы, мінез-құлқы қалыптасқан. Азуы мен арыны шамалас. Жарысқанда жер жағдайына байланысты шабады, алысқанда ыңғайына қарай алады. Қашқан тағыға тауда тайған, жазықта таймас бұрын жетеді. Тек қырғыздың тайғаны қосақтап туады, ал қазақ таймастың жатыры жалғызға жаралған деп біледі. Жалқы туар атадан ғана тұқым өрбітеді. Әгәрәки, күшігі көбейіп кетсе құты қаштығы жорылады, жатырына көрінген ит сарыған қағынды қаншық аталады. Көп ұзамай көзін құртады. Талай таймастың тағдыры осылайша қайғылы аяқталған. Сол себепті қырғыздың тайғаны көп, ал қазақтың таймасы аз!..
Көкқасқа бауырынан өрбіген баласының қылығын биыл тұңғыш қызықтап тұр. Әдетте уызы сарқылар-сарқылмастан қолды болатын, бұ жолы құдай қарасты. Ешкім тимеді. Өзінен аумай түскен көк күшік сүйек кеміруге жарап қалды. Тұрған бойы ұрыншақ тентек, тасшайнар өжет. Төбет иттерді төбелеске шақырып, әліне қарамай киліге кетеді. Олардың тісі батып жатса да қыңсылап қашқан емес, шешесінің бұтына тығылып шағымданбайды да. Осы қазірде қарап тұрмай, есік алдында жатқан ішкілік тоқымның біреуін сүйрей жөнелді. Тістеп тартып, әудем жерге ұзап кетті. Көкқасқа күшік қылығын алыстан бағып тұрған. Сақ құлағы кенет ауаны қақ тіле ысқыра зуылдаған дыбысты естіді. Қырағы жанары аспаннан қап-қара тастың құлап келе жатқанын байқады. Ұшып тұрып күшігіне ұмтылды. Үлгермеді. Аузына тек ішкіліктің пұшпағы ілінген.
…Құрым киізді ызадан жүндей түтті.

***

Кәрі бүркіт құз басындағы ұясына демде жетті. Шеңгеліне ілінген күшік қыңқ деп үн шығармады. Өлдіге жорыған. Ұяның алдына қонар-қонбастан допша домалатып тастай салды. Жансірі екен, өлмепті. Тұра сап жартастың қатпарлы қуысына тығылды. Тоқты-торым табылмай, қотан маңынан кішкене күшікті ілгеніне енді өкінгендей қанатын қомдап екі-үш мәрте шаңқылдады. Ащы дауыс жаңғырып, қалғып-мүлгіген меңіреу таудың қойын-қонышын қуалап кетті. Жартастың үңгірінен балапан шықылықтады. Өзінен басқа түкпірде тіршілік иесі барын байқап қалған қағілез күшік мезетте солай қарай зып берді. Іле-шала қозғалған бүркіт үш-төрт секіріп жеткенше күшік ұяға түсіп үлгеріпті. Шалт қимылдап, қарулы тұмсығымен жон арқасынан түйреп, суырып алды. Басын бір шұлғып лақтырып жіберді. Күшік бірер домалап тұрды. Қыңсылаған жоқ. Бүркітке айбат шеге ырылдап, балапанға қайта жүгірген. Ұядағы қарақанат беймәлім мақұлықтың мұнысынан жасқанатын емес. Керісінше қанатын сабалап, шу-шұрқаны шығып жатыр. Бұрындары тірілетуге әкелген қоян, қарсақ, қозы-лақтарды ары-бері қақпақылап, жәукемдеп тастайтын. Бұл жолы құйтақандай немеге қайраты шаппай тұр. Ұяға қарғып түскен көк күшікті кәрі бүркіт бір бүріп, белін үзіп жібермек болып төніп барып тоқтады. Бейшара қорған тілегендей балапанның борбайына басын тығып алыпты. Бүркіт райынан қайтып кейін шегінді.
Алып қара құстың тырнағы қатты, тұмсығы өткір болғанмен бауыры жылы екен. Алғашқы түні жатырқап ары-бері түрткілеп, үлкен ұяның шетіне ығыстырып тастаған. Келесі күні қанатының астына алды.

***

Есқожаның Баястаны бүгін бүк түсіп жатыр. Қатыны өлгендей қапалы. Көп болып келіп Көкдауылға қолқа салғанда әуелгіде көктемгі өзендей езуінен көбік ағызып, көкдолы мінезіне басқан. Қарагеріне қарғып мініп, қайқы қылышын білеп ат ойнатты. Сұлутөрді бетке алып тұра шапқанмен жасанған қолға жалғыз баруға дәті шыдамай, жолдан қайтты. Сүйретіліп үйіне жеткенде қас қарайған еді. Көкдауыл көзге шалынбады. Абалап шыққан ауыл иттерін қамшымен бір-бір тартып, өзегін шарпыған өкініш өртіне су сепкен. Бірақ бір өзі тоғыз қасқыр алған азулы құмайдың күйік оты онымен сөнбеді.
– Көріңде өкіргір, ит қазақ, – деп кіжінді. Көмейіне өксік тығылып, көзіне жас кілкіді. Көңілі өткен күндерді сағынып, жүрегі сыздады.
Ыстықкөлдің бойында құмай тазы пайда болыпты деген хабарды Баястанға ел адақтаған дәруіш жеткізген. «Бір ұядан өрген ит пен құсты көрдім, бірі аспаннан шүйіліп, екіншісі жерден тартып таутекені демде жәукемдеді» деген көзін алақтатып. Баястан қаңғыбас емшіге сеніңкіремесе де ұрынарға қара таппай сенделіп жүрген сойылсоғар бес жігітін дереу аттандырды. Дәруішті жолбасшылыққа алған олардың үшеуі араға төрт күн салып оралды. Екеуі өзге аңшылар иеленіп кетпесін деп күзетке қалыпты. Жігіттерінің сақтығына разы болған Баястан дәруішке тайтұяқ алтын ұстатты да атқа қонды. Құз басындағы құс ұясын тез тапқанмен ұяластарды ұстау оңай болмады. Нөкерлері оншақты күн төңіректеп жүріп, әзер дегенде торға түсірген. Құмайға – Көкдауыл, қыранға – Қарақұйын деп ат қойды. Екеуін бір үйде бақты. Бірін арқаннан керген ырғаққа отырғызса, екіншісін қабаттап салған сырмаққа жатқызды. Ұяластың аты ұялас. Үйде жүргенде бір-біріне ырылдап, шаңқылдап қодыраңдағанмен түзге шыққанда ымырашыл. Баястан басқа тайғандарын ағытып жіберіп осы екеуінің бабымен бір жыл бойы айналысты. Әуелі тұлып шырға салып құмарлығын оятты. Жемтік басқан екеуге жеткен бетте қызыл асатып, тәбетін ашты. Түлкі, қарсаққа да бірден жіберген жоқ. Тірі шырғамен алысып көрсін деп қақпанмен ұстаған тау түлкісінің тірсегін тіліп, дойырларға талатты. Көкдауыл мен Қарақұйын алғашқы қыста он түлкі, бес елік алды. Келер жылы мұнан да олжалы болар ма еді, кім білсін?! Баястан қос жендетін қасқырға саламын деп сан соқты. Азулы бөріге бұрын жеткен Қарақұйын шеңгелдің бірін көзге, екіншісін қара тұмсыққа көздепті. Көзге салғаны тайыншадай көкжалды бүріп түскен, ал екінші аяқ қата басып арланның аузына іліккен. Көкдауыл қасқырдың шабын жарғанша ызалы бөрі сирақты шайнап үлгеріпті. Қарақұйын шолақ болып қалды. Жастай мертіккен қыраны үшін Баястан қатты қамықты. Оның жасыған көңілін қасқырға кектене шапқан Көкдауыл жазған. Тағының иісін сезгеннен қолды-аяққа тұрмай тыпыршып кететін. Айналасы екі жылда тоғыз қасқыр алып, мейманасы тасыды. Бірақ ұяласының кегі қайтпай үнемі аң тілеп тұратын. Сол кегі қайтпаған күйі Кенесарының қолына өтті.

***

Қазақ пен қырғыздың барақ иті бұрыннан таласқыш, ожар тентегі ежелден сабасқыш. Ат шабыс, көкпар тартыста қамшы сілтесу, барымта-қарымтада құрық салысу әдеттегі шаруа. Қызылшеке төбелес, егес пен ерегіс, қан қызыл майдан сан мәрте өткен. Бас жарылып, көз шығып, қолдар сынған, кісі де жазым болған. Құн төленеді, кінәлі жазаланады. Қоңсы қонған екі жұрт Алатауды бөліп жайлап, аққан суын теңдей ішіп жүре береді.
– Маңқа қазақ…
– Ит қырғыз…
Бірін-бірі кекетіп отырмаса кеңірдегінен ас өтпейтін екі ұлттың дүрдараздығын келіп-кетіп жүретін көршілері жақсы білетін. Жұдырықтай баласына дейін дәрет сындырғанда да бір-біріне қарап шаптыратын қырсықтығына күлетін. Кенесары Арқадан ауып, Қордайға келген заматта сол көршілер көсеуіне жүгірген. Неше жылдан бері бықсып жатқан араздық қоламтасын Қоқан бір қозғап, Орыс екі түртіп лап етіп жандырды. Қазақ пен қырғыздың би-төрелері елдіктің сөзін ұмытып, ежелгі кекті есіне алды. Жұдырығы жуан батырлары құрығын тастап тақымға найза қыстырды. Қолдағы қамшысын ердің басына іліп, қылышын қыннан суырды. Қос елге ырзық болған Шудың суына қан тамып, ағысы ырғағынан жаңылды.
Ақыртөбе шайқасында Бүрге батырдың Қалшасы қолға түскен. Қасына ерген 700 жігіттің аты жүйрігі қашып құтылды. Қарсыласқаны қазақ қылышына туралды. Солты мен Сарбағыш, Құсшы руларын билеген манаптар Қалығұл батырды басшы қылып елші жіберген. Сол Қалығұл кеше оралды. Күңіреніп келді.
– Атаңа нәлет, маңқа қазақ намысымды сындырды. Бағлан ердің басын итке теңеді, – деген кеудесін тоқпақтап.
– Өй, оның жарасы жеңіл, – дегендер сол жерде дүреге жығылған. Қырғыз өрім дойыр қамшы жотасында ойнаған.
– «Солты Есқожа баласы Баястанның Көкдауыл тазысын беріңдер, Қалшаларыңды сонда босатамын» деген Кененің талабы үш рудың намысқой жігіттерін шайқалтып жіберген.
– Итке теңесе, иттей болып алып келіңдер деген билер де басқа сөз таппай…
…Арада апта өтпей Көкдауылды жетектеп кеткендер, Қалшаны мінгестіріп қайтты.

***

«Көкдауылдың сүйегіне сүйсінген Кенесары Қалшаға ханның тәжін кигізіп жіберіпті»…
Тағы да мониторға телміріп отырмын. Бұл жолы автобуста емес, үйдемін. Жалпақ әлемді жадына сиғызған жалғыз терезенің бір бұрышынан жарнамалар жырбақай қатындай жыртыңдайды. Көңілді арбағысы келетін оларға көз қиығымен қарағаным болмаса зейін басқада. Ойда күмән бар. Хан Кененің итке бола айдаладағы қырғызға тәжін сыйлай салғаны несі?! Жалпы жарты өмірі жорықта өткен Кенесары тақта отырып, тәж киген бе еді?! Бұл өзі аңыз ба, әлде ақиқат па?! Жұманнан сыр тартқанымда «мен қайдан білейін, өзінен сұра» деген қитығып.
– О дүниеге барғанда кезігіп жатсам сұрармын, – дедім.
– Естіген құлақта жазық жоқ, қырғыздан жеткен әңгіме осы! Сенбесең қырғыздың шалдарын сөйлет. Журналистсің ғой, ізден. Архивтен қара! – деп қарсы шапты.
– Жарайды, жарайды…
Жаздым, жаңылдымға бастым. Ашуланса білгенін айтпай қоятын білімпаз қырсықтарды журналистік өмірде талай көргенбіз. Олардың ығына жығылып, көтеніне көпшік тастап көп мәлімет алу тәсіліне көнгенбіз.
¬Көкдауыл Кененің қолына келген жылы үш қасқыр алыпты. Келесі жылы Кене қаза тапты. Екеуін байланыстырар басқа мәлімет жоқ. Иесіз қалған Көкдауылды ханның жұртынан Жұманның арғы атасы Құлман тауып алған.
– «Оның нақты Көкдауыл екенін қалай білген?»
Бұл сұрақ көкейде тұншықты. Бірдеме десем, өзі шытынап отырған қиқар жанның күл-паршасы шығатындай… Әңгімеге иланған түр танытып, диктофонымды аузына тақай бердім. Ол атасының Көкдауылға арнап итаяқ шапқанын ынта-шынтасымен айтып, көкпар ілген шабандоздай бұрқыратып барады. Ал менің ойым орнынан шабан қозғалған, қамшысүйер қой торыдай соңынан қодыраңдап желген. Әлгі дүдәмәл дерекке қайта-қайта қарағыштап, күдік пен күмән батпағына малтығып шапқан. Қазір де сол күйдің ар жақ бер жағындамын. Бүгін күні бойы кітапханада отырдым, ғаламторды кездім. Жұманнан артық білетіні жоқ. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «Кенесары Қалшаға ханның тәжін кигізіп жіберіпті» дегенмен шектеледі. Сол дәуірді зерттеген ғалымдарға сұрау салдым, олардың да қолында нақты дерек жоқ екен. «О кездің адамын танып болып енді иті қалып па бізге?» деп бір тарихшы мұртынан күлген. Мардымды мәлімет таппай маңдайым тасқа тие берді. Жұманның әңгімесі мен кітап, ғаламтордан жинаған ақпаратқа секемшіл көңіл сезіктеніп тұр. Не істеу керек? Отыра-отыра бел талды, компютерге қарай-қарай көз бұлдырады. Саусақтарым пернетақтаны бойлап сенделіп жүр. Батпаққа тығылған тракторша бір орында тыпырлап тұрған шарасыз қалпыма ызаландым. Шығарманың осы тұсынан желе-шоқырақтап, сылап-сипап өте шықпақ болып бір оқталдым да тізгін тарттым.
– Адамның сырттаны мен иттің сырттаны өмірде бір кездескен екен. Оған несіне күмәнданасың?! Көрбай-жарбайды жазғанша, жазғыш болсаң осыны жаз, – деді кеудені қоныс қылған әлдекім. Оған қоңсыласы қарсы шықты.
– Ақиқатқа емес, аңызға сенгіш халықтың ұрпағысың ғой. Бұ жолы да дақпыртқа еріп барасың. Байқа, бала, тарихқа қиянат жасап алмайсың ба? – дейді ойды бұзып. Екеуі үнемі тіреседі де жүреді. Бірі оптимист, екіншісі пессимист.
– Ертең ана едірең мұрт тарихшы бастап, жалтыр бас ақын қостап, бүйрек бет жазушы, салпы ауыз блогер жүндей түтеді сені, – деп қорқытты пессемист.
– Қайдағы қиянат! Тарихи дерек, ел аузында сақталған әңгіме бар ма? Бар! Ендеше неге сол дерекке қиялдың қанатын байлап көрмейсің! Тарихи шығармалардың барлығы солай жазылады, көкем!
– Ал мақұл, жаз, көрейін… Мәселе қалай жазатыныңда, – деп пессемист ой шегінді. Шегінгенде де шірене, сыздана шегінді.
Шынымен де қалай жазамын? Кене мен Көкдауыл бір жылдай дос болған дейді Жұман. Біздің есеп бойынша екі жыл болуы тиіс. Қордайға алғаш барған 1845 жылы қолына түсірсе, Кене 1847 жылы сәуір айының 17 мен 25-і аралығында қаза тапқан. Ендеше екі жылға жуықтайды. Мейлі… Жылы маңызды емес. Екеуінің қарым-қатынасын қалай суреттеймін?! Күрмеудің түйіні сонда! Шабан ойды қамшылап, ары-бері шапқылаттым. Бірінің формасы, екіншінің мазмұны ұнамады. Ал үшіншісі таптала-таптала шаңы шыққан тақыр жер секілді тафтология.
– Осы жерден иттің ішіне кіріп өтіп кетсем қалай болады. Көкдауылдың көзімен қарайын өмірге…
Дертіне дауа табылған науқастай орнымнан ұшып тұрдым. Ішімдегі оптимист жеңгеніне масаттанып «бәрекелді» деді. «Бас қамшыны, сенің қолыңнан бәрі келеді» деп қайрап жатыр. Ал пессемист өкпешіл баладай бұртиып, теріс айналды. Мен компютерге шүйілдім.

***

«Сол күні аспан мен жердің арасы жақындай түскен. Көбік бұлттардың желіні сыздап, Қордайдың жоталарына келіп иіп тұрды. Күннің шыққанын ешкім көрген жоқ, шашқан шапағы бозғылт тұманнан өте алмай таңның атқанын өлімсірей хабарлаған. Қойшы қойын өргізіп, жылқышы құрығын іздеп, қатын-қалаш қалағымен қазан-ошақтың күлін шығарып, бала-шаға маулығып ұйықтап жатқан шақ»…
Хан Кене мен Көкдауыл тазыға арналған бөлімнің алғашқы тармағы осылай түзілді. Әдебиет теориясының тілімен айтқанда – пейзаж. Жазуын жазғанмен осы бір кіріспе керек пе, жоқ па? Табиғатты суреттемей-ақ бірден бастап кетсем қалай? – деп екіойлы күйге ерік бергенім сол еді Оптимист пен Пессемист тағы да ілінісіп қалды. Ары-бері ырғасып, бір-біріне алдырмады. Құдды біздің өкімет пен оппозиция өкілдері секілді. Бірін-бірі ешқашан құптамайды, оң ісін де теріс көреді. Даулары да бітпейді. Ол екеуі бір-біріне алдырмай тайталасып тұрғанда үшінші бір дауыс төрелікке келді. «Тұра берсін, қысқарту оңай ғой. Соңынан бір көрерсің» деді төтесінен. Ішімде екеу емес үш адам барын бұрыннан білетінмін. Ана екеуі секілді жиі бой көрсетпесе де кей кездері ойдан олжа салатын. Бұ жолы да бір-біріне бетбақтырмай тұрған екеуін жуасытып, тығырықтан жол тапты. Соның дегеніне көндім.
Әлқисса… Көкдауыл сұлық жатыр. Аң тілеген көңілі өрекпулі… Екі көзі есікте. Даладан тықыр естілсе екі қарғып жетуге даяр. Қызыл есікке қарап жатып қалғып кеткен екен, түс көрді. Төрт аяғы жерге тимей безектеп жортып келеді. Қасында иесі. Бүгін нөкерін ертпей жалғыз шыққан. Үйірлі қасқырдың ізіне түскен Көкдауылдан құрық сілтем артта. Бөрілер соқпағы дегерес төбеге бастап барды. Төбе басын шиырлап біраз жүріпті де төртке бөлінген. Бірі тауға, бірі құмға енді бірі шығысқа бет алса жалғыз із батқан күнді қуалай батысқа тартыпты. Ең ірісі де осы көрінеді. Көкдауыл көп ойланып жатпады, соның соңына түсті. Табан ізі тостағандай көкжал қырқа үстінде көзге шалынды. Күртік қарға қолтығынан малынып, тайыншадай денесін ауырлап зорға кетіп барады. Көкдауыл демде қуып жетіп, тірсектен тістеп өтті. Көкжал бұл әрекетті шыбын шаққан құрлы көрмей, қайрылмастан жүре берді. Ызалана ұмтылып келесі шабуылда шаптан тартқан. Артынша жылдам қимылмен алқымға жармасқан. Бірақ тісі тиіп үлгермей жатып кейін серпілді. Қанталаған көзі бағана көрмеген екен – көкжалдың басы жоқ. Иә, иә… Басы жоқ қасқыр.
Көкдауыл осы кезде шошып оянды. Бассыз қасқырдан қорыққаны, әлде аяғаны белгісіз денесі түршігіп кетіпті. Өз-өзіне келе алмай, өң мен түстің арасында сүтпісірім уақыт мәңірейіп жатты да есікке ұмтылды. Киіз үйдің ағаш есігін кеудесімен гүрс еткізіп ұрып кейін серпілді. Ауыр соққыдан есік көзінде аз-маз саңылау пайда болған. Сол жерден сығалаған себезгі сәуле көңіліне сәл-пәл үміт сыйлайды. Бар пәрменімен қайта ұмтылды. Бұл жолы саңылау үлкейе түсті. Үшінші сүзгенде есіктің ілгегі ағытылып, тұмсығымен жер сыза құлады. Көкірегі дал-дұл болыпты, жырылған теріден дірдектеп қан сорғалайды. Көкдауыл оған қарап жатпады, бірден иесін іздеп жортып кеткен.
Кесек бітімді, шоқша сақалды адамға аз ғана уақыт ішінде бауыр басып қалыпты. Өзінің кеудесі паң, мінезі ауыр, сөзі өктем. Айналасындағылар ол жүргенде ілеседі, тоқтағанда үйіріледі, ал сөйлесе тыңдайды. Көкдауыл көз ашқалы көріп келе жатқан адамдардың ешбіріне ұқсамата алмады. Аңға шыққандағы қылығы да алабөтен. Бүркіт, тазыларын түлкі-қарсақ қуып сандалтпайды. Тек қасқырға құмар. Онда да қырыпсал аңшы емес, таңдап жүріп тарландарына жібереді. Көкдауылдың да іздегені сол еді. Ұялас серігі Қарақұйынның сирағы шайналған кезде кеудеге түскен кектің шоғы сөнген жоқ. Содан беріде қасқыр атаулының оншақтысын жайратты. Кейбірін бірнеше тазы жабылып алды, кейбірімен жекпе-жек айқасты. Мына кісінің қолына келгелі төрт рет аңға шыққан. Соның үшеуінен әлеует асырды, біреуі бой бермей кеткен. Бұрынғы иесі қасқырмен айқас басталғанда әжептеуір болысатын, немесе басқа тазыларын қосақтап үрит-соқтап айғайлап тұратын. Ал мынау атын ойнатып, жекпе-жекті сырттай ғана бақылайды. Соңғы айқас Көкдауылдың есінен кетпейді. Таудың көкшуланымен аңызақ жазықта жолықты. Ұзақ арбасты. Ақыры бір-біріне ауыз салысты. Бұл қасқырдың астыңғы жақ сүйегінен алса, ол мұның тұмсығын қапқан. Бір-біріне тіс батырғанда екеуінің де ұрты қанға толды. Тікесінен тірескен күйі едәуір уақыт тұрды да жерге бірге жығылды. Көкдауылдың көзі қарауытып, басы зеңіп бара жатқан тұста көкшулан тісін босатқан, бұл есін жиыңқырап алмас азуын онан сайын батыра түсті. Сол кезде ұртына әлдекім ағыш тығып қарысқан жағын ашты. Қасқыр сол-ақ екен сытылып шығып кетті. Көкдауыл тәлтіректеп тұрса да қашқан жаудың соңынан ұмтылған. Әлдекім қарулы қолымен мойнынан қапсыра құшақтап, жібермей қойды. Көкдауыл біраздан соң иесінің қойнында есін жиды. Бірақ ол ештемені бағамдай алмады. Бір-біріне беріспеген екі мықтының майып боларын сезген иесі жігіттеріне ажыратуға жарлық бергенін, әуелі қасқырдың аузына құрық тығылып, артынша Көкдауылдың жағын осы әдіспен жазғанын білмеді. Сол оқиғадан кейін Көкдауылдың тұмсығында үлкен тыртық қалды, есесіне қожайын екеуінің арасы ерекше жақындай түскен. Күніге келіп ет асатады. Ақ сұр жүзіне айбар беріп тұрған көкшіл көзін тайдырмастан ұзақ қарайды. Соңғы рет екі-үш күн бұрын көрген. Бұл жолы әдеттегіден көп отырды. Тарғыл даусы дірілдеп, әуезді ән айтқан. Көкдауыл ән мағынасын түсінбесе де қапсағай денелі адамның жүзінен торығуды байқап, жалтылдаған жанарына жасырынған мұңды көрді.

***

Көкдауыл иесін шарқ ұрып іздегенмен таппады. Оның айналасында жүретін темір сауытты адамдар да көрінбейді. Ауыл бұрынғыдай емес, бұйығы. Бұған қарайын, сорпа-суын берейін деген ешкім жоқ. Қотан маңын тіміскілеп сүйек-саяқпен жүрек жалғайтын жаман-жәутік емес, таң қараңғысында азық іздеп тауға кеткен. Қыр қояны мен түлкі-қарсақ аяғының желі бар. Әл-қуаты сарқылып, көңілі пәс тартқан тазыға жеткізе қоймас. Көкдауыл күні бойы құры сандалды. Намаздігер шағында тау беткейіндегі қорым тастың арасына жата кеткен. Жотадан өткен күннің қызуы бойын балбыратып, ұйқы шақырды. Көзі іліне бере тағы түс көрді. Бұл жолы да басы жоқ арлан… Қоңыртөбенің ұшар басына шығып алып ұлып тұр. Бассыз кеудеден шыққан қырылдақ дыбыс қасқырдың ұлығанынан көрі адамның айқайлағанына, ышқына зарлағанына келіңкірейді. Көкдауыл мына дауысты қайдан естігенін есіне түсіре алмады. Әйтеуір таныс әуен, таныс үн. Аздап елегізіп тұрса да әлдебір күш қасқырға қарай итермеледі. Бұл жете бере бассыз бөрі шалт қимылдап тастан секіріп түскен. Келер сәтте құбыланы бетке алып жортып кетті. Бөкен желіске салған бөрінің артынан состиып қарап тұрған Көкдауылдың көзі бұлдырады. Жанарын қайта тіктегенде қасқыр емес адамды көрген. Кәдімгі екі аяқты, қос қолды мақұлық. Тек оның да басы жоқ. Кетіп бара жатқан құр кеудені Көкдауыл бірден таныды. Иесі. Жүрісі де бәз баяғыша… Аяғын алшаң басып, асқақ денесін тік ұстаған күйі қыратты асып, бой жасырды. Көкдауылдың денесі қалшылдап кетті. Атып тұрып артынан жүгіре жөнелген. Сүрініп жығылды. Беткейде жайылып жүрген кекіліктер дүрк көтеріліп ұшқанда ғана әлгі көргендері өңі емес, түсі екенін түсінді. Ары-бері шапқылап іздемек болып еді, әлсіреген денесі ауырлық қылды. Тым-тырақай қашқан кекіліктермен бірге неше күннен бері нәр сызбаған, асқазаны да шұрқырап сала берген. Өзінің кәнігі аңшы екені есіне түскендей тамсана жұтынды да кекіліктердің өрісін бағдарлады. Байқаса бұл таудың қойын-қонышы құсқа толы. Әрбір тұста топ-тобымен жайылып жүр. Көкдауылдың қаны ойнап, тәбеті ашылды. Ширақ қимылдап келесі жотаға шықты да, мысықтабандап етекке сырғанап түсті. Алыстан кекіліктердің өрлеп келе жатқанын байқаған сәтте көк тастардың арасына бүк түсіп жата кеткен. Көзі жұмулы болғанмен сана сергек, жан дүниесімен аңғал құстардың тақап келгенін сезді. Бірінің аяғы денесіне тие бергенде Көкдауыл атып тұрып, екі үш мәрте қарманды. Шу-шұрқаны шығып тау құстары қаша жөнелді, біреуі Көкдауылдың тырнағында қалды.

***

Кекілік сеңгірдің тауынан кекілік аулаған күннің ертеңі етекке түскенде ел көшкелі жатқан. Көкдауыл буынып-түйінген жұрттың ішінен тағы да иесін кездестіре алмады. Барлығы да көзтаныс адамдар. Барлығы да ит түгілі баланың еркелігін көтерместей қапалы. Жүк артқан қара нарлар ыңырана түрегелді, төлеңгіттер күңірене атқа қонды. Қайда барары белгісіз көш жүре түзеліп, соңғы түйе соқпаққа түскенде әлдебір ән көкке көтерілген. Көкдауылдың құлағына таныс әуен, таныс ырғақ. Салпаң құлағын бір қағып сәл кідірді де әнді қуалай тартқан. Ат үстінде тербелген ақынды тез-ақ тапты. Екі көзін тарс жұмған күйі домбырасын тыңқылдатып, азалы күйді сұңқылдатады. Оған көмейден шыққан шерлі әуен қосылады. Көкдауыл киіз үйдің ішінде иесінен тыңдаған ән мақамын жазбай таныды. Ақынды қаумалаған көптен қалмай бүлкектей жортып ілесті. Әлден уақытта ән аяқталды. Көзінен парлай аққан жаспен жеңін суарған ақын сәл тыныстады да қайтадан әнге басты.

Кенекем менің кеткен соң,
Заманым қалды тарылып.
Халық иесі хандардан
Жетім қалдық айрылып.
Екі бірдей қанатым
Топшыдан сынды қайрылып,
Балдағы алтын ақ берен
Тасқа тиді майрылып.
Кемшілік түсті басыма
Көрінгеннен қаймығып…
Кенесары кеткен соң,
Иесіз қалды тағымыз,
Наурызбай төре кеткен соң,
Бастан тайды бағымыз.
Бұлбұлдай сайрап жүр едік,
Байланды тіл мен жағымыз, – деген Нысанбай ақынның жоқтауын естіген ел еңіреп жылады. Бұлт булығып, тау теңселді, өзен өкіріп, құстар шулады. Ештемені түсінбесе де Көкдауылдың көзінен де жас ыршыған. Ат үстінде теңселіп тұрған ақынның сөзінен әлдебір ызғарды сезген, қайғы мен мұңды таныған. Кекілік сеңгірдің қорымында көрген түсін есіне алды. Бассыз бөрі, басы жоқ адам. Олардың басы қайда? Көкдауыл иесін тезірек іздеп тапқысы келді. Онымен енді тек түсінде кездесерін білмеді.

***

Түн. Дала жым-жырт. Үй ішінде тек тоңазытқыштың дауысы дүрілдейді. Бәрі ұйқыда. Сағат та аяғын санап басып, қары талғандай сылбыр соғады. Компютер алдында отырмын. Бүгін үшінші күн. Диктофонды қостым. Сөйлей жөнелді.
– Кенесарының басы алынған күннен Көкдауылдың бабы жоғалды. Содан кейін көп жасамапты. Ары кетсе бір жылдай ғана жүрген. Хан ордасының жұртын күзеткен тазыны Құлман бабам тауып алып, асырап-баққан. Бірақ аңға салмаған.
– Неге?
– Бұратылған көк тазыны көрген бетте қызығы қайтып, ішіне құса түсіпті. Енді шаба қоймас деген екен. Айтқаны айнымай келіпті.
– Тұқым алып па?
– Жүйріктігі қара басына бітетін тұлпарлар болады. Сол секілді Көкдауылды қанша әурелегенмен ұлыққан қаншықтарға жоламай қойыпты. Тек ырысын алып қаламын деп ағаштан итаяқ шапқызған.
– Қандай ағаштан жасаған?
– Өріктің безінен.
– Неге темірден соққызбаған?
– А, не дейсің?..
– … (Ақымақтау сұрақ қойғанымды сезсем керек, үндемей қалыппын)
– Келіншектаудың тарихын білесің бе?
– Қай Келіншектау?
– Қанша Келіншек тау бар еді? Созақтағыны айтамын…
– Естіген секілдімін, – деп күмілжідім.
– Естімеген секілдісің, – дейді қырылдақ дауыс. Менің білмейтінімді аңғарған. Келіншектау туралы айтып кетті. Дүмбілез оқушыға сабақ түсіндірген шақар мұғалімдей шаңқылдап сөйлепті. Диктофонның дауысын бәсеңдетуге тура келді. Құлақты тесіп жіберердей өктем… Келіншектаудың аңызын екі-үш мәрте қайталап тыңдадым. Тыңдадым да таңғалдым, әрі ұялдым. Ұялғаным, ел мен жердің шежіресіне шорқақ екенмін. Таңғалғаным, Жұманың ағып тұрған шешен, көкірегі даңғыл шежіреші. Әрбір сөзі өзі секілді шып-шымыр. Ыңыранып, ыңқылдап тұрмайды. Бір оқиға мен бір оқиғаны керемет байлайды. Тіркестері бейнелі. Көркемдеп, ақтап-көктемей-ақ айтқанын айтқандай көшіріп бере салсам да жаман дүние шықпайтын секілді.
Қарсақ тұмақты тұйғындай қазақты тағы есіме алдым. Соңғы көрініс көз алдымнан кетпейді. Екі жендеттің ортасында сөлбірейіп кетіп бара жатты… Маған қарап қолын бір сілтеді емес пе?! Не демек болды екен?!
Жұманның Келіншектау* туралы айтқанын сол қалпы қағазға түсіруге кірістім.

*Келіншектау – Қай заманда екенін кім білсін, Қаратау етегін жайлаған атақты бай болыпты. Байдың өрісі малға толғанмен үйі іші жанға кедей екен. Кіндігінен Айсұлу есімді жалғыз қыз өрбиді. Күндердің күні айдай сұлу Айсұлу бойжетіп, ұзатылады. Қырық күн ойын, қырық түн тойын жасаған бай жалғыз қыздың жасау-жабдығын қырық түйеге артып, аттандырады. Құдалықтан қайтқан керуен Балдысу өзеніне келгенде Айсұлу ат басын іркіп, сандықтағы жасауларын тексеріпті. Барлық бұйымдары таза алтыннан жасалыпты да жалғыз итаяқ ағаштан шабылған екен. Айсұлу әкесіне кісі салып, итаяқты да алтыннан соғуды талап етеді. Қызының мұнысына қапаланған бай: «О, жақсылықты түсінбеген қасиетсіз! Тас бол! Тас бол! Тас бол!» деп үш рет қарғапты. Сол заматта Айсұлу мен оның соңынан ерген шұбатылған көш тасқа айналыпты. Сөйтіп, бұл жер «Келіншектау» аталыпты деседі.

***

Итаяқ. Сырттанның итаяғы. Өріктің безінен шабылған. Пошымы бүгінгі шеберлер жасап жүрген ет салатын астауға ұқсайды, сәл шұңғылдау. Айтпақшы бұл итаяқтан өзім де ас іштім деді ғой… Диктофонымды қосып, диалогты қайта көшірдім.
– Көкдауылды атам әлпештеп бағыпты. Босағадан орын беріп, астына тері тулақтарды қабаттап төсепті. Тура бір жыл дегенде тазы ұшты-күйлі жоғалған. Құйрық майды қалтасына салып алған атам неше күн сабылып іздеген. Аузына май тығып, бетін жасырмақ болған. Бірақ жақсы ит өлігін көрсетпейді деген рас, шартарапты қанша шарлағанмен таппаған. Көкдауыл кеткенмен итаяғы қалды. Бабадан балаға мұра боп жалғасты. Құлман бабамыз көшкен кезде итаяқты соңғы түйеге артады екен.
– Неге?
– Салт солай. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» деген сөз содан қалған. Ауыр дегені салмақты ғана емес, маңызы зор дегені… Қадірлегені… Бұрынғы қазақ қазіргіден ақылды болған.
– Мойындаймын…
– Мен іште жатып анамды жұтқан жалмауызбын. Жеті айлық боп туыппын. Шешем жолдасы түспей жарық дүниемен қоштасыпты. Әжем марқұм тоғыз айға толғанымша тұмаққа салып, ешкінің сүтімен баққан көрінеді. Өзі шала туған әрі уызға жарымаған бала қайбір оңсын. Шипая болып өсіппін, денемнің бір жапырақ болғаны сол… Кеш жетілгенмін. Бес жасқа дейін мешелмен ауырдым. Аузымнан сілекейім сорғалап балпиып отыра береді екенмін. Сөйлеген сөзімді ешкім түсінбейтін быдықтығым тағы бар. Құрдастарым әлі күнге «мешел, быдық, жеті айлық» деп келекетеді тұқымың өскірлер!..
Мені адам қылған осы итаяқ. Әжем марқұм, беске толған күні тұсауымды кесіп, араға апта салып үш рет итаяқтан су ішкізіпті. Содан оңалсам керек. Бертінде талай мәрте итаяқпен ұшықтағаны есімде. Қолымызға сүйел қаптаса, көзімізге теріскен шықса болды итаяқтың қағынан кертіп алып жаға қоятын жарықтық. Ұшынған жеріміз ертеңіне сып-сипалам жазылатын. Көктем сайын итаяқтың сірнесімен босағаны майлап отыратын, ырысы жұқсын деп… Тіпті малдың желіні іссе де итаяғын ала жүгіретін, марқұм.
Сырттанның итаяғы деп көзінің қарашығындай сақтады. Қастерледі. Біздің үйдің дәулеті итаяққа жұққан деп отыратын. Атамыз бай-құлақ болып айдалып кеткен жылдары да басқа мал-мүлік тәркіленгенде осы итаяқты сақтап қалыпты. Әжем жарықтық шиеттей бала-шағасын жетелеп қырғызға барып күнелткен. Итаяқты жастықтың ішіне тығып өзімен бірге алып жүріпті. Жұман әңгіменің осы тұсына келгенде күңіреніп кетті.
– Жарықтық-ай, әруағыңнан айналдым, сендердің!.. Сендер қадір тұтқан сол итаяқтан мына «ит» айдың күннің аманында айрылып отыр. Мұның басын шауып тастаса да обал жоқ.
Жұман осы сөзді айта сала маңдайымен терезе жақтауын соғып-соғып жіберді. Автобустың артындағы жастар шу ете түскен. Қызара-бөртіп отырған немелер екеуіміз төбелесіп қалды деп ойласа керек, едіреңдеп жетіп келген. Жұман ешкімді көзге ілмеді. Тап бір көктем сайын көтеріліп-басылатын қояншықтар секілді көзі шатынап, ауызы көбіктеніп әлдекімдерді боқтап-боралаған.

***

Тігерге тұяқ қалмаған кәнпескелеу кезі мен ішерге ас таппаған ашаршылық заманынан аман өткен итаяқ ел аман, жұрт тынышта отқа жағылыпты. Жұманға бұл оқиғаны баяндау оңай болған жоқ. Қайта-қайта күрсініп, омырау түймесін бір ағытып, бір салды. Әрбір күрсініс сайын іштегі мұң мен нала, өкініш-қайғының жалыны бет шарпиды. Көкдауыл тазы хақындағы аңызды тыңдағанда балбырап кеткен жан-дүнием мына оқиғаны естігенде үсік шалған жапырақтай солған. Итаяқтың тарихы қайғылы аяқталатынын сезген едім, сол сезім алдамапты. Жұманды жұбатқым келді. Аядым, өкіндім. «Қарсақ тұмақты» деп оған кемсіте ат қойып, айдар таққан ұшқалақтығыма опындым. Қазір де сол бір кінәмшіл сезім сөзге тұсау салып, дігерлеп тұр. Шығарма басында ұстанған стиль бойынша «итаяқ трагедиясын» өзімше өрбітіп, бояуын қалыңдатып бұрқыратып кетуге қол жүрмеді. Бірнеше рет жазып, байқадым. Бірақ бүгін жазғанымды ертеңіне өшірдім. Ақыры не естідім, соны бергім келді. Өз жайын Жұманның өзі айтқаны жөн болар…
Әлқисса… Үйдің кенжесі болған соң әкемнің қарашаңырағы да, сырттанның итаяғы да менде қалды. Совхозда қызмет еттік. МТМда ұстамын, қатын құрылыста сылақшы. Бірақ совхоз дерегдірінен дәулеттіміз. Атадан қалған аңшылығым бар. Итаяқты жалаған тазының жаман болғаны жоқ. Таймастың тұқымын таппадым. Ал қырғыздың тайғаны, дүрегей, жарғақ құлақ, сидаң аяқтың талайы қанжығамды қандап, қолымды майлап, қорамды малға толтырды. Ауданның аң құмар мықтылары арнайы іздеп келеді. Бір-бір атқа мінігізіп далаға алып шығамын. Қасқыр қуғызамын, түлкі-қарсақты ұрғызамын. Қызық көргеніне олар мәз, дөкейлермен жекжат болып көжетамыр атанған мен де риза. Келген сайын құр қол келмейді, ауылдағылардың аузына тимек түгілі мұрны иіскеп көрмеген арақ-шарап, азық-түлікті көліктері көтергенше тиеп келеді. Қойшы әйтеуір ырыс-несібеміз асып-тасып жатты. Той-томалақта «Жұман сөйлесін» дейтін жұрт. «Мешел, Быдық» деп түртпектейтін құрдастарымның алды ел көзінше «Жүке, Жүке» деп жік-жаппар бола бастаған. Сөйтіп жалғанды жалпағынан басып жүрген заманда сәбет өкіметі тарады, совхозымыз ыдырады. Совхоздың мүлкін пайға үлестіре бастаған жылы екі қыз мектеп бітіріп оқуға түсті. Олардың артынан бұлғақтап өскен ұл жігіт болды. Оқымаймын әскерге барамын деген соң қарсы болмадық. Семейдің Аягөзінде екі жыл жүріп, бір шүйкебасты жетелеп келді, келініңіз деп… Бетін ашып, құда күтіп, тойын жасадық. Оның артынан екі қызды ұзатып, біраз шабылдық. Бірақ құдай берген дәулеттің мұрты да бұзылған жоқ. Итаяққа жұққан ырысымыз төгіліп-шашылып жатты.
Бар бәле бертінде басталды. Келін екі жылға дейін бала көтермеді. Бұрынырақта жаңа түскен келіншек көйлегінің етегіне салып итке жем жегізетін. «Итше күшіктесін» деген ырымы ғой қазақтың. Әйеліме айтқызып едім, келін «қорқамын» депті, балам «шаманизм қалдығы» деп күлкі қылған. Қаным басыма шауып, іске өзім кірістім. Ақмоншақ деген тазым бар еді, сол күшіктей сала күннің суықтығын сылтауратып үйге кіргізіп алдым. Балпанақтай қос күшік сүйкімді, жүрсең аяғыңа оратылып, отырсаң төбеңе секіріп еркелейді. Келінге де үйірсек. Өзімнің күткенім де сол емес пе?! Итке тамақ берсін, күшіктерін көріп, мейірленсін, ит төресі тазының алғысын алсын деп жүрмін ғой баяғы. Бір күні даладан келсем үйдің іші қатын-қалашқа толы. Әншейінде қиралаңдап зорға жүретін бәйбішем бөксесін бұлтыңдатып, бөденедей жорғалайды.
– Оу, жайшылық па? Бұл не дүрлігіс?
– Құрсақ шашу жасап жатырмыз, – дейді қызара бөрткен қатынның бірі қағытып. Саудагер Сақанның үйіне қанша рет қатынағанымды құдай білсін, еріккен қатындарға арақ таси беріппін. Олар да бір құдық екен. Сіңкілдетті-ай бір… Келіннің көжеге тойғанын сылтауратып осылайша көрші-колаңды араққа тойғыздық. Аяқ жерде, кеуде көкте. Жатсақ-тұрсақ шыр еткен шақалақтың тілеуін тілейміз. Көңілде үміт оты маздап тұр, аздаған күдік те бар. Көп ұзамай келін жерік болды. Өзі де тамақты шұқып жейтін кіді еді, әрнәрседен жиіркенеді. Жиі құсады. Күні бойы аш құрсақ жүреді. Бір күні иттің иісінен жиіркенемін дегенді шығарды. Күшіктер жолап кетсе «кет-кет» деп шыр-пыры шығады. Бір-екі рет аяқпен теуіп, көсеумен ұрып қыңсылатып жіберіпті. Іштей секем алдым. «Аяғы ауыр әйел жерігі қанғанша итке «кет» деп айтпайды» деуші еді әжем жарықтық. Ертерек ескертпегенім-ай деп қынжылдым. Ақмоншақты қос күшігімен қораға шығарып тастадым. Қойшы әйтеуір келіннің айы-күні жақындады. Толғағы басталғанда Қордайдағы перзентханаға алып кеткен. Қатын сүрленген қазыны бұзбай салып көрші- қолаңға жарыс қазан жасады. Таңға жуық сүйретіліп, ұлым келді. Удай мас, көңілі пәс. Шақалақ туа сап шетінеп кетіпті. «Неге?» деп едім әйелім өзіме атырылды.
– Сенің кесірің бәрі де… Итке етегіңмен тамақ бер, итке кет деме, – деп қақылдаған. Соны көңіліне алып қалыпты. Енді итіңді құшақтап жат!
Қатынның сыбағасын қолма-қол беріп, далаға шығып кеттім. Жас кезде бір-екі рет қамшымен шықпыртқаным болмаса қатынға қол көтерген еркек емеспін. Бұ жолы ашу ауыздықталмай қалды. Қатын көпке дейін кір-қоңымды жумай, төсегімді салмай қойтаңдап жүрді. Келін ауруханадан шығып келген соң ұрыс өртінің қоламтасы қайта бықсыды. Қатын мені кінәлайды, жоқ нәрсені ырымдап жүресің деп… Ұл сазарып үндемейді, келін көңілсіз. Төркінінен алып келген тарғыл мысықты төсіне салып, құшақтайды да отырады.
– Бүркіт мен барған үйдің он ұлы болса екен, әрқайсысы кезек-кезек аңға салып құмарымды қандырса деп тілек тілейді екен, – дедім бір ыңғайлы сәтте. Үшеуі «не айтпақсың?» дегендей бетіме әңірейіп қарады.
– Ал, мысық дедім – төсекте жатқан тарғылды қолмен нұқып… – Керісінше осы үйде бала болмаса, жылы-жұмсағын жеп, жылы жерде мен жатсам, – деп сұрайды екен. Қазақтың мысықтілеу деген сөзі содан шыққан…
Ұлым үн-түнсіз далаға бет алды, келін басын кекжең еткізді, қатын қарасаннан шымшып алған.
Содан кейін-ақ келін ит біткенге өшігіп алды. Маған да салқын. Бетке айтпайды, күйеуін қайрайды. Ұл сүмірейіп келеді.
– Иттерге тамақ жетпей жатыр…
– Тарғыл мысықты Ақтабан таламақ болыпты…
– Өзін қауып ала жаздапты…
– Үйге кірерде киім ауыстырыңызшы, иттің иісінен ұшыныпты…
Олар итке тиіскен сайын мен қатынға шүйлігемін. Ол да қайтпайды, салғыласып кеп береді. «Аңшылықты қойдың, енді ұлардай шулатпай салпаңқұлақтарыңды азайт! Қора күзетіп, кісі қорқытуға бір-екеуі жетеді» дейді. Мен шырылдаймын: «біздің үйдің ырысы ит пен итаяқта. Мияулаған мысықтан көрі тазы мен бүркіттің тілеуі жақсы» деп… Сөйтіп итырғылжыңмен жүргенде бәйбішем аяқ асты жүректен кетті. Бұл дүниеде қатынсыз еркектің күні қараң. Ұрыспақ түгіл қырылып қалсаң да шүйкебасың болғанға не жетсін?!. Қатынның қадірін кеш ұқтым. Уақтылы шәйіңді әзірлеп, дамбал-шұлығыңды шәйіп берер адам болмаған соң қанша кербез болсаң да бағлан басыңның бабы қожырайды.
– «Елуден енді астың, бір емес бес қызды қартайтатын қауқарың бар. Төсек жаңғырт» деп дос-жаран қажағанмен илікпедім. Отасқалы бес жылға жуықтаса да бала көтере алмай жүрген келіннің көңіліне қарадым. Ертең мен алған қатын итше күшіктеп жатса ыңғайсыз ғой… Әрі қазынамыздағы қаражат ортайып, қол қысқарған. Жиған-тергенді екеуі емге жұмсап Алматы мен Астана, Тараз бен Бішкектің бүкіл дәрігеріне жем болды. Келін бірнеше рет пышаққа түсті. Бірақ бірінен қайыр болмады. Соңғы рет бірер ірі-қараны сатып Алматыға кеткен, сөйтсем жасанды жолмен жатырына бала салып беріпті. Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдырады деген… Жарым түнде дәретханаға бара жатып есік алдында жатқан итаяққа шалынып құлапты. Ана құрсағына әлі орнықпаған шарана шошынған сәтте ағып түскен. Сол күні соңғы үміт үзілді. Өзі де тұйықтау ұлым шорт сынды. Жолдастарымен ішкен. Есін білмес, мас. Келе маған шүйлікті.
– Барлық бәле иттен, – дейді. Мен «керісінше итті қадірлемеуден» деймін. Бірдеме деп балағаттады. Шыдай алмай шапалақпен тартып-тартып жібергенмін. Шала мас күйінде далаға шығып кеткен. Қора жақтан итаяқты алыпты да монша пешінің көмейіне тығыпты.
Сырттанның итаяғы өртенген соң-ақ берекеміз кетті. Оспа мен аусыл деген дерт кезек-кезек тиіп тігерге тұяқ қалдырмай қораны тазалап кетті. Ұл ішуді үдетті. Тойға барса тойып келеді, жұмыстан жұтпайынша оралмайды. Ақыры жата-жастана ішті. Мас болса әйеліне қолы, маған тілі тиеді. Ондай күндері біздің үйдің оты жағылмайды, асы қамдалмай қалады. Қазан-ошақ жағалалаған қатынбасшылықтан ада едім, енді өз күнім үшін күйелеш-күйелеш болып күл шығарамын, күйдіріп-жандырып тамақ істеймін. Менің жағдайым болмаған соң иттердің сиқы қайбір оңсын?!. Бұрындары бәйбішеге айқайлап жатып тазыларға қазан-қазан тамақ жасататынмын, олар осы күндері жуындыға зар болып қалды. Тазы біткен дала кезіп, тышқан аулап тентіреп кетті. Төбеттер көршілердің тауықтарына, шошаладағы етіне түсе бастады. Бір-екеуін ауылдың адамдары арсаға ілген етімді ұрлады деп көзімше атып кетті. Ақыры обалдарына қалмайын деп иттің бәрін елге үлестірдім де жібердім.

***

Келін кезекті бір төмпештеуден соң төркініне тайып тұрған. Артынан бір айдан соң іздеп барды. Қайынжұрты өзін көкала қойдай қылып тепкілеп қуып жіберіпті. Содан қайтып ат ізін салмады, қатын да алмады. Көзімді ала бере ішеді. Екі қыз бір апта бұрын келіп, жалғыз бауырымыз деп Алматыға алып кеткен. «Емдетеміз, сырдескі бір қыз бар, көрсетеміз» дейді. Байқұстар бірге туған емес пе, жаны ашиды да… «Осы көктемде қайта үлендірсек» деп отыр. Мейлі ғой, бәлкім түзеліп кетер… Олар Алматыға кеткенде мен Таразға тарттым. Мынау сырттаның итаяғын жалаған соңғы тазы. Күшік күнінде сатып едім, нағыз жалаңдаған жендет болыпты. Бір аптаға сұрап едім, қайтармай қоясың деп бермеді. Үш күн аңдып, әрең дегенде ұрлап шықтым.
Әңгіменің осы тұсына келгенде Жұман тереңнен тартып күрсінді. Көзіне жас алып, даусына діріл жүгірді.
– Өткен күзде қарағаштың томарынан итаяқ шауып едім, – деді бәсең үнмен.
– Соны жалатып, шаңырағыма бір түнетсем болды, иесіне қайтарып беремін. Иттің маған керегі жоқ. Ырысы жұқса жетеді. Бәлкім кеткен берекеміз қайта келер!..
– Құдай жолды оңғарсын, – дедім. Ол рахметін айтты да да шаршаған адамдай терезеге басын сүйеп көзін жұмды. Сол күйі ұйықтап қалды. Мен де естіген дүниелерді елеп-екшеп отырып қалғып кеткен екенмін, дабырлаған дауыстан ояндым. Көзімді ашқанда көргенім – бұйрабас жігіт Жұманның тазысын құндақтаулы баладай көтеріп алды да жүгіре басып автобустан шықты. Түрін шырамыттым. Тараздағы жанармай бекетінде біздің автобустың астына түсе жаздаған осы жуәрмек болатын. Алақтап, әлдекімді іздеп жүргендей көрініп еді, қазір іздегенін тапқан адамдай мәз-мәйрам. Жалма-жан далаға ұмтылдым. Жұман екі сақшының ортасында сөлбірейіп кетіп барады екен. Артынан жүгіре жеткен маған полицейлер ежірейіп қарады да жолымды бөгеді. Ал, Жұман қолын бір сілтеді де қайрылмастан жүріп кетті.

***

Иә… Жұман қолды бір сілтеді де кете барды. Екі полицейге жағдайды түсіндірмек болып арамтер болғанымды айтып жату артықтау болар.
– Көке, түсініктеме аламыз, сонда бәрін түсінеміз, – деп жақауратқан. Ал қоңыр тазының иесі бұйрабас жігіт қулана күлді.
– Аға, ол бастан кеткен кісі ғой, – деген сенімді түрде. Әкесі қатарлы адам туралы мысқыл-мазақты аузы қисаймастан айтты-ау. Сөзінен шошып, көзіне қарап едім «жындыны жақтап тұрған сен де сау емессің-ау» деген жазуды оқыдым. Кенесарының Көкдауылы, сырттанның итаяғы, үйдің ырысы, Жұман отбасының қилы тағдыры туралы айтпақ болған ойым кейін серпілді.
– Бауырындағы баласы, қойнындағы қатыны түсінбеген Жұманды кім түсінсін?! – деген өкініш өзектен сөз боп өрілді. Бұйрабас бұл жұмбақтың мәніне бойлай алмай, мәңірейіп бетіме қарады.
– Түсінбейсіңдер бәрібір, – дедім де кете бардым.
…Сол сыңар сөйлем осы қазір ауыздан тағы да сытылып шықты да хикаяттың соңғы жағына жайғаса кетті.
«Түсінбейсіңдер бәрібір»…
Жұман қолын бір сілтеп кете барғанда бәлкім осыны айтпақ болған шығар…
Кім білсін?!


                                          

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған