Атам маған сыйлыққа,
Қамшы берді бес өрім,
Тұлпар мініп күні ертең,
Батыр болып өсемін.
Әжем маған сыйлыққа,
Тарту етті домбыра,
“Тоғыз перне – толғау, жыр,
Құлақ күйін оң бұра”.
Әкем маған сыйлыққа,
Кітап берді оқы деп,
Даналардың сөздерін,
Көкейіңе тоқы деп.
Анам маған сыйлыққа,
Тарту етті сағатын,
“Бақыт деген – ұзақ жол,
Таусылмасын тағатың”.
Ағам маған сыйлыққа,
Асық берді озсын деп,
Ұлттық ойын, додада
Делебесі қозсын деп.
Әпкем маған сыйлыққа,
Тарту етті қаламын,
Ең аяулы сөз жазып,
Тұмар етіп тағамын.
Үлкен-кіші тартудың,
Ажыратар түсін кім?
Ақ тілек пен сыйлықты
Зор құрмет деп түсіндім.
Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!
1 / 5. Дауыс саны: 1