Сұлуға бауыр басқандар

(Алматына сағынғанда)

– Маңғаз иә?..
– Тәкаппар…
– Сұлу болғасын тәкаппар болмауға бола ма?..
– Кейде жаны жоқ сияқты.
– Қайдам?.. Мұныңа қосылу қиын, тереңірек үңілген адам табар.
– Үңілуге ниет болғанмен уақыт пен жағдай жетпей жүргендер қаншама…
– Жәй ғана жанарына қарасаң бір нүктеге тоқтамай қозғалады да тұрады. Ағы мен қарасын айыру қиын. Тіпті оның жанарындағы толассыз қозғалыс сені өзінің қарқынына ілестіріп әкетеді. Бір уақыт байыз тауып жан-жағыңа байыптап қарауға мұршаң болмай, сол қарқынмен жүресің де қоясың. Кәдуілгі экрандағы кинолентада күндізгі уақыт пен түнгі мезгілді қатар- қатар көрсетіп, біраз жылды еңсертіп тастайтыны секілді. Таң атса кеш батады.
– Сонда оның жанарынан жанын көре алмайсың ба?
– Көрсете қоймайды, ол. Оның бағасын білу үшін алыстан көз жүгірту керек
– Әрине, алыстағының бәрі қымбат. Нағыз сұлу оның жанында жүрсең де қымбат болуы тиіс емес пе?
– Сұлудың жанында жүргендер кейде оның сұлулығын көре алмай қалады. Көзі үйренеді яки басқа жаққа барса да осы сұлулықты көрем деп ойлайды.
– Маңғаздығы мен тәкаппарлығына да үйренеді деп ойлайсың ба?
– Әрине, тіпті дәл осындай маңғаздық барлық сұлуға тән деп ойлауы мүмкін.
– Маңғаздық, тәкаппарлық, сұлулық болған жерде мейірім мен қатігездік те бар шығар. Оны қайда қоясың?..
– Рас. Мейіріміне шомасың, қатігездігін кешесің. Етің үйренеді. Оның қатігездігі қанша адамның жолын кесіп, қанша адамды адастырса да кешесің. Өйткені сұлудың өз талабы бар. Талабына көнсең көндің көнбесең, жолың ашық.
– Сонда осы сенің сұлуыңның қасындағы миллиондаған адам оның талабынан шыққандар ма?
– Е, жоға! Оның қасында талабына көне алмаған, үдесінен шыға алмаған, өз өміріне көңілі толмайтын қаншама адам бар. Бірақ бәрібір бақытты.
– Өзіне өзі көңілі толмаған адам бақытты болушы ма еді?
– Болады. Тіпті сол сұлудың қасында жүргендердің көбі оның сұлулығын жыға танымай-ақ, анық көрмей-ақ, нарқы мен парқына бойламай-ақ тамсана береді.
– О, несі –ей?
– Оның аты бауыр басу… Егер сен біреуге бауыр бассаң оны жаны жоқ деп ешқашан айта алмайсың…
– Әрине! Қазақ Алматыға бауыр басқалы қашан!..

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

1.5 / 5. Дауыс саны: 2

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған