Оңашада қыстығып жылағаным,
Көз жасымды еріксіз бұлағаным.
Маңдайыма жазылған жазу сол деп,
Мойынсұнып тағдырға шыдағаным.
Жыла, көзім, көңілмен тазарамын,
Бос күлкіге білемін жаза барын.
Шалыс басқам, кей кезде қалыс қалғам,
Көз жасыммен төгілсін кінәларым.
Тәңіріден жалынып сұрағаным,
Үмітімді шағылған құрағаным.
Шек келтірмей ісіне бір Алланың,
Төзіміме қайрат бер, шыда, жаным.
Сүрінсем де өмірде, құламадым,
Баспалдағы бақыттың бір-ақ адым.
Әр сәтімнен шұқшиып бақыт іздеп,
Шаттығымның құйынын құп аламын.
Қол бұлғайды арайлы құба таңым,
Жүрегімді жабырқау жұбатамын.
Шуақ күннің шомылам шаттығына,
Мен Анамын, сертімде тұра аламын.
Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!
0 / 5. Дауыс саны: 0