Құсқанаты

Аспан сілкіп түсірген құсқанатын,
Құсқанаты соңынан қыс қалатын.
Айналса ғой ұлпа қар ғайып болмай,
Әшекейге әдемі қыз тағатын.

Құсқанаты – секілді үкілі арман,
Үкілі арман жолында бүкіл арман.
Бір ғаріп жан сүйіп тұр алақанын,
Періштесін аспаннан күтіп алған.

Қылаулаған ұшқыны үміттердің,
Құсқанаты, сен соны біліп келдің…
Тамсандырдың.
Сағыныш сарайына
Гүл боп көктем, жаз жайнап күліп келдің.

Жазғытұрым жауатын құсқанаты,
Бағзы бір сәт құс тілін құс табатын.
Жастық пенен қарттықтың белгісіндей,
Күн ұзарып, түн мерзім қысқаратын.

Құсқанаты – төгілген жыр қауырсын,
Біреулерге тым жеңіл, тым ауырсың…
Саусағына, ақынның жүрегіне
Қонақтайсың әлемді жырлау үшін…

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

1 / 5. Дауыс саны: 1

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған