Қарақұрт (әңгіме)

Маң-маң басқан түйенің қос өркешіндей тау арасынан таң алакеуімде сығырайған күн шапағы сайын даланың ұйқысынан оята бастады. Құмырсқа атаулы тықырын білдірместен илеуінен шығып, еңбек майданына аттанды. Найза бойы көтерілгенде алтын шапақтың қуатты сәулесі сайын далада сағым ойнатты. Өрекпіген ыстық желдің ызыңы бұйрат құмдар мен бетегелі даланың үстінде әндетіп тұрып алды.

Бір кездері апортымен аты аңызға айналған зәулім шаһар мен талдан қорған қаланған қала бағытында көліктер ерсілі-қарсылы жүйіткиді. Алып мегаполистегі арадай құжынаған адамдардың қарекетін көресің. Уақыт озған сайын кісімсінгендер арасындағы мейірімділік бұлағы суала бастағандай; базардың әр тұсынан бір-бірін кеу-кеулеген, бірі ащы айғайға басып жол сұраған арбакештерді көзің шалады.

Есбол ескілеу көлігімен жерұйық мекеннен өзге қалаларға жиі қатынайды. Тұрлаусыз күйбең тірліктің қамымен тасып, нәпақасын айырады. Құрқылтайдың ұясындай үйдегі жандар – ерінің қас-қабағына қараған әйелі мен балалықтың бақытты бағынан басын өмір базарына шығара қоймаған балақайлар. Тұлымшағы желбіреген үш қызының болашағына алаңдайды. Қылықтары балдан тәтті. Кішкентай қос өрімді бұрымдылар әкелері жұмыстан шаршап келгенде мойындарына асылып, «Әке, бізге сөйлейтін қуыршақ әкеп берші!» деп қыңқылдайды-ай келіп. Мұндайда Әйтен шешесі: «Әкелеріңнің мазасын алмаңдар! Қуыршақтарың бар ғой, одан да әдемі көйлек алайық» деп тиып тастайды. Әйелі азға шүкірлік қылған жан, ысырапқа жол берген жері жоқ. Өзі үнемшіл еді, елдің тұрмысы нашарлай бастаған кезде әр тиынды орнымен жұмсауды үйренді. Кейде қыздарына жаңа киім әперіп, қуантып қойғанды ұнатады. Әйтеуір, қатарынан қалмаса екен дейді.

Талдықорғанның шетінде жаңадан салынған мөлтек аудандағы көпқабатты үйдің біріне жуықта көшіп келген. Көзін ашқалы әке-шешесі, кейін өзі де пәтер жалдап көшпенділер секілді ғұмыр кешті. Жылдар бойы жылғадан аққан суды қос қолдап көшетке құйғандай, там-тұмдап жиғанына несиеге екі бөлмелі пәтер бұйырды. Есболдың бала кездегі арманы ұстаз болу еді. Мұғалім атанып, тапқаны отбасын асырауға жетпеген соң қолды бір сілтеп, таксист болып шыға келді. Күндіз-түні құмырсқадай тыным көрмейді. Бірер күн үйде ауырып жатып қалса, тіршіліктің суық қолы тамағынан ала бастайды…

Таңсәріде Алматыға адам жеткізген соң көлік ішінде бір жарым сағаттай дамылдып, көз шырымын алды. Есбол несие төлеуге үш күн қалғанын ойлағанда еңсесі езіле түсіп, ұйқысы шайдай ашылып кете берді. Тіз қатарынан тізілген көліктердің иелері кезектесіп адам жинап, байыз таппайды-ау! Таңғы асына бірер самса мен қою күрең шайды қанағат тұтты.  Қарын тойдырып ас ішуге ақшасын қимады. Мардымды жұмыс таппай, ар-намысты белге буып, адам тасығандардың қарасы көп екен. Кезекке тұрса, кешке дейін көлігін қаңтарып қоймақ. Уақыт шіркін зымырап өтіп бара жатқанын несие ұмыттырмайды-ау! Қаланың шыға берісіне тоқтап, «Талдықорған» деп жазылған тақтайшасын сермей берді. Бір кезде жанына орта бойлы, еңгезердей денелі, жасы елуді еңсерген, шиқан бетті, көзінің аласы көп, түкті қасты біреу жетіп келді.

– Такси…

– Иә, такси. Талдықорғанға барамыз…

– Салонды түгел аламын, жолдан ешкімді отырғызбайсың, – деп гүжілдеді әлгі жолаушы. Есбол болады дегендей, басын изеді. «Жақсы болды, адам жинап тұрмайтын болдым».

– Ақшасын төлесеңіз, үйіңізге дейін апарамын, – деді іздеген адамы табыла кеткеніне қуанып.

– Жүгім бар.

Таксист жүксалғышты ашты. Еңгезердей адамның жанында сырты әдемі қырық шақты қорап тұр екен. Әлгі адам бар жүкті кірпіштей қалап, сыйғызып жіберді. «Аяқ киім сататын саудагер ме?» деп ойлады таксист.

– Жол ақысын қазір төлесеңіз, жанармай құю керек, – деді ол. Артқы орындыққа жайғасқан жолаушы жанқалтасынан портмонесін алып, екі он мың теңгелікті суырып, шопырдың жанындағы орындыққа тастай салды.

– Қалғаны өзіңде қалсын!

«Жомарт жан екен, – деп ойлады Есбол, – Несі бар, қайта маған жақсы. Несиемді тезірек жабамын».

Сағат онға тақап қалғанда кептелістен босаған «Ауди» көлігі алма иісі аңқыған қаладан ытқып шықты. Таксист жолды қысқартпақ болып:

– Қай жақтан келесіз? – деп сауал қойып еді, шойын қара тіл қатпады. «Шаршап келе жатқан шығар, мазаламай-ақ қояйын» деді іштей. Өзі де маужырап келе жатқан соң сөйлесуге құлықты болмады.

Күннің ыстығы мол жазға сыймай тұр. Жеңіл көлік жылдам жүйіткіген сайын әйнектің сызғыш еніндей саңылаудан ішке қапырық жалын ұрады. Жетпіс шақырымды еңсеріп тастағанда Қапшағай қаласы көрінді.

– Осы жерден тоқташы, – деді гүжілдеген дауыс. Желмен жарысқан жүрдек көлік мәре сызығын кесіп өткен тұлпардай арынын бәсеңдетіп, кілт тоқтады. Жолаушы көліктен түсті де, жүк салғышты ашып, бірнеше қораптың ауыздағы скотчты кеңсе пышағымен тіліп, жолдың жиегіндегі сайға домалатып жіберіп, қайта отырды.

– Кеттік! – деді бұйыра сөйлеп. Есбол ерсілі-қарсылы жүйіткіген көліктердің дауысынан жолаушының жүк салғышты ашқанын да аңдамай қалды. Ол қарсы алдындағы айнаға қарады. Әлгі еңгезердей адам міз бақпаған күйі сұңғыла жанарымен айнаға тесіле қарап қалыпты.

Көкшіл түсті көлік қайта қозғалып кетті. Капшағай қаласы шетіндегі көзді арбаған ойынханалардың ортасымен зулап, зымырап келеді. Есболдың ұйқысы келді. Кеше күні бойы қаланы түгел шарлап, адам тасып, әбден шаршады. Ақшам жамырағанда таксистердің қарасы азайып, бір үйдің төрт адамы «Алматыға жеткізіп тастасаңыз» деп өтінген соң тынығып алмастан рөлге қайта отырған.  Міне, екі көзіне ұйқы тығылып, тынымсыз есінеп келеді. Ұйқыны ашады деп алған энергетикалық сусынды ішіп еді, тыңайып қалғандай болды. Осы құрғыр сусындар бүйректі отырғызып тастайды дегенді сан мәрте естіген, бірақ көлік айдап келе жатып ұйықтап кетпес үшін амалсыз  алады.

Жаздың ми қайнатар аптабы сайын далада асыр салып, құрақ біткенді дірілдетіп, сары түске бояи түскен. Су мол шалғындық маңында шырылдауық шегірткелердің әні естілмейді. Аспанда бір шөкім бұлт болсайшы. Жол бойында кепкен балық, қауын-қарбыз сатқан саудагерлер ұшырасты.

Бейтаныс жолаушының телефоны безілдеп қоя берді. Бұл кезде Кербұлақ ауданына жақындап қалған.

– Көлікті тоқтатшы! – бейтаныс жолаушы тағы гүж ете қалды. Жүз жиырма шақырымдық жылдамдықпен келе жатқан жеңіл көлік шиқылдап барып, жолдың жиегіне жер бауырлап тоқтады. Жолаушы көліктен түскен бойда жүксалғышты ашып, бірнеше қорапты көтеріп, терең сайға түсіп кетті. Ол қораптарды бірінен соң бірін ашып, төменге лақтыра берді. Беті ашылған қораптардан құжынап, қыбырлап шыққан жүздеген қарақұрт жан-жаққа бытырай жөнелді. Қармауыш аяқтарымен белгісіз өлкенің тасы мен топырағын алғаш басып, жайқала өскен шөптердің ішіне індете еніп кетті.

Есбол үлкен кісілердің қуығы ұзақ жолға шыдамайды дегенді естіген, беймаза жолаушының көлікті тоқтатқанына ренжіген жоқ. Дәрет сындыруға кеткен кісінің соңынан қарауға дәті бармады. Қарама-қарсы жолда алдынан шығып жүйіткіген шетелдік қымбат «Джип» көліктерге тамсана қарап: «Біз қашан осындай көлік мінер екенбіз?» деп қиялдап қойды. Көліктің есігі ашылып, жолаушы артқы орындыққа жайғасқан соң кідірмей жүріп кетті.

Алапат ыстық пәрменін көрсетті. Көкте қалықтаған құс көрінбеді. Жазғы қапырық кабина ішіндегі тымырсық ауаны тарылтып жіберген. Таксист ауа баптағышты қосайын деп еді, бензинді үнемдемек болып, ол ойынан айнып қалды. Есесіне көліктің терезесін молынан ашты. Көңілсіздікті сейілткісі келіп «Шалқарды» қосып қойды. Радиодан әнші Роза Рымбаева «Жазира, жасыл кілем өрнектеген, дариға, туған жерге жер жетпеген» деп әндетуде. Есбол қазақтың жұпыны тұрмысын және тобырдың қолындағы қазба байлықтар жайында ойланып кетті. Иә, сүйемдей жерге сүйегін қалдырған ата-бабалары мирас болып қалған киелі жер. Осынау қасиеті жерде қандай қазба байлық жоқ дейсің? Алтын, күміс, уран, мұнай, газ…. «Менделев таблицасындағы барлық метал, элемент бар» деп еді бұрынғы бір әріптесі. Көк ту желбірегелі жиырма бес жыл өтсе де, қазақтың жарымай жүргенін түсіне алмады. Бұл кезде көлік Көксуға таяп қалған.

– Көлікті тоқтат! – Бейтаныс жолаушының дауысы өктем шықты. «Музыкаға елігіп, естімей қалғам ба?» деп ойлаған такси жүргізушісі тежегішті баяулата баса берді. Жеңіл көліктің дөңгелегі шиқылдай, асфальтқа үйкеліп, кілт тоқтады. Бейтаныс жолаушы сыртқа атып шығып, жүксалғышқа қос қолды салды. Іле бес-алты қорапты сыртқа алып шығып, сайдың ішіне қойып кетті. Есбол да дәрет сындырып алмақ болып, тал-терек көмкерген сайға түсті. Ыстық жалын бетке ұрады. Көліктен шыққан жанармайдың иісінен жүрегі лоблыды. Жоғары көтеріле бергенде жолаушының қораптардың сыртындағы скотчтарды кеңсе пышағымен тіліп жіберіп, сайға домалатып жібергенін көзімен көрді. Көрсе де байқағамансып, рулге қайта отырды. Басын небір ойлар шарлап кетті. «Бұл адам кім болды? Сырты әдемі қораптар қоқыс емес шығар? Оның ішінде не бар екен? Мүмкін, анаша… Иә, уәделескен адамдары осы жерден алып кететін шығар?».

Жүрегі дүрсілдеп кетті. Бұл жолаушы ту сыртынан пышақ сұғып, майып қылмасына кім кепіл?! Жолсерік қорқынышын сейілту үшін көңілді музыка қосып қойды. Көз қиығымен айнаға қарап қояды. Бейтаныс жолаушы көлікке қайта жайғасты.

Бейтаныс жолаушының ныспысы – Алжан еді. Ол бір жыл бұрын Алтайдың арғы бетінен атажұртты сағынып, көшіп келген. Арқа төсіндегі бір ауылға тұрақтады да, үкімет берген азын-аулақ ақшаның басын құрып, отыз шақты қой-ешкі сатып алды. Екі гектар жерді аукцион арқылы сатып алып, егін екті. Шүкір, шаруасы оңалып келе жатыр еді, көрші мемлекеттен жақын ағайыны хабарласып, мазасы кетті. Сол нағашы апасы Уәтай ашық күнде басына найзағай ойнатып: «Жаман ауруға душар болдым, санаулы күнің қалды дейді дәрігерлер. Отбасыңмен бірге тез жет!» деп тілдей жеделхат жіберіпті. Содан туысының көңілін сұрау үшін Алжан үйді, малды ағайын-туысқа тапсырып, отбасымен Алтай асып кете барды.

Шетел вокзалынан әскери киім киінген адамдар Алжанды ұстап алып, оңаша бөлмеде тергей бастады. Мұның көзін байлап, бір қараңғы жертөлеге әкеп қамады. Әскерилер мұны итше тепкілеп, ас-су бермей, қорлық көрсеткен. Әйелі мен балаларын ел аяғы баспаған бір ормандағы лашықта ұстады. Сығыр көзді әскери шенді біреу келіп:

– Сен бізге қызмет жасайтын боласың! Егер біздің айтқанымызды орындамасаң, мына екі ұлың мен әйеліңді көзіңше бауыздап тастаймыз» деп қоқан-лоққы көрсетті.

– Сонда не жасауым керек? – дейді қабағы жарылып, беті күптей болып іскен Алжан.

– Қазақстанға барып, біз берген қораптарды таратасың. Билікке елдің сенімі қандай? Қазақстаннан қандай қазба байлықтар шығады? Қандай қару-жарағы бар? Қысқасы, біз сұраған мәліметтің бәрін тізіп бересің.

Алжан басын салбыратып отырып қалды. Ауыр соққыдан кеудесі ауырсынып, әрең дем алды. Көзінің алды қарауытып кетті.

– Әйелім мен балаларымды көргім келеді, – деді ол терең күрсініп.

– Міне, мына телефонды ал, жаныңнан тастаушы болма! – деп ескертті әскери адам. Смартфонның ар жағынан әйелі мен балаларын жүзін анық көрді. Төсек тартып жатырмын деген Уәтайдың жүзі жадыраңқы. Қол бұлғап қояды. Бейне байланысты әскери адам кілт үзді.

Алжан амалсыз Қазақстанға қайта қайтты. Міне, ұялы телефонына хабарлама келіп жатыр. «Біз бәрін ғарыш арқылы бақылап тұрмыз. Әр қорапта белгі беретін қондырғы бар. Сен үш жерге ғана тауарды жеткіздің. Қораптарды елді мекендерге жақын жерге таста! Тапсырманы орындамасаң, Ұлы жерде өмір сүріп жатқан отбасың мен туыстарыңның жанын көзіңше суырып аламыз!». Ар жағынан әйелі мен балаларын қамауға алған, бетперде киген біреудің сұлбасы көрінді.

Есбол шындап қорқа бастады. Әсіресе, артында отырған бейтаныс жолаушының қолындағы кеңсе пышағы көз алдынан кетер емес. Сәл қиқаңдаса, тамағынан орып жібермек. Сосын мұның мәйітін терең сайға домалата салып, рөлге өзі отырады. Есболдың көз алдына үйіне келгенде қуана жүгіріп шығатын үш қызы келді. Өздері сондай сүйкімді. Әйелі мұның соңынан ұрпақ жалғастырар ұл туып бергісі келеді-ақ. Әзірге бұйырмай жүр. «Қапелімде мынаның қолынан шейіт болып кетсем, мұрагерсіз қалатын  болдым ғой» деген ой келуі мұң екен, денесі түршігіп кетті.  Қыз бала жақсы, әрине. Бірақ ұлдың орны бөлек қой. Ертеңгі күні кең-байтақ қазақ жерін кім қорғайды?

Таксист аман қалудың жолын іздестіре бастады. Әр сәт сайын тамағына өткір пышақ тақала түскендей алқынып, өне-бойы терлеп кетті. Құдды жанында жан алғыш қанышер отырғандай, өмірінің ең соңғы секунттары көз алдында сырғып өтіп бара жатқандай сезінді. Өткір кездік өзіне тақала түскендей біресе жолға, біресе қарсы алдындағы айнаға сәт сайын көз қиығын салып келеді.

***

Бұл кезде жиырма шақты қораптан шыққан улы өрмекшілер қазақтың сайын даласын бетке алды. Қара қораптан шыққан мыңдаған, быжынаған бүйілер тау мен тастың арасына жасырынып, енді бірі шөп-шалаңға қойып кетті. Қызыл қораптан шыққан қарақұрттар Арқарлы асуынан әрмен асып, қаперсіз отырған қазақ ауылдарына қарай жөңкілді. Сары қораптан шыққан сарышаяндар Қапшағай маңайындағы түнгі ойынханалардың маңын паналады.

Дәп осы кезде қарасирақ балалар ауыл шетіндегі өзенге суға түсіп, күнге қыздырынып жатыр еді. Кішкентай балалар судың жағасында бір-біріне су шашып ойнап, еш уайымсыз, сақылдап күледі. Мектепке барып жүрген ересек балалар суға қойып кетті де, төрт-бес жастағы балалар жағалауда дымқыл құмнан қамал жасап ойнауға кірісті. Сәл әріректе жалаңбұт жүрген сәбилер сусыма құм үстінде саусақтарымен сурет салып, үлкендердің суға жүзгенін қызықтаумен болды. Таяқ тастам жерде кішкентай балаларға қарай ондаған қарақұрт зымырап келе жатты. Бұлар улы қарақұрттардың ерекше түрлері еді. Қараниеттілер қарақұрттарды арнайы жертөлелерде өсіріп, түрлі тәжірибе жасады. Адамды шаққанда уы қанша уақытта денеге тарайтыны, неше минутта өлетінін егжей-тегжей зерттеді. Өлім жазасына кесілген қылмыскерлерге сан мәрте сәтті тәжірибе жасады. Сайтани сана сіңген ғалымдар, арахнология саласының білгір мамандары аса қауіпті улы қарақұрт тұқымын өсіру үшін жылдар бойы тырбанып, тер төкті.

Аяққармауыштар жақындай түсті. Ұсқынсыз кейіпімен жолда кездескен құрт-құмырсқа, кесірткені үркітіп, жол ашып келеді. Сәл тоқтап, аңдысын аңдығандай қайта алға өршеленеді. Міне, қарақұрттар мен алаңсыз ойнап отырған сәбилердің арасы тым жақындай түсті. Күнге қызған құмды қолмен көсіп алып, жерге отырған бойда алдына созып жіберген аяқтарын көмгенін қызықтаған балалар ту сыртынан келе жатқан улы өрмекшілерді байқамай қалды. Бұғып жатқан екі-үш қарақұрт шөптің арасынан шығып, алаңсыз ойынға кіріскен сәбилердің қасынан табылды. Бес-алты қадам аттаса, шағып алмақ. Кенет бір бала теріс қарап отырып, арт жағынан құм алмақ болды. Сол сәтте қолына жыбырлап бір нәрсе мініп кеткенін сезіп, оқыс бұрылып, бақырып жіберді. Жанұшыра айғай басқан сәбилер жағалауды азан-қазан қылды. Ересек балалар жағаға қарай малти жөнелді.

***

Есболдың өне бойын тер басты. Айнаға қарап көзі талды. Өзінің тым қатты шаршағанын сезді. Сайдан жоғары көтеріле бергенде қарсы алдынан зымыраған бір көлік атып шықты. Қас-қағым сәтте сасқалақтап, рөлді оңға бұрып жіберді. Жылдам бұрылған көлік шайқатылып, аударылып кете жаздап, қайта қалпына түсті.

– Ой, әкең! – Есбол айғайлап жіберді. – Бұлардың бәрі праваны сатып алған…

Мұнысы абырой болған екен, бойындағы қорқынышы сейіліп, өзіне деген сенімділік пайда болды. Айнаға қарап еді, дәу қара да мазасызданып, түтігіп кеткендей көрінді. Тұтқадан мықтап ұстап, міз бақпай отыр екен. «Көлікті қатты жүргізуім керек. Сонда маған шабуыл жасауға жүрегі дауаламас. Егер пышақ кезенсе, тежегішті қатты басып қаламын» деп ойлады Есбол.

Сүт пісірім уақыттан соң көлік аудан орталығына келіп жетті.

– Қазір, мен темекі алып келейін, – деп Есбол сыртқа шығып кетті. Бұл маңай тұтас базар болатын. Құжынаған адамдар әрі-бері сабылады. Таксист сапырылысқан көліктер мен адамдардың арасына сіңіп кетті. Полиция учаскесіне кіріп келді. Жүзі әлемтапырақ.

– Сіз кімсіз? Кімге келдіңіз?  – деді автомат асынған қарауыл.

– Мен – таксистпін. Міне, құжатым. Менің көлігімде бір күдікті отыр.

– Күдікті адам дейсің бе? Қазір, – түймені басып, учаскелік полицияларды шақырды. Іле пагон таққан екеу көрінді. Бірден тергеуге көшкен.

– Күдікті екенін қайдан білдің? – деді полиция өкілдері.

– Ол менен жолда адам алмауымды сұрады. Алматыдан отырды.

– Содан…

– Ол жол бойы көліктен бірнеше рет түсіп, жүктерін сайға қарай лақтырып келеді. Түрлі-түсті қораптар…

– Қораптар дейсің бе? Жүр, тексерейік! Алдыға түс, – деді лейтинант шеніндегі отыздар шамасындағы жігіт. Үшеуі көлікке таяп келді.

– Әне, анау «Ауди». Мен жақындамай-ақ қояйын. Оның қолынан пышақ көрдім. Ол сіздерді ертіп әкелетінімді сезіп қойса, маған пышақ кезенуі мүмкін.

– Жарайды, бірақ алысқа ұзама. Осында күт. Құжаттарыңды сосын аласың.

Полицияның екі өкілі жеңіл көлікке жақындап, жолаушыдан құжатын көрсетуді сұраған.  Еңгезердей жігіт ағасы қашып кете алмасын білген соң амалсыз жанқалтасына қолын созып, тілдей жеке куәлігін ұстатты.

– Так… Түсінікті… Қазақстанға қашан көшіп келдіңіз?

– Былтыр,  – деп күнк ете қалды шойын қара.

– Жүгіңізді көрсетіңіз, не алып келесіз?

– Жүгім жоқ. – Жолаушының өне-бойын тер жауып кетті.

– Көліктен түсіңіз. Багажды көрейік.

Шойын қара көліктен шығып, қинала жүксалғышты ашты.

– Мына қораптарда не бар?

– Білмеймін. Бұл менікі емес.

– Жүргізуші қайда?

– Темекі алам деп кеткен.

Жас полиция өкілі қораптың бірін ашып жіберіп еді, ішінен аяққармауыш шығып кете жаздады.

– Ох, ты тварь… – Жас полицей шошып қалып, бетін қайта жаба салды. Қара күш иесі екеуін бір-біріне итеріп жіберіп, қаша жөнелді. Бірақ қорбиған денесімен ұзаққа бармай, тұтылды. Лейтинант суық көзімен сұқтана қарап, шойын қараның қолын артқа қайырып, кісен салды. Есбол терең тыныс алды. Арқасынан ауыр жүк түскендей бойы жеңілдеп сала берді. Шойын қараны полиция учаскесіндегі темір торға қамап тастады. Лейтинант мұның құжаттарын қайтарып беріп жатып:

– Сіздің көлігіңізге мінген жолаушы бірнеше қорап улы өрмекшілерді тасымалдаған. Жетісу жеріне улы қарақұрттарды жайып жіберген.

Есбол үстіне қарақұрт өрмелеп кеткендей дір етті. Терісі тітіркеніп кеткен. Ашуы басына шапты.

– Ох, хайуан! Қазақ па өзі?

– Қазақ.

– Қазақтан садаға кеткір!

***

Үстіне қарақұрт өрмелеген бала ойбай салып, жандәрмен қағып жіберді. Кішкентай балалар  бақырып, маңайға аттан салды. Бірі басы ауған жаққа қашты, қалғаны суға қойып кетті. Қатты шошынған бала алды-артына қарамай, жүгіріп келеді. Ботадай боздап, ащы айқайға басқан. Ересек балалар судан атып шығып, қарақұрттарды таспен, су мүжіген томарлармен ұрып, өлтіре бастады. Тал түбіндегі арқандаулы аттар ащы дауыс шыққан жаққа мойын бұрып, басын шұлғыды. Ешкімнің зардап шекпегенін көрген ересек балалар бауырларын атқа мінгізіп, ауылға қарай шауып кетті.

Кешке қарай қарақұрттар қаптаған жерге бақташы ауылдың қой-ешкісін жайып жіберді. Қой-ешкілер өзен жағасындағы жасыл шөпті қырқып, қарақұрттарды қырып салды. Улы қарақұрттардың біразы ауылдан алысқа қаша жөнелді…

Бұл кезде қара бүйі, түкті тарантулдер, құршаян мен сарышаяндар Балқаш көлін айналып өтіп, Шу арқылы Сарыарқа құмына жетті. Осы өңірдегі аудандық газеттер қарақұрттардың күрт көбейіп кеткенін, одан сақтану шаралары жайында мақалаларды үзбей жариялап жатты. Қарақұрт шаққан, ауруханада жатқан адамдар жайлы хабар теледидар арқылы желдей есті. Тек қарақұрттан көз жұмған сәбилер жайында ешкім тіс жармады.

Иен далаға тарыдай шашыраған жүздеген қарақұрт бейтаныс жолаушының отбасы мен ағайындары тұрып жатқан ауылға қарай бет алды…

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

4.5 / 5. Дауыс саны: 8

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған