Қара қарға (әңгіме)

Шығармадағы оқиғалар мен кейіпкерлер өмірде болған.

Шынар апа қайтыс болды. Тұп тура 99 жыл, 9 ай өмір сүріпті. Күллі ауыл күңіренді. Бірақ ешкім «жүзге келді-ау жарықтық, арты той ғой»- демеді.

***

Қаралы хабар ауылға қою қараңғылықпен қолтықтаса кірген. Көшенің сыртынан шыққан ойбайлаған әйел дауысын ести сала ел-жұрт: «құдай рақым етсін»,–деп ерін жыбырлатып, бет сипады. Артынша сүріне-қабына сыртқа жүгірді.

– Қараң қалғыр тағы кімнің басын жұтты екен, – деді бірі.

– Қара басыңа көрінгірдің дауысының аштысын-ай тегі, – деп екіншісі қоштады.

-– Бәрімізді жалмайтын болды-ау, е құдай, ер-азаматымды сақтай көр! – деп тілек қылды бәрі.

«Ойбай бауырымдаған» дауыс бірте-бірте айқын естіліп, ауылға жақындай түсті. Ол жақындаған сайын елдің дегбірі қашты.

Әдеттегідей ауыл кеңесіне тартқан. Иттер шуылдап, жамырай ұлыды, кемсеңдеп кемпірлер ілесті, кебісін сүйретіп шал-шауқан қосылды. Өзінен бұрын сөзі жүретін қатын-қалаш та қарғанып-сіленгенін доғарып, дауыс салып, салпақтап келеді. Кеңсенің алдына бірсыпыра адам жиналыпты, қоршау шетіндегі қарақшыдай қалқиып, состиып-состиып жолын тосып тұр. Жақындай бергенде ойбайын үдетіп, жеделдете басты. Сол екпінмен келіп алғашқы көріскен төртпақ кісіге төрт бұрышты хатты ұстата салған. Жұрт хатты оқу үшін жапа-тармағай жарыққа қарай ұмтылғанда, шетке сытылып шықты да иығына ілген қапшығын ақтарды. Бұл жолы саусағына төрт бұрышты емес түйілген тұмардай үш бұрышты хат ілікті.

– Шүкір-шүкір, тәубе-тәубе, – деді күбірлеп. Жас толған көзі мезетте жайнап кетті, қабағына қатқан қырау еріп түсіп, езуіне күлкі боп тамды.

Өзгелер  шейіт болған боздақты жоқтап, қаралы үйге тобымен аттанғанда, ол көшенің сыртына ширақ басып шықты да келесі ауылға бет түзеді.

***

Жарықтықтың бітімі бөлек, сүйегі асыл еді. Бойы бір тұтам, қимылы ширақ. Қатарластары таяққа сүйеніп екі бүктеліп жүргенде аласа кеудесін асқақ ұстайтын, мәсі, галошын ешкімнің көмегінсіз, ештемеге сүйенбей-ақ өзі киіп-шешетін. Буырыл шашы орамалға сыймай, бураның шудасындай болып самай тұстан дудырап тұратын. Үстінен көнетоз камзолы мен қара көйлегін тастамады. Қыстыгүні жасыл пүліш шапанын киіп, беліне сары орамалын белбеуше тартатын. Өңірін өмірі жапқан емес, қақаған қыста да жаурамайды.

– Суық тиіп қалмасын, –дегендерге: – «Біздің кеуде көрікше жайнайды, көжедей қайнайды, жарығым», – дейтін әзілдеп.

–Киім жаңартпайсыз ба, апа-ау, – десең

– «Жалмауыз Шынар қашанғы шыдар,

Бір күні әзірейіл келіп жанын сұрар.

Көзім кеткенде сүйегіме түскендер алсын деп,

Қу кемпір, барлығын сандыққа тығар», – дейтін тақпақтап. Онысын айттыру үшін қайта-қайта сұрайтынбыз, әрбір жауабына ырзалық танытып күлетінбіз.

***

Екі ауылдың арасы үш шақырымдай жер. Үш бұрышты хатты ұстаған күйі құстай ұшып келеді. Сыртында айдақ-сайдақ жазуы бар. Кімнен келгеніне қараған жоқ. Қарағанмен қара танып, оқи да алмайды. Әйтеуір төрт бұрышты емес, соның өзі дәтке қуат.

– Қағынған қатындарды қуантып шәйін ішейін, тыққан-пыққанын тартып жейінші бүгін, – деді шаттанып. Өткен аптада ғана төрт бұрышты хат әкеліп, алпыс үйлі осы ауылды азан-қазан қылып, ұлардай шулатқан. Жалғыз ұлынан айрылған Күләйша кемпірдің наласы әлі құлағында тұр.

– Өспегір, өнбегір неме, кеше түсіме кіріп едің сумаңдап, – деген ашынған ана бүкіл запыранын төгіп.

–О баланың не жазығы бар, Күләйша, сабыр сақта, – деп басу айтпақ болған Төленді шалдың өзіне атырылды. Әппақ қудай шашының өрімін тарқатып жіберіп, бетіне қос қолдың он тырнағын қатар салған. Шерменде кемпірдің сай-сүйектен өтер сұңқылын естігісі келмей, құлағын басқан күйі ауылдан ұзады.

– Жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады, – деген былай шыға бере, қазір де сол сөзді қайталады. Ауылға жақындап қалыпты. Қарауытқан талдар, ағарған тамдар, сығырайған шамдар анық көрінді. Жұрт әлі жата қоймаған секілді.

– Сүйінші, үшбу хат келді, хат келді! Ай-хай-ай!.. Естимісіңдер, хат келді, –

деп бар даусымен айқайлады. Өткен аптада өзі жылатып кеткен бейшараларды бүгін қуантуға асыққандай алақайлап, даланы басына көтерді. Көйлегінің етегін шалбарлап алып, далақтап жүгірді.

***

Шынар апа таңмен таласып тұратын. Шал-шауқандар құмғанын алып, қақырынып-түкірініп қора айналғанда ол тауға тартатын. Бір қарасаң ауыл сыртындағы қара жолда жаулығы ағараңдап көрінсе, енді бір көз салғанда қара жондағы зиратқа кіріп бара жатады.  Ал сәскенің кезінде  бөктерлей жортып, Талдыбұлақтың төбесінен түседі. Қатар жатқан Ырғайты, Талдыбұлақ, Арқарлы ауылдарын түгел аралап, мал өрістен қайтар қызыл іңірде тоқал тамына жетіп құлайтын. Шаңырағында қазан көтеріп, ас қамдаған емес, ырзығы ел арасына шашылған. Мұнысын жастар жағы жалғыз басты кемпірдің еріккені, әңгіме, өсек іздеп зеріккені деп топшылайды. Ал ескі көздер: – «Ә, қыдыру оның қызметі ғой, ауру қалса да әдет қалсын ба», – дейтін де қоятын.

 

***

Аудан орталығында жүргеніне бүгін үшінші күн. Не үш бұрышты, не төрт бұрышты хат келмеді. Ел аузындағы жел сөз – ақпанның боранындай бағыт алмастырып, ұйтқи соғады. Іркіліс ішкеріде болған, «пойыз жолы бомбаланыпты, хат-хабар тиелген вагон аударылыпты» деседі.

Әскери комисариаттан алған екі парақ қағазды дорбасынан шығарып алдына жайды. Бүктелген тұстары қырқылып, жазуы өше бастапты. Екі бетте алпыс адамның аты-жөні тізілген. Түзелбайы елу үшінші болып тұр. Тарамыс саусағын тізімнің басынан аяғына қарай баяу жүргізіп, санай бастады.

– Бес ондық*, бес ондық бір, бес ондық екі, бес ондық үш… (Бесондығы елу дегені. Бұл ауылда Елубай, Алпысбай, Жетпісбайлар көп. Ауыл қатындары елуден асқан соң-ақ ат тергейді.) Елу үшке келгенде қолы дірілдеп кетті. «Тузелбай Кожагелдиев»  деген орыс жазуын өшіріп алатындай ақырын ғана сұқ саусағының ұшымен аялай сипады.

– Жарық дүнием сол, – деді даусы тарғылданып. Кірпікке ілінген тамшыны сулығымен сылып тастады.

Түзелбай айына бір хат жазады. Соңғы хабар екі апта бұрын келді. «Жағдайым жаман емес, аяқтан жараланып ауруханаға түстім, бірер аптада құлындай ойнақтап шығамын. Командирім малдың арасында өскенімді ескеріп, әскердің аттарын бағуға қаласың, – деп отыр. Енді соғысқа бармайтын секілдімін, азық-түлікті қамдаушы бөлімшемен бірге жылжып,  жылқы бағамын. Алаңдамаңыз, біздің әскер немістерді тырқыратып қуып барады, германның жеріне тақап қалдық, біз жеңеміз», – депті. Бұл хабарды естігенде екі езуі екі құлағына жетіп, балаша шаттанған. Мұғалім қызға қайталап оқытты да саусағындағы күміс жүзігін суырып беріп, алып-ұшып ауылға тартты. Сол күнгі кеш, сол күнгі көңіл-күй, адамдардың ыстық ықыласы керемет еді. Рас, күндеп, күңкілдегендер де болды. Күйеуінен қара қағаз келген Қатипа мен Ұлжан ел қуанып жатқанда, дәмнен ауыз тиместен босағада безеріп отырды. Үш ұлы бірдей соғыста өлген Сайрагүл кемпір де сызданып кеткен, былай шыға бере-ақ жарылыпты.

– Ауданға барғыштап жүріп, бастықтармен әуейі болған ғой бұл қар… Сөйтіп баласын жақсы жерге ауыстырған. Ал іздеуі жоқ, сұрауы жоқ біздің байқұстарды жауған оққа, жанған отқа айдады әнекей, – деп өсек таратқан. Ол сөз ел арасында жатпастан, қызыл іңірде құлағына келіп қонды. Түнімен өкіріп шықты. Ертеңіне дорбасын мойнына іліп, ауданға тартты. Жол жөнекей еңіреп жылап барған еді, қайтарда да жылап келді.

…Сол күні ауылдың екі бірдей азаматынан қара қағаз келген.

***

Шынар апа, қыз күнінде сөзге шешен, жезтаңдай әнші болған деседі. Күйеуі Қожагелдімен он бес жасында отау құрады. Он үш құрсақ көтеріпті, соның үшеуі адам болған, қалғанының жөргегі кебінге айналыпты. 37-нің зобалаңында отағасы жалалы болып итжеккенге айдалған, содан хабарсыз. Үш баланы жалғыз бағып, енді жеткіздім бе дегенде соғыс басталады. Екі қыздың ортасында бұлғақтап өскен Түзелбайы майданға кетеді. Жұрт жаппай колхоз жұмысына жегілгенде, жергілікті басшылар Шынардың аяқ-қолы жеңіл деп пошта қызметіне салады.

***

Тізімге қайта шұқшиды. Қара қағаз келгендердің тұсына тырнағымен кертіп із салған. Сол белгілер күн сайын көбейіп келеді. Анажолы санағанда жиырма шақты еді, қазір тұп-тура отыз бес болыпты.

– Ой, сұмдық-ай, – деп жағасын ұстады. Қателесіп кетпедім бе деп қайыра санады. Жоқ, жаңылмапты. Бұл отыз бестің көбісін жыға танымайды. Бірақ барлығының қара қағазын жеткізіп, өлгенін естірткен өзі. Арасында Түзелбай секілді өрімдей жастар да бар еді.

Алғашқы суық хабар Бекбергеннен келді. Жігіттің төресі еді марқұм. Жиын-той онсыз өтпейтін, домбырамен ән салғанда қыз-келіншекті былай қойып, базары тарқаған бәйбішелер таңдай қағып, тамсанатын. Өзі көкпаршы, палуандығы және бар. Тоқпақта өткен бір бәйгіде қырғыздың Қызылай деген қызына аңсары ауып, ақыры алып қашып, отау құрды. Ашаршылық жылдары қайынжұртын сағалап, жілікмайын үзген жоқ. Бертінде елге қоңды келген. Айнала отырған үш колхозды құруға атсалысып, белсенді болып жүрген, соғысқа өзі сұранып кетіпті. Жыл өтпей шейіт болды.

Арыстай азаматтың өлгенін естігенде есеңгіреп қалған. Аудан орталығынан ауылға баратын соқпақты бойлап жүре беріпті. Жүріп келеді, жылап келеді. Жолай арбакеш қазақ жолығып, ауыл тұсынан түсіріп кеткен. Бекбергеннің үйі шеткеріде болатын. Кешкі апақ-сапақта жетіп келген бұған Қызылай таңырқай қарады.

– Әй, қатын, немене босағада тұрсың, төрлет, – деген қуырған бидайын кепсермен көсеп. Қызылай көрікті ғана емес, жайдары, қалжыңбас еді. Сол мінезімен күллі ағайынға жаққан, біреу келіп қырғызсың деп бетіне басқан емес. Қолы епті, әрі  шаруақор. Күйеуі соғысқа барған кейбір әйелдер қожырап кетеді, ал бұл күтім-күйін тайдырмапты, үйдің іші тап-тұйнақтай. Екі ұлы төрде асығын шашып, ханталапай ойнап отыр, Бекберген кетерде туған кенже қызы бесікте былдырлап жатыр. Дүние әлемді жайлаған соғыстың салқын лебі бұл үйге кірмегендей… Бейқам, бейбіт те берекелі шаңырақ. Тап қазір соның быт-шыты шығады, бұл әкелген хабар найзағайдай жарқылдап бейбітшілік аспанында бұлт қайнатады, мына бір жайсаң жанның жүрегін жаралайды, ана бір бейкүнә балақандардың көзіне мұң салады, бесікте жатқан нәрестенің тыныштығын бұзады. Не істемек керек?!

– Әй, сенің басыңнан құс айналып кеткеннен сау ма? Түзде көп жүресің тыртаңдап, – деп Қызылай қайыра сөзбен қаға бергенде төрт бұрышты хатты ұстата қойды.

– Бұл не?

– . . .

Жауап қатпады. Бекберген белсенді кезінде Қызылайды да қызыл үйге беріп, оқытып алған, әжептеуір хат таниды. Бастапқыда соғыстағы күйеуінен келген кезекті хабар шығар деп қуанып қалған. Жалма-жан ашып жіберіп, көз жүгіртті де біреу сойылмен ұрғандай сылқ етіп отыра кетті. Түрі бір қошқылданды, бір қуарды. Әлден уақытта «аһ» деп күрсініп, қисая берген… Талып қалыпты.  Жалма-жан су бүркіп, тұрғызды да қолтықтап далаға алып шықты. Көрші-қолаң да қайдан естігенін кім білсін, екі-үш адам үрпиісіп жиналып қалған екен. Қызылай бірден дауыс салып жылаған жоқ. Көңіл айтқан кісілермен үнсіз көрісті де ауыл сыртына бет алды. Соңынан қос келіншек ілесті. Әлден уақытта алыстан аңырап-боздаған әйел дауысы естілген. Қызылай  балаларды шошытпайын деп аулаққа барып шер тарқатқанын жұрт түсінді. Зарланып салған жоқтауы талып естіледі, оның даусын естіген ел-жұрт танауын қорс-қорс тартып, қосыла егіледі. Ет пісірім уақыттан соң ғана екі әйел Қызылайды қолтықтап алып келді. Жылай-жылай әбден қалжырапты. Көзінің жасы таусылғандай, әйтсе де іштегі шері тарқамаған, кеудесін селкілдетіп өкси береді. Тарқатылған қос бұрымын келіншектің бірі жинап, екіншісі жаулығын тартып, үйіне сүйемелдеп кіргізді. Қызылайды содан екі ай өткен соң бір-ақ көрген. Көңілсіз амандасты. Бетіне әжім түсіп, едәуір шөгіп кетіпті.

– Тағы кімді өлтіріп келе жатсың? – деп қағытып өте шықты.

***

 

Шынар апаны, соғыс жылдары ауыл қатындары «қара қарға» атапты. Әкелетіні қара қағаз, естіртетіні ер-азаматтың қазасы …

   Шашын жұлған жесірді, аңыраған ананы, шырқыраған баланы сан мәрте көрді. Мұң мен наланың, шер мен қарғыстың сан түрін естіді. Үш бұрышты хат келсе  қуанып қайтады, төрт бұрыштыны көргеннен ботадай боздап, жоқтау айтады. Кей күндері орталықтан құр қол оралады. Ондай кездері үш ауылдың тұрғындары кезекпен кісі салып, елегізіп, тыпыршиды.

– «Хабар-ошар жоқ па екен, ауданға тағы бір барып келсең қайтеді?»,–деп қолқалайды.

   Қара жұмыс қажытқан, қайғы-мұң еңсесін езген жаны жаралы жұрттың сөзін жерге тастамай, буынып-түйініп жолға қамданады. Ары-бері отыз шақырым жүріп, соңғы ақпарды алып қайтады. Кейде кештеу шығып, қараңғыда қалып кететін. Ондайда жапан даланы басына көтеріп ән салатын. Бұл бір жағы ит-құсқа сес, екіншіден өзіне демеу… Әннен қуат алып, шер тарқатады. Ерте айрылған жолдасының құсасы, бейкүнә шағында шетінеген сәбилердің зары, қан майданға кеткен жалғызының уайымы, жұртқа жексұрын болған өзінің шарасыз хәлі, бәрі, бәрі, бәрі де көмейінен ащы зар болып төгіліп, көкірегін қайғыдан тазалайды.

***

Бекбергеннің қазасын естірткен күннің түнінде дөңбекшіп ұйықтай алмай шықты. Күйеуі Қожагелді түсіне кіріпті, қасында өзінен аумайтын өрімдей қыз-жігіттер бар. Барлығы әлденеге алаңдаулы күй танытады. Сөзге тартып еді, тіл қатпастан тұрды да құбыланы бетке алып, батқан күннің қызыл арайына сіңіп кетті. Ертеңіне иіс шығарып, жеті шелпек пісірген. Қожагелдінің қасындағы жастар – жөргегінде шетінеген ұл-қыздарым шығар деп топшылады, бірақ олардың қылығын неге жорырын білмеді. Ауыр ойдың құрсауынан құтылмаған күйі колхоз төрағасына барды.

– Жұмысым көңіліме жақпай жүр, босатыңыз! Шөпшілерге қосылайын, – деп өтініш айтқан. Бірақ көнбеді. Алдап-сулап, арқасынан қағып шығарып салған.

– Тек, бұдан былай қазаны беталды естіртуші болма! Дауыс шығарып кеңсенің алдына кел, өзім хабарлаймын, – деген маңғазданып. – Әрі күндіз келіп елдің жұмысына бөгет қылма, мал қораланған соң жет! Бізге әрбір адам қымбат әрине… Дегенмен әрбір минутымыз жауға қарсы атылған оқ екенін де ұмытпауымыз керек, – деп шегеледі.

Тізімдегі адамдарды тағы бір түгендемек болды. Басынан аяғына қарай ежіктеп санай бастағаны сол еді, әлдебір салт атты тасырлатып шауып өтті.

– Көшенің шаңын аспанға шығарған бұл қай әпербақан, – деп артынан сөзбен бірге көзін жүгіртті.  Әлгі адам қамшысын бұлғап, әлдене деп орысша айқайлады да аудан ұлықтары отыратын бас кеңсеге кіріп кетті. Осы кезде орталық алаңдағы  үлкен радиоқабылдағышқа тіл біткен. Үнемі осылай өкпесі сыр берген адамша қақалып-шашалып, ғыжылдап барып сөз бастайды. Көбіне қоңыр дауысты еркек әлденені орысша самбырлап, хабарлап жататын, кейде жанға жайлы ән шырқалады. Хат-хабар күтіп отырып оны да талай мәрте тыңдаған. Хабаршының сөзінен ештеме ұқпаса да, мұңлы әуендер жанына жағатын.

Радиоқабылдағыш баптанып болам дегенше отыз қаралы адам жиналып қалды. Орысша ұқпаса де бірдемеден құр қалатындай ентелей жетті. Әдеттегі дауыс сөйлеп кеп берген. «Москва», «совет», «армия» дегендерін ғана түсінді. Бір кезде жиылған жұрт араның ұясындай гүжілдеп тұрды да, алақайлап шулап кеткен.

– Е, не деді? Не айтты? – деп бір-бірінен сұраған ауыл қазақтары алақ-жұлақ етіп әркімнің аузына қарайды.

– Победа, – деп айтты. Ура! Жеңіс! Біз жеңдік! – деп әскери киімді балдақ таянған қазақ айқай салды.

– Не дейді, көтек?!

– Жеңіш, жеңеше, жеңіш! – деп басын дәкемен таңып алған сақау жігіт қапсыра құшақтап, бетінен сүйіп-сүйіп алды. Жұрт «жеңіс», «жеңіс» деп айқайлап жан-жаққа жаппай  жүгіре бастағанда ол да қозғалған. Бес жыл бойы өзі тоздырған ескі соқпақпен аяқ-аяғына тимей безіп келеді. Екі көзден аққан жас та  екі аяқпен жарысқа түскендей, ағыл-тегіл ақтарылып жатыр. Ара-тұра «жеңіс, жеңіс» деп  қояды да, жеңімен көзін сүртеді.  Жыра, жоталарға келгенде айналмаға түспей төтелей тартып жол қысқартты. Жолсызда өскен тікен, шөптер көйлегінің етегіне жармасып, жырымдап жыртып, тәбәрік алып қалды, жаулығы да бір бұтақтың қолында кетті. Ешбіріне қараған жоқ. Үсті-басы жырым-жырым, шашы дода-дода болып жүгіріп келеді. Сол кейпімен, сол екпінмен ауылға кіргенде «Шынар бейшара жынданыпты» деп жұрт жағасын ұстады. Алқынып тұрып айтқан сөзін де бастапқыда ешкім ұқпаған.

– Жеңіс,жеңіс, – деген екі ауыз сөзді екі иіннен дем алып тұрып жеткізгенде жұрт түсінбей:

– Не дейсің, әкем-ау? – деп қайыра сұрады.

– Соғыс аяқталды. Біз жеңдік, – деп сылқ етіп құлап түскен.

***

 Шынар апаның соғыстан кейінгі өмірі көз алдымызда өтті. Жалғыз ұлы Түзелбай майданнан аман-есен оралып, үйленіп, шаңырақ көтерді. Ауылдағы тері комбинатының сол кездегі «автобазасы» – «конный дворға» бастық болып, жорға мініп, жоғары қызметтер атқарды. Екі қыз да өсіп-жетілді. Бірақ, сол бір бақытты дәурен келте қайырылған.  Алдымен үлкен қызы Жанымхан 29 жасында қайтыс болды. Артынша келіні, соңынан 41 жасында  Түзелбай көз жұмды. Араға жылдар салып кенжесі Бүбіхан да алпысқа қараған шағында ауыр сырқаттан жарық дүниемен қош айтысты.

– «Мен, не деген жалмауыз едім, бір баламнан бір уыс топырақ бұйырмады», – деп зарлаған апаны күллі ауыл жұбата алмады.

***

Бөктердегі ауылды бұрынғыдай бозторғай шырылы, тауық-қораздың шуылы оятпайды. Құзғын сәріден таңның атқанын азаншы хабарлайды. Бес уақыт парызын өтемесе де таң намазына қатысу шағын мешіт салынғалы дағдыға кірді. Намаз оқып болған соң бойы сергіп, ойы жеңілдеп қалатыны бар, әрі көкейдегі арман-тілегінің бәрін намаздан соңғы дұғада ұзағынан толғайды. Содан әрі әдет бойынша тау етегіне қатар қонған үш елді-мекенді адақтап шығады.

Бүгін де құманға су жылытып, дәретін алды да далаға шықты. Күннен хабаршы келгенмен түн жамбасын жерден алмай қырсығып жатыр. Көзге түртсе көргісіз қараңғы. Ауада аздап дымқыл бар, тұман түскен секілді. Көшенің бас жағынан жалғыз жарық сығыраяды. «Түнімен қыдыратын қағынған шешектер» шығар деді ішінен. Есіне немерелері мен тентек жиендері түскен. Кеше ғана келіп кеткен, әлден сағына бастапты. Өткен күндерге ой жүгіртті.

Қарап отырса өмірі мұң мен зарға толы болыпты, жылаған күндері көп, қуанған кездері аз… Жанының жалауын жығып, Жанымхан дүние салды әуелі. Шаңырақтағы алғашқы қаза қабырғасын қайыстырса да құдайдың салғанына мойынсұнды. «Түзелбайым аман болса, кем-кетігім түзелер, кеткенім келер, барыма құдай береке берер» деп үміттенген. Бірақ көп ұзамай Түзелбай да қайтпас сапарға аттанып кете барғанда жанын қоярға жер таппаған. Жанары  суалып, етегі жасқа толғанша жылаған, даусы қарлығып, сөзден қалғанша жоқтау айтқан. Ақырында оған да көнген. Артында қалған жалғыз қарасы бар, сол көзге қуаныш, көңілге жұбаныш деп өзін-өзі алдаусыратты. Құлақ етін жеп жүріп, ол немерені де ерте үйлендірді. Қаланың тікбақай қызын болашақ келініңіз деп жетектеп келгенде қушиған рәңін жаратпап еді, айтқанындай-ақ жалғыз құрсақ көтерген соң дәрігерлер екінші рет тууға рұқсат бермепті. «Бұ қалай болды?» деп көп ойланатын. Түзелбай атадан жалғыз еді, одан туған жалғыз тұяқтан да жалғыз ұрпақ өрбіді. Он бала тапсаң біреуі ғана адам болатын біздің заман өтті, қазір дүние оңалды ғой, неге қамданбайды, неге емделмейді?! Тіпті болмаса екінші әйел алсын! Арғы аталары үш қатын алған болыс емес пе еді?! Кіші қызы Бүбіханмен оңаша бір сырласқанда осыны айтқан.

– Ой, мама, жастардың арасына килікпе, өздері біледі. Әрі-беріден соң біздің мұндай күңкілімізді жақтырмайды, келінің естісе ренжиді. Ендігәрі ондай сөз айтпа! Жалғыз немереңмен араластырмай тастаса қайтесің, – деп басып тастады. Сөйткен Бүбіш те пайғамбар жасына жетпей көз жұмды. Оның артында үш қыз қалды, бірақ жиен ел болмайды, желке ас болмайды. Қанша бауыр тартсаң да Түзелбайдың шаңырағын тігіп, түтінін түтеткен жалғыз ұлдың жөні бөлек!

Бүбіш қайтқанда апта бойы азалап жатты.

– Ей, Құдай, не жаздым саған? Құзғындай ұзақ жасауды сұрадым ба? Үш баласын жұтқан жалмауыз атанғанша осы қазір жанымды алшы», – деп жаратқанға наз айтып, шамырқанды. Төсектен тұрмаған күйі жөнеліп кетсем деп іштей бекініп, өлім сұраған. Бірақ біреудің бауырындағы баласын алып аңыратып, біреудің анасын жалмап шырқыратып жүрген әзірейіл маңайлай қоймаған. Оның үстіне асты-үстіне түсіп, зыр жүгіріп жүрген жиен, немерелерін көз қимады. Солардың еркелеген қылығы – еңсесін тіктеді. Ол кезде барлығы мектеп жасында болатын. Қазір ұлы ержетіп отау құрды, қызы бойжетіп, өріс ұзартты. Барған жерлері жақсы, тұрмыстары да жаман емес.

«Айтпақшы солар не деп кетті кеше?» деп күбірледі. «Қыркүйекте тойыңды жасаймыз, жүзге жеткен бар, жетпеген бар» деді емес пе?! «Апыр-ай, бұ қалай болар екен?» деп тап қазір айналасында жұрт қарап тұрғандай тоқтай қалып, төңірегін көзбен сүзді. «Қай бетіммен той тойлаймын. Ел не дейді? Үш баласын бірдей жұтқан мына құзғын несіне қуанады десе, біттім ғой, біттім… Тірідей өлтіргенше, ала салсаңшы жанымды жаратқан ием!»…

Аспанда құдай қарап тұрғандай басын көтеріп, көзін көкке қадады. Қалың тұман тұмшалап, ештеме көрсетпеді. Алыстан мешіттің сәуле шашқан мұнарасы көрінді. Қараңғы көшеде соны темірқазық қылып тура тартты.

– Неге мен өлмеймін осы? – деп өзінен-өзі сұрады. Бұл сұрақты ауданнан келген дәрігерге де қойған.

– Денсаулығыңыз қырықтағы келіншектей, апа! – деген ол іш-құрылысы мен қол-аяғын түгел тексеріп болған соң. – Отырып алып өсек айтатын апашкалар сізден үлгі алса ғой, көбірек қимылдау керек десең де құлақ аспайды-ау, солар. Сіз өлімді ойламаңыз, жүрісті тоқтатпаңыз, әлі шөбере, шөпшек сүйесіз, – деп сөз соңын қалжыңға жеңдірген. Көзілдірікті дәрігердің сөзіне күлген де қойған. Баяғыда шал-кемпірлер: «көп жаса, көтен аса» деп бата беріп жататын, бәлкім солардың тілеуі қабыл болды ма екен деп өзінше кесіп-пішетін кей кездері. Анабір сыған қатынға да сенбеп еді, ол албасты да дәл айтыпты-ау. Апақ-сапақта Ырғайты мен Талдыбұлақтың арасында жолыға кеткен жалмаңдап.

– Болашағыңды болжаймын, – деп жата кеп жабысты. Амалсыз алақанын ұстатты.

– Әй, дебышка, ұзақ жасайсың, долго-о-о-о будешь жить, – деген алақанын ұстап отырып, екі иығынан асыра екі рет түкірді. – Но балаларың… Осыны айтқанда сыған қатынның түрі өзгеріп кеткен.

– Балаларыма не болыпты? – деп бұл шап еткен.

– Балаларыңа бал аштыру үшін тағы ақша ұстат, – деп сайқалдана қалды.

– Тә, жоғал әрі, – деп қолын жұлып алып жайына кете барды. Бірақ балалар туралы не айтқысы келді деген ой көпке дейін мазалап жүрді. Ал «өзің ұзақ жасайсың» дегеніне ол кезде шынымен қуанып қалған.

– Бекер-ақ қуанған екенмін, – деді. Кебісі аяғынан түсіп қалған екен, түртпектеп жүріп әзер тапты. Қайта кимек болып еңкейіп жатып  «ел қатарлы жетпіс-сексенімде кете берсем, бүгінде селкілдеп жүрмес ем, осындай қайғыны көрмес ем» деді өзіне өзі сөйлеп. Есіне жастық шағы түскен. Соғыс кезіндегі ауыл адамдарының келбеті көз алдына келді. Бәрінің жүзі жайдары.

– Әй, неменеге жетісіп жүрсіңдер, түге? – деді ұрысқысы келгендей түнеріп.

– Қара қарға, – деп жан таптырмаушы едіңдер, әдірам қалғыр пәшісті мен туғандай. – Айтқандарың айнымай келді. Қара құзғын құсап жүрмін міне өлмей…

Құлағына гүжілдеген әлдебір дыбыс жетті. Жақыннан, тура қасынан естілді. Күбірлеген күйі кебісіне байпағын сұғып, басын көтергенде өзіне төніп келген жалғыз көзді көрді.

– Ә, пәлекет пәшіс, келдің бе? – деп көзін көлегейлей берген. Гүрс еткен дыбыс шықты да дүние төңкеріліп кетті.

***

Өмір бойы тыным көрмеген құйтақандай кемпірдің кәрі жүрегі аурухана төсегінде мәңгілікке дамылдады. Дәрігерлер қарияның жүрек соғысы жақсы, жанын арашалауға болар еді дейді, тек өзі өлімге мойынсұныпты.

– «Инадо, инадо», – деп ем-домға келіспей, ешбір дәріні ішпей тістеніп жатып алған. Бақұлдаса барған немерелеріне: – «шопырдың жазығы жоқ, кешірім беріңдер», – деп аманаттапты. 

Күздің көңілсіз бір түнінде Шынар апа қайтыс болды. Тұп тура 99 жыл, 9 ай өмір сүріпті. Күллі ауыл күңіренді. Бірақ ешкім «жүзге келді жарықтық, арты той ғой» демеді.

…Араға екі-үш жыл салып Шынар апаның Алматыдағы немересі мен шөбересі қайтыс болды деген хабар жетті ауылға. Түзелбайдан қалған шаңырақтың ошағы құлап, оты сөнгенін бейшара кемпірдің көрмегені жақсы болды десті көпшілік.

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

4 / 5. Дауыс саны: 5

One thought on “Қара қарға (әңгіме)”

  1. Керемет шығарма! Ащы шындық! Шынар апамыздың жұмысы мен ішкі дүниесінен алыс ауыл тұрғындары. Иманы мен сабыры бар халқымыздың тозған сәті. Абай айтқан “қараңғы” күйінде. Репрессия, аштық, кеңес үкіметі бар құндылығымызды жойып кетті. Қазір базар жағалап кетті. Сөйтіп, одан әрі…өкінішті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған