Өмірімде бірінші рет ғашық болып қалған сияқтымын. Сол қызды көру үшін қала ортасындағы офиске сылтау тауып кіріп шығатыным бар. Жәй, сыртынан көремін де кетемін. Ешкімге тіс жарып ол туралы айтпадым. Қыздардан қысылып қашып жүретінімді білетін досым:
– Үстіңе соңғы үлгідегі киімдерді киесің! Су жаңа көлікті тізгіндеп жүрсің! Тепсе темір үзітен азаматсың. Ауылдағы ең үлкен менмұндалап көрінетін де сенің үйің! Айтшы, кімнен кемсің? «Оқи алмаймын, оқи алмаймын!» деп айта бермеші. Ей, әлгі сыныбымыздың бетке ұстар оқымыстыларының өзі, сен сияқты ақша таба алмайды. Саған үйлену керек. Сені ұнататын біреуді білемін! – деп Асқардың мені көрген сайын қақсайтын әдеті. Бала күннен келе жатқан жалғыз досым. Бәрін оп – оңай көреді. Өз басына түспей, біреуді біреу түсінген бе? Ал менің асығыс жар таңдағым келмейді. Көңілім қалағанын алсам деймін. Әлгі қыз өте білімді. Ондайларды ақша немесе мансаппен алдай алмайсың. Кез – келген тақырыпта әңгімелерің жарасып, ой бөлісіп, пікір алмаса алатындай деңгейде болу керек сияқты. Әлде мен қателесіп тұрмын ба? Ал әзірге мен оған дайын емеспін…
Соңғы жылдары жағдайымды түзеп, қаржылық тапшылықтан арылдым. Бозбала кезімнен кірпіш шығаратын заводқа жұмысқа кірген болатынмын. Талай жылғы адал еңбегім бағаланып 28 ге таяған шағымда бастық болдым. Сыртымнан қарасаңыз ел қызығатындай өмір сүріп жүрмін. Бірақ сол бір мінім, өзімді бақытты сезінуге мұрша бермейді. Есіме түсіп кетсе болды, еңсем түсіп езіліп кетемін. Алтыншы сыныпқа дейін үздік оқушы болдым. Кейіннен мүлде оқи алмай қалдым. Жазуды да ұмыттым. Сауаттылық бойымнан ада кетті. Кітап бетін ашсам болды әріптер кері қарай секіріп жүреді. Қанша тырыссам да одан құтыла алмадым. Дәрігерлер дислекция деген диагнозды қойғалы да 16 жылдан асып кетіпті. Бірақ есепке жүйріктігім өмірден опық жегізбеді. Дислекциямен ауратындарың IQ көрсеткіші жоғары болатынын білетін бе едіңіз? Бізді нашар оқитын оқушылармен шатастыруға болмайды. Мектептің тоғыз сыныбын мұғалімдерді қақсатып жүріп аяқтадым. Сабақтан емес сыныптастарымның сөзінен қашатынмын. Техникумға құжаттарым өткізілді. Олар мені, мен оларды көрмей – ақ дипломды болдық.
Мен ешқандай да жынды емеспін. Қоғамда мен сияқты адамдар бар десе «ей бір дімкәстігі бар болар» деп ойлауыңыз орынды. Ақысын төлеп мықты мұғалімдерден сабақ алып көрдім. Меннен бір түрлі үрейленіп отыратындарын байқайтынмын. Сенім болмаған соң, орта жолдан үзіліп қала берді. Сапа жоқ. Жұмыстағылар сырыма қанық. Мазаққа қалудан мектепте мезі болғаным соншалық, кез – келген күлген адам мені келеке қылып тұрғандай сезілетін. Заводтағылар кінәратымды бетіме келіп баспады. Керісінше, ептілігім мен әділ шешімдерімді алға тартты. Кірпіштердің қыр – сырын, жасалу технологиясын, оны сата білуді жетік меңгергенім рас. Кейде отырып алып өзімді сол кірпішке теңейтінмін. Кірпіш қай үйге ірге болып қаланатынын білмесе, мен болашағымды білмеймін. Жанымнан бір елі қалмайтын көмекшім, құжаттарды менің айтуыммен орындап отырады. Аяқ қолым бар болса да, алдымдағы бір парақ қағазды оқи алмағандықтан дәл мүгедектің күйін кештім. Намаз оқыған сайын құдайдан менің жазылып кетуімді сұраумен ата – анам да үміттерін үзбеді.
– Бұл аурудың артында неврологиялық бір кілтипан тұрады. Балаңыз бір нәрседен қатты қорыққан. Стрес алған. Сіздерде дислекцияның ерекше түрі. Бір күні оқып кетуі әбден мүмкін! – деген дәрігердің сөзін жандарына медет қылған әкем мен шешем де соңғы жылдары қартайып кетті. Баланың дерті оңай ма?
Әдеттегідей түскі үзілісте әлеуметтік желіге кірдім. Қызылды – жасылды суреттерден кейін, бір жарнамаға көзім түсті. Бір жігіт таргет жіберген екен. Жап – жас жігіт қалың кітап арасында тұрып алып былай деп жатыр:
– Достар! Миды дамытатын арнайы әдістеме туралы естігеніңіз бар ма? Сол туралы кішкене түсіндіріп өтейін. Біздің елге жаңадан келді. Ғылым мен білімде шекара болмағандықтан шетелден бастау алып бізге жетті. Қазіргі кездегі сұраныстағы сала. Мен миды жан – жақты дамытатын «brain» тренермін. Қазақшасы ми тренері. Есімім – Сәкен. Оқу әдістеменің төркіні – адамның зейіні, жылдам оқу қабілеті, есте сақтау, көру жады, сөйлеу сияқты қабілеттерді дамытуға негізделген. Мидың соншалық кереметтігін байқамаймыз. Күнделікті кішкентай бөлігін ғана қолданып жүргенімізге риза боламыз. Ал дамып кеткен елдің балалары, мидың оң және сол жақ жарты шарларын қос қолымен үш минут сурет бояп – ақ, дамытады екен. Егер сізге қызықты және қажет болса, төмендегі сілтемеге өтіңіз! – деді. Парақшаларына кіріп мән жайды біліп алдым. Ойланбастан ертесінде ми дамытатын орталықтың есігін қағып тұрдым. Ауруымды айтып бердім. Сәкен таңғалмады. Тіпті сіздейлердің талайын көргенбіз дегендей сыңай танытты. «Әлі ақ оқып кетесіз! Әдістемеде тұрған дәнеңе жоқ. Ерік – жігеріңіз күшті болса болды!» деп кесіп айтты. Несін жасырайын осы сөздер сөне бастаған үмітті қайта тұтатты. Ақшасына келістік. Одан бөлек ертеңге тағы 50 мың ала келуімді өтінді. Ол маған сөз емес еді.
Дислекция деген диагноздың түбінде жүйке жүйесіндегі ауытқудың болатынын Сәкен тағы ескерткендей болды. Мені ертіп қала ортасындағы кванттық психологиямен айналысатын досымен таныстырды. Бойшаң, Батыр есімді жігіт екен. Орыс тілді болып шықты. Бетінде бұрын болған безеулердің орны шұрқ тесік болып қалып қалыпты. Сәкен қазақша ол орысша мен туралы сөйлесті.
– Дислекцияның зардабын тартып жүр. Бір қызығы, оқып жүріп оқи алмай қалған. Менің ойымша, миына қатты әсер еткен жағдайды білсек, жеңуге болатын сияқты. Өйткені ми бұрынғы жұмыстарын ешқашан ұмытпайды. Жадында сақтауға тиіс. Сен соны кванттық поля арқылы біліп берсең! – деп Сәкен қолына ақшаны ұстата салды. Мен ортаға отырғызып өздері шеттегі орындықтарға жайғасты. Тағы бір екі адам қосылды. Балгерлер сияқты басымды немесе алақанымды ұстамады. Тек балалық шақтан қазіргі күніме дейін қамтитын сұрақтар қойып отырды. Қатысушыларды менің айналамдағы ет жақын адамдар рөліне бөліп тастапты. Бірі анамның, екіншісі әкемнің, қарындастарымның рөлі де болды. Берген жауаптарыма байланысты әлгілердің біреуі: – Ит, – ит, – деп екі рет айтты. Әкемнің кейпіндегі жігіт: – жылқы, ит, кірпіш, – деді. Сәкеннің психолог досы тағы бір нәрселерді сөз қылды. Шынымды айтсам, дұрыс түсінбедім. Мен тіпті кванттық психологияның не екенін білмей келген адаммын. Сана, ой, ми, әлемдік тартылыс, кванттық поля, тылсым күштер сияқты сөздердің қатысы бар ақпарат берді. Сәкенге сенгендіктен былқ етпей отыра бердм. Ол бірін қалдырмай жазып алды. Мен кірпіштер ортасында жүргенде, әлемнің дамып кеткені соншалық, өзіңе ғана тән санаңды, басқалар да ақтара алатын болыпты! Сәкен жолда:
– Ал тыңдап отырмын, сізді! – деді.
– Не айтамын? Айтарым жоқ! – деп иығымды қопаң еткіздім.
– Әрине, ит туралы. Итке қатысты өміріңізде не болып еді? – деп көзіме тік қарады. Бұл көзқарасын «мен ойнап жүрген жоқпын» дегендей түсіндім.
– Ол итті қалай ұмытайын? Әкем кішкентай томпиған күшікті әкеліп бергенде бүкіл әлемде меннен бақытты бала болмаған шығар. Мысықтектестердің мықтысы, Пума деген жыртқыш аңның есімін күшігіме қойдым. Алты айда ел көзіне бірден түсетін үлкен ит болып шыға келді. Арнайы тамақ пісіріп беріп, әкем екеуміз ерекше бақтық. Ол да өз қызметін адал атқарып жүрді. Ешкімді беталбаты қаппаса да қауіпсіздік үшін байлап қойдық. Жаздың аптап ыстық бір күнінде байлаулы итім ізім – қайым жоқ болды. Ары – бері жүгіріп көшеге шығып: – Пума!, – Пума!, деп айқайладым. Үйдегілер де қосылды. Төмен жақтағы Талғаттың үйінен бір топ жігіттер шықты. Бір екеуін танығанмен басқаларын көрмегенмін. Көрші ауылдан сияқты. Әкем екеуміз соларға қарай беттедік. Аяқтарын әрең көтеріп, теңселген жүрістері, арақ ішкендерін айқындап тұрды. Олар көліктеріне тиеліп кете барды. Талғаттың ауласына бас сұқтық. Есік алды домаланған қарбыздарға толы екен. Солардың арасынан қан болған умамның басын көрдім. Жоқ, елес болар деп өз көзіме өзім сенбедім. Жақындай түстім. Пуманың басы шынымен жатты. Жанары жасқа толып, тістері ақсиып қалыпты. Аспан айналып жерге түскендей аяғым қалтырап кетті. Үстелде тілін шайнап Талғат отырды. Әкем жүгіріп барып жағасынан алып:
– Бұл не былығың? – Не істедің? – деді. Көше жақтан Күлия апа да сөмкелерін көтеріп келе қалды. Мән жайды айтпай ұққан қара кемпір:
– Әй, қайыршы! Түбіме жететін болдың ғой! – деп кенже ұлын таяқпен төпеледі. Есімді жиып бақша жаққа қарасам, итімнің терісі шарбақта жайылып тұр. Адал досымнан айрылып жер тепкілеп өкірдім. Азан – қазан болып кеткен үйге барлық көршілер жиналды. Беттерін басып айтарға сөз таппады. Қазанда Пуманың етінен қалған сорпа тезектің күшімен әлі де бүлк – бүлк етіп қайнап жатты. Адамдар иттің етін жейді ме? Мен неге білмегенмін? Пумамды қалай өлтірді? Әлде, тірідей сойды ма? Жоқ, оған әкем екеумізден басқа жан жақындай алмайтынын ескерсек улап өлтірген. Тамаққа дәрі қосты ма? Нанның ортасына ине салып жіберді ме? Осы іспеттес сұрақтардан жарылардай болған басым, қатты аурып кетті. Одан бөлек әкемнің Талғаттың сазайын дұрыстап тұрып бермеуі жыныма тиді. «Көрші Күлия апаңның сүт кенжесі ғой. Бір итке бола кәрі адамның назасына қалам ба? Бір Аллаға тапсырдым. Осыдан кейін өзі де ауылда алшаң баса алмас!» деп қол қусырғаны санама симады. Ал менің адал досқа бергісіз итімді 30 қарбызға айырбастап жіберген Талғат қалаға тайып тұрды. Сол жылы күзде мектепке барғанда әріптердің басын қосып оқи алмай қалғанымды білдім. Қатты қиналдым. Бастапқы кезде ешкім маған сенбеді. Еркелік немес ерегесу деп ұққан болды. Бір күні әкемнің мектептен ашулы келгенін көрдім. Келе сала: – Қайда әлгі бала? – деп ақырды. Анам мені шақырып үлгергенше, далаға қашып шықтым. Бәрі басылғанда келермін деген ойдың жетегінде болдым. Бір қарасам, әкем артымнан шығыпты. – Тоқта! – деді. Қабағы қатулы. – Бері кел! – деп тағы айтты. Қатты қорыққаным соншалық, керісінше мал келетін жаққа қарай жүгіре жөнелдім. Көшенің басына жеткенде, ентігіп әрең тоқтадым. Ауылдың нөмірі бірінші желаяғын жету қайда дегендей артқа қарағаным сол еді, қасқа атымды мініп алған әкем, шаңдатып маған қарай шауып келеді. Зәрем зәр түбіне кеткендей болды. Екі аяғыма сенім білдіріп сасық көлді беттедім. Әкем маған жетем дегенше сасық көлдің ішіне бірақ кірдім. Мойын тұсыма дейін келетін жеріне барып қасқайып тұрып алдым. Зығырданы қайнаған әкем аттың басын көлге қарай бұрды. Ойымдағыдай қасқа атым ырық бермеді. Қасиетті жануарым, сасық көлдің қолқаны жаратын жағымсыз исінен жиркеніп тұр. Осы қасиетін әнеугүні байқаған едім. Тықыр таянғанда сол есіме түсіп кетті. Қулығым іске асқандай болды. Бірақ әкем аттан түсе бастағанда «енді нестеймін?» деп сасық көлге сасқан түріммен қарадым. Ол болса меңіреу кейпімен, әліптің артын бағайық дегендей әлсіз ғана тербелді. Көлдің жағасына келіп жайғасқан әкем:
– Балам, бұның не? Елдің күлкісіне қалдырдың ғой! Жиналысыңда басымды көтере аламай отырдым. Аяқ асты не болды саған? Алтыншы сынып басталғалы үштен басқа баға алмапсың! Неге сабақты тастап кеттің? Оқымақ түгілі бармай жүр екенсің! – деді. Сәл де болса бағанағы екпіні басылғандай. Менде кеткен өшін атымнан алғаны көрініп тұр. Қасқа аттың үсті, білеу – білеу қамшы ізі.
- Білмеймін, әке. Кітап бетін ашсам болды әріптер ары – бері қозғалады. Кері жүреді. Көріп тұрғанымды оқысам, балалар ду күледі. Сіздерге айтып жүргеніме біраз болды ғой! Неге тыңдамайсыздар! – деп көлдің суын екі қолыммен шалпылдатып ұрып – ұрып жылап жібердім. Менің шынымен оқи алмай қалғаныма, әкем мен шешем осылай әрең сенді.
Айтқанымды мұқият тыңдаған Сәкен ләм демеді. Жұмыстарымды жайғап, келісілген уақытында келіп жүрдім. Дәл осы жолы оқып кетемін деген сенімім, күннен – күнге күшейе түсті. Мномотехника сурет, ойлау ритмі, Шульте кестесі сияқты атын бұрын естімеген әдістемелер арқылы оқуды бастап кеттік. Үлкен әріптердің төбесіне Пуманың солдан оңға қарай секіріп тұрған суреті қойылған он беттен тұратын кітапшаны ұстатты. «Пума» деген киім сататын әлемдік брендтегі суретті көз алдыңызға елестетсеңіз болады.
– Сіздің өмірдегі Пумаңыз солдан – оңға, оңнан – солға тіпті, артқа алдыға секіретін болған. Ал мына кітаптағы Пума тек солдан оңға қарай секіреді. Cіз осы қағидамен, оқу керексіз! – деді. Итімнің артынан ақырындап оқи бастадым. Ба – ға, са – қа, та – ға деп басталған сөздерді кері емес дұрыс оқыған сәтімде Сәкеннің қуанғанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әр оқыған сайын Сәкенге қарап дұрыс па дегендей жалтақтаймын. Ақырындап әріптер де үстіндегі Пумалар да кішірейе берді. Үйге берілетін тапсырмалар да үдей түсті. Екі айдан кейін әріптің емес сөз үстінде ғана солдан оңға қарай секіріп тұрған Пума тұратын болды. Оған да машықтандым. Әр мысалды мида жатталғанша қайталадық. Алты немесе жеті ай өткенде кәдімгі кітапты қолға алдым. Бірақ оқымас бұрын ішімнен кітаптағы Пумалар тек солдан оңға қарай секіреді деп үш – төрт рет қайталап алып кірісемін. Өздігіңнен оқу, қалам ұстап жазу, қандай бақыт еді. Сұр болып көрінетін өмір мен үшін ашық түске бояла бастады. Сәкен әлемдегі сауатсыз адамдардың қатарын бір санға кеміткеніне риза болды. Ал мен болсам алыста қалған армандарымды біртіндеп іске асырудың жолдарын іздедім.
Кірпіш заводына жоғарыдан басшылық келіп үлкен жиналыс болғанда, сауатты, өзіне сенімді адам ретінде кірпіштің жаңа түрін шығаруға байланысты бизес жоспарыммен таныстырдым. Кірпіштерді қалағанда арасына жағатын цемент мөлшерін азайтқым келді. Құрылыс материалдары қымбаттаған заманда үй салушылар үшін үнем болары сөзсіз! Ол үшін құрастырылатын кірпіш түрін ойлап таптым. «Керемет! Бірақ арнайы қалып жасауға тура келеді. Оған қаржы қажет. Сол жағын ойландың ба?» деген сауалға тосылып қалдым. Көмекшім де осал жігіт емес еді. «Мемлекеттен бизнес бастамаларға берілетін қайтарымсыз грантқа өтініш білдіреміз» деді. Мақұлдағандай барлығы бас изеді.
Маған кірпіш кәсібінің өмірлік нәсіп болатынын білемін. Бірақ бір нәрсе ақиқат. Кез – келген бизнес – уақытша. Бірде бар, бірде жоқ. Ал білім – мәңгілік. Сол білімді жігіттің арқасында өмірге жаңа келгендей болдым емес пе? Жанымды ауыртқан итімнің оқиғасын қайта жандандырып, сол арқылы ауруымды алдады.
Аяғымды алшаң басып орталық офиске кірдім. Көзіммен біреуді іздедім…