Оқимын десең:
Жанарым – тұнық аспандай,
Ойыңда не тұр, айта бер бүкпей, жасқанбай.
Қарашығымда өлең бар, сосын тағдыр бар,
Мөлт етер сезім, мөлдірер бір сәт жас тамбай.
Оқимын десең:
Жүрегім – дала байтағым,
Түсінгің келсе жүрек көзімен байқағын.
Жарылысы бар, өрті бар, оның дерті бар,
Өзімдікі ғой, өзгеге қалай айтамын.
Оқимын десең:
Ой – теңіз терең, тұңғиық,
Маржан бар онда, сәулелі санам тұр биік.
Бітеуге құмар өресі төмен өгейлер
Өзен-көлім мен бұлақтарыма құм құйып.
Оқимын десең:
Өлеңім – арман, үмітім.
Тәңірдің өзі жазатын тынбай күні-түн.
Шындығым ғана шырылдар жаным қиналса,
Арымның соты шығарар түбі,
Бір үкім…
Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!
5 / 5. Дауыс саны: 1