Ойын. Елдос Тоқтарбай

Үш дос өзара әңгімелесіп отыр. Ержан: 

– Маған спорттық жаттығу ойындары ұнайды. Ал сендерге ше? – деді.

Арсен айтты:

– Маған өзім ғана ойнайтын ойын ұнайды.

Арсеннің жауабын түсінбеген Ержан: 

– Өзің ғана ойнайтын ол қандай ойын екен?  – деді таңданып.

Ержанның сұраулы жүзіне қараған Арсен:

– Ой, соны да білмейсің бе? «Өзің бояп ал» деген суретті кітаптарды бояу, караокемен ән салу ғой,  – деді күліп.

Олардың сөзін Елмерейдің: 

– Маған достарымның бәрімен бірігіп ойнайтын қызықты ойындар ұнайды, – деген дауысы бөлді. – Достарым, маған анам «Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты ойындарды үйренсең, сен ең ақылды бала боласың» деген. 

Үш достың пікірталасты әңгімесін тыңдадым да, оларға: 

– Кез келген ойын баланың ақыл-ойына, күш-жігеріне, қиялына пайдасын тигізуі керек. Ойын арқылы бала зерек, қағілез, алғыр болып қалыптасады. Сендерге арналған «Жол бағдар», «Ақылды текшелер», «Сәулетші», «Тез тап» деген интеллектуалды жақсы ойындар бар, – деп білгенімді айтып жатқанымда, Елмерей сөзімді бөліп:

– А-а-а-ғ-а-а-а-й! «Интелуал» деген не?  – деді естіген сөзіне тілі келмей көзі бақырайып. Достары да бұл сөзді түсінбеген сыңайлы.

– Балақайлар, «интеллектуал» деген сөз «бәрін білетін ең ақылды бала» дегенді білдіреді,  – дедім.  – Қандай ойынды ойнасаңдар да, өздеріңе қанат бітіретін, мақсаттарды ұштайтын болсын! Ал, енді сендерге «Көбелектер» деген жаңа ойын үйретемін.

Жас достарыма логикалық ойлауды дамытуға арналған ойынды бастап кеттік.

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған