Қазақ пен қырғыз тең жайлаған Алатауды бөктерлеп, батқан күнді қуалай жүрсеңіз көрген де боларсыз, Алматыдан 60-70 шақырым ұзаған соң cол қапталдан созылып бір тау шығады. Оқырадан қашып, отар қойдың ішіне кіріп кеткен өгіздей болып тапал таулардың арасында өзгеше көрінеді өзі. Қасыңызда жер танитын, көкейдегі сауалды көзден ұғар сұңғыла кісі болса «бұл Суықтөбе» дер… Артынша Суықтөбенің қай жерден басталып қай тұстан аяқталарын, тарихын, сай-саласын, аң-құсын түгендеп берер. Әңгімешіл болса әлбетте, Жәнібек пен Керей Қазақ хандығының іргесін қалаған Қозыбасыны көрсетер, Шапырашты Наурызбай шатырын тіккен Басбатыр жотасын да ұмытпас. Серігіңіз Суықтөбені таныстырып болам дегенше Суықтөбеден биіктігі кем соқпайтын тағы бір таудың тұсына таяп барасыз. Бұл – Қоңыртөбе. Иә, иә, әлгінде көргеніңіз – Суықтөбе, мынау –Қоңыртөбе. Аты төбе ғана болғанмен заты тау. Жәй тау емес, алып тау. Азанда аттанған аттылы адам қатын бесінде иығына қонып, қас қарайғанда төбесінен қол бұлғар. Онда да аты белді болса, әрине! Осы сәт асқар тауларды төбе атаған бабалардың биіктікке деген талабына таңданып, басыңызды бір шайқарсыз. Зулап бара жатқан көлік терезесінен қайта-қайта қарағыштайтыныңызды да білем. Сенбесеңіз, тоқтап – тау екеніне көз жеткізіңіз, фотоапаратыңыз болса, суретке түсіріп алыңыз. Осылайша санаңызды бір серпілтіп, темір тұлпарға қамшы бассаңыз Кенен атам қоныс қылған Қордайдың кеңқолтығына да кіріп кетесіз.
Еншісі бөлінбеген екі ағайынды секілді иық тірістіре тұрған Суықтөбе мен Қоңыртөбенің басында жаздың аптап ыстығында да қар жатады. Сол қар қыркүйек кетіп, қазан басталғалы көлемін ұлғайта береді. Құдды біреу жарым түнде ұрланып келіп таудың басына көбік құйып кететіндей бірер күнде кеудесіне дейін қырау шалып, шыға келеді. «Қос төбеде қыс ерте басталыпты-ау», – деп күздікүні аймақтың ауа-райын тау басындағы қарға қарап болжайды ауыл жұрты. Басынан қар кетпеген екеудің бауырынан ел кетпеген ежелден. Алматы облысы, Жамбыл ауданының бірнеше ауылы осы екі алыпқа арқа тірей жайғасқан.
Қоңыртөбенің етегінде Сарықойын (тұрғылықты халық Сарықоян деп атап кеткен) деген жер бар. Сай-саласында сандаған бұлақ аққан, тасына дейін құрақ шыққан, көкке әзер ілінген көтерем мал көгіне апта аунаса аттылы адамға жеткізбей құтырып қашқан жазиралы мекен. Сарықойынның тағы бір байлығы бөктердегі алмабағы. Күзге салым біздің ауылдың балаларын осы маңнан табасың. Тай-құнанға жайдақ мінген қараборбайлар аптасына бір мәрте алмаға келеді. Сол ойын балаларының арасында тұрқы биік торысын тепеңдетіп шоқша сақалды бір қарашал да жүретін бұрынырақта. Ылғи емес, айына бір рет, кейде екі рет… Балалар жапатармағай алма теруге кіріскенде ол бөктерді бойлап шоқырақтап кетеді. Сырт қараған кісі бошалаған сиырын іздеген малшы шығар деп ойлап қалуы мүмкін. Әрбір жотаға мініп, сай-саланы сүзіп шығады. Қайта айналып келіп торысын ағаш көлеңкесіне тұсап, аткөрпесіне жантайып көз шырымын алады. Құс ұйқы о кісінікі, бас-аяғы 10 минутқа созылады ары кетсе… Оянған соң аулаққа барып дәрет алады, біреуінің өзі баланың басындай болатын балбырап піскен апортты тәбеті шапса асықпай аршып, терсіңді болған беторамалын жайып жіберіп қарбыз тілгендей турап-турап жейді. Зауқы болмаса балбал тасша шоқиып отыратын да қоятын. Аңғарған адамға жұдырықтай қарашалдың жүрегі әлденеге алаңдаулы екені байқалатын, жанқалтасынан бәкісін түсіріп алып таппай жүрген кісідей беймаза көрінетін.
– Ағашты сілкілемеңдер, тамыры қозғалады.
– Бұтақтарын сындырмаңдар, обал болады.
– Әй, Райжанның баласы, түс ағаштан, – деп ара-тұра бақша ішін базарға айналдырған балаларға айқайлап қоятыны бар. Намаз уақыты болғанда бақшаның батыс жақ беткейіне шекпенін жайып жіберіп құлшылығын жасайды. Әлде қарияның ақылымен, әлде өздерінің көргендігі, әйтеуір балалар осы сәт имамға ұйыған жамағаттай жинала қалатын. Қарашалдың дұғасына қол жайып бет сипайтын бәрі. Кей кезде қарашалдың батасы ұзаққа созылып кетеді. Ақарыс, Бекарыс, Жанарыстан бастап, Бәйдібек баба, Домалақ енеден қайырып, өзінің әке-шешесіне дейінгі аталарын тізбелеп, дұға қылатын.
***
Бұл кісі менің атам – Әкімбай, азан шақырып қойған ныспысы – Әбіләкім. Ал, Сарықойын – атақонысымыз. Қазан төңкерісіне дейін бабаларымыз жайлапты. Бүкіл ауылға ырзық болған алмабағын соғыстан қайтқан солдаттар еккен.
– Біз би-болыстың тұқымымыз, – деуші еді атам әңгімені әріден қозғап. – Өз әкем Айдабосын – Ырғайты аймағының болысы болып үш жылдай ел сұраған кісі. Ал, оның әкесі Қырықбай – төгіп сөйлейтін шешен, төрелік айтар би болған. Бай-құлақты кәнпіскілеу басталғанда екеуі бірдей жер аударылды. Әкемнің сүйегі қайда қалғаны белгісіз, ал Қырықбай атам Алматы түрмесінде жан тапсырыпты. Қазіргі Райымбек батырдың кесенесінің төңірегі ертеректе қалың қорым еді. Түрмеде өлгендерді бәлшебіктер сонда топырлатып жерлеген екен. Бертінде бүлдөзірмен тегістеп, үй салып тастады ғой, әпербақандар!
Атам әңгіменің осы тұсына келгенде үнемі кідіріс жасап, кәрі кеудесін өкініштен босатып күрсінетін. Әлдебір қызықты ертектің желісі үзіліп қалғандай «Сосын? Содан кейін не болды? Бүлдөзір деген не? Бәлшебік деген кім?» деп кеуделеген біздің аңғал сұрақтарымыз ғана оның торыққан жүзіне күлкі шақырып, зарыққан жүрегіне қуаныш сыйлар еді. Әрқайсымызға әлденеше рет бүлдөзірдің Қамбарбайдың тракторы секілді көлік екенін, оның бүдіру үшін жасалмағанын, ал, бәлшебіктің бұзық адамдар болғанын, нағыз бүлдіргіш солар екенін ерінбей-жалықпай түсіндіретін. Артынан «Алматы барсаңдар ары-бері өткенде бет сипауды ұмытпағайсыңдар»,– деп аманаттайтын.
Қызылдар қырғыны басталған уақытта атам жігіт жасына жетпесе де естияр бозбала екен. Мал-мүлік түгелдей тәркіленген. Бас көтерер азамат айдалып кетеді. Қатын-қалаш, кәрі-құртаң, бала-шаға ұлардай шулап қала береді. Қорадағы малы кеткен қазақтың кеудесіне жан да көп қонақтамасы анық. Аштан өлген жас, көштен қалған кәрілер көбейеді. Қоңыртөбенің етегін жайлаған ел сең соққан балықтай сенделеді. Бірі ау салып, қармақ тартып күнелтеміз деп Балқашқа қарай бет алса енді бірі еңіске емес, төске тартады, қырғыз асады. Атам іні-қарындасы Нұрқұл мен Сәлиханы ертіп, анасы Әйімханды жетелеп Тоқпақ* барыпты. Бастапқыда базар жағалаған. Шешесінің тыққан-пыққан алтын-күмісін сатып күнелтеді. Бірақ аштықтың шеңгелі бүрген үстіне-бүре түскен соң өзара ақылдасып 9 жастағы Сәлиханы қырғыздың шонжарына тоқалдыққа беріпті. Қалың малына бір ешкі, бір қап бидай алыпты. Өздері сол байға жалданып бақшасын күтімдеп, өлместің күнін кешеді, әйтеуір! Кейіннен ел тоғайып, тынышталған соң Сәлиханы атамның өзі барып құтқарып әкеліпті. Бір байдың бұлаңдап өскен ерке қызы осылайша туған бауырларын аман алып қалу үшін басын бәйгіге тігіпті. Балиғатқа толмай жатып, шалға тиген сол апамыз кейінен тұрмысқа шығып, қартайып дүние салды. Бірақ тағдырдың тәлкегіне жастай ұрынғаннан болар құрсақ көтермеді, жарықтық.
*Тоқпақ- Қырғыз республикасындағы қаланың аты
***
Сәлиха апамыз жайдары, қалжыңбас кісі еді. Қордай ауданының, Отар бекетінде тұрды. Ауылға жиі келеді, біз де ат ізін құрғатпай барамыз. Қартайса да ағасына балаша еркелейді. «Сәкей, Сәкей», – деп атам да жік-жаппар болады. Атамның бала күнгі қызықтарын сол Сәлиха апамыздың аузынан естідік. «Ерке болдым. Еркелігім сол – ашуланғанда қазанға сиіп кететінмін», – деп басталатын әңгімесін талай тыңдадық. Әсірелеп айтады өзі. Әсіресе «Ақ қошқар» хикаясы қызық. Тайыншадай ақ қошқарға мініп алып, қораның ішінде шаңдатып жүрген болыстың ерке қызы көз алдымызға келеді. «Ақ қошқар жоқ болса саған мінемін», – деп ағасының желкесіне отырып алатын қылығына келгенде тырқылдап күлеміз. Күлеміз де жалғыз қарындасымыз Гүлнұрға қараймыз. Ол кәдімгідей қодырайып бізге дөңайбат жасайды, немесе тілін шығарып мазақтайды. Жұдырық түйеміз, бірақ тиісе алмаймыз. «Қыз – қонақ», – деп атам шаң жуытпайды. Тиіп кеткенімізді көрсе шықпыртып жіберуден тайынбайды. Сондықтан ертерек таң атып, қойды жайғайтын кез тезірік болса екен дейміз іштей тызақтап. Өйткені атамның көзін ала бере қойға мінеміз. Ақ қошқарымыз жоқ болса да сүйекті саулықтар көп. Сәлиха апамыз үйретіп кеткен бұл ойынды екі-үш тұсақ қатарынан қозы тастаған соң бір-ақ қойдық, әйтеуір.
Атам еңбекқор еді. Қашан көрсең қорадағы төрт түлікті жайлап, бау-бақшаны баптап жүреді. Ешкімнің ала жібін аттамайтын адал, қиянатқа төзбес мінезді кісі еді.
– Ұрлық түбі қорлық, біздің әулетке көлденең табыс жақпайды, ақ-адал еңбек, маңдай термен табыңдар нәсіптеріңді, – дегенді үнемі ұлағаттап отыратын. Екінші дүниежүзілік соғысына қатысып, қан көргендіктен болар кейде шырт етпелігі, бір ашуланса ауыл-аймақтың шақ-шәлекейін шығарар шатақтығы да бар. Әжеме теңдік берген емес. Соңғы кесімді өзі айтады, мейлі дұрыс болсын, мейлі бұрыс болсын. Баз біреулер секілді бөсіп сөйлегенді жаратпайды. Тіпті өз көзімен көрген соғыс туралы көп сыр ақтаруға құлықсыз.
– Ата, қалай соғыстың, қанша неміс өлтірдің, – деп ортаға алған сәттерде ғана жауынгерлік ғұмырынан там-тұмдап ауыз тигізеді. Жертөледе ертеңгі ұрыс тәсілін жоспарлап жатқан жау офицерлерінің ордасына гранат лақтырып, 35 немісті жайратқанын, осы ерлігі үшін командирлері марапатқа ұсынып III дәрежелі «Даңқ» орденін кеудеге таққанын, Берлинге жете бере ауыр жараланып соғыстан қайтқанын айтатын. «Мына медальді сонда алдым, мынаусын бәлен жерде берген, ал мына бір жылтырақтарды жеңістің қырық жылдығында, елу жылдығында тақты ғой», – деп аспан түстес кәстөмнің омырауындағы самсаған сары төсбелгілерді көрсетіп қоятын ауық-ауық. Бұл кәстөмді жылына бір-ақ рет үстіне іледі. 9-мамыр жеңіс мерекесінде. Қалған күндері қазақша киінетін.
– Ата, ардагер екеніңізді ел көрсін, ордендеріңізді тағып алсаңызшы, – деп әкем мен шешем қосылып қолқаласа да «саусылдаған сары темірмен сәнімді түземей-ақ қойдым» деп бой бермейтін. Қыжымадан тігілген бірнеше оюлы шапаны бар, ауыл арасындағы ауызашар, мәуліт секілді жиын-тойларға соларын кезекпен киеді. Барар жерінің алыс-жақындығына қарамастан үнемі атпен жүреді. Есегін қыдыңдатқан қариялар арасында төбедей Керқоянды сипай қамшылап атам кетіп бара жататын. Артына әдетте жарбиып біз мінгесеміз. Кейбір шалдар есегіне біреудің демеуімен әзер бұт артып жатқанда атам Керқоянға қарғып мініп, ырғып түседі. Ауыл адамдары «Әкімбай жақындағанда аты тізесін бүгеді»,– деп сүйсінеді. Кей қатарластары «Әкімбай бойы кішкентай болған соң атқа мініп алады, биік көріну үшін», – деп қыжыртатын. Оны еренсанайтын атам жоқ. Автокөлікке де жүрегім көтереледі деп зордың күшімен отырады, ат аяғы жетер жерге үнемі Керқоянмен қатынайды.
Біздің өңірде күзге салым аламан бәйгі көбейеді. «Бәленше атшаптырып ас бермек, түгеншенің тойы», – деп ақсақалдар бір-бір жарау атын мініп, жақсы киімін киіп қыдырып қайтады. Оларға аламанға ат қосатын атбегілер, қызық қуған бозбала, жігіт-желең ілеседі. Кей жиындарда біздің ауылдың азаматтарының өзі бірнеше үйге қонақ болып жататын. Атам ауылдағы атқұмардің бірі. Жылқы малын жұнттай қылып жаратып, ер-тұрманын сайлап, сәнімен мінгенді қош көретін. Заманында талай жүйрікті жүгірткен.
– Соғыстан оралған соң забперме (ферма меңгерушісі) болдым,– дейтін сол бір шақты аса ризашылықпен еске алып. – Итеңдеген сиыр бағып, сүт ұрлаған қатындардан мезі болған шағымда атконник* керек дегенді естіп пірсідәтелге жетіп бардым. Өздері де осы қызметті менен алуға батпай жүрсе керек, бірден келісе кетті. Ертеңіне бишігімді өткізіп, құрығымды қарыма іліп шыға келдім. Алдымда жиырма шақты қалқоз аты. Барлығы ерқашты болған, арбадан бұзылған, жүдеу-жадау, жауыр, ақсақ-тоқсақ. Көктемде тау сағалаймын, күзде егіннің масағына жаямын. Жауырын емдеймін, ақсағын тағалаймын, сүмірейіп келгендерді семіртіп беремін қысқасы.
Жылдағыдай ерте көктемде Ырғайтының аузында отырғанмын. Бірде мал қоралап бола бергенімде қарагер құнанға мінген біреу келді. Күнгей жақтың қойшысы екен, жоқ іздеп жүр. Астындағы атының сырғасы тайыпты, әрі әбден болдырған, тау асуға жарамайтын секілді. «Бұл да құдайдың бір пендесі ғой»,–дедім де өкіметтің еті қалыңдау бір дөненін мінгіздім де жібердім. Қарагер құнанды қарасам жағдайы нашар. Құйрық-жалдан ада болған жануар қатты зорыққан тәрізді. Бір кезде бүкірейіп-бүкшиіп, ыңыранып тұрды да шаптырып жібермесі бар ма?! Мені сонда екі нәрсе таңғалдырды. Бірі әлгі жануардың зорыққаны соншалықты зәрі қан аралас екен. Екіншісі қанша жыл мал арасында жүрсем де мынандай күшті жылқыны көрмеппін. Шаптырғанда сідігі алдыңғы аяқтың шашасын ұрды. Отыра қалып құнанды айналып-толғанып қарамаймын ба?! Жануардың дене бітімі жаман емес. Құйрық пен шоқтықтың ортасы бір құлашқа жетер-жетпес шолақ бел. Басында қырып алар еті жоқ, бөкентұмсық. Ақсүйегі тік, әрі екі елідей ғана қысқа. Бәрінен де тау мен тасты кезгенде мұқалмаған болат тұяқ төңкерілген кеседей құйылып түскен. Керемет!
– Аман қалсаң аламанға сені де салармын, – дедім де сырғасы тайған аяққа салмақ түсіру үшін екінші бұтын тірсегінен шүберекпен буып қоя бердім. Байғұстың іші әбден қызып кеткен болу керек аздаған су ішіп, бірер шөптің басын шалуға шамасы әрең келді. Жата кетті. Сол жатқаннан ертеңгі сәскеге дейін жатты. Кемпір шыр-пыр.
– Ана көтеремің өліп қалса, сотталасың, – дейді. Ол кезде жылқы тұрмақ бір қап астық үшін соттап жібереді. Кемпірге сездірмегенмен ішім қыпылдап тұр. Қойшы әйтеуір арада оншақты күн өткен соң әлгі қарагердің сырғасы орнына түсті, мініс аттарына қосылып жайылымға шығатын болды. «Көктемгі раңға ілініп кетсе», – деп қоям іштей. Қыстай арпа-сұлы беріп жілік майын толтыруға тырыстым. Сол жылы дөнен кезінде ауыл арасындағы жиын-тойда қарқынын байқап көрдім. Жұлқынып тұр. Содан келесі жылы бестісінде бәйгіден-бәйгіге салдым. Жануар жүлдесіз қайтқан емес. Бірақ өмірі бірінші келмеді, алғашқы төрттіктің бірі болды да отырды. Біреулер: «молдаға оқытып, дем салдыр. Мынаның жолы байланған», – деді. Көнбедім, «бұйыртқаны болар», – деп сыртқа сыр алдырмаймын. Өзім разымын. Қырықбай атамның жирен қасқасы да тура осындай болған десетін. Бәйгіден алдына бір ат салып келеді екен жануар. Жылқы малының серті болады, бабасы мінген тұлпардың серті баласының атына қонады дегенді естуші едім. Өзімше соның күші деп тұспалдадым. Қойшы әйтеуір, алыс-жақынға «Әкімбайдың қарагері» деген атпен танылды әлгі жүйрігім. Барған жерден бәйгі аламыз, қанжығамыз бос қайтқан кезі жоқ.
Атам әңгіменің осы жеріне келгенде қалтасынан шақшасын шығаратын. Құдды қарагері жаңа ғана топ жарғандай масаттанып, бір шөкім насыбайды астыңғы ерніне тастап кеп жіберетін. Бір сәт қайсысын айтсам екен дегендей, іркіліп барып сөзін сабақтайтын. Қарагердің бәйгі алдындағы көңіл-күйін, шабысын, қырғыздармен арадағы тартыс, Дегерестің шешендерімен болған егес, бәйгі соңында көкпар тартқаны, алған жүлдесін елге ырым қып таратқанын ерекше ықыласпен баяндайтын. Осы уақытта бағанадан бері әңгімені тыңдап отырған әжем шыдай алмай кетеді.
– Соларыңнан маған не әкелдің? Бәрін елге үлестіріп соқа басың келіп тұрушы едің ғой сопиып, – деп сөзге араласады.
– Өй, сандалған ақымақ! Бар әрмен, балаларға айтып отырмын, саған емес. Осы қатындарға қақпайлап шаппаса шәй батпайды-ау, шамасы, – деп қойып атам үзілген әңгімесін жалғайды. Әжем сол оталғаннан оталып, ыдыс-аяғын қағыстырып, күнделікті күйбең тірлігімен айналысып кете баратын.
– Ата, ол қарагер қайда? – дейміз ғой біз де дегбірсізденіп.
– Ә, қарагердің тағдыры тұлпарлар тағдырындай болды, қарағым. Дегерес, Шиен, Бесмойнақта қатарынан бәйгілер өтіп, солардан оралған бетім еді. Қалқоз зоотехнигі шақыртыпты, бардым.
– Ақсақал, өкіметтің атын бәйгіге қосып жүр екенсіз, сондықтан алған жүлделеріңізді өткізіңіз, – дейді әлгі сандалған. Үш бәйгіден де екінші келіп, әрқайсысынан бір-бір тана ұтқаным бар еді, соны естіген болу керек. Тананың бірін Бесмойнақтағы нағашыларыма атап жібергенмін, қалған екеуін сол жерде сатып, ырым сұраған көпшілікке тараттым. Көмейіндегі бүлкілді бірден түсіндім.
– Әй, қарағым, мен ол жүлделердің бірін де үйіме әкелгем жоқ, бәрін елге үлестіріп жібергем,– десем, сенер емес. Ақыры «атты өткізіңіз» дегенге көшті. Мен де қиқарланып со күні жетелеп әкеліп, кантордың алдына байлап кеттім. Кейіннен әлгі неме өзі баптап көрді. Бірақ бірде-бір бәйгіде ілінбеді. Көкпарға шауып аяқтан қалдырды қайран жүйрікті. Оны естіп алдына қайта бардым, «құрығанда үйірге салып тұқым алайық»,–деп өтініш жасадым. Бас құйқасы келіспеген бір сорлы еді көнбей қойды. Піштіріп тастады маған егескендей. Содан әлгі қарагер өмірінің соңында бір сиыршының астында өтті, бертінде етке өткізіп жіберіпті деп естідім.
*Атконник – мініс аттарының бақташысы
***
Көңілінің қошы келгенде атам бәрімізді жинап алып бұрынғы бабалары туралы шежіре айтатын. Бәйдібек баба, Домалақ ене, Төле би жайлы алғаш сол кісінің аузынан естідім. Атамның әңгімесіне қарағанда біз – Ерубайлар, Жаныстың Жантаң деген тармағынан тараймыз. Ерубайдың шын аты Қазыке болған екен, бір жау шапқанда егде тартып қалған бабамыз үйін жықпай отырып қалыпты. Қолды бастап келген сардар нөкерлерін жұмсапты.
– Ақсақалды бір кісі отыр, жөн сұраса алмадық. Тек қамшысын далаға сермеп, қолымен кеудесін тоқпақтайды, – деп қайтады әлгілер. Сардар көргенді адам болса керек.
– Мал алсаңдар далада, жан алсаңдар кеудемде деп тұр ғой. Кім болса да еру отырып қалған ер екен, ерубай екен, мұндай ері бар ауылды шулатқанымыз жараспас,– деп ат басын кері бұрған деседі. Содан атамыз ел арасында Ерубай аталыпты.
– Ата, бізді неге өзгелер «торғай жеген Ерубай» деп те атайды, – деп біз кеуделейміз.
– Әй, оларың әлгі орыс Дүйсеқан секілді мылжыңдардың (Дүйсехан әкемнің құрдасы, атаммен де қалжыңдаса беретін) шығарып жүргені. Оған мән бермеңдер, ол дорақтар «ашаршылық заманында шырылдамасаң, пырылда деп Ерубайлар торғай атып жепті»,– деп көпіртіп, әрі сендерді келекетіп жүр ғой. Қып-қызыл өтірік. Кешегі 31 жылдың ашаршылығын мына мен көрдім, ол кезде мұртым тебіндеп келе жатқан бозбала едім. Торғай тұрмақ тышқан аулап, қоңыз теріп кетті жұрт. «Қай ру не жеді, қайтіп күнелтті» деп аңдып отыруға шама да болған жоқ, әйтеуір өлмеудің қамы…
– Адамжегіштер болды ма?
– Тә, сөйлеме, біз жақта ондайды көрмедік. Өтірік айтып, не жаныма зор келіпті. Жоқтан өзгені сұрайтындарың бар екен, жаңа нені айтып отыр едім, шатастырып жібердіңдер ғой тегі.
– Торғай жеген…
– Ә, мен ес білгелі «торғай жеген Ерубай» дегенді естіп келемін. Маған жеткен аңыз былайша сүрлеу салады. Жоңғарды бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүрген алмағайып кезең болса керек. Қазақ жауынгерлері тау шатқалының бір ұры қуысына келіп, аттың белін суытып, өздері тынығып жатады. Біреу мініс аттарын жайғастырып, біреу таудың кекілігін қазанға салып әбігер. Сол сәтте «жау кеп қалды, ойбай жау келді» деген дабыл қағылады. Бәрі қапелімде не істерін білмей абдырайды, алды аттарына міне сап қашады. Қазанда қайнап тұрған кекілік жайына қалады. Сонда Ерубай атамыз «қорқақ қазақтар, қазандағы асын тастай сала қашты»,– деген табаға қалғанша өлгенім артық деп қайрылып барып отта тұрған қазанды ат үстінен іліп алған екен. Тұрған бойында кекілікті сорпасымен қоса қотара ішіпті. Сонда ыстық сорпа асқазанды күйдіріп лақылдата құсқан дейді. Сорпаның ыстықтығына шыдамаған аттың жалы жидіп түскен екен. Содан Ерубай атамызды ел-жұрт «кекілік жеген Ерубай», «торғай жеген Ерубай» атандырыпты деп атам әңгімесін аяқтар еді.
Атам, шежіреге жүйрік еді. Бізді де солай тәрбиеледі. Жеті атаға дейін жаттатқызып, қонақтар келгенде кезекпен айтқызып, марқайып отыратын. Бес уақыт намазын қаза қылмауға тырысатын. Біз ол кісінің сәждеге жығылар кезін күтіп тұрамыз. Еңкейгенде арқасына қонжия кетеміз де қайта түрегелгенде түсіп қаламыз. Ол кісі мән бермейтін. Намазы біткесін жайнамазын жиыстырып төсектің басына іледі де малдасын құрады. Бұл ойынға дайынмын дегені. Бізден алдымен емтихан қабылдайды.
– Кімнің құлысың?
– Құдайдың құлымын
– Кімнің үмбетісің?
– Пайғамбардың үмбетімін
– Кімнің досысың?
– Төрт шадиярдың досымын
– Қашаннан бері мұсылмансың?
– Әлімсақтан бері мұсылманмын
– Мұсылмандыққа дәлелің не?
– Лә иллха иллалах, мухаммадан расулаллах, – деп тіліміз келгенше кәлиманы айтатынбыз. Біздің осы былдырлағанымызға балаша мәз болып отыратын. Осы сынақ аяқталған соң біздің үйде балабазар басталады. Бәріміз жабылып ханталапай ойнаймыз. Жеңілгеннің алақанына атам өзінің терсіңді болған беторамалының ұшын түйіп дүре соғады. Қайта-қайта дүре жеп алақаны қызаратынның бірі мен. Үйдің кенжесі болған соң жеңіліс үнемі мен жақта. Асықтарды қанша көп жинасам да атуға келгенде сүрінем, шерткенде бір ши шығарам. Мен тиді деймін, басқалар қасындағы көршісін жанамалап өтті дейді. Содан өзеуреген ерегіс басталады. Қызылкеңірдек айтыс-тартыстың төрешісі атам. Ол кісі не айтады сол болады. Атам осындайда мені әдейі жығып беретін секілді боп тұратын маған. Өйткені мен әжемнің, қалғандары атасының баласы. «Өзінің балаларына жақтасты»,– деп мен одан сайын қитығамын. Ызаланған соң қайбір жетістіріп ойнайсың тағы жеңілесің. Жо-жоқ, бұ жолы шыдауға болмас. Асықты шашып жіберіп әжеме жүгірем. Өзгелер қуалайды «алақыныңды тос, дүрелейміз» деп. Әжем әрқашан мен жақта, қорғаушым да қолдаушым да сол.
– Өй, төбеттер, тә жоғал әрі, кішкентай баланы шырқыратып, – деп әлгілерді бір-бір салып, танауын қорс-қорс тартып тұрған мені талаудан аршалап қалады.
– Қартаяйын дегенсің бе, бала-шағаны шулатып, – деп шалына реніш білдіреді әдетте.
– Әй, сенің сарыбасың (мені солай атайтын) бәлені бастаған, кемпірдің баласын ұстап әкеліңдер! Дүре соғамыз,– деп менің қытығыма одан сайын тие түсуші еді. Кіші-гірім соғыс салып жатқан менің тентектігіме іштей қуанатынын ол кезде сезбейтінмін.
***
Әке-шешеміз мал дәрігері. Совхоз жұмысы қауырт. Жаздыкүні атаммен ілесіп шөпке барамыз. Жылға-жылғадағы шалғынды шалғымен шауып, арбаға тиеп үйге тасимыз. Жалғыз біз емес, бүкіл ауылдың жазбойғы тірлігі осы. Біреу атпен, біреу есек арбамен дегендей… Біздікі атарба. Ертеңмен тұрып Керқоянды арбаға жегеміз. Үш ұлдың үш міндеті бар. Біреуміз қамытбауды байлап, біріміз доғаны кигізіп келесі біріміз шалғы, айыр, қайрақ секілді құрал-сайманды сайлаймыз.
Керқоян біздің үйдегі түрт түліктің бірден-бір асыраушысы. Жарықтық жануарға алажаздай тыным жоқ. Есесіне күзден көктемге дейін демалыс. Атаммен бірге ауыл аралап қыдырады да жүреді. Атам барған жерінде өзі тамақ ішпеуге бар, ал атын аш қалдырмайды. Үйдің иесінен сатып алса да жоңыршқа мен жем таптырады.
Қыстың шілдесінде Керқоянды үш мәрте шілдеге салады. Оның өзі тұтастай бір ғылыми жұмысқа арқау боларлық шаруа. Жанқалтасынан тастамайтын бәкісін жалаңдатып тұрып қайрайды алдымен. Өткір жүзімен аттың майтабанын жапырақтап турап, қаны шыққанша жонады. Тәулігіне бірнеше мәрте қаңтарып, жем-шөпті тарта береді. Ат – шабысқа дайын болды-ау дегенде кинодағы рыцарлардың тұлпарындай көзінен басқа жерін түгел қымтап жабулайды. Өзі де түлкі тұмағы мен қасқыр ішігін, мақталы сымын киіп, ұзақ шабысты күтіп тықыршып тұрған Керқоянға мініп кетеді. Сол кеткеннен кешке аттың қан-сорпасын шығарып бір-ақ оралатын. Ақ көбігі бақайына түскен Керқоянды қаңтардың қақаған суығында қардың үстіне байлайды. Таң асырады. Түнде ауық-ауық қарап қояды.
– Майтабаннан өткен суық сонда миына дейін жетеді, қалшылдап тұрып жаурайды. Нағыз шілдеге салып суыту деген осы, – деп отыратын сұрағандарға.
Шілдеге салған соң Керқоянның тәбеті ашылады. Атам да жілік майын толтырам деп жоңырша мен арпа-сұлыны молдан береді. Көктемде елдің аттарының жабағы жүні түспей, сабалақ иттей сүйкімсіз болып жүргенде Керқоян жұнттай жылтырап түлейтін. Жаздыкүні де үстінен қара қан ағып, жауыр боп, сақау шыққанын көрмеппін.
Атам хат танымайтын. Бірақ жады мықты, зердесі сергек еді. Естігенін ұмытпайды, көргенін жазбай таниды. Бізге кей кездері кітап оқытып қоятын. Сол оқыған кітаптар ішінде «Абай жолы» мен «Қан мен тер» ерекше әсер етті. Абай жолындағы Құнанбай балалары мен Оразбайдың тартысына келгенде «пах ерім ай, енді қайтсын, сондай адаммен теке-тіріскен Оразбайың да осал болмады ғой» деп көтеріліп отыратын. Әсіресе «Абай жолындағы» Дәркембай мен «Қан мен Тердегі» Сүйеу қарттың образына сүйсінді.
– Тістеген жерінде тісі қалатын-ақ адам екен, жарықтық. Кедеймін демейді, кеудесін бастырмайды. Мына шалдарың мықты екен. Қайталап оқышы қанекей, – деп ол екеуінің қылықтарын өзінше қорытып отыратын.
***
Әлі есімде Сарықойынға байланысты біздің кішкене ауылда үлкен дау туындады. Ол шамасы 90-жылдардың ортасы. Колхоз, совхоздар таратыла бастаған, осы күнге дейін ортақ болып келген дүние-мүлік азулының аузында, қарулының қолында кетіп жатқан өтпелі кезең еді. Төрт түлік пен ауылшауашылық техникаларын тауысқан ауыл мен ауданның атқамінерлері қаңырап бос қалған ғимараттар мен қырман, сиыр фермасы секілді шаруашылық нысандарына ауыз сала бастаған. Бұрынғы қойшылардың сарай-қыстаулары жаппай жекешенің меншігіне беріліп жатты.
Атам – соғыс ардагері, зейнетте. Конторға жиі барғыштап жүрді. Таң намазын оқыған соң сабағына асыққан мектеп оқушыларымен бірге атам да ауыл орталығын бетке алатын. Ешкімге сыр ақтармайды, томаға тұйық. Бір күні сабақтан келіп сөмкемді бұрышқа лақтыра сала әжемнің сүт қатқан қою шайын ішіп отырғам. Терезе алдынан біреу тасырлатып өте шықты.
– Ойбу! Алда келдібай (әжемнің өзіне ғана тән одағай сөзі), ана шал кетті. Әй, жүгірші Нұрлан, Қарлығаш, Нұрболат, Ерболат, Гүлнұр деп әжем әдеттегіше барлық немересінің атын бір түгендеп алды. Олардың бәрі сабақта, үйде менен басқа ешкім жоқ.
– Қайда барам?
– Қамбарбайға бар! Конторға жетсін! Әлгі шал ертеңгілік дерегдірмен боқтасып қалыпты. Қазір тура сонда кетті білем. Қартайғанда бірдеңені бүлдіріп масқара болмайық! Тездет, ойбай!
Қызарып піскен көмбеш нанды ұртыма тыққан күйі үйден атып шықтым. Көшенің арғы бетіндегі немере ағайынымыз Қамбарбай тракторшы болатын. Тіршілікке қырсыз кісі еді. Темекісін будақтатып үйінен шығып келе жатыр екен. Аздап ұрттап алған болу керек, менен ести сала «шешеңнің ақ сүті…»,–деп әлдекімнің шешесіннің сүтін сөзбен сыбап алды да, тракторына міне сап шапты. Түкке түсінсем бұйырмасын. Ел аман, жұрт тынышта бұл не дүрлігіс? Атам Керқоянмен тапырақтап шауып кетті, мына кісі тракторымен… Жаңа үйден жүгіре шыққанда әжемнің галошы аяғыма ілінген екен, қаңтардың құрғақ аязы өтіп барады. Үйге қарай мен де құйрығымды шапалақтап құйғыта шаптым.
Әжемнен естідім әңгіменің мәнісін. Сөйтсем Сарықойынның бөктеріндегі қыстау айналасындағы жерімен қоса жекешеге берілетін болыпты. Сол сыбысты естіген атам тыныш жатсын ба?
– «Ақыры береді екенсің маған бер», – деп совхоз директорына әлденеше мәрте кірген. Олар әлденеше мәрте алдап-сулап шығарып салған. Бірақ Сарықойынның тағдыры ол кезде шешіліп қойған, ауылдағы бір атқамінерге сатылып кеткен. Осылайша қалталының дегені болып тұрған заматта қарияның таудай талабының тас-талқаны шықты. Қойнауы құт пен ырысқа толы, бастысы бабалар мекені Сарықойын көзден бұл-бұл ұшты. Бұл ауылдағы қарашалға ғана емес, мен секілді қараборбайларға да қиын соқты. Күзге салым жинаған алманы қыстай кеміріп шығушы едік, жекеменшікке өткен соң жолатпасы белгілі.
Керқоянға міне шапқан атам сол кеткеннен қас қарая оралған. Аттың да өзінің де сілікпесі шығыпты. Абырой болғанда конторға бармаған. Атқа мінген ағасын трактормен қуған Қамбарбай да күллі ауылды адақтап таппай келген. «Не де болса Сарықойынға кетті»,– деп жорыды үйдің үлкендері. Әжем әдеттегідей құмалағын шашып жіберіп көңілін аулады.
– Өкпесі аздап қысылып тұр, екі аяғы үзеңгіде екен. Келіп қалар, – деген кейуана іштей күрсініп. Шешемнің «сабағыңды оқы» дегеніне көнбей әжемнің бөстегін басыма жастап қиялдап жатқанмын. Орайымнан біреу иіскегендей болды. Мен де иіскеп үлгердім, атамның иісі. Көзімді ашсам төрге озып барады екен.
– Бейуақта жатпа! Кел, шәй іш, – деді әжем өмірі жиылмайтын дастарханын жаңартып жатып. Әдеттегідей бата жасап, шәй іштік. Бірақ бәрі әдеттегідей емес секілді. Бұрындары кемпірі екеуі отырып алып өткен-кеткенді сапырып, бірін-бірі іліп-қағып бір самауырды қотарушы еді. Бұ жолы соның барлығы келте қайрылды. Мал-жанның төңірегінде бір-екі диалог өрбіді де тоқтады. Дүниеде аштықты да соғысты да көрген қарға бойлы қарттың жабығып, іштей ширығып отырғанын бала болсам да байқадым. Сол оқиғадан кейін біразға дейін атамыз ашылып сөйлемей жүрді. Бірақ жұмасына бір рет Керқоянға мініп Сарықойынға сапарлап қайтады. Жарты жыл өтпей қатты ауырды. Алматыға дейін апарып қаратқанмен ем қонбады. Ақыры сексен үш жасында дүние салды. Маған осы күнге дейін атам құсалықтан қайтыс болғандай көрінеді.
Бүгінде атам, әжем, Керқоян да жоқ. Ал Қоңыртөбе етегіндегі Сарықойын орнында. Соңғы кездері қаланың у-шу тірлігінен, суық адамдарынан жылылық таппаған кезде бабалар қонысына тартып кеткім келеді. Бәрінен де атамды сағындым!