Бала үшін әке мен ананың жетістігі, ата мен әженің ерлігі, абыройы қашанда мақтаныш. Әр ісі – үлгі, еңбегі – бағалы. Атам Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерлікпен шайқасқан жан. Бірақ ауылдағы үй өртенгенде керек құжаттар бірге жанып, майдан көргені расталмады. Әр құжатын туралап, керек қағазды да түгендемеген. Сондықтан да ардагерлерді құттықтау мақсатында ұйымдастырылған кештен де, әкім-қаралар қабылдап, сый көрсетіп, мадақтама айтатын сәттің бәрінен тыс қалып отырған. Есесіне, әжем тыл ардагері есебінде әр мереке сайын қолына бір зат ұстап келетін. Атам немересін, әжем шөберелерінің алдын көріп дүниеден өтті.
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 60 жыл толған сәт. Қарбалас. Әжем ол кезде Алматыда еді. Ауыл әдеттегідей ардагерлерін ардақтап жатыр. Орден-медаль толы кеуделерге тағы бір медальді үстемелеп қосып беруде. Бүгінгі бейбіт күн ұрпақтарының алғысы көл-көсір. Тыл ардагері есебінде әжеме де медаль берді. Оны әкем алды. Ресми құжаты бар награда – әжемнің бар тартқан ауыртпалығын, көрген бейнетін өтеп бере алмаса да, батыр ана екенін айғақтап тұратын. Бесінші сыныпты тәмамдауға бір ғана қадам қалған мен үшін әжемнің медалін қорабынан байыппен алып, екі жақ бетін ұстап көріп, оған әр қол тигізгенімде айна алдына тағып көру де қызыққа айналған. Қызықтан қызық ой туды. Әжемнің Алатау баурайында жүргенін пайдаланып, осы бір медалді сабаққа тағып баруды ұйғардым.
Тыл ардагеріне берілген медаль – менің өңірімде тағулы. Мектепке барып, өз сыныбымда сабақ болып жатқан кабинетке кіріп бардым. Көрген мұғалім он минут кешіккенімде жұмысы жоқ, күліп:
– Сендей ардагерлерге кешігу былай тұрсын, сабаққа келмесе де болады, – деді.
Сыныптастарым болса үзілісте жапа-тармағай таласа ұстап көріп, ата-әжесі ардагер балалар үйдегі медальдармен өздерінше салыстыра сөйлеп жатты. Әлгі медальді тақсам бойымды мақтаныш сезімі билеп, өз биігімнен әлдеқайда жоғарылағандай боламын. Еліргенім сонша, дене-тәрбиесі пәнінде спорттық киімнің сыртынан тағып алып, футбол да ойнадым. Екі-үш рет жерге түсіріп, қалың шаңның ішінен қызыл баулы медальді тауып алып, қайта қадап қоямын. Бұл ісім әкем мен анама жетті. Сандық түбінде тұрған медальді ұрлап таққаным әшкере болды. Әкем естігенде күлді де, басын шайқады. Анам болса рұқсатсыз сандыққа қол салғаным үшін ұрсып та алды.
Әкем ауылдан Алматыға баратындар арқылы медальді әжеме беріп жіберді. Күнде болмаса да арасында түріне қарап, ұстап отыратын мен үшін қимастық сезімнің болғаны да бар. Оқушының мектепке медаль тағып келгені туралы әңгіме біразға дейін ауыл ішінде айтылды.
Уақыт өтті. Бір кездері тыл ардагеріне берілген медальді тағып, сабаққа қатысып, доп ойнаған оқушы енді мектеп бітіргелі тұр. Үйге алыс-жақыннан туған-туыс келіп, қуанышқа ортақтасып жатыр. Дастарқан басында сөзден-сөз шығып, әңгіме нақ қызған шағына жеткенде менің мектепке медаль тағып барғаным айтылды. Жиналғандардан қатты ұялдым. Сол сәтте әкемнің үлкен қарындасы ішек-сілесі қатып күліп:
– Ой, қызық-ай! Кезінде әкесі атасының інісі Шалғышбай ақсақалдың кеңес-фин соғысына қатысқаны үшін берген медалін мектепке тағып барған,– деді. Енді мен күлдім, басымды шайқадым. Оқиға қалай қайталанады, ә?! Алманың ағашынан алыс түспейтінің дәлелі.
Әкем мен анам үздік, жоғары санаттағы мұғалім есебінде бірнеше орден-медаль алған. Атамыз бен әжеміздің медалін мектепке тағып бару «қанда болса», кейін сол үздік оқытушыға берілген орден-медальдарды тағып, өзіне иемденетін бір жүгермек те болар.