Илеуіне іңірдің күн сүңгіді,
Зеңгір қазір тастайды бір сүлгіні.
Қара сүлгі қымтамақ қоңыр жерді,
Қоңыр көзден от шашқан кімсің құрбы?
Сені көріп өзекті өрт қарыды,
Жұмыр еттің тулады-ау көк тамыры.
Күн мен түннің «қыз қууы» әдірәм қап,
Көкпарына салғандай Көк Тәңірі…
(Құсым ба едің ғайыптан тайып жеткен?)
Мен бір елсіз аралмын қайық шөккен.
Содан шығар, аяздай өңім сынық,
Жетсе екен желегін жайып көктем.
…Сен бірақ та торықпа
тоты-құрбы,
Қоңыр көздің қоздаған оты нұрлы.
Аяз емген жаныма жазса екен,
Жылуыңа бас қойып, отығуды.
Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!
0 / 5. Дауыс саны: 0