Бұл бекетке пойыз небәрі бес минут аялдайды. Бес минутта түсетіндер түсіп, мінетіндер мініп үлгеру керек. Сондықтан отарба солығын баспастан жележортып кеткенше кіреберіс есікте кептеліс болады. Түсетін оншақты адам мен мінетін оншақты адам қуықтай дәлізде төс қағыстырып, бөксе соғыстырып қалатыны бар. Қозғалыс кестесіндегі ақаулық салдарынан жолаушылар осылайша жүйкесін бір жұқартады. Бірақ бес минуттан соң бірі мінгеніне, екіншісі түскеніне шүкірлік айтып, әлгі қарбалас ұмытылады.
Алматы – Қостанай пойызы бекетке қас қарая жетеді екен. Екі ұлдың бірін көтеріп, екіншісін жетелеп, сөмкемізді сүйрете, итерісіп-соқтығыса жүріп әзер дегенде далаға шықтық. Перронның арғы бетінде қаздай тізіліп бірнеше көлік тұр. Шамасы таксишілер. Біз жақындай бергенде орта жастағы дембелше кісі алдымыздан елпең қағып шықты.
- Балалар, қайда барасыңдар?
- Кутуздың үй жағына.
- Кутуздың үйіне ме?
Таксиші былшықтанған көзін жыпылықтатып бетіме тесіле қарады.
- Жоқ. Көршісінің үйіне.
– Кеттік, – дегені оталған көлігінің үнімен қатар шықты. Арғы тегі немістік қара тұлпар қаражолға түскен соң шопыр жөн сұрады. Нағашымыздың үйіне бара жатқанымызды, аудан орталығына жақында көшіп келгенін, жаңадан үй салғанын, ол үйдің нөмірі тұрмақ көшенің аты жоқ екенін, қалжыңбас нағашымның сұрағандарға «Кутуздың көршісімін»,– деп түсіндіретінін, содан жұрт «Кутуздың көршісі» деп атап кеткенін екі жақтап айтып бердік. Артынша келесі сұрақты біз қойдық.
- Кутуз, Кутуз дейсіздер, Кутузыңыз кім?
Көлік іші қаракүңгірт болғанмен таксишінің миығынан күлгені байқалды. Дегенмен мандытып ештеме айтпады.
– Осындағы мықты бір ағамыз ғой, – деді де қойды. Әңгіме ширатыла қоймаған соң орындықты ыңғайлап алып, шалқамнан жатқанмын. Көзім ілініп барады екен, «мына жол белгілерін білесің бе?» – деген дауыстан оянып кеттім. Басымды көтеріп қарасам жол жиегінде жүк көліктерінің жүруіне тиым салатын баған тұр, одан бес алты қадам жерде «жылдамдықты жиырмадан асырма» деген тағы бірі көрінді.
– Бұл жерде мектеп, балабақша немесе әскери бөлім секілді маңызды бір мекеме бар болғаны ғой, – дедім шопырдың сұрағын жауапсыз қалдырмайын деп.
– Жоооқ, – деді дауысын созып. – Әлгі өзің айтқан Кутуздың үйі осында. Әне, өзі де отыр қосаяқ құсап қылтиып…
«Әне» деп иек қаққан жағына жалт қарап едім, ақшыл түсті киінген адамның сұлбасы байқалды. Қараңғыда түрі анық көрінбеді.
– Анау тұсқа бейнекамера орнатып қойған, жиырмадан асырсаң бәлеге қаласың. Есігімнің алдын шаңдатты деп жол сақшыларына қоңырау шалады. Ал олар үшін мұның айтқаны заң. Қуып жүріп, іздеп табады да шырылдатып тұрып айыппұл салады, – деп таксиші ішіне сыймаған ренішін сыртқа шығарды. – Әгәрәки «ыштырафавайт» етпегенін білсе әлгі инспекторлардың өзі бәлеге қалады. Пара алды деп талай баланы жұмыстан шығартып жіберген.
– Сонда қалай? – деп Кутыз жайлы тағы сұрамаққа оқталдым. Бірақ үлгермедім, көлігіміз көк қақпаның алдына келіп тоқтады. Нағашымның үйі осы екен.
***
Нағашым еңгезердей қара кісі. Кезінде қарына құрық іліп, қылқұйрық мінген жылқышы болған. Атшабыс, көкпар десе ішкен асын жерге қоятын алөкпе қызба. Қазір де желісінен құлын, күбісінен қымыз үзілген емес. Біз барғанда немерелерін кезекке тұрғызып күбі пістіріп жатыр екен. Баламды құшақтап көліктен түскенім сол еді, теңселе басып келіп құшақтай алды. Құшағына баламмен қоса сүңгідім де кеттім. Ас дайын болғанша ауыл-аймақтың амандығын сұрасып, бала-шағаның қылығын қызықтап, реті келгенде нағашылы-жиенді боп қалжыңдасып отырдық. Ет желініп, шәй ішілген соң әңгіменің өрісі ұзара қоймады. Жолсоқты боп келгендікі ме, жеңгемнің берген жастығын бауырға қысқан күйі қалғып кетіппін. Ертеңіне күн көтеріле бір-ақ ояндым. Менен басқасы тегіс тұрып алған секілді. Далада дабырлаған дауыстар естіледі. Сыртқа шықтым. Жеңгем бие сауып, нағашым құлын тартып, біздің сарыбастар ауылдың қараборбайларымен қосылып құлындардың құйрық-жалын сипалап мәре-сәре боп жатыр екен. Керенау қозғалып келе жатқан мені нағашым бір қағытқысы келіп-ақ тұр, мұрты жыбырлап бірдеңе деуге дайындалды.
– Түске дейін ұйықтадың ғой, қора күзеткендей тегі… Әкең жақсы болса қалай тартпас едің, маубастығың аумай қапты тура, – деп барлығына естірте гүрілдеп, артынша өз сөзіне өзі шиқылдап күліп алды. Енді байқадым желі басында мен танымайтын бөтен бір кісі отыр. Орта бойлы, қара көзілдірік киген, басында күнқағар шәпкі. Мен жақындағанда орнынан тұрып көшеге қарай бет алды. Қарама-қарсы жолығудан қашқандай жылдам басып барады.
– Ассалаумағалайкум! – деп қолымды ұсынып едім, «сәлеметпе, қарағым!» – деп саусағының ұшын ұстата қойды. Алақанымнан ауру жұғып кететіндей лезде тартып алып, өте шықты қасымнан.
Бұл неткен паңдық… Астананың көк тіреген үйлерінен, кеудесі онан да биік, төбесімен көк тіреген адамдарынан жалығып келгенде ауылдан тәкаппарлықты жолықтырам деп кім ойлаған.
– Бұның кім? – дегендей нағашыма бұрылып едім, иегімен көрші тұрған қос қабатты ақ үйді ымдады. Түсіндім. Кутуз деген осы екен.
- Сенің кім екеніңді білмекке келді, – деді жақындағанымда.
- Ойбай менде несі бар? Напалеон емеспін ғой…
– Нәпалөн бол, болма, бәрібір. Қай күні, сағат қаншада, қандай мәшинемен келдің, неғылған адамсың, бәрін киіз кітабына тіркеп қояды. Онысына үйренгенбіз, сауысқаннан сақ, пәлекетің. Бірақ бізге еш зияны жоқ, жаулары көп қой, байқұстың, осындай сақтығы болмаса әлдеқашан соларға жем болар еді, – деп нағашым қолыма жарты шелек саумалды ұстата салды.
– Ауызғы үйге апарып қой, қазір барамын. Соқырдың әңгімесін сосын айтам саған, – деді.
– Өзін шәйға шақырсаңызшы, танысайық, білісейік. Әңгімесін өз аузынан естиік.
– Өй, қой, атама! Үйде адам бар кезде басын кесіп алсаң да кірмейді, ешкім жоқта келеді шпион құсап. Келгенімен сенімен сөйлеспейді де, – деп нағашым биелеріне қарай беттеп кетті. Состиып тұрып қалдым.
***
– Әй, жөрналісім, әлгі жазып алатын микропоның (диктофон дегені) болса қос, бұл ұзақ әңгіме, шүйкедей басыңа қайсыбірін сыйдырамын дейсің, – деп нағашым әңгімесін айтпастан бұрын тағы да шаптан түртіп өтті.
– Саған жақсы болды ғой, сөзіңді тыңдайтын адам таппай жарылғалы жүр едің, – деп жеңешем өзін зілсіз түйреді.
– Әлгі соқырмен түйдей құрдаспыз, бір класта оқыдық, – деп бастады нағашым сөзін. – Екеуміз де қырық бірінші жылғымыз. Соғыс шақыра келген сорлымыз ғой, мінезіміздің құйын-перенділігі содан. Бірақ мынадай қояншық көрмеппін. Жұдырықтай болып алып бой бермейді ғой, адамға. Қазір ептеп басылды бұрын көксоққан жынды еді.
- Қалай?
– Жынды кәдімгі. Айтқан сөзді ұқпайды, қой дегенде қоймайды, ерегіскеннің езуін тілмейінше тоқтамайды. Қыңыр, қырсық, таяқ жеп жатса да беті қайтпайды… Өзі де тура соғыс басталған кезде туған.
- Қалай? – деппін тағы да, аузыма апара берген кесені жерге қойып.
– Қалай болса солай. 1941-жылы, 22-маусымда таңғы сағат төртте Гитлер әскері «гутентах» деп совет жеріне басып кірді ме?
- Кірді.
– Кірсе, дәл сол кезде мына пәтшағар анасының бұтынан басын шығарып жатқан. Нөл-нөл минутына дейін сол уақытқа сәйкес келеді. Сенбесең паспортын қара, өтірік айтсам бар малымды талап әкет! Шешем марқұм айтып отыратын Күлдәріні босандырып, шығып келе жатқанымызда Тәшен молда дәрет алып жүрген деп…
Нағашым, мен бірдеме дей ме деп көзінің астымен сынай қарап, сәл үзіліс жасады. Бірақ бұ жолы ол кісінің әсірелеп жатқанын ішім сезсе де шамдандырып алармын деп үндемедім. Менен қарымта болмаған соң басталған әңгіменің соқпағына қайта түсті.
– Көзі бір жасынан соқыр. Құндақта жатқанында сол жақ жанарын кірпі сорып кетіпті. Шын аты – Әскербек. Кутузов дегенді мектепте жүргенде ана Келгенбай қойған. Бұрын Кутузов деуші едік. Қазір ғой «овы» түсіп қалған.
- Қазақшалағансыздар ғой, – деп қосамжарласа кеттім.
– Иә, солай! Расын айту керек сабақты екеуміз де қарық қылғанымыз жоқ. Сөмкесіне көмбеш нан салып әкелетін, соны кеміріп отыратынбыз. Орта класты бітірген соң мен атқа мініп жылқы бақтым қырық жыл, бұл тыртылдатып трактор айдады. Кешегі колхоз тарағанша май-май болып тракторын тепеңдетіп жүретін. Арақты да әкесін танытып ішті. Талай рет бірге іштік, талай рет менен таяқ жеді, тілі жаман ғой бұның, түйреп алады тура. Былшылдатып ұрып жатсаң да тілін тарпайтын әкең… Ертеңіне келеді сүмірейіп, басын жазып берем. Ет пен құрт-майымды да беріп тұрдым. Сенбесең қазір барып сұра, – деп нағашым қолын сермеп екілене қалды.
- Ойбай, оны сұрап қайтем, айта бер әңгімеңді.
- Енді не бедірейіп отырсың, сенімсіз көзбен қарап.
- Жәй әшейін
– Жәй болса тыңда. Бұрын бұл алқаш болатын, соны айтып отырмын саған. Бертінде ғой мұның атқа мініп, атағы шыққаны. Атағын шығарған өзге емес осы өкімет адамдарының өздері. Совхоз тараған жылдары бұл байқұс көк тракторымен тыным тапқан жоқ. Соқасын сүйретіп елдің жерін жыртады, телешкесімен тезегін тасып береді, жалданып топырақ, құм, шөп тартады. Жұрттың берген ақшасын алып, құйған арағын ішіп едәуір тіршілік қылды. Бәрімізде сол жылдары қатты қиналдық емес пе, әйтеуір қоңыз теріп кеткен жоқпыз, соған тәуба! Қойшылар бір қозыны екі шөлмек араққа сатқан сол жылдары емес пе? – деп нағашым жеңгеме қарады. Ол:
– Е жоға, одан кейін-ау. Ол кезде қара биеміз бар емес пе?! – деуі мұң екен, нағашым тақырыптан ауытқып кетті. Күректей алақанын жайып жіберіп, теректей саусақтарын бүгіп-жазып қара биесін қасқыр тартқан кезден бастап жыл санады. Әйелі де қояр емес, әлденелерді айтып. Екеуі сол бойы салғыласып отыра берер ме еді «содан?..» , – дедім шыдай алмай.
– Өй, мынау да менен өткен су ми болыпты ғой, қойшы құрысын, – деп бар кінәні кемпіріне аудара салып, қайта кірісті әңгімеге.
– Содан не болсын, жекешелендіру, бартер, пай деген пәлелер шыққан кез. Колхоздың жиырма мың қойы, менің алдымдағы бес жүз жылқы, бәленбай сиыр, трактор, комбайн барлығы осы бартердің диірменіне түсіп кетті. Өрістегі жыбырлаған мал, алқаптағы қыбырлаған техниканы тауысқан колхоз бастықтары «енді не қалды жейтін?» дегендей көзін төңірекке сүзеді ғой… Елубайдың кәсемсоты (К-700) жүрмей тұр екен, қорасында қаңтарылып. Оны алады. Соқыр екен деп бұған тиіспей қоя ма? Тыртылдақ тракторыңды бер дейді. Бұл бермеймін деп тыртаңдайды. Ары ырғасады, бері ырғасады. Бұл да қырсық. Дәніккеннен құныққан жаман, ақшаның дәмін алған ана қулар да қоймайды. Олар оқыған пәле емес пе, бір күні амалын табады, – деп нағашым алдындағы кесесін бір төңкеріп тастады. Ат үстінде келе жатқандай ырғалып алып, «Алмасбек деген брагадир болды», – деп сөзін сабақтады. – Бір аяғын сылтып басатын, ел ақсақ Алмасбек деп атайтын. Сол бір күні «Үшсарайдан шөп жеткізіп бер, ақысын төлеймін» деп жата кеп жабысады. Бұл байқұста арам ой жоқ, барады. Екі телешкіге шөпті ыңқитып тиейді әлгілер, бұның көзін ала бере бірі трактордың дөңгелегін жарып кетеді. Содан не керек, жолға шығайын десе дөңгелекте жел жоқ. Біз тыққанға ұқсайды, ізі жоқ, ештеме байқалмайды. Ол кезде қазіргідей сотыбый болсайшы, біреуге збандап запаскыны алдыратын. Ары айналдырады, бері айналдырады. Ақыры, кім алар дейсің, ертең басқа дөңгелек алып келерміз, – деп бәрі тракторды тастап ауылға тартады ғой. Ертеңіне Келгенбай екеуі запаскасын алып барса, телешкі шөбімен тұр, трактор жоқ. Ал, қайда кетті?
- Менен сұрап тұрсыз ба?
- Енді кімнен сұрап тұрмын?
- Оны қайдан білейін..
– Сен осы әкең екеуің не білуші едіңдер, мұрындарыңның астындағы көрмейсіңдер. Әлгі көк трактордың көтіне түскен қулар алып кетті емес пе? Бұл боғын пышақтап ары шабады, бері шабады. Таппайды. Қарда ізі қалыпты, камазға тиеп кеткен. Милиция шақырады. Олар не қылсын, ары-бері әурелегеннен басқа түк бітірмейді. Содан бұл Алмасбекке барады, сен алдың деп… Ол боқтап-боқтап қуып шығады. Дерегдірге кіреді, одан да қайыр жоқ. Құмалақ аштырады. «Ұзап кетіпті» – дегеннен басқа ештеме айтпайды балгерлер. Ақыры ары ойлап, бері ойлап, «ұры алыста емес, дерегдір мен Алмасбек бригадир» деп екеуін сотқа берем деп шықты. Жаман плащын желбеңдетіп, ауданға барғыштап жүрді. Біраз уақыт тынышталып қалған, басылған шығар деп ойлағанбыз. Бірақ менен қанша жылқыны санап өткізгенімді тәптіштеп тұрып жазып алып кеткенде секемденгенмін. Әй осы бірдеңені бықсытады-ау деп. Бұл бір бықсымасын, бір бықсыса өртенбей тынбайтын өжет екенін білемін ғой. Әдейі барып сұрадым. Мені дауларыңа араластырма деп ескерттім. Суыртпақтатып сыр алдырмады сабазың. Содан бес-алты ай өтті ме, өтпеді ме, қырықтық кезінде ауылға комиссия сап ете қалсын. Дерегдірден бастап бригадирге дейін бүкіл жегіштің аяғы аспаннан келді ғой. Сөйтсек бұл біздің ауылдағы былық-шылықты жіпке тізіп «Жас алаш» деген газетке жолдапты. Ондағылар мұның жазғанын жариялап қана қоймай, облыс әкімдігінен түсініктеме сұратыпты. Ал осы кезде облысқа жаңа әкім тағайындалса керек. Ол дөкей мен біздің аудан басшысының жұлдызы қарсы екен. Содан «құланның қасынуына мылтықтың басуы дөп келді», – деп нағашым оң қолының сыртымен сол қолының алақанын шақ еткізіп ұрды.
– Арнайы комиссия арызды тексереді, бір біздің ауыл емес, бүкіл аудандағы кемшіліктер әшкереленеді. Ауданның басшысы Итбай деген еді, Итбай итақайларымен қоса жұмыстан кетті. Алды сотталды деп естідім, анық-қанығын білмедім. Әйтеуір ел арасына «даудың басы Дайрабайдың көк сиыры емес, Кутуздың көк тракторы» деген мәтел тарады. Ал, мынаның, – деп иегімен нұсқады ақ шатырлы үйді, – атағы аспанға шықты. Жаңадан келген аудан әкімінің өзі шақырып, сый-құрмет көрсетіпті. Май-май болып әр жерде домалап жататын Кутуз содан кейін өзгеріп сала берді. Арақты қойды. Бұрынғыдай мылжыңдамай, сызданып сөйлейтінді шығарды. Ауыл дерегдірі, бригадир, бұғалтыр дегендерің мұның алдында құрдай жорғалады. Ел тезек теріп тентіреп жүргенде, бұл алты ай қыс Шұбаркөлдің көмірін жағады. Бұрын көшенің басынан тасып ішетін суды үйінің ішіне кіргізіп алды. Зейнетақыны біз Зейнекүлден қарыз сұрағандай, мөлиіп барып кезекпен алсақ мұның үйіне өзі әкеп берді. Анау-пынау жиналыста ауыл ақсақалы деп сөз беретінді шығарды. Осы тұста жеңешем де cөзге араласып:
– Бейсекүлдің деректірдің әйелімен подружка болғанын айтпайсың ба, – деп шалы ұмытып бара жатқан бір деректі ортаға тастай салды.
– Иә, рас-ау, рас… Сенбі-жексенбі күндері бала-шағасымен дерегдірдің үй жағынан буы бұрқырап, қызара бөртіп келе жатқанын талай көрдім. Ананың қатыны монша жағып шақыратын көрінеді.
Осы тұсқа келгенде нағашымның ішін қызғаныштың қызыл иті тістеп өтеді-ау шамасы.
– Өзің ойлашы, – деп сұқ саусағын шошайтты, – трактористің қатын-баласын дерегдірдің әйелі моншаға түсіріп, арқасын ысып береді. Бұл не құдырет?! Сендердің ауылда осындай болды ма?
- Жо, жоқ…
– Ал, бізде болды, – деп әңгіменің қызығына кіріп кеткен нағашым қайсыбірін айтсам екен дегендей сәл тосылып барып, малдас құрған күйі маған ұмсына бере «бұның одан кейінгі арызы абырой әпермеді» – деп сыбырлады біреу естіп қалатындай.
– «Неге?» демейсің бе енді? – дегенде даусы қайта көтірілді. Мен «неге?» деп сұрап үлгермедім. Тілі қимылынан ширақ екен бастырмалата жөнелді.
– Осы күнгі жастарға әңгіме айтқанша, ана көшедегі көк терекке барып сүйкенген жақсы. Мөлиіп, шыбындаған аттай бас шұлғисыңдар да қоясыңдар, ойбай-ау ертек айтып отырғаным жоқ қой саған. Кішкене пейіліңді беріп, сұрақ қойып араласып қойсаңшы ара-тұра.
– Иә, сіздікі дұрыс, – деп құтылдым, дауласа кетсем біразға баратынымды ұғып.
– Дұрыс болса тыңда, мұрныңды салбыратпай. Әкеңнең аумай қапты ғой тегі өзі де қолағаштай болып. Ауылда Ерік дейтін электрик жігіт болатын, қолы алтын еді байқұстың. Мына холоділник, телебізір, балалардың мәгнитопоны дейсің бе бәрінің тілін біледі. Сол Ерік светтің «құдайы». Өшірем десе өшіреді, жағам десе жағады. Аздап қышқыл суға жақындау болды байқұс бала. Біреу той-томалақ жасайтын болса, Ерікке бір жартылығын тіске басарымен қоса алдын-ала апарып бермесе, бәлеге қалады. Той нағыз қызған шағында свет өшеді. Ал, шарқ ұрып Ерікті іздейсің. Бір жерде карта ойнап отырған жерінен әзер табасың. Әке-көкелеп жарықты жандыртасың. Бір күні мына тажалды Келгенбай жынды қонаққа шақырып, монша жағады. Екеуі парға кіріп алып бірінің кірін бірі езіп, әрнәрсені айтып, бапылдап отырады. Сол сәтте свет өшеді. Келгенбайдың баласы белесепедіне міне салып Ерікке шабады. «Біздің көшенің светі өшіп қалды», – дейді барған бетте. Ол көшеде дөкейлердің ешбірі тұрмайтынын білетін Ерік саспайды, «енді қайтейінге» салады. «Әкем Әскербек аға екеуі моншаға түсіп жатыр, Әскербек аға сізге дереу светті жақсын» деп айтты дейді бала. Ерік те бір терістуған пәле, әрі елдің бәрі Кутуз деп атаған соң мұның аты Әскербек екенін ұмытып кеткен. Біздің ауылда бір емес үш Әскербек бар. Бәрі әкелері соғыста жүргенде туған, кімнен туғанын құдай білсін… Бәрі тракторист. «Әскербек тұрмақ, генерал болса да айта бар, өздері жағып алсын» деп Ерік есікті тарс жабады. Ерінген ғой баруға, әлде ол да мас болды ма екен, құдай білсін….
Ертеңіне-ақ жұмыстан кетті. Кейіннен столбыларды құлатып арматура жинаймын деп жүріп, тоққа түсіп қайтыс болды байқұс бала. Содан кейін бұның ауылда сүйкімі қалмады. Өзі де іштей мүжілді ме, бір күнде дүрк көтеріліп осында көшіп кетті. Мынау бұның екінші үйі. Бірінші үйі орталыққа жақын. Әуелі сонда тұрды. Сол үйді салатын кезде де біраз адаммен соғысты. Атағы біздің ауданға жайылған пұшық Ерден деген болған. Кезінде потребсоюзды басқарды. Бұл келген бетте қалай екенін қайдам, сонымен ұстасады ғой. Өзінің айтуынша үйін салар кезде Ерденнен әбден құқай көреді. Оның құрығы ұзын, аудандағы жер бөліміндегілерге айтып құжатын созбалақтатып жібереді. Жарық тартқызбай зәрезап қылады, су құбырын жүргіздірмей тарықтырады. Бұл да жағаласып жүріп үйін салып бітіреді. Енді қоныс тойымды жасаймын деп отырғанда ауданның құрылыс бөліміне шақыртылады. Барса, осылай да осылай сізге жер басқа жақтан беріледі, сіздің үйдің орнына мектеп салынады дейді. Дайын үйді бұл бұздырсын ба? Бар бәленің пұшық Ерденнен келгенін біледі, бұрынғыдай сырттай шалыспай, енді екеуі ашық майданға шығады. Бір-бірінің үстінен домалақ арыз, ауданнан асып облысқа, облыстан асып ол кездегі астана Алматыға қарша борайды. Анау кеудесіне нан піскен неме, сауатсыз трактаристі сағызша шайнап тастаймын деп кәрібурадай алқынады. Мынау да тістеген жерде тісім қалсын деген шақан. Екеуі екі жылдай алысты. Облыстан арнайы комиссия құрылып, істі тексерді. Бұның «арызқой» деген жаманаты болмаса, істеген қызметі жоқ. Арты таза. Ал Ерден талай мекемені тоздырған. Ішкені бар, жегені бар дегендей. Алғашқы комиссиялардың көмейіне бірдеме тығып жіберген-ау түк таппай кетіпті. Бірақ бұл пара алдыңдар деп олардың өздеріне айбат шегеді. Прокуратураға қайта арызданып, газетке жазады. Ақыры облыс әкімінің өзі біржақты қылыңдар деп тапсырғанға ұқсайды. Тексерістердің бірінде шикілік шығады. Ерден сотталатын болыпты деп ел шулап жүрді. Бірақ сотқа жетпеді, қан қысымы көтеріліп өліп кетті жарықтық. Ешкімнің әлі келместей көрінген Ерденнің түбіне жеткен соң, бұдан басқалар да қаймыға бастады. Сот, пұрқорал дегендерің қазір Кутуз десе өлердей қорқады. Ауданға жаңа қызметке келген адам бірінші осының батасын алады. Өзі де қағылып, соғылып жүріп әбден ысылып алды. Газеттен газет қалдырмай оқиды, заңдарды жатқа соғады. Өте сауатты. Пәлеге ұрынып, істі болған адамдар бұған барып арыз жаздырып, заңгерлік кеңес сұрайды тіпті. Бекер обалы не, қолынан келген көмегін аямайды.
– Онысы дұрыс екен, – деп әңгімені зейін қойып тыңдап отырған сыңай байқаттым. Нағашым шаршады ма, сөзі сұйыла бастағандай сезілді. Менің ықыласымнан кейін қайта серпіліп тағы бір оқиғаның сорабына түсті.
– Бірде нақақтан күйіп бара жатқан бір жігітті арашалаймын деп өзінің де басы дауға шатылғаны бар, – деп бір жөткірініп алды. – Біздің ауылда күйеуі жастай қайтқан бір жесір әйел тұрады. Бір ұл, бір қызы бар. Екеуі де құдай бере салған алтын бала. Ұлы таксөбат етеді, қызы мектепте кіл беске оқиды. Соның ұлын түрмеден алып қалған осы. Байқұс бала түнде таксөбат етіп келе жатады, ішінде үш адамы бар. Қайдан шыққаны белгісіз бір инөмарка қарсы бетке шығып кеп тұмсықтан переді. Көлігі екі аунап түседі. Алдында отырған қыз бала тіл тартпастан кетеді. Соққан машинаның іші толған мілитсалар екен. Бәрі удай мас. Имансыздығын көрмейсің бе олардың, ес-түзсіз жатқан жетім баланың аузына барып арақ құйып жібереді ғой. Қойшы әйтеуір өмірі арақ ішіп көрмеген бала мас күйінде машина айдаған деп хаттама толтырады. Жол апатына да соны кінәлі қып шығарады. Жетім бала, жесір қатын шырылдап анда барады, мында барады. Өлген қыздың туыстары қырғын ақша сұрайды. Оларға берер түгі жоқ. Ақыры Кутузға келеді ғой. Бұл кіріскен соң қоя ма, баланың көлігінде отырған өзге екі жолаушыны табады. Олар да құдайға қараған пенде екен, баланың ішпегенін, жылдамдықты сексеннен асырмай ақырын-ақ келе жатқанын, мілитсалар мінген машинаның ережені бұзғанын айтып, түсініктеме жазып береді. Керек болса сотқа барамыз, шақырыңдар дейді. Бұл бір де… Екіншіден Кутуз осындағы вокзалда тұратын бүкіл тәксиді жиып алып, бала туралы мағлұмат сұрайды. Барлығы іштей мілитсалардан қорықса да баланың ішпейтінін растап, қолдарын қояды. Екі де! Үшінші, бұл қасқырың «бала арақ ішті» деп анықтама берген аудандық ауруханаға барады. Оның бастығы да неше жылдан бері аттан түспей жүрген, аудандық мәслихаттың депутаты. Шынжыр балақ, шұбар төстің нағыз өзі. Бастапқыда кеуде кереді. Оның борбайы бостығын сырттай білетін бұл республикалық, облыстық газетке екі мақала, жоғары сот пен бас прокуратураға ашық хат дайындалып жатқанын айтады. Қосақ арасына қыстырылып кетпегін дегенді ептеп қана естіртіп, сес көрсетіп кетеді ғой. Жалмауызға да жан керек, ертеңіне әлгінің өзі хабарласып, мілитсалардың медициналық тексеруден өтпегенін, ал баланың қанынан шынымен алкоголь өнімі табылғанын айтып, құжаттардың көшірмесін әкеп береді. Неге мілитсалар тексеруден өтпеген? Знашит ішкен емес пе?!
- Солай боп тұр ғой, – деп тағы қостап қойдым.
– Содан, бұл осымен-ақ сотта жеңіп шығамыз, – деп білек сыбана сотқа дайындалып жатқанда, жерде жетім жыласа аспанда періште күңіренеді деген рас екен тағы бір кілтипанның шеті шығады. Тура сол күні әлгі мілитсалардың бастығы туған күнін тойлаған екен. Оны бұл мүттайым қайдан білді, кім келіп сыбырлап айтты, бір құдайға аян. Ол бастықтың туған күні болған мейрамханаға барады. Әркімді сөзге тартып ол жерден де біраз дүниеге қанығады. Енді сотқа барамыз, қайтсек те құртамыз деп жүргенде мұның өз баласы істі болады ғой аяқ астынан.
- Қалайша?
– Қалай демесің бар ма? Мұның тіміскіленіп жүргенін мілитсалар білмеді ғой дейсің бе, білді. Солардың істегені шығар. Әйтеуір кіші ұлына кешкілік ауылдағы араласып жүрген бір жолдасы қоңырау шалады. Осылай да осылай, базарға мал апарушы едім, таңғы төртте тұрып кетуім керек, көшенің сыртындағы арнаға келіп, мал тиесіп жібер дейді. Мақұл деген ол межелі уақытта бара қалады. Камазды жарға тақап қойып үш жылқыны тиеп жатқанда мілитсалар сап ете түседі ғой. Сөйтсе ана қулар тізгінді бұған ұстатып, өздері артынан айдап отырған екен. Екеуі қашып кетеді, бұл жүген ұстаған күйі қолға түседі. Ұрлық жасадың деп апарып жауып тастайды. Сондағысы мынаны иліктіру, қорқыту ғой. Бұл да сөйтіп ойлады. «Соттамайтын шығар, саудаласқысы келіп жүр менімен, сотқа жібермес», – деп оншалықты күйзеле қоймады әуелгіде. Бірақ іс сотқа кетіп қалыпты, байқұс баланы бес жылға кесті де жіберді. Баласының сотына мені ілестіріп барған, үкім айтылғанда сылқ етіп отыра кетті. Бірақ діні қатты екен сыр алдырмады. Бала күнінен ызыланса тісін шықырлататыны болушы еді, жақ сүйектерін бұлтыңдатып, біраз уақыт тістеніп отырды да «кеттік» деді. Жолда да сөйлемеді. Бар айтқаны «енді мен көрсетемін бұларға» болды. Артынша бүкіл оқиғаны тізбелеп газетке жазды, сотқа берді. Ана жесір келіншектің баласы ақталды, төрт милиция жұмысынан кетіп, біреуі сотталды.
- Баласы түрмеден шықты ма?
- Жоқ, әлі отыр. Арқалықтың түрмесінде жатыр, екі жылы бар.
- Тағдыры қиын екен бұл кісінің.
– Қиын болғанда айтпа, қайта шыдап жүр ғой. Боркемік біреулер болса әлдеқашан бордай тозар еді. Өзін де бір-екі рет парамен ұстамақ болған, дегенмен мықты екен алдырмады.
– Әй, осы былтыр жазда ма еді, әлгі селкілдеуік Бақытжанның мынаған пара ұсынғаны, – деп нағашым жеңгеме қайырылды. Артынша шиқылдап тұрып, рахаттана күлді. Күлемін деп кемпірінің айтқанын өзі естіген жоқ, өзгеге де естіртпеді.
– Ол да бір жынды екен. Шарбақты деген ауылдың әкімі, дап-дардай адам. Не басына күн туды құдай біледі, мынаның айтуынша «финпол» дей ме соларға «косягке» кірген көрінеді. Содан «сен құтылам десең Кутузды ұстап бересің» депті-мыс. Ол байқұс келіп «мені орнымнан алғалы жатыр, әкіммен жақсысың ғой көмектес, мынау соғымың» –деп бір бума ақша тастайды. Мынау «ештемең керек емес деп жолатпадым, ақшаны алғам жоқ» деп ант су ішіп отыр. Негізі алмаушы ма еді, алған ғой. Үйінен келіп ұстап әкетті. Бірақ ертеңіне шығарып жіберді. Бір-екі рет сұрап едім, сипақтатып дұрыс жауап бермеді. «Жауларымның ұйымдастырып жүргені ғой», – деді де қойды. Әйтеуір ана селкілдек содан кейін үш ай ауруханаға жатып шықпай қойды мынадан қашып. Кейіннен аяғын сүйіпті ғой келіп.
«Дастархан басында көп отырып қалдық» дегендей нағашым қос қолымен жер тіреп, тұруға ыңғайланды. Аяғы ұйып қалды ма, әлде денесі ауырлаған ба, бірден көтеріле алмады. Ұшып тұрып демеп жібердім. Сыртқа шықтық. Сауынның уақыты болыпты, жеңгем екеуі барып бие сауып келді. Саумалдан бір-бір кеседен ішіп, балаларға ұрттатып, үйездеген қойдай көлеңкеде отырғанбыз. Нағашым қора-жайын бір реттестіріп келіп, қасыма жайғасты. Түр әлпетіне қарасам тағы бір әңгіме айтатын адамдай қуланып тұр.
– Мына үйді мен осымен үшінші жыл салып жатырмын, әлі де кем-кетігі жетеді. Ал, ана құрдасым бір жазда бітіріп алды, – деп, Кутуздың үйін иегімен тағы нұсқады. – Бұл өзі салған жоқ, бәрін салып берді. Осында Кәдір деген қу бар, бүкіл ауданның құрылысын қолына алған. Әкімдермен ауыз жаласып ана «тендер» дей ме, соның барлығын сол иеленеді екен. Мына жаңа мектепті де сол Кәдірдің фирмасы салды. Ұры иттің к…тін сұр ит жалайды дегендей, мына тажал Кәдірдің бір былығын біліп қалған болу керек, соның жігіттері келіп апай-топай салып берді ғой мына үйді. Енді соған рахмет айту керек қой, «ана жерін дұрыс қылмапты, мына жері мынадай екен» деп қазір күңкілдейді де жүреді. Адам деген ынсапсыз болады екен ғой тегі… Бірақ, бекер обалы не керек, маған да мұның көмегі тиіп жатыр. Жер алам деп аудан әкімдігіне барсам, сонда жүр екен. Бір партада отырып, бір шишаны бөлісіп іштік емес пе талай, шұрқырай амандастық. Жер алсаң менің үйімнің жанынан ал, көрші боламыз деді. Ойбай мен сұрағанға ол жерді бере ме десем, оны өзім қатырам, сен тек арызды былайша жаз деп тәптіштеп түсіндірді. Дегенін қылдым. Бұл барып өзі сөйлескен-ау шамасы, осы жер маған бұйырды ғой, әйтеуір. Әуелгіде ойқы-шұйқы болатын. Он мәшине топырақ төседім. Топырақты тегін төсеттім, ол да осы көршінің арқасы, – деп нағашым бір жымиып алды.
– Пойыз жолдың шетіндегі анау тұрған ақ бетонмен қоршалған ғимаратты көріп тұрсың ба? – деді.
- Иә!
– Көрсең, сол мостопойыз деген болады. Кезінде вагондарды жөндейтін үлкен кәсіпорын еді, қазір түгі қалмады. Жекешеге өткен. Бастығы Дәриябек деген, біздің бүгінгі әкімнің жиені болып келеді. Сол Дәриябектің оншақты камазы бар. Бірнеше краны, тракторы және жүр. Жыл он екі ай мына арнаның қиыршық құмын қазып, тасын сатып, таудан топырақ тасып пайда табады. Байқасаң мына есіктің алдындағы жол мостопойыз бен біздің ауылды жалғап тұрған негізгі трасса. Бірақ сен келгелі бұл жолмен камаздың өткенін көрдің бе?
– Көрген жоқпын. Өйткені көшенің басында жүк көліктері жүруге болмайды деген белгі тұр ғой.
– Иә, оны қойғызған да осы – Кутуз. Есіктің алдын шаң қыласың деп камазды жүргізбей тастады. Қазір Дәриябектің камаздары ауылға кіру үшін теміржолды жағалап, он шақырымдық айналма жасайды. Әуелгіде Дәриябек дәңкеуделікке салынып жағаласпақ болып еді, кейіннен «пыш» боп қалды ғой.
- Пыш деген не?
- Не?
- Пыш деген не деймін?
– Өй, мылжың неме! Допқа ине тығып алсаң «пыш» етпей ме, желі шығып. Пыш дегенің сол – желі шығып кетті, басылып қалды деген сөз.
- Аааа…
– Ааааа болса, тыңда! Дәриябек бір күні араққа тойып алып мынаған келеді ғой, сен кімсің жол қоритын деп. Екеуі керіседі. Ақыры анау мынаны боқтап кетеді. Бұның үйінде есігінің алдынан дәретханасына дейін бейнекамера орнатылған. Әке-шешеден жіберген бүкіл сөз соған жазылады. Содан бұл «мені балағаттады, ар намысымды қорлады» деп сотқа береді. Ар-намысын құдай салмасын сұмдық бағалаған. «Әй, кемпір, есімнен шығып кетіпті, мына соқыр Дәриябектен қанша өндірмек болып еді ей», – деп айқайлап әйеліне жүгінді. Ошақ жақтан «бес миллион бес жүз елу бес мың» деген дауыс шықты.
–Иә, бәсе, өңшең бірыңғай сандар болатын. Соны сұрайды. Дәриябек әке-көкелеп аяғына жығылады. Көнбейді. Содан бір күні үйде отырсам маған келіпті. «Ойбай, ағатай, құтқар. Мына құрдасың қырып бара жатыр. Үй салғалы жатыр екенсің, топырақ құмыңды мен түсіріп берейін. Маған қалайда кешірім алып бер, сотталатын болдым» деп шырылдайды. «Ой, қоя тұр. Көрейін, сөйлесейін, тілімді алар-алмасын білмеймін. Бұл баяғы көктракторлы Кутуз емес, бұл көпті көрген бәле болып алды ғой» деп шығарып салдым. Ертеңіне мынаған келіп, салмақ салсам илікпейді. Ары ырғадым, бері ырғадым көнбейді. Содан бала күнгі достығымды пайдаланып, «боқтағанның бәрін соттатсаң мені де соттат! Кет әкеңнің…» дедім де кетіп қалдым. Бірдеме-бірдеме деп мыңғырлайды, тағы да жібердім. Баяғыда бір-бірімізді боқтап отырмасақ ас батпаушы еді, қазір біреуді боқтаудың өзі қиын боп барады ғой. Ой заман қалай бұзылған, – деп нағашым маған қарады. – Менімше, бұрынғы боқтампаз адамдардан қазіргі бірін-бірі боқтамайтын сыпайылар сұмпайы секілді?!
Не дерімді білмей қалдым. Аңқылдақ нағашымнан қағытпа қалжың, шаптан түрту секілді қыжыртпа сөз күтсем де бұлайша сөзден тосар деп кім ойлаған. «Солай, солай» деп бас изей беріппін. Менің кішірейіп пенде боп қалған түріме масаттанды ма, қайтадан әңгімесін үзілген тұсынан жалғады.
– Арада екі-үш күн өткен. Боқтарымды боқтап алсам да, ішім қыпылдап тұр. Қартайғанда Дәриябекпен қол ұстасып соттың алдында сүмірейіп тұрсам, бала-шағадан ұят қой. Өлім емес пе?! Түсте ұйықтап жатсам, үйге келіпті.
- Жәй ма? – десем, «жәй» деп қояды. Жәй емесін сезіп тұрмын.
– Сен маған ренжіп қалдың ба? – деп күмілжиді. Жұмсарғанын сезе қойдым. Үндемедім.
- Ол итке неге араша сұрап жүрсің, – дейді.
- Шынымды айтайын ба дедім.
- Иә, – деді.
– Ана үй салатын жерді көрдің бе, ойқы шойқы, соны тегістеу керек. Әлгі маған тегін топырақ әкеп берем деп уәде етті.
–Әй, ол сені алдап кетпесін, дегенмен сен үшін кештім. Ертең келсін, кешірім қағазын жазып қоямын, – деді де кетіп қалды. Дәриябек естігенде қуанғанын-ай, балаша секірді ғой.
- Топырағын әкеліп берді ме?
–Уәдесінде тұрды, жігіт екен. Он камаз әкеп төкті. Тағы да жеткізіп беремін деп еді, содан жоғалды. Оны енді іздеп бару керек, карта ойнап ләйліп жүрген шығар бір жақта. «Осымен әңгіме тәмам» дегендей нағашым құйрығының топырағын қағып, орнына тұра бастады. «Кутуздың ертегісі таусылмай қойды-ау» дегендей жеңешем де қазан-ошақ жақтан мойнын созғыштап тұр екен. Қол жуып, дастарханға бара беріңдер деп жатыр. Шаңқай түс. Дала қапырық. Терлеп-тепшіп түскі асты ішіп, бір-бір жанан қымызды төңкерген соң, терезені қараңғылап қойып ұйқының жоспарын орындадық. Оянған кезде намаздігер уақыты болыпты. Нағашым көрінбейді. Көшеге шықсам Кутуз екеуі сәкіде отыр екен. Мен барғанша кейіпкеріміз кетіп қалмасын деп тездетіп солай беттедім. Әуелгідегідей «асссалаумағалайкуміме» «сәлеметпе, қарағым» деген салқын жауап алдым.
– Астанадан келген жиенім, жөрнәлист, – деп нағашым ресми таныстырды. Ақырындап көз қиығымен қарасам, қара көзілдірікті сары кісінің бетәлпетінде өзгеріс болсайшы. Мені бұрыннан білетін кісіше «енді қайтейін» дегендей міз бағар емес. Қырынан қарағанда байқадам, жалғыз көзі ойнақшып тұрады екен. Менің қиғаштай келіп көзіне қадалып тұрғанымды байқай сала бетін бері бұрып алды. Көзілдіріктің қара шынысының артындағы жалғыз көз енді маған тесірейе, ішіп-жеп қарады. Бірер минут үнсіздік бола қалды. Бағана бір тақырыпты қызу талқылап жатқан секілді көрініп еді, екеуінің айтар сөзі таусылғандай. Нағашым биылғы жаздың ыстықтығы, жаңбырдың бір айдан бері жаумай тұрғаны, шөптің бағасы мен солярканың қымбаттап кеткені секілді ұсақ-түйек тақырыптарды әр жерінен бір шұқылады да отырды. Кутуз бас шұлғып, қоштап, ара-арасында ғана қосылып қояды. Менен жөн сұрап ішке тартқан адам болмады. Соқыр ішектей сопайып тұрғанды қош көрмей, көшенің бас жағында доп қуалап жүрген балаларға қарай беттедім. Артта қалған екі құрдастың үш көзі көкжелкемнен қадалып тұрғанын сезіндім.
Нағашымның үйінде төрт түнеп, бесінші күні аттандық. Шаңқай түсте шақырып қойған таксиге мініп жолға шыға бере байқадым, Кутуз сәкісінде отыр екен. Қасында бала көтерген бір келіншек пен егделеу еркек бар. Көліктің терезесінен қоштасудың ишаратын жасайын деп едім, бізге мойын бұрмады. Қаққан қазықша қаздиып отыр. Бірақ бет-ауызының жыбырлағанына қарағанда сөйлеп жатыр. Қолындағы бүктеулі қағазды қамшыдай білеулеп, сермеп-сермеп қояды. Менің ойымды оқығандай, көлік жүргізушісі шомбал жігіт:
– Ана екеуіне арыз жазуды үйретіп жатыр. Біздің ауылдың атақты арызқойы, – деп қорс ете қалды. Мен оның сөзімен келіскендей рай танытып едім, ол әлде «ыңқ» әлде «мырс» еткен біртүрлі кекесінді дыбыс шығарды да есіне бір оқиға түскендей басын оңды-солды шайқады. Артынша «ойбу ақылымды ат тепті» деп барқырай айқайлап, добалдай алақанымен санын соқты. Шопырдың одағай сөздері мен оқыс қылықтарына тосырқап, аңтарылып қалдық. Өзінің көңіл-күйі секілді дауысы да мезетте өзгергіш екен. Шомбал денесіне жараспайтын бәсең дауыспен қайта тіл қатты.
– Сізге әңгіме айтам деп Кутыздың бейнекамерасына түсіп қалдым, жиырмамен өтуім керек еді. Штраф салатын болды, әкең…
Бұл жолы мен мырс етіп, езу тарттым. Ол күрсінді.