Күй ұран (бір күйдің тарихы)

Бұл шығарма қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінің
100 жылдығына арналады.

 

Түн түңлігі түрілді. Ұлы дала ұй­қы­дан оянды.
Таң намазын оқи сала, атқа қонған Байсерке Қордайдан асып түскенде  Қопа мен Қозыбасының аралығынан күн сығалады. Шапа­ғына  ат кекілін аймалатып қарсы жүрді.  Жолай отырған Қасқараудың қабырғалы ауылдарынан қиыстай өткен.
Баяғыдай Шу  мен Іленің арасына тоғыз түнеп, әрбір таңды той-то­ма­лақпен қарсы алатын кез емес, бү­гін­де елдің көңілі алаң. Ақеділ ағайын­ның пейілі тарылып, ақ дастарханы жиылған жоқ-ау, қай ауылға барсаң да еркегі бата жаса деп бағланын сүйреп келеді, еркесі қолға су құямын деп құмғанға қарай жүгіреді. Құдды жиені келген наға­шыдай қамсыз, бейқам көрінер. Бірақ сол бейқам қазақтың көзі мұңлы, көкірегі зарлы. Сөзге тартсаң күдігін сезесің, жүзінен үрей көресің.  Атқа мінген азамат деп арызын айтады, бәтуә күтіп аузыңды бағады. Ал жапан дүзде жалғыз жорт­қан күйші кімге тірек, кімге пана?! Бұл шерткен күй шерменде жұрттың шерін тарқата алар ма?! Қарашекпен тіліп алған қара жердің қарыс сүйемінің болсын қарымтасы қайта ма?! Кесілген бас, төгілген қан мен жастың құнын кім даулар? Жылаған­ды  жұбататын, күйзелгенді қуан­та­тын күн қашан туады?
Байсерке көптен бері қыр соңы­нан қалмаған осы бір жауапсыз сауалдардан жасқанады. Топ ішінде сөй­лей қалса тағасыз тұлпардай та­сыр­қап, ойы жүйесінен жаңылып, сөзі соқпағынан адасады. Көңілді күпті қылған уайым-қайғының  дойыр қолы қысырақтың үйірін көрген айғырдай арқыраған сауықшыл кеуденің талабын тұсап, тақымдап алғалы қашан. Соңғы кездері ел аралауды сиретіп, үйкүшіктеніп кетті. Қарақияның басына шығып күй тартқанда Қасқажол мен Көкқаптал тіпті Ойжайлауда отырған қалың елді оятатын Байсеркенің бұлайша тұйықталуын ағайын-туыс сан-саққа жорып, аузы жеңіл қатындар сыпсыңдап сөз тарататын. Бірақ Байсерке ешбіріне мән бермеді. Бер­дібек пен Қожабек секілді шәкірттері келгенде ғана шешіліп сөйлеседі, одан басқа жұртпен қарым-қатынасқа құлықсыз, әңгімеге сараң. Бүгін де қасына жолдас ертпей жалғыз шық­ты, әрі ешбір ауылға соқпай төтесінен тартып келеді.
Ақтанаудың жол жорғасы жайлы, Байсеркені бесіктегі баладай тербе­теді. Бөркін көтеріп, тершіген маң­дайын таңғы самалға тосты. Шекеден ұрған салқын жел тамыр қуалап барып табаннан шықты, жан әлемі рахатқа бөленді. Аспан шайдай ашық екен, кепсерге ілінбей қалған көбік­тей болып жалғыз бұлт қалқып жүр. Адасқан бұлт емес, Байсеркенің өз бұлты. Көңілін мұң  шалып, көп ішін­де жалғызсыраған тұста немесе әр­уақ­танып атқа қонған заматта көгіне шығып бірге жортатын. Тәш­кеннің ұлы базарында қырғыз бен қоқанның қос күйшісі тайталасқа шақырғанда қасындағы қалың ағайыннан көрі төбесіндегі осы жалғыз бұлт медет беріп еді.
– Байсеркемен бақ таластырдық, – деген атақ үшін желпініп жеткен екеуіне:
– «Жетпіс бұтақ»* деген күйім бар, басқасына бармаймын, соны ғана тартамын. Таң намазын оқи сала отырғаннан, ақшам ауғанда тұрамын, тек бесін мен намаздігерде құлшылық қылуға мұрсат беріңдер деп шарт қойды. Бұл сөзді естіген жәрмеңкедегі үш атаның баласы араның ұясындай дуылдасып кетті. Қазақтың үлкендері «райыңнан қайтарсың» дегендей Байсеркеге жалтақтай қараса, қыр­ғыздар дарақылыққа балады, ал әр нәрседен ұпайы түгел шығатын өз­бек­тер қауымы дереу ақша тігіп, бәстесе кеткен. Ертеңіне Байсерке сақар таңнан базардың тап ортасына жайылған текемет үстіне жайғасты. Жалаңаш  денесіне түйе жүн  шек­пенін ғана киіп, белін шарт буынған. Тәш­кеннің  шыжыған жазында күні бойы күй тартқан домбырашы қазақты базаршыл қауым, бақалшы-сауда­гер­лерден бастап, қаланың әміріне дейін келіп көрді. Жердің бетін жалынымен шарпып, қылтиған көкті солдырып, қызыл мен жасылдың түсін оңдырып өткен шілденің күні құйтақандай күйшіні құлата алмаға­нына қапаланғандай қызара барып, құбыла бетке сіңгенде Байсерке де «Жетпіс бұтақтың» соңғы бұтағын сомдап шығарған. Тер басқан маң­дайын жеңімен сүрте бергенде, Бақ­тиярлап* әруақ шақырған ұлы жүз қазақтары көтеріп әкетті. Қаума­ла­ған жұрттың қолында кетіп бара жатып, көк жүзіндегі көбік бұлтты көзі шалды. «Күні бойы ешкімге көрінбестен көлеңке болдым, разы шығарсың, енді мен де кеттім» дегенді айтып қарауытқан аспанда түтілген жүндей ыдырап барады екен. Байсерке кеберсіген ернін икемге әрең кел­тіріп, «Жасаған Ием жар болғай» деді ешкімге естіртпестен.
Бүгін де сол ақша бұлт төбесіне қайта қоныпты. Ақтанаумен жорға салыстырғандай батыстан шығысқа қарай баяу қозғалады. Жылжыған сайын шоғыры бірде ұйлығысып, бірде шашырап мың құбылады. Ас­пандағы бұлттың қайнауы күйшінің де қанын қыздырып жібергендей  жан дүниесі буырқанып толқып кетті.
– Жүрісің суыт, жосықсыз жортып қайда барасың деп кінәлама! – деді бұлтқа қарата қамшысын шошайтып… – Біле білсең мен де сен секілді бүгін бармын, ертең жоқпын. Сен түйілсең су төгесің, мен түйілсем күй төгем. Сен қара жерге нәр бересің, мен қарайған жұртыма ән берем. Бірақ менен көрі сен бақыттысың! Сені толғайтын желің бар, ал мені қорғайтын ерім, қолдайтын елім қане? Сен үйіріңді табарсың-ау, ал мен өз үйімде бөтен болған бейбақ­пын. Төр иесі төрем жоқ, ел тізгіні басқада. Артыма қарасам бабаларым қамшысын білеулеп аттандап жатыр, алдыма қарасам балаларым есіктен кіргенді төрге оздырған. Қара­шаңыр­а­ғын қонағына билетіп, өздері құлша құлдыраңдаған. Ойым адасты,  төңі­ре­гімді тұман басты. Ішім жалын, сыртым от. Мұнымды біліп, мұңымды тыңдап жатқан еш­кім жоқ. Домбырам жырламайды, бүгінде тек жылайды. Домбырамның зарлы үнін естідің бе, ақша бұлт?! Сен естімесең тау естиді, тау естімесе тас естиді. Жазы даламның жыңғылы мен то­был­ғысы ұғар. Өзені өкіріп ағар, бетеге мен жусаны шайқалақтап, тербелер. Шанақтан шыққан әуенмен бірге олар да шулап шерленер. Менің күйімді іздегендер даладан табады. Сол даланың кәріқұлақ данасы, зерделі баласы барда менің өнерім өлмейді. Өнерімнің өлмегені менің де өлмегенім. Мен тірі болсам, ұлтым да аман болар! Бұл даланың да таңы атып, күні  шығар. Оны мен көрмес­пін, күйім көрер, сен көрерсің! Естідің бе ақша бұлт, менің күйім сенің суың секілді… Аңқасы кепкен жұртымның аузына тамған тамшы.  Бәйгіге түсер ердің қолындағы қамшы. Тек сауырға салынар сол қамшыны басқа сілте­месе болғаны… Мұнан басқа арман жоқ. Арманым осы ақша бұлт! Арманым осы! Арманым…
«Арманым» дегенді Байсерке әл­дене­ше мәрте қайталады. Ышқы­нып қатты айқайлап  жіберген  болу керек, Ақтанау иесінің дауысына елеңдеп құлақ қайшылады да, жауап қата пысқырынды. Ал Байсерке аттың  басын оқыс  тартқан. Көл­қамыс тұсындағы Қараш батырдың* зиратынан өтіп бара жатқанын жаңа аңғарды. Тіріден қашқанмен өліден аттап кету шариғатқа қайшы, салтқа қиянат. Атынан түсіп қабірге бет алды.
Жарықтық жорықтан қайтып ке­ле жатып, жан  тапсырған екен. Қай жерге барып жығылам, сонда қойың­дар деген өсиеті бойынша қандыкөйлек жолдастары  найзамен шұқып, қылышпен шауып қабірін тура көлдің қасынан қазыпты. Қа­зуын, қазғанмен көңілдеріне күдік байлан­ған. «Есіл ердің сүйегі су астында қалатын болды-ау», – деп алаңдаған. Құданың құдіреті, сол заманнан беріде Көлқамыстың суы көтеріл­меп­ті. Керісінше желінін тартып, іргесін аулақ салған.  Көктем сайын таудан ағатын тасқын да Қараштың зиратына келгенде қақ жарылады деседі. Сарышұнақ пен қосаяқтар мекен қылған қопалы жердің қамысы да қашып, жайдақтана бастапты. Бүгінде көкжал батыр жапан түзде дөңкиіп жалғыз жатыр.
Байсерке зираттың алқымына жүрелей отырғанда құбыла беттен соқ­қан Қордайдың желі сақалын саумалай жөнелген. Төрт құлақты көне моланың қуыс-тесіктері мен айналадағы қурай-шөптерге де тіл біткендей… Жел улеп, жарыса ыс­қы­рады. Бұқар мақамына салып құран оқып отырған күйшінің де көңілі тербеліп кетті. Өз  дауысын дедектетіп әлдеқайда әкетіп жатқан таудың  желі құлағына әлдене деп сыбырлайтын секілді. Бірде сыбырлайды, бірде кү­бірлейді, ызылдап ысқырады. Енді бірде гүрілдеген-дүбірлеген үн шы­ғара­ды, аттан салып ышқынады. Күйші әруаққа бата жасағанда даусына діріл жүгіріп, қолының қалты­рағанын сезді.
Келер сәтте қара домбырасын жалма-жан өңгеріп, құлақ күйін келтіріп жатты.
***
Байсеркенің әкесі Қылыштың көкірегі даңғыл, қолы епті еді. Қам­шы өріп, ер шабатын, етік тігетін, әшекей жасап,  қанжар соғатын. Сонымен бірге, сөйлей кетсе шешен, өт­кен-кеткенді көкейге тоқыған діл­марлығы тағы бар. Бала бойында­ғы бұлқынысты да алғаш байқаған әке­нің көреген көзі. Ырғайтының* бойы­нан әкелген бөренені шотпен шауып, шанағы бұлтиған шағын домбыра жасап берген. Бұл домбыра­ның керегеде ілулі тұрған кезі болмапты, қашан көрсең бала Байсерке­нің жотасында жауынгердің сада­­­ғын­дай салақтап жүретін. Ойыннан қолы босаған сәтте әкесі үйреткен қағыстарды қайталайды. Әрбір күй­дің басталуы мен шарықтау тұстарын тез жаттайтын. Балалар күй тартшы деп қолқалағанда бастапқыда соларды ғана шертіп жүрді. Арқандаулы аттай айналшықтағанға асау көңіл тояттамай кей кездері жанынан тармақ қосып, ауа жайылып кететін. Күй соқпағын танымас достары Байсеркенің ұзаққа сілтесіне таңдай қағып таңырқайды, ал өзі мұрын шүйіріп масаттанатын.
Бір күні киіз үйдің көлеңкесіне «дымбілмес көрермендерін» үйіріп қойып, азынатып отырғанда ешкінің аш ішегінен есілген домбыра ішегі үзіліп кетті. Жалма-жан етік жамап отырған әкесіне жүгіріп жетті. Бала­сының меселін қайтаруды білмейтін Қылыш тарамысы мен ілмек бізін қоя салып, домбыраға ішек тағуға кірісті. Ішек тағып жатып, Байсеркеден қандай күйді шерткенін сұраған. Байсерке жауап таба алмай күмілжіп қалды. Қылыш домбыраның құлақ күйін келтіріп болған соң, дегбірі кеткен ұлын арқасынан қағып дем берді. Жаутаңдай қараған Байсеркеге оқтаулы жанарын бір қадаған. Әке­нің осы бір үнсіз жазасы, сөзбен айтпай көзбен атқаны Байсеркенің есінен кетпейді. Содан беріде күйді бұзып тартуды доғарды. Әкесінен қалмай жүріп екі-үш күйді толықтай меңгерді. Артынша алқа топқа түсіп күйші бала атанған.
Сол бір сәт күні кешегідей әлі са­насында сайрап тұр. Байсеркенің беске  аяқ басқан кезі-тұғын. Сұлу­төр­дің бойында отырған Сырымбет ауылына сиыр сәскеде  жарау атқа мінген, жақсы киім киген оншақты кісі сау ете қалды. Сыйлы қонақтар көрінеді, жігіт-желең байдың қонақ үйінің қонысын жаңартып, көгалдау жерге апарып тікті. Баланың  тақымы тимеген, ауыздық ноқта  кимеген асау жаба­ғы сойылды. Күллі ауыл аяғынан тік тұрып, қызмет етті. Қазан­ның оты қайтқан кезде, жылқы етінің бұрқыраған иісі атырапқа жайылған. Сол иіс тау бөктерінде тобылғы садақпен торғай атып жүр­ген Байсерке мен оның достарын да тамаққа шақыра келді. Ойынның қызығына берілген қараборбай­лар­дың сілекейі шұбырып, қарындары шұрқырап сала берген. Жамыраған қозыдай барлығы етектегі ауылға жарыса жетті.  Астау толы етті тасып, қонақ үй мен қазан-ошақ арасында жасауылдай жосылған табақшылар балаларды алыстан жасқап, жанына жолатпайды.
– Әй, мыртық ары тұр, – дейді бірі кекетіп.
– Ей, қу мойын кеңірдегіңді соз­ба, бұл бас табақ, – деп екіншісі ұзын бойлы бақыр басты баланың тақы­райған шекесінен шертіп өтеді.
– Қайт, қайт, – деп мал қайырып жүргендей әкіреңдейді кейбірі.  Даяшылықты өздеріне дардай қызмет көретін секілді. Кеуделерін кереді, бөденеше жорғалап, кекілікше же­леді. Тек ет жасаған қатындар* ғана бала­лар­дың әрқайсысына бір-бір кесек ұстатып шығарып салған. Бірақ  бұған қарын тойып, көңіл жұбанбасы анық. Сіңірін малжаңдай шәйнап, сүйекті тамсана кемірген кетік тістер мен қозықарындар босаға аңдыды. Қонақтар да көп күттірмеді, жыл­тыңдап есіктен қарағыштап тұрған бұларды кезек-кезек шақырып алып, алақандарын толтыра ет асатты. Үлкендердің  сарқыты мен пейілде­ріне разы болған балалар ымырт үйіріле шанақтарын бір-бір сипап, үйді-үйіне қайтқан. Тек Байсерке төңіректеді де жүрді. Әлгінде төрде отырған қара­сақалдының қолынан ет асарға бара жатып сандыққа сүйеулі тұрған екі домбыраны көрген. Киім-киісі, бітім-тұлғалары бөлекше бұл топтың ас ішіп, аяқ босатуды ғана білетін қыдырымпаз мырзалар емес­тігін бала түйсігі аңғарған. Күтке­ніндей-ақ дастарханға бата жасалып бола бергенде қонақ үйде отырғандар әлденені қолқалағандай кеу-кеулеп кетті. Мезетте домбы­раның қоңыр үні ілесе шықты.
– Бас, бас… Шаңтимесім шап. Төкші бір… Тарқатшы шерді, – деп көтермелеп, қолдаған жұрт ырду-дырду болып  жатқан сәтті пайдаланып Байсерке де есіктен еніп үлгерді. Әлгінде ет асатқан  қара сақалды кісі қақ төрде кереқарыс маңдайын жарқыратып жайнаң қағып отыр. Дабырласқан жұрт даусын естіртпеді. Шамасы әлдеқандай күйдің шығу тарихын баяндаған болу керек, күй шертілгенде ғана киіз үйдің іші ты­ныш­талған. Ел ұйып тыңдады. Әлеу­мет алғашқы күйдің әсерінен арылып болам дегенше қарасақал­дының оң қапталында отырған қырықтан жаңа асқан жігіт ағасы  домбырасын күңірентіп кетті. Адам түгіл, сегіз қанат еңселі үйдің сай-сүйегі сыр­қыра­ғандай күрсініп, керегелер жиырылып, уықтар шаңыраққа сұғына түскендей болды. Бір кезде күйші кілт тоқтаған, бірақ күй үзілмеді. Қа­расақалды іліп әкеткен екен. Екеуі домбыраны кезек шертеді. Бірі тоқтаған тұстан екіншісі килігеді. Кейде үзеңгі қағыстырған қос арғы­мақтай қатарласа шабады. Табалды­рық тұстағы керегеге сүйеніп тұрған Байсерке құлаққа жеткен алғашқы сарыннан-ақ жыланға арбалған торғайдың күйін кешкен. Сиқырлы әуен баланың қанын ойнатып, жүрегін бұлқынтып енді бірде көкке самғатып, тұңғиыққа құлатып әбден билеп-төстеп алған. Қос домбырашы­ның өнері баурағаны сонша, елді кимелей жылжып алға озып кетіпті. Бір есін жиғанда екі күйшінің қасына барып қалыпты. Жұрт жамырай  әлденені сөз қылып жатыр. Сол кезде ғана Байсерке  әңгіменің өзі туралы екенін шамалаған.
– Қылыштың жалғызы ғой, өзі­міз­дің Қылыштың, – дейді ауылдағы баскөтерер азаматтың бірі мұны елге таныстырып.
– Есімжан аузына түкіріп кетші, біздің ауылдан бір күйші шығар ма екен, – деп кемсеңдеді тоқсанға таянған Әбдез қарт.  – Бабасы жаһан­ды шарлаған мүйізді Өтеген, батыр­лық пен бектік қонған әулет. Әруақты жердің баласы, – деп көтермелеп қойды артынша…
– Әкесі шауып берген домбырасын сабалап отырғанын көргенмін, осыдан бірдеме шығады, – деп тағы бірі араласты сөзге.
Байсеркенің буын-буыны босап кетті. Өңі өрттей лаулап, албырап барады. Кейін шегініп көп арасынан сытылып шыққысы келіп еді, аяғы еркіне көнер  емес. Қозғалса  құла­йын деп тұр. Сол уақытта қара­са­қал­ды кісі қасына шақырды. Кіш­ке­не­ домбырасын асынып ал­ған ты­ғын­шықтай қара баланың бітіміне риза­шылықпен көз таста­ған.
– Атың кім айналайын? – деді.
– Байсерке..
– Әкеңнің аты кім?
– Қылыш.
– Домбыра тарта аласың ба?
– Аздап шертем… Әкем «Ақсақ құлан» мен «Ел айрылғанды» үйрет­кен.
– Кәне, шап!
Қарасақалдының ілтипаты дәтке қуат берді. Байсерке шарт жүгініп, отыра кетті. Арқасындағы қара домбырасын алдына алып, Кетбұғадан қалған сарынды білгенінше дың­ғыр­лат­ты. Өзінің шамалауынша бір-екі жерінде оңбай сүрінді. Соңғы қағы­сын жасаған бетте ұялғанынан құн­жиып отырып қалған. Тым-тырыс. Әлгінде бәйгі көргендей қиқулап отырған жұрттың да үні өшкен. Тек Байсеркенің кішкене жүрегі, төсін тоқпақтап тулап жатыр. Ақырын ғана басын көтеріп, айналасына жасқана қарады. Қарасақалды күйші қол орамалымен тершіген мойнын сүртіп, арқасы қызған бақсыдай қо­палақтап отыр екен. Байсеркеге тө­ніп келіп  тікесінен  көтеріп, тізе­сіне мінгізген. Мейірленіп, маңда­йынан иіскеді.
– Әу,  жәмиғат! –  деген  дабырлас­қан жұртқа қарата. – Мына Саршаны білесіздер, – деп қасындағы серігінің тізесінен басты. – Алакөлдің арғы бетін жайлаған найман баласы болғанмен, екеуміздің өрісіміз бір, жан дүниеміз жақын. Кәсібіміз ұқсас, арман-мұратымыз ортақ. Мен елуді еңсердім, Сарша да қырыққа кеп қалды. Екеуміз оңаша қалғанда артымыздан бір қара ермеді деп алаң­даушы едік. Ел іші – өнер кеніші деген. Бар екен. Жал құйрықтан кенде емес екенбіз Сарша! Тәуба! Баланың бойынан ұшқын байқадым. Оны өшіріп алсақ бықсыған түтінге айналады, жандырып жіберсек күл боп кетеді. Сондықтан оны шоқ қылып, маздата білсек қана  қызуына жылынып, қызығын көреміз… Баланың бағы жаратқанның қолында, ал бабы Сарша екеуміздің мойында. Көңілім ауды, бердім батамды.
Жұрт жамырай әумин  десті. Қара­сақалды кісі ашық даусымен түнгі даланың туырлығын тілгілеп бата жасады. Ойын-сауық ары қарай жал­ғасты. Байсерке сол түні таңға дейін көз ілместен күй  тың­даған. Бала болып келіп, үйіне күйші болып қайт­қан.

 ***

Қараш батырдың басында тап болған сарын Байсеркені қозыкөш жерге дейін төңіректеп жүрді.  Күй туатын секілді. Төпелеп төге салатын бұрыннан әдетінде жоқ, көңіл толға­ғы ақ жауын секілді, кемі екі күнге созылады. Шалық қысқанда, шақ­ша­дай басына шартараптан ештеңені шақ көрмей шапқылап кететін сал-сері емес, күйшінің бабы күйгелек­тік­ті көтермейді. Жемсауы балға тол­ғанша әр гүлдің басын бір шалатын арадай, айналадағы әрбір құ­бы­лыстан үн іздеп, саз аулайды.  Әлгінде зират басында сарнап берген сарын қолына домбыра алғанда қожырап кетіп еді. Әрі-бері қол жүгіртіп көр­ген, көңіл пернесі қырсық биедей желінін тартқан күйі иімей қойған. Бастапқы бірер қағысты ғана жадыға тоқыды да жабырқау күйде атқа қон­ды. Содан Ақтанаудың басын тартқан жоқ. Иесінің ширығып отырғанын білгендей-ақ  жануар жол жорғасынан жаңылмай келеді. Тастақ  жерден мы­сық­ша жортып шашасын ұрғызбай өтеді,  сай-салаға келгенде қапталдай салып жол іздейді. Жалпы, жөн-жосықсыз үркіп, жалт бергіш ұшқа­лақ­тық Ақтанаудың бойында жоқ. Тебінсең жүреді, тежесең тоқтайды, бас бермей кетіп арандамайды. Ал шабысқа келгенде ауыздығымен алысып аласұрған талай тентек  жыл­қыға тезегін иіскетерлік қарымы бар. Осы бір бекзат мінезі үшін Байсерке Ақтанауды өзге қылқұйры­ғынан бөлектеу көреді. Кей кездері мұңын шағып, адамша сырласатыны бар.Қарашекпендердің қалашығына барып жүріп, казак-орыстардың ат ойынын да үйретіп қойған. Сұлутөр­дің бойында Ақтанау секілді ауыздық қаққанда аспанға секіретін, кісі бойындай бөренеден қарғып өтетін, жалдан тартса жата кететін, шаужайлап жіберсе биге салатын ақылды жылқы жоқ.  Үйде ақ бәйбішем бабымды тапса, түзде Ақтанауым жанымды сақтайды дейтін Байсерке ат туралы әңгіме бола қалғанда…Ақтанауға арнап күй де шығарды. «Ат ойнатқан» деп аталатын ойнақы күйді әсіресе желігі басылмаған жас­тар жақсы көреді.
Ақтанау жүрісін бәсеңдетіп, тоқтауға ыңғайланды. Сонда ғана Байсерке төңірекке көз қыдыртты. Қоңыртөбеден өтіп, Қозыбасыға* жетіпті. Ақылды жануар жер танып тұр екен. Байсерке аттан түсті.  Шу мен Іленің ортасында сапарлаған сайын осында аялдау ұлы ұстазы Есімнен калған ескі әдет. Есім күйші ары өткен, бері өткенде міндетті түрде Қозыбасының бөктерінде сапар намазын оқитын. Сол дәстүр қабырғасы сөгілмеген күйі Байсер­кенің бойына сіңді. Бірақ қарт күйшіден мұның сырын сұрамапты. Есім де айтайын демеген. Тек бақұл­дасар сәтте тілі күрмеліп жатып арман қып шерткен.
– Бүгіндікке Байсерке күзетсін, – деп көңілін сұрап барған жұрттың бәрін қайтарып жіберген Есім етқашты саусақтарымен шәкіртінің оң қолын қаусыра қысып едәуір отырған. Жасаураған жанарымен тұла бойын тергеп болған соң риза­шылықпен бас изеді. «Жақында» деген ишараны түсіне қойған Байсерке  ұстазының кеберсіген ерніне құлағын тосты.
– Бұл қазақтың алғаш ұран кө­тер­ген жері – Қозыбасы, – деген қыс­тыға үн қатып. Артынша жөтел қысқанына қарамастан жеделдете сыбырлады.
– Қозыбасының алдына қобы­зымды арқалап, домбырамды көтеріп сан мәрте бардым. Құрбандық шалып, қонай-түней жаттым. Бірақ бабалар мекені менімен сөйлеспей қой­ды. Қозыбасыға тіл бітірсем, күл­лі қазақ күңіренер күй туар еді, шіркін! Арманыма жете алмадым  деп барып тоқтады. Ауру меңдеген әлжуаз көкірегін әзер көтеріп ауыр күрсінді. Сол күрсіністен соң Есім қайтып тіл қатқан жоқ. Таңға жуық бала-шағасымен де үнсіз қоштасып, үзіліп кете барды. Елінің еркесі атан­ған Есім күйші өтті жалғаннан. Ал көкейіндегі арманы көрге бірге көмілген жоқ, Байсеркенің кеудесіне қонақтады.
Есім дүние салғалы биыл бір мүшелден асты. Байсерке содан бері Қозыбасының етегіне қанша мәрте намаз оқығаны, қанша мәрте бұл жерге ат шалдырғаны белгісіз. Әрбір өткен сайын Есімнің арманы есіне түсіп,ұстаз аманатын орындай алмағанына қапаланатын. Өткен түнде түсінде көрді. Есім бұның қолына қара домбырасын ұстатып:
– Байсерке бар! Бара ғой, қарағым! – деп елжіреді. Дауысы өңіндегідей саңқылдап тұр.
– Қайда барамын, ата?
– Қозыбасыға бар, бабалар ұран салып жатыр, – деді де ғайып болған.  Байсерке түн баласы көз ілген жоқ. Таң қылаң бере ешкімге жөнін айтпастан атқа қонған. Көңілі бастап­қыда бәйгіге шабар баладай алабұр­тып тұр еді, Қараш батырдың басына келгенде сабасына түсіп, сабырын тапты. Бірақ жүрегінің қағысы бүгін басқаша. Ат  жүрісімен  жарыса со­ғып, әлдебір ұлы дүрмектің дүбірін сездіретіндей.
Түндегі түсі мен тұла бойындағы құбылыстардың неден аян беріп, қайда жетелеп тұрғанын Байсерке біле алмады.
– А-а-а, жаратқан ием, абырой бер! – деп күбірледі күй тартар кездегі әдетіне басып. Күн салып көкке бір, көлеңкесіне бір қарап уақыт шамалады. Бесін намазы кірмепті. Қордайдан аттанғанда Қозыбасыға қатын бесін­нің әлетінде жетемін деп шамалап еді, аты жүрдек болып сәл-пәл ертерек келгенге ұқсайды.  Ақтанаудың тізгінін жалына түйіп қоя берді де, шекпенін бір сілкіп жерге жайды. Домбырасының құлақ күйін келтіріп алып «қайсысын тартсам екен» дегендей сәл-пәл ойланып тұрды да, «Жекпе-жекті» жүйткіте жөнелген. Күймен бірге өткен күндердің қойнауына сүңгіді.
Құтмалдыда* құрылтай шақырып Орман манаптың қалың қырғызға хан сайланған шағы… Ақ киізге мініп, айтұяқтың* қанына қолын малып тұрып, «қырғызды ел етемін, іргесін кеңейтемін» деп серт берген деседі. Қоқан билігінен Бішкекті қайтара сала Қордайға қарап көзінен зәр шашып, аузынан от бүркіген.  Ала­тауды бөліскен ағайында да алашағым бар деген Орман ханның тепсінуі Жетісу жұртын орыс отар­шыл­дарының от қаруынан бетер тітіренткен. Әсіресе, Кекілік-сеңгір* маңындағы Қаракемерді* көрген сайын қырғыз манабының көзі қанталап, әруағы қозатын. Байсерке ол кезде жүгіріп жүрген бала еді. Орман хан екі мәрте қол бастап келіп меселі қайтты дегенді ауыл ақсақал­дарынан ара-тұра естіген. Екеуінде де ағайынды Шыңғысбай мен Бекеней дейтін Қыбырайдың* жігіттері  қырғыз қолын қапыда қалдырыпты.  Жандарын шүберекке түйген қос батыр шепті бұзып барып, Орман ханның жайқалып тұрған туын жы­ғыпты деседі. Дала заңы бойынша тудың жығылғаны – қолдың жеңіл­гені.  Оқыранған Орман хан ат басын кейін бұрған. Бірақ көксеген ниетінен қайтқан емес. Арада жыл аунамай Кекілік-сеңгірге кәрі бурадай селкіл­деп тағы келеді. Бұл жолы найзасы шошаңдаған нөкерін емес, балтыры жуан жалғыз балуанын ерткен. Дойырлығымен  танылған Қабан балуанын ортаға шығарып:
– Бозарып таң атып, қызарып күн батқанға дейін мұрсат беремін дейді. Қабанның жауырынын жерге тигізе алсаңдар қара жерге кіргенімше Қа­ра­кемерге көз алартпаймын деп ант-су ішіпті. Уәде – құдай аты. Бағлан жігіт­тер бірінен кейін бірі барғанмен қырғыздың түйе палуанынан айласын асыра алмай, қайраты жетпей қайтып жатады.  Ақыры, ымырт үйіріле Шыңғысбайдың ағасы Жан­жігіттің Күреңкей дейтін ұлы жекпе-жекке сұраныпты. Құдай­дың өзі қарас­қаны болар, құлжаның сақа­сын­дай кесек бітімді бозбала шөккен бурадай Қабанды мойнынан қыл­ғындырып құлатқан екен. Күрең­кейді Байсеркенің көзі көрді. Қара-торы нығыз адам болатын. Көп сөйле­мейтін. Талай мәрте табақтас, сапарлас болғанда ұшқалақтық танытып, атқажеңілдік көрсетпепті.  Осы жекпе-жектің мәнісін сұраған­дарға: «мен емес, оны жеңген әруақ қой», – деп қысқа қайырушы еді, жарықтық. Қабан балуан да: «Адам емес, қара қабыланмен айқастым, тамақтан бүріп ұстағанда кеңірдегімді жұлып ала жаздады», –  деп еңкілдепті деседі ел-жұрт. Қалай болғанда да, осы бір ұлт намысы сыналған алапат күрес туралы аңыз қазақ пен қыр­ғыз­ға кең тараған. Байсерке бертінде домбыраға салып, күй тілімен сөй­лет­ті.  «Жекпе-жек» күйі осылайша туып еді.

*Жетпіс бұтақ – Байсерке шығар­маларының ішіндегі ең  ұзақ, тізбекті күй.
*Бақтияр – Ұлы жүз ұраны.

*Қараш батыр (1715-1813 ж.ш.) – жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен батыр. Ұлы жүз Шапырашты руының Есқожа тармағынан. Қараштың  өкесі  Жарылғап — Қара­сай батырдың немересі. Қараштың батырлығымен қоса, қазақ-қырғыз арасына тату көршілік қарым-қа­тынас орнатып, ел бірлігін сақ­тау­дағы әділеттілігімен де аты шыққан. Зираты Алматы  облысы, Жамбыл ауданы,  Ақ­те­рек ауылынан оңтүс­тік­ке қарай 4 ша­қырым жерде.

Ырғайты – Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы өзен аты.

*Қордай аймағын мекендеген Дулат руында қонаққа тартылар та­бақты әйелдер жасайтын аймақтық дәстүр қалыптасқан.

Қозыбасы – Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы жердің аты. Жәнібек пен Керей сұлтандар қазақ хандығын құрған өңір.

Қозыбасы – Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы жердің аты. Жәнібек пен Керей сұлтандар қазақ хандығын құрған өңір.

 

2-БӨЛІМ.

Өкше ізді Қордай мен Қоңыр­төбеге тастап, Қозыбасының шығыс қапталына асып түскен бетте Байсерке түндегі түсінің тегін еместігін тү­сін­ді. Оқыған намазының әсерінен арылып болам дегенше қырат басына тігілген қараша үйге жолықты. Байсерке бірден таныды, қарашекпендер. Бақсының моласындай болып жапанда  жалғыз отырысына қарағанда осы жерге егін салмақ.
– Қозыбасыға да қол салдыңдар ма?! – деді Байсерке тістене сөйлеп. Үйден шыққан екі адам бейсауыт жолаушыға қарап, даурыға сөйлеп жатыр. Үйдің шығыс жағынан жер тырмалап жүрген тағы бірінің сұл­басы көзге шалынды. Қозыбасының күнгей бетіне соқа салып жүр екен. Келгендеріне  біраз болғанға ұқсайды, ауыл орнындай жерді тырналап, шаңын шығарып тастапты. Алыстан қарағанда таудың бетіне түскен таң­баға ұқсап қап-қара боп көрінеді екен. Тауға емес өзінің денесіне таңба ұрғандай Байсерке тітіркеніп кетті.  Ақтанауды оқыс шаужайлап шаба жөнелген. Сол шапқаннан мол шапты. Ақтанаудың шатынан аққан ақ көбік шашасынан асып ақсүйекке құйылғанда ғана тізгінді тежеді. Қымызға масайған адамша атын бұлғақтатып арлы-берлі жүрді де, жалынан ұстай бере сусып түсті. Шағыр жусанның үстінде шалқалап жатқан күйі зеңгір көкке зер салған. Көз ұшында қыран қалықтап жүр.  Суықтөбенің сұңқары. Басынан қар, бауырынан ел кетпеген әйгілі Суық­төбенің тұсына келіп жығыл­ғанын шамалап білді. Енді біраз жүрсе Тайторы* батыр ауылының үстінен шығар еді. Жетпей құлағаным қандай жақсы болған деді Байсерке іштей үн қатып. Әйтпесе жын соққандай шапқылағанын көрген жұрт: «Байсерке қартайғанда салдық танытып жүр» деп келемеждер ме еді, кім білсін?! Құдай бір жолға сақтады.
Байсерке  шынтақтап жатып айналасына көз тікті. Сонадай жерде желге төсін бере Ақтанау солығын басып тұр. Ыстығы тарқағанша шөп­тің басын  шалмайтын тектілігін танытып,  жайылуға асығар емес. Ал ас­панда  әлгі қыраннан өзге  тіршілік иесі жоқ. Ол да жалғыздықтан жа­лық­қандай Қопа беттегі бұдырсыз жазықты бір шолып, Суықтөбенің басына барды да, қора күзеткен қой­шыдай шыр айналып жүріп алды. Ұшқан құсы мен жыбырлаған аңына пана болған алып тау төбеден ауған алтын күнге төсін сүйгізіп сұлық жа­тыр.
– Қайран, Суықтөбе, – деді Байсерке күбірлеп. Атың  суық  болған­мен, затың ыстық, қойнауың құтты еді. Сенің де есіл кеудеңді тырнатып қойдық-ау… Бүгін етегіңе егін сал­ған­дар, ертең қойныңды ақтарар, қазынаңды қопарар. Көгіңді күзеткен қыран құрлы қайрат көрсете алсақ, қанекей…
Байсерке көзін жүгірте, көктегі серігі көбік бұлтты іздеді.  Шағын ғана шоғыры шапқан атқа ілесіпті, қалғаны өрістен қайтқан қойдай шуатылып келеді.
– Жұртыңның түрі анау, – деді Суықтөбеге айтар арызын жалғап. Жел тураған бұлттай бетімен кеткен.
Көзі жасаурап, көмейіне өксік тығылды. Аспандағы ақша бұлттар да барар жер, басар тауы қалмағандай Байсеркенің нақ төбесіне ұйлығысып жатты.

***

Ақтанау жол жорғасынан жаңыл­май тайпалып келеді. Байсерке Тайторы ауылынан аттанғанда құранды ерге қалай отырды, сонысынан танбады.  Бір жағына қисайыңқырап алған, жамбасы жабысып қалғандай қозғалмайды. Қозғалып кетсе лық­сып келіп тұрған күй толқыны кейін тебетіндей. Дүрс-дүрс басқан ат дү­бірімен жарысып көңілі күйлеп, күй­зеліп келеді.  Түнгі қонақасы үстінде ауыл адамдарынан естіген жайсыз хабар онсыз да асқынып тұрған көңіл дертін қоздырып кетіп еді. «Дәурен сал*  істі болып, абақтыға қамалыпты» дегенді мес қарын саудагер «бәленше­нің қойына қасқыр шауыпты» дегендей елеусіз ғана айта салған. Қымыз ішіп отырған Байсерке шашалып қала жаздады. Өз құлағына өзі сенбей қайыра сұрады. Бұл жолы мес қарын: «абақтыдан әрі итжеккенге жер аударылады-мыс», – деген дүдәмал деректі қоса жеткізді. Өне бойын ызғар буып, шынтақтап жата кеткен Байсерке содан кейін ешкіммен тілдеспеді. Күйшіден өнер дәметкен көпшілік те құлақ құрышын қандыра алмай түлкіқұрсақ тарқасқан. Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай шықты. Құрсаулаған қалың ой төсектен өзімен бірге ілесе тұрған, әлі де еңсесін көтертпей, сай-сүйегін сырқыратып мүжіп келеді.
Ұл туса  асық  жиып, қыз туса мон­шақ тізген бұл қазақтың ұлы мұраты – ел қору емес пе еді. Осы мұратқа адал жанның бірі – ту ұстаған батыры болса, екіншісі – сөз  ұстаған ақыны. Оның қаруы – қолындағы қара домбыра, аузындағы қызыл тіл. Сонымен жауға да, дауға да жүреді, ел қорғайды.  Бұқара жұрт батырын «ерім» деп арқадан қақса, ақынын «серім» деп еркелеткен. Бас кеспек болғанмен тіл кеспек жоқ деген халықтың ханы тақтан түсіп, батыры аттан ұшқанмен, ақыны қашан тілін тартыпты. Енді міне, сол  тілге тұсау салынды. Арқы­ра­ған асау мінез абақтыға қамалды.  Іледен өткенде белбеуінің бір ұшы арғы жағада қа­латын атақты Дәурен салдың дәурені қапаста аяқталады деп кім ойлапты?!  Салдың басына салынған ноқта ертең күйшіге киілмесіне кім кепіл?!  Әйтеуір ұлық­тар­дың домбыра тілін түсінбес  дүмшелігі дәтке қуат, көңілге медеу. Әйтпесе Байсеркенің де өрісін шектеп, өнерін күндейтіндер жоқ емес, жетерлік. Бұл қазақтың ақыны ғана емес, күйшісі де күйікке туады. Күйік­ке тумаса кешегі Қожеке* қай­да?! Есіктен кіріп, төрге ұмтыл­ған­дар­дың төсінен итерген, азуын білеп айбат шеккен көк­жалдың бірі Қар­қарадағы  Сау­рық* болса, оған рух берген Қожеке емес пе еді?!  Өне­рін де өмірін де күреске арнады.Бұл­қын­ды, бағынбаймын деп жұл­қынды. Шамасы келмесін сезген соң, азған­тай албанын бастап құл­дықтан қаш­ты, Қытай асты. Басқаға бас имейтін батыр олардың да көзіне шыққан сүйелдей болыпты, оншақты жылда «Қожеке қайтты» деген хабар жеткен. Жалалы болып түрмеге қамалды, қытайлар көкірегіне көмір басып өлтірді  дегенге Байсерке бастапқыда сенбеген. Шынжырда отырып шы­ғар­ған «Түрмедегі қинау» мен «Тас көмір шоғына қақталу» күйін естіген­де ғана ұстазындай болған ұлы күй­шіні апта бойы азалап еді. Ақырған аюдан қашам деп, аждаһа­ның аузына кірген күйші тағдыры көпке дейін есінен кетпей жүрді. Байсерке тір­ші­лі­гінде арқа мен жетісулық дәулес­кер­дің талайын көріпті, бірақ тап Қожекедей күрескерін кездестірмеген. Кіші жүзде Құрманғазы қандай болса, ұлы жүзде Қожеке сондай деп білетін. Бірақ қос тарланның кө­мейі­нен өксік, көзінен кек кетпеді. Тағ­дыр­лары да ұқсастау жазылыпты жарықтықтардың.
Осындай ұлы тұлғаның біріне за­ман­дас шәкірт, бірімен дастархан­дас­серік қылған құдайға Байсеркенің айтар өкпесі жоқ. Тек от пен жалынға толы тағдырларына налиды. Қоже­кені жоқтаған көңіл соқпағы әдетте Құрманғазыға барып тіреліп, байыз табатын. Бүгін де жастық шағында жолықтырған жұмбақ күйшіні тағы есіне алды.
Шу  бойындағы Ботбайлар берген бір аста Жалайырдан келген домбырашымен күй тартысқа түскені бар. Көп ішінен өзіне тесіле қараған отты жанар еріксіз назарын арбаған. Байсерке ырғағынан жаңылып қала жаздап барып, әзер түзелді. Сақалы алқымын жапқан, қыран қабақ кісі екен, киімі жұпыны, шидем күпісі мен жарғақ  шалбарының  рәңі тозған. Ұзақ жолды бастан өткерген жолау­шыға ұқсайды. Бірақ өзіне ешбір жанды шақ көрместей паң, кеудесін асқақ  ұстайды. Күйдің  әрбір секірісіне қосылып сергек        отырды. Байсерке де бұрын-соңды мұндай тыңдаушы көр­мепті, күй түсінемін дегендердің өзі тұңғиыққа бойламай, сиқырлы саздың саяздау жерінен қайтатын. Тойшыл қауым тарқар тұста беймәлім қазақтың қасына өзі барды. Бір түн мәслихаттас болған. Бірақ  аты-жөнін айтып, сыр алдырмады. Тек домбырасын сөйлетті де отырды. Кетбұға, Асан қайғыдан тартып, Махамбет, Соқыр Есжан, Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң, Құрманғазының күй­лері еді, – деп бірнеше күйді шалдық­пас­тан тартты. Шертісі бөлек, салалы саусақтар қос ішекке термелеген бой­да ыза мен кек, айбат пен айбар қатар есетін күйлерді Байсерке алғаш есті­ді. Қарсы алдында отырған қапсағай күйшінің алысқа шабатын алқымы кең арғымақ екенін аңғарған. Кете­рін­де бата сұрады. Қыран қабақ күй­ші тереңнен тартпай, сұйықтау бата берген, есесіне «Алатау» деп аталатын жаңа бір күйді үйретіп кетті. Байсерке Қордайға барған бетте көрген-білгенін Есім мен Саршаға айтып, «Алатауды» ортаға салды. Екі күйші мүлги тыңдап, басқаша шертіс, өзгеше өріс деп бағалады. Ертеңіне үшеуі Шудың төменгі ағысында отырған  ел-жұртты  аралап, құла­қасқа атқа мінген күйшіге іздеу салды. Көрдім-білдім деген адам жоқ.  Арада төрт-бес жыл өткенде ғана Қараөт­кел жәрмеңкесіне барған қазақтың бірі Құрманғазының Сібірдегі  Үркіт* түрмесінен қаш­қанын айтып келген. Осы сапарында Есілдің бойы мен Жетісуға соғыпты деген дақпыртты қоса жеткізді. Сол дақпыртты таратушылар дәлел ретінде, «Сарыарқа» мен «Алатау» күйін тартады екен. «Алатауды» естігенде Байсеркенің көкейіндегі жұмбақ өздігінен шешіле кетті. Содан бері Есім мен Сарша, Қожекедей ұстаздарының қатарына Құрманға­зыны да қосатын.

***

Байсерке Дәурен салды алғаш осы Суықтөбенің баурайында жо­лық­тырған. Ол кезде Есім мен Сар­шаға атқосшылыққа жүретін құйта­қандай бала еді. Сұлутөрден аттанған Есім бастаған өнерпаздар тобы Суық­төбеге дейін суыт жүрді. Ақшам жамырай жасау-жабдығы келісті алты қанат ақ боз үйге түскен.  Таңер­тең дабырлаған дауыстан оянды. Тегене толы қымызды бір топ адам ортаға алып, суатқа түскен жылқыдай шұр­қырасып отыр екен. Есім мен Сарша әлденеге абыржығандай күй танытып, түйіліп алған. Ал олардың сол қапталындағы қияқ мұртты ақсары жігіттің жағасы жайлауда. Үкілі бөркін бұлғаңдатып найқалып отырғанына қарағанда сал мен серінің бірі секілді. Қалған кісілердің де түр-тұрпаты шаруа баққан адамдарға ұқсамады, бекзадалықтың нышаны бар. Байсерке қаны кеуіп шөлдеп тұрса да дастарханға ентелеп баруды ар санап, шақыртуды күтіп жата берді. Осы кезде даладан ат тұяғының дүбірі естілген, артынша қылышы салаңдаған сарбаз кірді де, есікке таяу отырған шегір көзді кісінің құлағына сыбырлады. Ол мезетте:
– Батыр келсін деп жатыр, – деді дастархан басында отырғандарға шегір көзін төңкере қарап.  Жұрт жауап қатпастан қопарыла түрегелді. Есімнің етегіне оратыла Байсерке де ілесе беріп еді, «шырағым, сен осында бола тұр, керек болсаң алдырармыз», – деп Сарша күйші басынан си­пады. Байсерке тосылып қал­ғанмен, далаға бірге шыққан. Оты қашпаған отар жерге жағалата сегіз үй тігіліпті. Барлығы жұмыртқадай әппақ. Сал-серілер тобы соның ең ор­тасындағы үлкен үйге барды. Олардың артынан астау толы ет, саба толы қымыз кірді. Байсерке жақын маңдағы бұлақ суына жуынып келгенде әлгі астаулардың алды кейін қайтып, босаған сабалар сыртқа шыққан. Үлкен үйден домбыра үні естілді. Байсерке Сарша күйшінің қағысын жазбай таныды. Әдеттегідей баппен, баяу басталған шертіс  бірте-бірте күш алып биіктеді, қалықтады, соңыра құлдилап барып, көлге қонған аққудай жеңіл тоқтады. Сар­шаның әдеті бұл, домбырасын да теріс бұрайды. Әлден уақытта әнге ке­зек тиді. Әуелеген ән ақ боз үйдің түң­­лігінен шығып, ақша бұлтқа ал­қынбай жетті.  Дауыс тұнық әрі әуезд­і. Байсерке дәу де болса әлгі үкі­лі жігіт болар деп шамалады. Өздеріне ті­гіл­ген үйге бір өзі иелік етіп,  мол дас­тархан басына жалғыз жайғасқан Байсерке ән мен күйді тыңдап жатып ұйықтап кетіпті. Қойнына қоңыз кір­гендей жыбырлағанда, шошып оян­ған. Әлгі әнші екен, басындағы бөркін шешіп үкісімен Байсеркенің бет-аузын, қойны-қоншын қытық­тап, балаша мәз болып тұр. Дәурен сал мен Байсерке осылайша танысқан еді. Сол күні Дәурен бұларға ілесіп Қордайға жүрді. Жеткенше Байсер­кенің езуі жиылған жоқ. Сарша мен Есімді оздырып жіберіп Дәурен сал қысыр әңгіменің тиегін ағытады. Небір күлдіргі өлең, бәдік жырларды бет-ауызы мен даусын мың құбылтып салғанда Байсерке атының жалын құшып, ішін басып тырқылдайды.  Дәурен салдың арқасында жол қыс­қарып, ауылға қалай жеткенін аңғар­май қалған.  Сарша мен Есімнің  Суық­­төбеге не үшін барғанын да сұра­­мапты, ертеңіне елден естіп-білді.
«Кенесары Қордайға келе жатыр, Саурық батыр Суықтөбенің етегіне сегіз үй тігіп қарсы алыпты» деген хабарды Сұлутөрдің адамы түгіл, сона-шыбынына дейін таң атпастан ызыңдап шартарапқа таратқан. Ақсақалдардың бірпарасы:
– Саурық сұңғыла ғой. Өз туғаны мен Арқаның жуандары сырт айнал­ған төре баласына жонын көрсетпеді, құшағын ашты. Елдігімізді танытты  деген ризашылығын білдірсе, енді бірі Кенесарының жүрісіне күдіктене қараған. Түрлі болжам айтып, сан-саққа жүгіртті. Соның ішінде Бай­серкенің құлағына жағып, көңіліне қонғаны, тоқсанға тақаған Әжібай қарттың жорамалы.
– Жетісуға келісі жай келіс емес-ау, – деп еді қария қамшысымен етігінің қонышын сабалап тұрып. –Бұл қашқан, сасқан адамның ісі емес, тұманды күні жол тапқан адам­ның ісі. Біздің Қозыбасыда қазақ хан­дығының рухы жатыр. Жаралы жол­барыс сол рухпен жарасын жаз­бақ. Бабалар ұранын шақырып үш жүздің баласын Қозыбасыда қайта жимақ. Бұйыртса, қазақ хандығы Қозыбасыда екінші мәрте құрылады. Тек соған мұрса берсе, – деп, сөз соңын күмәнмен түйіндеген.
Сол күмән көп ұзамай расталды.

***

Байсерке Кенесарыны сырттай ғана білді. Алдына барып, домбыра шертпепті. Ызалы төренің қаһарынан жасқанды ма, Есім мен Сарша да хан ордасына ат байлауға онша ықыласты емес-ті.  Оның да жөні бар секілді, алауыздық жайлаған төре тұқымы тақтан бір, абыройдан екі айрылып шатқаяқтап тұрған шағында қара халықтан да ел билеуге талапты тұл­ғалар суырылып шыққан. Баянауыл­дағы Шоң мен Шорманның, Шың­ғыс­таудағы Құнанбайдың билікке араласуы Жетісудағы Дулаттарды да желпінтіп тастаған еді. Төресіз де ел, төбесіз де жер болады, –  деп көкірек ұратындар әр атадан төбе көрсететін. Сарыарқадан сая таппай келген Кенесары да көпшіліктің көзінен, сөйлеген сөзінен осы жәйтті аңғарған. Кене сондықтан ашулы еді, ерлік даңқынан бұрын қаталдық дақпырты Жетісуға келгелі желдей есіп, өрттей лаулап кетті. «Кенесары өйтіпті», «Кенесары бүйтіпті» деген жел сөз қазанат мінген батырдың да, қазан қайнатқан қатынның да құлағын шулатып болған. Әсіресе, Ботпайдан шыққан Сыпатай* бимен жиі ұстасты. Дүрдараздық соңы ақыры жақсы болмады.
– Ботпай руы тұрыңдар, ат құйрығын түйіңдер, – деп Сыпатай жорық даласынан жігіттерін алып кетіпті дегенді  естігенде, ел екіұдай күй кешкен. Есім ұстазы қобызын құшақтап, ұзақ күңіреніпті.
– Кенесары мен Сыпатай кетісті дегенше, бұл өлкеден береке де кетті десеңші депті көзінен сорғалаған жасымен сақалын суарып. Жарық­тықтың сол күдігін жаратқан аузына салған екен. Айна-қатесіз орындалды. Кенесары қырғызға шауып, мерт болды. Артынша Қоқан билеу­шіле­рінің қолынан Сыпатай да қаза тапты. Бітісе алмаған қос серкенің бағ­лан басы осылайша басқаның қан­жығасына байланды.
Сол бір аласапыран кезең, қасі­рет­ті жылдар Қордай жұртын тұра­ла­тып тастады. Көктемді аңсаған көтерем малдай елдің еңсе тіктеуі ұзақ­қа созылды. Бұрынғыдай ас бе­ріп ат шаптыратын, жиын-той жасап салтанат асыратындар сап тиылған.  Пристав* деген шығып, басшысыз елдің билігін қолға алды. Қара­шек­пендердің қатары артып, қалалары көбейді. Елең-алаң шақта Байсерке де ержетіп, жігіт болды. Дәурен салмен үзеңгі жолдас атанғаны, қазақ пен қырғызға атағы шыққаны да сол тұс. Салдың сауықшыл тобына іле­сіп, бірлесе салдық құрды. Сал десе сал, сері десе сері еді. Әйгілі  Қыр­мы­зы қызбен айтысы күні кешегідей Байсеркенің көз алдында. Жеңген мен жеңілген болған жоқ.  Аға мен қарындастың арасындағы ерекше ілтипатқа мейір қандырып, масайрап еді көпшілік. Сол айтыстан соң-ақ Дәуреннің абыройы Жетісудан асып, Арқа мен Сыр өңіріне дейін таралды. «Қош-сау бол, сал қарындас, Қыр­мызым-ай, Жаһанның таң шолпаны жұлдызым-ай»  деп басталатын арнау-жыры қыз-бозбаланың алтыбақан мен бастаңғыда айтар басты әніне айналды.
– Жеңгелеріме сенсем, өмірге кү­ліп келіппін, бесікте де жылаудың орнына тырқылдап жатқан екенмін, ендігі арманым – өмірден күліп өту,– дегенді Дәурен сал жиі айтатын. Бірақ, соны айтқан сайын Байсерке салдың тұнық көзінен тұнып тұрған мұңды байқаушы еді. Салдық құрып, сауық қуып жүргенмен, жүрегі жаралы екенін сезетін, оның себебін де ептеп білетін. Жас күнінде Шапы­раш­тының сұлуына ғашық болып, отау құрғаны бар. Бірақ, жар қызығын көрмей жатып келіншегі дүние салды. «Қойным құтты болмады мен бейбақтың», – деп Дәурен сал енді­гәрі үйленбеске серт етіпті. Сөзінде тұрды. Ел қыдырған есер шақта келіншек аңдып, қыз оятпақ түгіл, әйел баласына көз салғанын көрген емес. Әндерін айтып, сайранын салып Шу мен Іленің ортасын думанға бөлеуді ғана білді. Елі де оны ер­келетіп, салулы төсек, жаюлы дастарханмен қарсы алды. Енді міне, бұл­ғаңдаған тарпаң басына бұғау түсті. Бұл бұғаудан босанар-босанбасы не­ғайбыл. Босанған күнде де періштедей пәк, бала көңілді салдың қайтадан бабын табуы екіталай. Адам болып жер басып жүргенмен өнерпаз ретінде өлгені ақиқат. «Көкала атты берсем де, Дәуренді шығарып алам», – деп  Тәкен сал* артынан кісі салып, қуы­нып жатыр деседі. Неде болса сол шәкірті бір қайрат көрсетер, Байсер­кенің дәтіне қуат берер жалғыз үміті осы.

***

Ақтанау кібіртіктеп тоқтауға ыңғайланды. Байсерке Қозыбасыға жеткенін жан-жағына қарамай-ақ сезген. Атынан сүйретіле түсіп, тартпасын босатып қоя берді. Бұл күні ауа-райы да күйшінің қаба­ғындай түнеріп тұрған. Кешелі-бері көлеңке­сін беріп, төңіректеген ақша бұлт ағайын­дарын шақырып, жарты ас­панды жабулапты. Күйшінің Қо­зы­басыға келгенін күткендей, қара­сұр бұлттардың бір шоғыры қаптаған қолдай Қоңыртөбеге қарай жөңкіл­ген. Биік таудың ақбас шыңдарын қиналмай алған соң, құбылаға соқ­пақ салған күннің кө­зін көлегейлеуге жанталасты. Дегеніне көп ұзамай жетті, қас-қа­ғым сәтте күн тұтыл­ған­­дай айнала қарауытып кетті. Сол-ақ екен зеңгір көк қаһарланып найзағай ойнатты. Жасын оты жарқ-жұрқ етіп түнерген бұлттарға дүре соғып, қам­шылап қуалады. Артынша  тау-тасты жаң­ғыртып үш рет күн күркіреп нө­сер жаңбырдан хабар келген. Суыр, борсық  ініне тығылды, құ­мырс­қа илеуіне жүгіріп, құдығына түсті, шөліркеген шөп атаулы «я сәт, бере гөр» деп тамшы күтіп аспанға тел­міре, тербеле биледі. Күллі тіршілік атаулы табиғаттағы осынау құбы­лыстарды сезіп-біліп, қамданып жатқанда Байсерке ғана селт етпеді, қабақ ке­ріп қараған да жоқ. Екі күннен бері төңіректеп жүрген күй­толғақтың уақыты келген, енді жаңбыр жаумақ түгіл топан су басса да күйші үшін бәрібір, толғағы жеткен күй туу керек!  Тумаса күй өледі немесе күйшіні өлтіреді. Шекпенін шешіп, ер-тоқымның үстіне жайды да, қара домбырасын қолға алды. Тізе бүккен жоқ. Өкпек желге кеуде­сін бере тікесінен-тік тұрған күйі бастап кетті. Шанақтан әуен шығып үл­гергенше алғашқы жаңбыр тамшысы күйшінің денесіне қадалды.
Байсерке Қозыбасыға қасқая қарап тұрғанмен ештеңені көре алар емес. Тау басы бұлыңғыр тұман, жарықтық жаңбыр жақындап келеді. Тезірек күйіңді төгіп ал, одан кейін мен суымды төгемін дейтіндей. Ұрын­шақ тамшыларын желге қосып жі­бер­генмен шелектеп құймай, түйіліп тұр. Күйге балқығанда көз алды тұманданып, өзге түгіл өзін ұмытатын Байсеркенің сол қолы домбыраның мойнын қытықтап зыр жүгірсе, оң қолы қос ішекте өші бардай өршелене сабалайды. Самайдан аққан тер мойнын қуалап қойнына кіреді, қойнынан шығып қонышқа құйылады. Шылқыған жалаң жейдесі шау тарта бастаған тарамыс денесіне жабысып қалған. Сонда да ерен санамайды. Арада ет пісірім уақыт өткенде күйдің соңғы қағысын салған. Сиқырлы әуен домбыра шанағынан шағаладай шаңқылдап ұшқан сәтте Байсеркенің бойынан дәрмен қашып тәлтіректеп кетті. Қарақұстан біреу сойылмен салып қалғандай сылқ етіп тізерледі. Шалдығып қалған екен, күй ләзза­тын сезінгісі келгендей көзін жұмып, рахаттана тыныстады. Қанша уақыт қимылсыз тұрғанын шамалаған жоқ, құлағына гүрілдеген үн естіл­ген­де ғана жан-жағына манаурап көз тастады. Ат құлағы көрінбес соқыр тұманның тұтқынында қалыпты.  Ақтанаудың да қарасы батыпты. Әлгі дауыс адамның үні секілді жақыннан естілді.
– Оу, қалқам, көтер басты,– деп жұмсақ әмір етті әлдекім. Байсерке қалай атып тұрғанын сезбей қалды. Жан-жағына алақтап, дауыс иесін іздеп табамын дегенше, қалың тұман­ға оранған тау жақ беткейден қайыра үн қатты.
– Домбыраңның шанағы күйге, өзіңнің кеудең шерге толы неткен жансың?
– Байсерке деген күйші боламын, елімнен береке қашты. Жоқ іздеп жүрмін. Бас көтерген ерімнің басы кеткелі қотанына ғана қоды­раң­дай­тын құр кеуделер қаптады. Батырым найзасын қойып, қарына сойыл ілді, барымташыға айналды. Билерден әділдік, ақыннан ақиқат алыстады. Сөзұстарлар қапасқа қамалып, жатжұрттың абақтысына айдалды.
– Тоқтат!
Байсерке селк ете қалды.
– Тоқтат, күйшім, тоқтат! Жа­сан­­ған жаудың бұл далаға келгені бүгін емес, талайлар сенің атажұр­тыңа ат шалдырған. Кежеге* қойған ұлды құл ету, бұрымды қызды күң етуді  армандап, жер түбінен желпініп жеткен. Менің де баурайыма талай кәпір дәрет сындырып, мақпал шө­бімді ластап, қайнар суымды лай­лаған. Бірақ қарт Алатау бауырын жайлаған қос ұлына қашан да қамқор. Сон­дықтан оның кеудесін ешкім басқан емес, қарлы шыңынан асқан емес. Тепсініп келгендер күндердің күні тентіреп кетеді. Қиратар, қырар-жояр, сайранын салар, соңыра сүйектері сай-салада көмусіз қалар. Қазақ пен қырғызға осыны жеткіз, көкірегіңнен күй ақтар. Саған қайқы қылыш емес, қара домбыра нәсіп болған. Домбыра тілімен ұран сал. Сен күй шал­ған­да тау теңселіп, бұлт көшіп, қанатты қонып, тұяқты тоқтап тыңдасын… Күйің  күйзелген елді күңірентпесін, керісінше рухын көтеріп, еңсесін тіктесін!
– Мақұл, баба! Мақұл-мақұл…

Байсерке кіммен сөйлескенін біл­меді. Тек шыбындаған аттай бас изеп, мақұлдай берді. Дауыс иесінен тағы да пәтуәлі сөз күтіп сүт пісірім уақыт үнсіз тұрды. Қайыра тіл қату болмаған соң, көзін ашпастан қолымен қарманып домбырасын ілді. Әлгінде туған күйді тізерлеген қалпында қайта тартты. Бұл жолы жадыраңқы көңіл-күймен тартты. Күйдің де үні жыламсырамай, жарқылдап шыққан секілді.  Басын көтергенде көргені – төңірек буалдыр тартып тұман сейіле бастапты. Қоңыртөбенің тура басынан бұлт ыдырады да, киіз үйдің түрілген түң­лі­гіндей саңылау пайда болып, күн сығалады. Лезде кемпірқосақ шығып Суықтөбе мен Қоңыртөбенің арасына түрлі-түсті көпір салды. Әл­гінде қоршауға алған қалың тұман көшкен қардай терістікке қарай ағып бара жатты.

***
Асау үйретіп жүрген Бердібектің құлағына алыстан талып жеткен күй сарыны естілді. Тұра қалып тың тыңдағанда ұстазы Байсеркенің мақамын жазбай таныған. Бірақ бұрын-соңды естімеген күйі. Борша-борша болып терлеген шу асауды қос өкпеден тебініп Майбұлақты өрлей шапты. Байсерке Ақтанаудың үстіне нығызданып отырған күйі домбырасын безілдетіп барады екен.
– Ассалаумағалейкум, аға, – деп Бердібек алыстан қолын ала жүгір­ген­мен сәлемі жауапсыз қалды. Күйші іркілмеді, сырдескі Ақтанау да жүрісін баяулатпастан жөнеле берген. Бердібек өзінің борбайлап жеткен ұшқалақтығына ұялған сыңай танытып, соңынан салпақтап ілесіп отырды. Байсерке Май­бұлақ­тың басына жеткенде ғана тізгін қағып, тіл қатқан:
– Қарағым, «Ұран» күйдің басында кез болдың, қазір аяқтадым деді Бердібекке күлімсірей қарап.
– «Жетпіс бұтақты» қызыл іңірде бастап, сақар таңда аяқтаушы едіңіз, мы­науда сәскелік жерге дейін созыл­ған тізбекті күй болды ғой, аға!
              Байсерке балуан денелі, қыран көзді жігітке күлімсірей қарап, құптағандай бас изеді. Бердібек күй- дастанды ауылға жеткенше үйреніп алды. Ертеңіне-ақ Байсеркенің «Ұраны» Қордайдан соққан қоңыр желмен қырғыз, қазаққа таралып кете барды.

*Тайторы – Қоқан, Қырғыз шапқын­шы­лығына қарсы күрескен батыр. Саурық батыр Ыстамбекұлының сенімді серігі болған. «Қойторының тоқтығы ай, Тайторының жоқтығы-ай» (Саурықтың жау қолына түскендегі сөзінен).

*Дәурен сал Құдабайұлы (1827 – 1899) – ақын, әнші. Жетісу сал-серілік мектебінің белді өкілі.  Дәурен сал Іленің арғы жағына өткенде, белбеуінің бір ұшы өзеннің бергі жағында жатады деседі. Сондықтан ел ішінде «Дәурен салдың белбеуіндей ұзын» деген нақыл қалған. Оның «Керуен дүние», «Әуелеп ұшқан бозторғай», «Угәй-ай», т.б. әндері бар.

*Қожеке Назарұлы (1828 – 1881) – күйші-сазгер. Қарқара жайлауында дүниеге келген. Ресейдің отаршыл саясатына көнбей 1862  жылы 25 үйлі ағайынын бастап, Қытай асады. Алғашқыда Қытай билігі Қожекеге  шен-шекпен беріп көтермелейді. Бірақ тәкаппар күйшіні көре алмағандар керуен тонады деген жаламен түрмеге отырғызады. Қытай жендеттері абақтыда азаптап өлтіреді. Оның күйлері күні бүгінге дейін Жетісу, Алтай, Ертіс, Тарбағатай, Бұратала, Іле өңірлерінде тартылады.

*Саурық батыр – Жетісу жерінде екі Саурық батыр жасаған. Әуелгісі Шапырашты Саурық Ыстамбекұлы. Екіншісі Албанның Құрман атасынан тарайтын Саурық Алпарұлы. Шығарманың бұл тұсында сөз болған Албан Саурық. Ол жоңғар шапқыншылығы мен патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы күрескен. 1863 жылдың тамыз айында Іленің төменгі ағысы мен  Текес өзенінің жоғарғы аңғарындағы халықтың патшалық Ресей үкіметіне қарулы қарсылық көрсеткені белгілі. Бұлардың ішінде Саурық пен мен Қожеке батыр бастаған  жасақ ерекше көзге түседі.   1916 жылғы әйгілі Қарқара көтерілісін бастаушы Ұзақ батыр осы Саурық Алпарұлының баласы.

*Үркіт – қазіргі РФ Иркутск қаласы

*Сыпатай Әлібекұлы (1781/82 – 1867/68) –  Ұлы жүз, Дулат, Ботпай руынан шыққан батыр, би.

*Пристав – 1948 жылы Ұлы жүздің қосылған аудандарын басқару үшін Батыс-Сібір генерал-губернаторына бағынатын үлкен Орданың приставы лауазымы бекітілді.

*Тәкен Сал Байғұттыұлы (1860 – 1908) – белгілі ақын, сазгер, әнші. Қазіргі Жамбыл облысы, Қордай ауданында туған. Ел аузындағы аңызға қарағанда, Тәкен сал жүйрік баптап, бәйгіге қосуға құмар болған. Кезінде оның Көкала сәйгүлігінің даңқы өз атағынан кем тарамаған.

*Кежеге – Түркілердің желкесіне түсіп тұратын жуан бір өрім шашы. Тілімізде сақталған «кежегесі кері кету», «кежегесін кері тарту» деген сыңайдағы сөз тіркестері осыған меңзейді. Кежегемен мағыналас сөздер өзге де көршілес ұлттар тілінде ұшырасады. Мәселен, алтай тілінде «кәде», қырғыз тілінде «кежи», орыс тілінде «коса» деген сөздер бар.

                                                                                 

 

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған