Кеудеме бір керемет күй құлады,
Сезімді сипап өтіп ұйқыдағы…
Жанымның жазиралы жайлауында
Ақ орда алты қанат үй тұрады.
Тас қала орағанмен тас құндағын
Мендегі бөгет болар тасқынға кім?
Көгінде көңілімнің киіз үй тұр
Көмкерген әсем жырмен басқұрларын.
Ақ ордам күмбезденіп тосар алдан,
Тосар алдан, қиялға қосар арман.
Қалқиған қазағымның қараша үйі,
Хан да еңкейіп енетін босағаңнан!
Бұрышсыз, алқасы жоқ жайды аңсаған
Басқа жұрт жете қойсын қайдан саған?!
Киіз үй – әсемдіктің мұражайы,
Басталған табалдырық, маңдайшадан.
Күмбезбен көркемдеген тірлігіңді
Қазақ болып өткізген бір ғұмырды
Күміс күн шаңырақтан төксін шуақ –
Жеңеше, ашшы ертерек түндігіңді!
Жабықтан нұр сығалап, құбылып өң
Өзіңнен сұлулықты ұғынып ем.
Көздерін керегенің жасыратын
Мүйізі қарағайдай бұғы кілем.
Іргеңде ақтарушы ем көңіл шерін,
Өремді биіктетер төрің сенің.
Келемін өміріме арқау етіп
Өзіңде туған жырдың өміршеңін.
Жалғанған оюлармен үзік арман,
Маржанын сұлулықтың сүзіп алған;
Ораулы шилері де қандай әсем
Шешемнің саусағының ізі қалған.
Басына керегенің жанатты іліп,
Қиялмен бұрымымды тарап тұрып;
Өшпеуін түтінімнің тіледім мен,
Маздаған жерошаққа қарап тұрып!
Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!
0 / 5. Дауыс саны: 0