Бозторғай

Шырылдайсың шаршамай,
Шырылыңды ұғар кім?
Қарғалардан болшы абай,
Бәсі басым бұлардың.
О, Бозторғай, Бозторғай!

Бұлбұл неге жылайды?
Қарлығаш та көңілсіз.
Қолдамайды Құмайды,
Қырандардың көбі үнсіз.
О, Бозторғай, Бозторғай!

Сауысқандар ұшады,
Қырғи мінез танытпай.
Құрқылтайдың құшағы,
Жылылығын дарытпай.
О, Бозторғай, Бозторғай!

Жарқанаттың ұсқыны,
Жапалақты үркіткен.
Сыртқа апарып ішкіні,
Сескенбейді Бүркіттен.
О, Бозторғай, Бозторғай!

Аққу-Қаздар тізбегін,
Алаңдайсың бұзды деп.
Тырналардың іздерін,
Тырнағандар мұз жүрек.
О, Бозторғай, Бозторғай!

Құнсыз қылып құндыны,
Ділді қайтем бүлінген.
Менің үнім бұл күні,
Сенің егіз, үніңмен.
О, Бозторғай, Бозторғай!

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

5 / 5. Дауыс саны: 1

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған