Әр кеудеде айтпаған ән бар ұлы
Естелік бар дәмі бал, арда мұңы
Еркелік бар жүргізген ханға әмірін
Кеудесінде білтелі шам жарығы!
Жылу тарап, жайдағы салқынды алып
Көлеңке суреттейтін қалпымды анық
Қараңғылық жәйменен сейілетін
Шамнан сәуле тарайтын жалқынданып.
Сұлу еді сол шақтың түні, таңы
Оны қалай жүрегің ұмытады?
Көңіліңді кіреуке мұнарласа
Сол әлсіз сәуле ғана жылытады
Қоңыр үй сияқты еді күркесі әннің
Жанарға тұнған шықты ірке салдым
Көркеуделер, көңірсіп жүргендер көп
Түспегендер жарығы білте шамның.
Алаңсыз арнасынан тасып күнім
Алдағы арманына асықты мың
Сол шамның жарығына қарап, ұққам
Төр мен табалдырықтың қашықтығын.
Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!
0 / 5. Дауыс саны: 0