Үрей мен ашуға булыға өкірген дауыс бара-бара тоқтаусыз ұлып тұрып алды. Менің қорқынышым сейіліп, аң-таң қалдым. Жаздың жаймашуақ күнін қақырата ұлыған дауыс Академқалашықтан шықты. Ондағы алқызыл түсті ұлутаспен тысталған ғылыми институт ғимараттары мен олардың қызметкерлері тұратын үйлердің арасынан.
Мен мұнда сабақтан кейін және демалыс кезінде жиі келіп тұрамын. Анамның жұмысындағы он шаршы метр алқызыл-сарғыш қабырғасын толтыруға көмектесемін. Бір-бірінен ажыратылмайтын қарындашпен қойылған нүктелерді жүзге таяу қисық сызықтармен біріктіремін. Өте жағымсыз, тиянақтылықты ғана емес, үздіксіз назарыңды өзінен алдырмайтын мимырт тірлік. Сондықтан бұл жердегі жұмысынан тұтас айлықтың тек ширек бөлігін ғана алатын анама қиын тиетін. Осы бір ауыр жұмыстан тек жауапкершілігі мен тәкәппарлығынан ғана бас тартпай жүр. Ал, басшылары, күні кеше өзі тәрбиелеп шығарған түлектері, онысын байқамағанситын. Сол себеппен институтқа келгем. Ашық терезеден әлгі бір ұлыған дауысты естідім…
Мен анама қарап тұрғам. Бірақ ол, әдеттегідей емес, дауыстың шығу себебін түсіндіруге еш асықпады. Бір түрлі кінәлі түрде төмен қарап, үндемей отырды. Оның бөлмелес көршілері де ләм-мим деп жақ ашпады. Жаңағы айқай тағы қайталанды. Дәл қазір адам айқайлап тұрғанын анық естідім. Анам бүрісіп қалғаны сонша оған дауыстап сұрақ қоюға дәтім бармады. Мен кестені жасауды жалғастыра бердім. Ойша бұл не болды екен деп санам сан-саққа жүгірді. Қайғының запыраны ма? Ішіп алған адамның ессіздігі ме? Отбасылы жандардың ұрысы ма? Ұрды ма екен? Есі дұрыс емес біреу шығар?
Тек кешке таман үйге қарай бет алғанда, анам екеуміз оңаша қалдық. Сонда ғана ол айғайдың мәнісін түсіндірді. Қарсы үйдегі қазақ апаның айғайы екен.
Биология институтының бір қызметкері пәтер алуы керек болған. Пәтерім кең болсын деп ауылдағы шешесін де тіркетіп алыпты. Ол кезде көп адам осылай жасайтын. Бір күні комиссия келіп тексеріп қала ма деп қорқып, ауылдағы шешесін біраз уақыт Алматыға кеп қолына тұруға көндіреді.
Бірақ апасы ауылға асығады. Қалада іші пысады. Ауылдағыдай емін-еркін өмір жоқ. Тынысы тарылады. Қызы жібермейді. Келіп тексеріп кеткенше тағы біраз уақыт қала тұруын сұрайды. Әйтпесе, көршілерінің бірі үстінен арыз жазып жіберер деп күдіктенеді. Онда пәтерді тартып алып қояды. Сол біраз уақытты өткерген кемпір енді үйіне анық жинала бастайды. Бірақ баратын жері жоқ екенін сол кезде біледі. Қызы жаңа пәтерге көшкен соң оны тек жаңа дүниемен толтырмақ болады. Шешесіне айтпай оның үйін сатып жіберген екен. Ақысына су жаңа жиһаз алып, өз пәтерін толтырып алған. Әкетіп бара жатқан дәнеңе жоқ. Ауылдағы үйде жападан жалғыз қалып, пеш жағып, су тасығанша, қаладағы қызының қолында, ыстық суы бар пәтерде шалқып өмір сүргені жақсы емес пе?
Амалы нешік? Кемпір келіседі. Ол кезде Академқалашық қаладан шыға берістегі оңашалау көк алапқа орналасқан еді. Одан төмен Ботаникалық бақ бар. Оң жағында – бос жатқан КазГуградтың аумағы. Күні бойы қимылдап үйреніп қалған кемпір пәтерден төмен түсіп, серуендеуге шығып жүреді. Содан бар қисынсыздық басталады да кетеді. Өмір-бақи ауылдан аттап баспаған кемпір жаңа жерде адасып қала беретінді шығарды. Өзіне бейтаныс жерде, қалың ағаш ортасында, биік үйлерді бір-бірімен шатастыра береді. Бірнеше рет жоғалып кетті. Бүкіл үй болып іздейді. Милиция шақыра жаздап әрең табады. Ендігі серуені ауланың аймағынан аспайтын болды.
Тағы бір келеңсіздік: бейсауат адам аяғы жете бермейтін алыс ауылда ол ешқашан үйінің есігін құлыптаған емес. Содан ба екен, қаладағы пәтердің де есігін жабуды ұмытып кете беретін. Немесе кілтін көрінген жерге қалдырып кетеді. Қызы оған кілт беруді доғарады. Қызы жұмысқа кеткенде онымен бірге сыртқа шығып алатын. Ауладағы сәкіде отыратын да қоятын. Жүргіншілермен сөйлесіп, айызы қанатын. Көршілер шақырып шай беретін. Қызы келгенше осылай күнін өткізетін. Шешесінің қайыршы құсап әр үйге барып шай ішуі қызына ұнай қоймады. Енді ол жұмысқа кетерде шешесін үйге қамап кететінді шығарды.
Бастапқы кезде ол апа кешке таман болса да аулаға шығып жүрді. Бірақ ауа-райының қолайсыздығынан ба екен, әлде тұрмыс салтының күрт өзгеріп кеткені әсер етті ме, кемпір сәл уақыттан соң ауырып қалды. Күн өткен сайын әлсірей берді. Бесінші қабатқа көтеріліп-түсуі мұң болды. Қыс түскенде далаға шығудан қалды. Тас үйге еркінен тыс қамалып қалған кемпір ес-ақылынан адаса бастайды. Енді анда-санда балконға шығып тұрады. Көз ұшындағы мұзарттарға қарайды. Айналадағы бақтарға көз салады. Өз шаруасымен қарбалас кетіп бара жатқан жүргіншілерді бақылайды. Сосын айқайлайды…
60-70 жылдарда Алматыны мекендеген отбасыларда аға буынды тек әже мен апалар бастап жүрді. Яғни, әскери жесірлерді ғана көретінсіз. Егер шалы соғыста қайтпаса, онда қариялар қол ұстасып ақыретке дейін ауылда өмір сүретін. Ал, жесір қалған аналарын балалары қайтсе де қалаға, өз қолына әкетуге көндіретін. Оларға немерелерін бақтыратын. Бір шетінен жақсы көргендігінен де еді. Ел «шешесін жалғыз тастап кетіпті» демесін дегені…
Ол кездің әжелеріне тас қалада қамалудың қандай қиын болғанын енді-енді ғана түсініп келем. Қаланың заңы басқа, сойы бөлек. Целлофанға ораулы екі келі еті сылынған сорпалық сүйек үшін бірнеше сағат тар қапастағы кезекте тұру керек. Немерелердің дені ана тілінде бір ауыз сөз білмеген.
Қалалық тұрмыс әдеттен тыс қана емес, салт-санаға сай тәрбиені де, арлылықты да түп-тамырымен жұлып жатқан сойқан еді. Менің анамның жерлесі, КГБ-ның подполковнигі, анасы қонаққа келген сайын ертеңді-кеш оны дәрет сындыру үшін түзге шығаратын. Үйде дәретке отыру деген ой анасына соншалық жат еді. «Балам-ау, келін мен немерелер шорылдатқанымды естісе, ұят емес пе?» дейді екен. Күлкілі жағдай бір қарағанға. Ал, шын мәнінде діліміздің бөлектігінен ғой бәрі.
Америкалық психолог Эрик Эриксон жазыпты, интернатта тәрбиеленген үндіс қыздары отбасыға оралған соң тазалық туралы ой-пікірлерінің бөлектігінен күйзеліске жиі ұшыраған екен. Үндіс аналар үшін қызының жан тазалығы маңызды болса, ал тәрбиешілер үшін гигиеналық тазалығы басты орында болған. Осы кереғарлықтан қыздар өздерін үйде де, интернатта да лас сезінген. Оның үстіне үндістер дәрет алмаған, нәжісті күнге кептіріп, желге ұшыратын танымға сенген. Олар үшін ақ адамдардың бір жерге жуып, кірді жинауы санаға салмақ түсіретін жағдай еді. Олар туралы ақ адамдардың не ойлағаны, біз сияқты қалалықтар үшін таңсық болмас. Қазақ қалаларындағы ең алғашқы өзгеріс осы дәретханадан басталды. Мүмкіндік туа салысымен қазақтар асүймен қатар тұратын әжетхананың есігін кіреберістен шығаруға тырысатын.
Қазіргі таңдағы жобаланған пәтерлерде де қонақтарға арналған дәретхана есігі қонақ бөлмедегі дастархан басына жиналған қауымның көзіне түсіп тұрады. Дәстүрлі тәрбие алған адам үшін бұдан өткен сорақылық жоқ.
Подполковниктің анасы қалаға сол күйі үйренісе алмай-ақ қойды. Келетін. Келетін де сарыуйымға салынатын. Біздің нағашы әжемізге қоңырау шалады. Тезірек қонаққа келуін өтінеді. Әжем жерлесіне ақыл қосып, басу айтатын: иә, мұндағы өмір өмір емес, бірақ саған бәйге атап, ат шаптырым дастарқан жаятын жағдайым жоқ, есіңді жи, балаң күндіз-түні қызметте, келінің ауруханада, немерелеріңді ойласаңшы, тым құрыса дүкенге барып, оны-мұны алып келейік дейді. Бірақ құрбысын дүкендегі ұзын-сонар кезек пен орысша сөйлейтін кесір сатушылардың дөкір мінезі шошытады. Ол кетіп тынды. Біздің нағашы әжеміз қалаға бауыр басып кетті. Бірақ үйренісуге қанша қажыр-қайраты кеткенін бір өзі ғана білер.
Сексенінші жылдардың соңына таман әжем екеуміз теледидардан түрік ауылындағы мерекедегі бәйге туралы көрдік. Әжемнің күрт құбылғанын байқадым. Далада өмір сүріп жатыр, не деген бақытты десейші деп сөзін түйіндеді. Әжем жастау күнінде туризм бойынша кеңесші болып істейтін күйеу баласының дегеніне көніп, бірнеше рет тауға шығып қайтқан. Алайда, Алатаудың асқақ салтанаты даладан келген әжеміздің көңілінен шықпады.
Қаладағы баласының қолына көшкен жесірлердің жағдайы қиын еді. Олар тұрмыста да, психологиялық тұрғыда да қорғансыз болды. Қалаға келіп өзгерген баласының қаталдығына тәуелді болып қалды. Ауылдағы ағайынға қайтып баруға тәкәппарлық жол бермеді. Баласы жат болғанын мойындауға бет жоқ еді. Кәдуілгі өмірінен адасып қалып, ағайынгершілік татулықтан жырақтап, қалаға келген әжелер жаңа өмірге өздігінше көндігуге тырысты. Балалар мен немерелердің болғаны жақсы-ақ. Бірақ қазақтар құрдастарын «өз жұртым» деп атаған ғой. Олардан кейінгі буын – «өскелең ұрпақ, бейтаныс» боп тұрады. Бос тұрған кермеге таңылған жаңа төл. Құрдастарын басып озып, ұзақ жасаған қария – өз жұртынан кездейсоқ адасып қалған абыз, кейінгі ұрпаққа қонақ боп саналады. Ұлттық дәстүр мәдениеті осылай қалыптасқан.
Бала күнімде, жас кезімде әжем мен үшін ең басты адам болды. Әжеме қарап бой түзедім, соның сіңірген дүниетанымымен адамды бағалауды үйрендім. Мен қалада әке-шешесіне еркелеп, түк тыңдамайтын тентек немеренің жүрелей отыра қап әжесінің аяқкиімін кигізіп, сосын арқасына салып арқалып, аулаға шығарып, кемпірі бар көрші үйдің қоңырауын басып, ол кісіні жанына серік қылып шақырып беретін, кешке таман төртінші қабаттағы пәтеріне әжесін қайтадан арқалап әкелетінін күнбе-күн көріп өстім. Үйінде біреу қайтыс болғанда әжем көңіл айтып барып, өзі жер болып келген кездері аз емес. Өйткені, қара жамылған үй иелері марқұм құрбысының кәдесін тұтас атқармай, жаназасын да шығармай, көме салатын. Көңіл айта келетін кемпірлерді үйге кіргізбей қайтаратын. Сондай көріністен соң көңілі құлазып қайтатынын көріп өстім. Бірақ бәрінен де маған сол кемпірлердің өздері қымбат еді. Әрбірі.
Жақында менен ересектеу құрбым маған былай деді: сенің көп қылығың баланың қылығындай, бірақ кейбір ойларың тым ересек, тіпті менің анамнан да артық ой айтасың. Мүмкін шынымен солай шығар. Жасөспірім кезімнен өз қатарластарымнан гөрі кішкентай бөбектерді ойнатқанды немесе тоқсандағы кәрі кемпірЛердің әңгімесін тыңдағанды жақсы көретінмін. Есесіне мен келмеске кеткен өмір туралы азын-аулақ әңгіме айта алам. Өйткені, шет-жағасын көріп қалдым. Қазір менің әжем секілді әжелер қалмады.
Мен бұл әңгімелер топтамасын «Бескемпір» деп атадым. Бұл қазақ фольклоры мен топонимикасында кең таралған ұғым. Мәселе мынада (мұны баяғыда академик Ә.Марғұлан немесе академик А.Қоңыратбаев дәлелдеп кеткен), «кемпір» деген қазақ сөзінің этимологиясы – «кам пір» деген сөзден шыққан, мұндағы «кам» сөзі «бақсы» деген мағынаны берсе, «пір» сөзі «рухани ұстаз, тылсым жебеуші» деген мағына берген екен. Яғни, о баста «кемпір» сөзі табиғи күштердің тылсым жебеушісі кәрі әйел бейнесінде сипатталғанын көрсетеді. Содан кейін барып оның мағынасы бізге таныс ұғымға ауысқан.
Егер үндіеуропалықтарда жасын жасаушы – еркек құдай Зевс немесе Тор болса, түркілерде ол «кемпір», «найзағай-әже» болып келген. Түркілік аңыздардың ерекшелігі осында. Олардың матриархалды мінезін С.Қоңдыбай кереметтей сипаттап берген. Түркілер – аңшылар, мал баққыш, жауынгер халық болған. Олар өз аналарына бағынған. Осыдан шығатыны, Бескемпір – ежелгі құдірет сағанасының атауын білдіреді.
Бұл аңыздың қалдығы ретінде бала тоқтамаған үйдің жаңа туған нәрестесін үш немесе бес кемпірдің бұтынан өткізу салты болғанын айтуымыз керек. Қазір бұл салтты ажалды адастыру үшін жасалған деп айтып жүр. Бастапқы мағынасы – шақалақ «табиғат күштерінің жебеушісінен» туады деуінен. Солардың күш-қуатын сіңіреді делінеді. Қазақтың маңдай алды тұңғыш Олимпияда чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің тегі осындайдан шыққан.
Алматыға келген қазақ әжелері өздерін күн құдайы сезінбеді немесе бәйбішелік-матриархат құрмады. Бірақ өмірлерінің соңғы күндері қалалық қалыпқа икемделумен өрілді. Кейде тіршілік күйбеңімен олардың өткен өмірі ұмыт қала ма деп қорқамын. Олардың аттарын ішімнен қайталап қоям. Дұрысында лақап аттары ғой. Олар бір-бірін шын аттарымен сирек атайтын. Бұл да ата дәстүрге зор құрметтің белгісі еді. Астарқан шеше, Сары кемпір, Өскемен кемпір, Офицердің кемпірі. Біздің әжемізден бұрын қайтып кеткендері онша есімде қалмапты. Әжемнің тірі күнінде олар мен үшін тек соның құрбылары ғана болыпты. Әжем қайтыс болған соң тірі қалғандарын құдайы шайға шақыратын болдым. Олар біздің қайғыны шын түсінетін алыптар еді. Басымызға түскен азалы күндерде аялы алақандарымен жылу сеуіп, қасымнан табылған әжемнің адал достары еді. Ең соңғысы көз жұмған күні – өте пысық, мақтансүйгіш Офицердің кемпірі (мен оның шын атын біліп үлгерген едім, Нұрғаным), – олардың әлеміне есік жабылды.
Няня-апа
Няня-апа – мені үш айлығымнан баққан апаны осылай атап кеткен едік. (Ол заманда бала бағуға берілетін декреттік демалыс небәрі үш ай ғана еді). Мен үш жасқа келіп, балабақшағадағы кезегім жеткенше сол кісі бақты. Алматыдан ол кезде қазақтың әжесін табу қиынның қиыны еді. Сондықтан Ғылым академиясына қарасты математика институтының қызметкерлері оның аяғын жерге тигізбей, қолдан қолға өткізетін.
Няня-апаның шын атын білмей-ақ өттім. «Мир» деген кинотеатрдың жанында жекеменшік үйі болған. Ес білгелі оның аядай ғана бау-бақшасында асыр салып, шапқылап өскенімді білем. Ол екеуміз самаурын қайнатуға бақшадан кепкен бұтақтар жинайтынбыз. Кішкентай кезімде шайды ұрттап көріп, оның алма не шие ағашының бұтағымен қайнағанын айтып беретінмін. Шайды кішкене дөңгелек үстелде – жозыда ішетінбіз. Отырғыш орындығымыз да қызық болатын. Кескен томарлар сияқты кеспелтек ағаштарды отырғыш қылатынбыз. Әрине, бетіне көпшік төсейтінбіз. Бірақ мен томарларды жығып алып, оларды арлы-берлі домалатқанды жақсы көруші едім. Менің ең жақсы көретін ойыншықтарым солар болған шығар.
Осы отырғыштардың пайда болуы мен үшін көп жыл бойы құпия болып келген еді. Ондай орындықты ешбір жерден көрген емеспін. Мектеп кезінде бізді АХБК-ға (Алматы мақта-мата комбинаты) экскурсияға апарды. Станоктарда оралған белдектер айналып тұрды. Жіп жинайтын белдек екен. Мүмкін осы белдектің орнына томардай катушкалар қолданған шығар деген ой кетті. Біздің Няня-апаның қолына солар істен шыққан соң тиген болар?…
Біз екеуміз сағаттап шай ішетінбіз. Қатты қылып пісірген ши бауырсақ, тәттілерді мол салып дастархан жайылатын. Няня-апа маған неше түрлі әңгімелер айтып беретін. Оны мен түсінемін бе, жоқ па, оған басын аса қатыра бермейтін. Мен кейіндеу Инаят-хан сопыдан оқыдым, егер баланы түрлі аңыздар айтып, өмірлік әңгіме айтып тәрбиелесе, сол жақсы екен.
Няня-апаның қап-қара, әжім басқан қолдары күміс білезіктерге толы еді. Әр саусағына екіден-үштен ірі-ірі жүзіктер тағатын. Няня-апа кесесін қолына алғанда мен оның бар байлығына қарап отырамын. Шайдан кейін оның саусақтарындағы жүзіктерін айналдырғанды жақсы көруші ем. Ол маған бәрін көрсететін: «Көрдің бе, жүзіктер шешілмейді, етіме бітіп кеткен. Мен өлген соң етім өзі езіліп түсіп қалады. Сол кезде жүзіктерді шешуге болады. Мына жүзікті саған мирас қып кетем» – дейтін. Осы айтқаны есімді шығаратын. Сол кезде ме екен, әлде одан көп кейін бе, ойша табытқа, я қабірге түскен адамның еті сылынған сүйектерінен жүзікті алып маған беретіндерін елестетуші едім.
Бірде немерелес студент әпкем саусағындағы жүзігін шешіп, біздің қолжуғыштың үстіне қалдырып кетіпті. Ол менің бас бармағыма да үлкен еді. Бірақ мен оны киіп алдым. Саусағымды қайта-қайта бүгіп жүрдім. Сақинам түсіп қалмасын дегенім ғой. Сөйтіп, аулаға ойнауға шықтым. Ойнаған кезде сақинаны мүлде естен шығарыппын. Бір кезде есіме түсіп кетті. «Жоғалттым» деп шошып кеттім. Бірақ ол саусағымда екен. Дегенмен, саусағым күп болып ісіп кетіпті. Сақинаны шеше алмай әлектендім. Үлкендерге айтуыма тура келді. Сосын мені мына нәрсе шошытты. Мен қабірде жатыр екем, сүйектерім ағарып кеткен, саусағымдағы сақинаны әзер дегенде шешіп алып жатыр екен деймін… Әпкем саусағымды жақсылап көпіршітіп сабындады да сақинаны суырып алды. Бірақ қазір мен тіпті неке жүзігін де таға алмаймын. Бала күнгі үрейден сондай фобия қалыптасып қалыпты.
Няня-апа мен балабақшаға барған соң да біздің отбасымен араласып тұрды. Бұл кезде Алматыға көшіп келген менің Әжем жасы үлкен Няня-апаны қатты сыйлайтын. Әжем айтып берген, Няня-апа осы Алматының жергілікті тұрғыны екен. Арқасы бар кісі дейтін. Сол үшін басқа адамдарға көмек керек болған кезде оны шақыртып, алып кетіп жататын. Бұл сөздерді мен бала күнімде онша түсіне қоймаппын. Білетінім Няня-апаның жүргізуші болып істейтін ұлы қатты ішетін. Сондықтан ылғи ашулы болатын. Соның кесірінен апам мені енді өзінің үйіне алып кете алмайтын болған.
Жасым он бірге толған шақта Жандосов көшесінен КазГуград жаққа көшіп келдік. Біраз уақыттан кейін Няня-апаның үйін ысырып тастады. Баласы екеуіне Таугүл деген жаңа ықшамауданнан пәтер берді. Ол бізге келуін күн өткен сайын сирете берді. Үш-төрт жылда бір келетін болды. Оның қонаққа келуі өзінше ерекше еді. Ол үйінің жанындағы аялдамадан кез келген автобусқа отыра салатын. Өзіне ұнаған аялдамадан түседі де, көзіне түскен ел-жұрттан мені сұрайтын. Біздің үйге келген соң ұрысып отыратын. «Қазіргінің баласы не деген ақымақ боп кеткен? Ештеңе білмейді. Мен олардан Зира қайда тұрады деп сұрасам, иықтарын қиқаңдатады. Сөйтіп көше жағалап жүре бердім. Әйтеуір, бір бала есіне түсірді. Алтайдың әпкесінің аты солай емес пе еді деп… Сені қалай танымайды бұ жұрт? А? Неге олар сені танымайды?»
Осындай сұрақтардан кейін өзімді кәдімгідей айыпты сезініп қалатынмын. Өзімді бағып-қаққан апамның үмітін ақтай алмағандай күй кешетінмін. Қаланың әрбір иті танитын атақты адам бола алмағаныма қысылатынмын. Оның бала күнінен бері қала іргесін қарыштап кеңге салғанын ол, сірә, түсінбей-ақ кетті. Мүмкін, ол өз ауданынан арыға аяқ басып көрмеген де шығар, кім білсін… Қазір ойлап қарасам, ол біздің үйге шыққан сайын жете бермеген секілді. Няня-апаның немерелері мен менен кейінгі баққан балалар да мен туралы ертегіні тыңдап өскен болар, бәлкім, мені жек көріп өскен де шығар?
Соңғы келіп-кеткендері тіпті бір түрлі болған. Ол біресе тозып кеткен еркектің пиджагын киіп келді. Балалары үйде қамап қойып, бар киімін тығып тастапты-мыс. Әрең қашып шықтым деп келгені бар. Бірде қатты жүдеп-жадап, қажып келді. Суық суды мұздатқышқа суытып беруді сұрады. Тамақ пен шай жүрмей қалды деген. Сол жолы саусақтарында жүзік те, сақина да болмады. Соған қарағанда шешудің жолын тапқан сынды. Мен оны ақырғы рет көріп тұрған шығармын деп жаман ойлағам. Бірақ содан кейін екі жылдан соң тағы келді. Толысып, көңілді боп кетіпті. Әжемнен екі қаз сатып алуға қарыз ақша алды. Бізді қонаққа шақырды. Неге қаз алғысы келгені, неге сонша жылдан соң бізді қонаққа шықырғысы келгенін сол күйі ешбіріміз түсіне алмадық.
Мен оны сол жолы шығарып салдым. Тоқсаныншы жылдардың бас кезі. Тимирязев көшесінен тоқтаусыз зуылдап көлік ағылып жатты. Бізге сол кездің өзінде солай көрінетін. Няня-апа бағдаршамнан өтуге құлықты болмады. Жан-жағына қарамастан көшені көлденеңінен кесіп өтті. Мен оны қолтықтап келе жатқанмын. Көлік қағып кетпесін деп бірде тоқтап, бірде жүріп келем. Басына қатарынан үш жаулық тағып алған. Тоғыз қабатталған орамалдан ол жақсы ести де қоймайтын. Арғы беттегі тротуарға жеткен соң мен одан сұрадым: «Няня-апа, сіз көліктен қорықпайсыз ба?» «Олар менен қорқады, қарағым» деді де маған ақыл айта бастады: «Күйеуге шығасың ба? Дұрыс, керек емес,олардың бәрі оңбаған». Сол сәтте автобус келіп қалды да, ол мініп кетті.
Үйге оралған соң Әжеме Няня-апамның ақылын айтып бердім. Шөбере армандайтын Әжем алғаш рет оған ашуланып былай деді: «Алжыған қақпас, бәрі оңбаған дегені несі? Қаздарына шақырсыншы, мен оған айтарымды айтып қалармын». Бірақ содан кейін Няня-апаны көрмедік. Өзімнің де Әжем сәл уақыттан соң бақилық болды…
АЛЖИР-лықтар
Менің әкем ешқашан шылым шекпеуші еді. Бөтен адамға да үйде шылым шегуге рұқсат етпейтін. Бірақ ол үндей алмайтын адамдар бар еді. Біздің үйде кейде кемпірлер бас қосатын. Олар бас қосқан кезде «Беломор» тартпақ түгілі, арақ та ішетін, ол аз дегендей орысша боқтықтан да жіберетін. Мұндай кезде аулаға ойнауға кетіп бара жатып, Әжем үшін алаңдайтынмын. Ол осы шудың қақ ортасында ақ орамалын тартып алып, қыздай сызылып шай құйып отыратын.
Кейіннен біз есейіп, қайта құру басталған тұста біздің үйде халық жауы атанған адамдардың АЛЖИР-де (Ақмоладағы халық жауы әйелдерінің лагері) отырып шыққан әйелдері бас қосқанын түсіндірді. Біздің әкеміз студент күнінде Сұлтанбек Қожановтың (1894-1938жж) ұлы Арыстанмен жатақханада бір бөлмеде тұрған екен. Ол халық жауларының балаларына арналған жетімдер үйінде ержетіпті. Бөтен атпен өскен. Математик болғысы келіп, соған оқуға түскен. Арыстан Қожанов өмірден ерте қайтты. Менің әкем оның досы ретінде Анасы Гүләндамның өкіл баласы, әпкесі Зибаның інісі атанған екен. Біздің әкеміз үшін – өзі де жетімдер үйінде өскендіктен болар – бұл туыстық аса бағалы еді. Асырап алған шешесінің үйіне жиі барып, ол ауырған сайын қонып қалатын. Өйткені, Зиба тәте Мәскеуде тұратын. Бүкіл Кеңес Одағына танымал психиатр еді. Бірақ мұның бәрін біз тым кеш білген едік.
Бас қосатын кемпірлердің бірі – Мағжан Жұмабаевтың жесірі Зылиха-шеше болатын. Кейіннен де біздің үйде қонақта болды. Ол кезде біз оның кім екенін жақсы білдік. Күйеуінің мұрасын сақтау үшін қандай еңбек сіңіргенінен де хабардар едік. Мағжан соңыра ақталды. Бір күні оның жинағы шықты. Сол кезде ғана анам бізге бұл апаның қандай қиын тағдыр иесі екенін, тиын санап өмір кешкенін айтып берді. Азғантай ғана зейнетақысына мұрағаттарды ақтарып, күйеуінің өлеңдерін біртіндеп жинағанын естідік. Ол АЛЖИР-де отырды ма, жоқ па, нақтысын білмедім, бірақ отырып шыққандардың арасында өз адамындай еді.
Сексенінші жылдардың соңында Зылиха Жұмабаева ВДНХ-дағы бір бөлмелі пәтерін өкіметке өткізді де Петропавловскіге, Мағжанның туыстарына көшіп кетті. Пойызға отырар түнде біздің үйге қонды. Ол басына қойылатын тасын бірге әкетіп бара жатқаны есімде қалыпты. Өзіне ғана сеніп өмір сүру әдет боп қалса керек. Біздің үйде баланың төсегінің тұсында шағындау кілем ілініп тұрушы еді. Ол соны сұратты. Намаз оқығанға ыңғайлы екен деді. Ол кезде Қазақстанда жайнамаз сатпайтын.
Біздің отбасыда репрессия кезінде зардап шеккендер болмады. Менің бабаларым мен аталарым көтерілістер мен соғыстарда шейіт кеткен. Аштық кезінде өлген. Түрмеде отырған тек Қалдықожа-бапа – әкемнің ағасы ғана. Сол ұрпақтын ортақ тағдыры: аштықтан өлген ата-анасын жерлейді де, жетім өседі, өзінен кішілерге бас-көз болады, Қызыл Армия қатарына шақырылады, демобилизацияға шақ қалғанда фин соғысы басталып кетеді, соғысады, содан кейін тағы да ұстап қалады, одан ары немістермен соғыс басталады, соғысады, тұтқынға түседі, бай немістің жылқышысы болып істейді, тұтқыннан босанып шыққан соң кеңестер оны тұтқынға түскені үшін он жылға соттап жібереді. Бары сол ғана. Бірақ бізде «саясат» үшін ешкім отырған емес.
Дегенмен, біздің үйде ылғи «алжирлық» жесірлер жиналатын. Сейфуллиндердің отбасымен көрші болдық. Менен үлкен құрбыларымның көбісінің ата-аналары халық жауы балаларына арналған жетімдер үйінде ержеткен. Яғни, репрессия қазақ халқын қынадай қырып кеткенін осыдан-ақ білуге болады. Аштық пен сталиндік репрессияның зардабы туралы айтқанда қазақ халқының тең жартысы осы зобалаңның кесірінен жетімдер үйінде өскенін ескеруіміз керек. Менің де әкем мен нағашы атам жетімдер үйін паналап өскен. Әйтеуір, өлтірмей, ілдәлдалап жеткізгеніне шүкір. Бірақ «пролетарлық» рухты сіңіруге барын салған.
Мафруза-шеше
«Түн жарымында диванның ішінде жарығы жанады. Ортасы ашылады да ішінен адамжегіш жалмауыз-кемпір шығады. Диванда ұйықтап жатқан адамды өзімен бірге алып кетеді екен». Ольга әңгімесін осылай тәмамдады. Содан соң сіңлім екеуміз иықтасып үйге қайттық. Қара көлеңке аула да, кіреберіс те артта қалды. Үйдің іші жап-жарық. Кісі көп. Үрейімізде сейіле бастады. Үһ дегенім сол еді, бүгін диванға мен жататынымды білдім. Жалғыз!
Біздің отбасымыз алты адамнан тұрады. Сол заманға лайықты «Хрущовкада» тәп-тәуір екі бөлмелі пәтеріміз болды. Оны Академия өзінің жас қызметкерлеріне арнап тұрғызған. Біздің үйде қонақ қонбау сирек құбылыс еді.
Мысалы бір күні анам артық болмас деп келімді-кетімді туыстарға арнап жерге бес-алты адамға қосымша төсек салып қойды. Сосын әкем екеуі оларды күтіп алуға әуежайға кетіп қалды. Түн ішінде келсе, барлық орын бос емес екенін көреді. Тағы да төсек салады. Бұның сырын таңертең ғана біледі. Студент туысымыз түнде артық қыдырып қойып, түнгі он бірден кейін оларды жатақханаға кіргізбей қойған соң достарымен біздің үйге қонған екен. Ол заман үшін бұндай қонақжайлылық қалыпты еді. Ол кезде Алматыда үйі бар қазақ сирек-тұғын. Ал, ағайынгершілік берік болатын. Жағдайға қарай біз сияқты балаларға кейде жатын бөлменің жеріне төсек салынса, бірде залдағы биік үстелдің астына салып беретін. Сыймай жатсақ, асүйге де жата кететінбіз. Жаздыңгүні, абитуриенттер келе бастаған кезде біздерді балконға шығаратын. Әкем бізге арнап көрпелерден ыңғайлы лашық жасап беретін. Ер кісілер аулаға жиналмалы төсектерді алып шығып ұйықтайтын. Балаларға арналған ашық күркелердегі сәкілерге де жата кететін. Оңай ма, бес-алты абитуриент бір топ жанкүйерлерімен топырлайды.
Сол күні қонақтар көп емес-ті. Қонуға Әжемнің жерлесі Мафруза-шеше ғана қалған. Күні бойы әңгімелесіп, айыздары қанбаған соң жата-жастана сөйлеспекші. Содан соң қиын реттіліктің ұшы мені залдағы диванға жатқызуды шешеді. Екі құрбы диванның тұсына жерге жатпақшы екен.
Диванда жатып алып екі апаның шежірелерін тыңдап жаттым. Қарабаладан – Бекболат, Бекболаттан – Самат, Саматтан – Мырзахмет. Әрегідік үй сыртында сықырлап көліктер өтіп бара жатады. Көліктің жарығы үйдің төбесінен сырғып өтеді. Қорыққанымнан көз іле алмадым. Ақыры диван-кітап ашыла қалса, адамжегіш жалмауыздың алдынан аппақ, толған торсықтай, жұпар иісті Мафруза-шеше шыға келеді де, ол мен сияқты тері-тарамысына ілінген арық қызға қарай қоймас, оның үстіне диван ашылғанда мен оның ар жағында қап кетемін ғой деп өзімді өзім алдаусыраттым. Ішімнен осыны қайталап, су жаңа көрпеге бастан-аяқ оранып, кемпірлердің сыбыра елітіп ұйықтап кетіппін.
Үстімдегі көрпемді біреу жайлап, бірақ үздіксіз тартқылап жатыр. Түн тыныштығында тек ауыр тыныстаған адамның дем алысы ғана естіліп тұр. Қорыққанымнан жүрегім зәр түбіне кетті. Бастырылып қалғандықтан қимылдамақ түгілі, дауысым да шықпай қалды. Үстімдегі көрпе баяу жылжып сыпырылып түсіп барады… Бір кезде жерден зор тұлғалы, қап-қара бірдеңе көтеріліп, менің құлақ түбіме сыбыр етті:
– Көрпемізді ауыстырайық, менікі тым ауыр екен, тынысым тарылып барады, жүрегімді басып тастады, ұйықтай алар емеспін.
Сөйтсем, ол Мафруза-шеше екен!
Таңертең кемпірлер шайға тойып алды. Қоштасқанша тағы біраз сөйлесті. Сөйтіп, қонақ апамыз таксимен өз үйіне кетті. Содан кейін барып Әжеме түндегі жағдайды мәлім еттім. Әрине, қорқынышым мен ішкі есебім туралы бүгіп қалдым. Әжем ұзақ күлген еді.
– Ой, ерке кемпір. Кеше оған немерелеріме жасаған көрпелерімді көрсеткем. Ол түнде соның біреуін маған жапшы деген. Мен оған болмайды дегем. Көрпені немерелеріме арнап жасадым деп. Менің көзімнің ілінгенін күткен ғой. Өзінікін жасапты-ау ақыры… Өмір-бақи ерке болып өткен адам ғой. Әкесі әбден еркелетіп өсірді. Содан соң күйеуі де сөйтті. Күйеуі соғыста қайтыс болған соң өзінің егізі, сыңар-бауырының қолына көшті. Ол бауыры үлкен бастық еді. Өзін қатты жақсы көрді. Мейлінше еркелетіп бақты. Қалағанын жасайтын. Енді, міне, Жәкен еркелетіп отыр. Ой, еріккен кемпір-ай…
Түнгі үрейдің себебі менің жаңа көрпем болып шықты. Бір жыл бұрын Әжем ауылға бір түк түйенің мамығына (жүні емес!) тапсырыс берген еді. Сол қолына тие салысымен өзі жаңалап жуып шықты. Кептірді. Қайтып түтіп шықты. Одан сабады. Анама көрпенің тысына шәйі матаның қызғылты мен көкпеңбегінен, астарына майда өрнегі бар сары түсті шыт алдыртты. Мамық шашылып кетпеуі үшін ақ дәкеден көп алғызды. Содан кейін ғана барып көрпе тігуге кірісті. Жерге ескі жайманы жайды. Үстіне ақ дәкені төседі. Дәкенің бетіне бірдей қылып мамықты салып шықты. Оның үстіне тағы да дәке жапты. Сосын бипаздап көктеп шықты. Дайын тысқа көктелген мамықты салып, сыртынан тағы бір рет көктеді. Жай көктеп шыға салмады. Әдемілеп әдіптеп, әр көрпеге бөлек-бөлек өрнек салып көктеді. Көзі әбден талған кезде көмекке бізді шақыратын. Бірнеше тебенге біздің бойымызбен бірдей етіп жібек жіптен сабақтап беруімізді сұрайтын. Әр өрнегін Әжем ерекше ыждаһаттылықпен, естілер-естілмес бірдеңелерді күбірлеп жүріп тігіп шығатын. Сөйтіп неше күн отырғанын білмеймін. Тамақ жасауға ғана үзіліс жасайды. Содан кейін жерге қадалған күйі арқасын тіп-тік ұстап, аяғын көсіп отырып, алдына көрпесін алатын. Әр көрпені көктеуге бір ай уақыттан жұмсады. Екі ұл немересіне көкпеңбек тысты, екі қыз немересіне алқызыл түстісінен төрт көрпе (кейіннен кенже ініміз туған соң оған да арнап жасыл тысты көрпе тіккен) жасап бітірді.
Мамықты әдейілеп ақ дәкеге салған екен. Көрпе жеңіл болсын деп. Әжем өлген соң жиырма бес жылдан соң маған жапқан көрпесіндегі дәке сетінеп, мамығы әр бұрышына ұйлығып, буылтықтанып кетті. Жөндеуге берейін деп ойлағам. Бірақ ол ойымнан тез айнып, көрпені өз қолыммен сөгіп, өйтіп-бүйтіп қайтып жасап шықтым. Әжем сияқты нығырлап отыруға төзімім де, уақытым да жетпеді. Оның үстіне қызым жайып қойған көрпеге ары да, бері де домалағанды қатты жақсы көретін. Дәкенің орнына ішкі тыстауға үйде жатып қалған бөзді салдым. Көрпені асығыс-үсігіс көктедім. Сондықтан ол ауыр болып қалды. Бірақ қызым күн суық кездері әлі күнге дейін соны бар ықыласымен жамылады.
Алматы ішінде қонаққа барғанда Әжеме еріп жүру менің міндетім болды. Онымен бірге Мафруза-шешенің үйіне қуана баратынмын. Пәтері орталықта. Кең сарайдай еді. Үйінде әдетте ешкім болмайтын. Оның дастарханынан адамның қолы жете бермейтін бар тәтті табылатын. Әр шкафта жазылып алдыратын әдебиет сықысып тұрады. Бұлғары диванға жатып алып, ортағасырлық романдар мен Конан Дойлдың ғылыми қиял-ғажайыптарын оқимын. Ал, шеше сағат сайын өзінің кереметтей дәмді бауырсағын қуырып, бір уыс шоколад қосып алдыңа тосып отырады. Кемпірлер шайды асүйде іше береді. Мафруза-шеше сүйікті немересіне жатар алдында «массаж» жасап, арқасын уқалап беретінін жыр қылып айтады. Әжем «массаж» деген сөзге түсінбейді. Шеше оған түсіндіріп әлекке түседі. Олардың әңгімесіне шек жоқ еді.
Шешенің бала-шағасы не жұмыста, не басқа жаққа кетіп қалған боп шығады. Немерелері үнемі секцияда, не ата-анасымен демалысқа кетіп қалады. Осындай сәттер мені қатты қуантатын. Үйдегі күйбең тіршіліктен кейде демалғың келеді. Оның үстіне бұл үйдің бәйбішесін – анамның сыныптасы Клара-апаны – өзім жақтыра бермеуші едім. Біздің үйге қонаққа келген сайын үй ішіндегі «шығармашылық ретсіздікке» ол сынап қарайтын. Кіре сала бізге ақыл айтып, тәртіпке сала жөнеледі. Мүмкін өзінен гөрі жолы аса болыңқырамаған құрбысына деген жанашырлығын солай көрсеткісі келген болар. Қалай болғанда да бізге бұнысы ұнамайтын. Есесіне Жәкен ағаны жақсы көретінбіз. Мафруза-шеше сияқты ақжарқын, ақкөңіл кісі еді. Олардың түрлері де қатты ұқсайтын.
Адамдар арасындағы қарым-қатынасты бала көңіл өздігінше қабылдайды. Көбіне сол қабылдау өмірлік сипатқа ұласады. Мен Әжем мен шешенің жерлес екенін білуші едім. Анам мен Клара-апа бір сыныпта оқығанын да білгем. Жәкен аға Целиноградтан. Яғни, мүлде басқа жақтан. Жас күнінде қырсық мінезді Клара тәте Жәкен ағаның алыс ауылдан туыстары келгенде олармен театрға бармай қояды. Сасып қалған Жәкен аға болашақ келіндеріңіз деп жақын құрбысын ертіп апарған екен. «Келін» туыстарға қатты ұнайды. Кейін той болған кезде әлем-тапырық күлкілі жағдайлар орын алған екен. Осыны біле тұрсам да Жәкен ағаны Мафруза-шешенің баласындай қабылдайтынмын. Ешқашан күмән келтірген емеспін.
Жәкен ағаның қызметтен бағы жанды. Үй-іші де ауыз толтырып айтарлықтай еді. Бірақ өмірден ерте озды. Әке-шешемнің араластарының ортасында бірінші болып қайтыс болған сол кісі. Оның жаназасынан кейін Әжем байқаусызда: «Мафруза Жәкеннен бұрын кеткені сауап бопты. Қызымен сыйыспай қор болар еді» деді. Сол кезде ғана барып санама Жәкен аға шешенің ұлы емес, күйеу баласы болғаны жетті. Содан есіме мына жағдай түсіп кетті. Асүйде шылқыған майлы жылқының етін жеп отырмыз. Мафруза шеше Әжеме Клара-апаға шағымданып отырды. Ол үнемі борщ жасайды, немесе сол сияқты қаланың жеңіл-желпі, шөп-шалам тамақтарын пісіре береді екен. Шеше оларды жегісі келмейді. Ешкімге білдірмей жылқы етін асып жейді екен. Бір тәуірі Жәкен аға да етті жақсы көретін. Үш мұздатқыш-тоңазытқышқа етті сықитып, толтырып тастайды екен. Клара соған ұрысады. Бір рет қазанда асылып жатқан еттің үстінен түсіп, ет-петімен қосып қоқысқа қотара салыпты. Менің басымда пісіп-жетілген ойды Әжем түйіндеді: «Бір рет шыдамай кеткен Жәкен айғай салады: Сенімен баяғыда ажырасып кетер ем, шешемді аяймын, сен оған күн көрсетпессің мына түріңмен» деді.
Қазақтар орыстардың ене туралы анекдоттарын қайталағанды жақсы көреді ғой. Бірақ шын мәнінде қазақтың күйеу балалары енелеріне ерекше жақын болады. Мен танитын біраз достарымыз енелерінің бірге тұрғанын қалайтынын білем. Бұның себебі қазақтың дәстүрінде жатса керек. Тағы бір түсіндірмесі былай: анасы отбасы ынтымағына ықыласты, өйткені, дәстүрге жақын, сондықтан заман талабына бейімделген қызына ер азаматты қалай сыйлау керектігін құлағына құйып отырады, өзі де үйдің ішінде татулықтың туы тігілгенін қалап тұрады.
Айтпақшы, Мафруза-шешенің немересі өте байсалды жігіт болып ержетті. Бала күнінен радиотехникамен әуестенді. Мәскеуде сол саланың оқуын озат болып тәмамдады. Кейіннен мықты кәсіпкер атанды. Әжесін қатты жақсы көрді. Әжесі ұзақтау өмір сүрсе, бәлкім, ол да еркелетіп отырар ма еді?! Осындай тұзы жеңіл әйелдер кездеседі. Оларды көргенде ер адамдар міндетті түрде еркелеткісі келіп тұрады.
Коммунист пен молда
Орыс қаладағы қазақ кемпірлері деген тақырыптан сәл ауытқып, күлкілі бір жағдайды айтып өткім келеді. Әжеме қырындап, таласқан екі шал туралы оқиға бар еді. Олар тіпті төбелесіп қала жаздаған.
Айт кезінде Әжемді жерлесі қонаққа шақырды. Ол қаланың іргесіндегі КИЗ-дің (Қазақ Жер игеру Институты) ведомстволық үйінде тұратын. Біз жеткенде дастарқан басында айналадағы көрші-қолаң жиналып қапты. Кемпірлер мен екі шал. Екі шалдың кигені костюм-шалбар. Кеуделеріне таққан ордендері де бар. Ақсақалдары бар дастарқан ауылдық жер екенін білдіріп тұрғандай.
Әжемді көре салған үй иесі оны төрге оздырды. Екі жағына екі шал жайғасты. Мені Әжемнің сол қапталындағы шалдың төмен жағына отырғызды. Әжемнің ылғи төрге отыратынына үйреніп қалғам. Оның үстіне біз жамағайын туыспыз. Әжем бұл үйдің отағасының да, бәйбішесінің де ата-анасымен қатар араласып, дос болып өткен адам. Дегенмен де, Әжемнің екі шалдан озып, төрдің төпесіне шығып кеткені маған бір түрлі оғаш көрінді.
Кейіндеу бәйбіше ойлары сыйыспайтын, үнемі текетіресіп қалатын жергілікті екі шалдың сөзге келіп қалуынан сақтанып, екеуін бөлектемек оймен Әжемді қақ ортаға отырғызғанын айтты. Біреуі тұнған коммунист. Тіпті сталинист пе дерсің. Екіншісі, тықырлап алдырған басына қазақы тақия кигені – мұсылман екен, молда болып шықты. Діни неофит пе, оны біле алмадым. Кеңес Одағы кезінде еркектер тек зейнетке шыққанда ғана дінге бет бұратын. Жалпы алғанда қазақтар император Константин сияқты Құдай туралы, жан азабы хақында тек күнәға шамасы жетпей қалған кезде, әбден қартайғанда ойлау керек деп есептейді. Жастардың дінге құлшынуын сөгіп отыратын.
Молда болған соң ол уағыз айтып отырды. Жанды қалай құтқару керек деген сияқты әңгіме өрбіді. Айт болған соң бұл әңгіме дастархан басында отырғандарға сай еді. Ал, коммунист «Халыққа арналған апиын қанша тұрады?» дейтін Остап Бендер құсап, сөзін беймарал бөле берді. Біраздан соң екі шалдың бұрыннан келе жатқан айтысы жаңа реңкке ауысқаны белгілі болды. Екеуі енді әйелдің ілтипатына таласа бастады. Әжем үнемі тіп-тік жүретін. Жақсы киіне білетін. Басындағы шарқаты өзі тігіп алған крепдешін көйлегімен жарасып тұр. Аяғына мен Мәскеуге іс-сапарға барғанда әкеп берген 33-өлшемдегі туфлиін киген. Етегінен аяғына ілген жібек шүлкиі білінеді. Әжемді қонаққа ертіп барған сайын өзімді Ханшайымның соңына еріп жүретін нөкердей сезінетінмін. Бұл ортаға Әжем жаңадан келген соң, оның үстіне сыйлы төрге екі шалдан жоғары өтіп кеткендіктен бе, бүгінгі әлпеті бекзадалық мәртебеден асып түсті.
Бәйбішенің екі қошқардың ортасына Әжемді отырғызып ұпай жинау туралы есебі түгенделмеді. Қариялар шындап қызып кетті. Айтыса кеп, әр сөздерін Әжеме арнап отырды. Бұлардың өмір бойғы дауына бір шешім айтуын сұрағандай болды.
Бірі сөз бастап бірдеңе деген кезде екіншісі Әжемнің тәрелкесіне еттің майлысынан іріктеп, жемістерді бәкісімен аршып, турап беріп, жаңғақтарды шағып, ыдысының жиегіне салып отырды. Әжем салынғанның бәрінен салиқалы қалпынан айнымай отырып ауыз тиді. Екеуара тартысты еш байқамаған сыңаймен байсал тартып отырды. Бірақ мен оның әжуалағыш мінезін білем. Ішінен ғана тынып, мына екі қоразға ұқсаған шалдарға миығынан күліп отырғанына сенімді едім. Өзіне күлуге келгенде де Әжем алдына жан салмайтын. Төрдегі мығым отырысынан-ақ сексенге келіп мына жағдайға тап болғанына іштей күліп отырғанын, «мына екеуі қайтеді-ей» дегендей етегіне қарай жүзін төмен салған сайын маған көз сүзе қарағанынан байқай қойдым.
Бір уақта менен жоғары отырған шал есін жинап ала қойды. Тартысып отырып ұмыт қалдырған көрші кемпірлерді бір шолып ап, қолындағы бәкісін менің алақаныма сала қойды. «Неғып отырсың түк бітірмей, қонақтарды күтсеңші!» деді де қайтып Әжеме бұрылды. Күтілмей қалған кемпірлерде жеміс-жидек пен жаңғақ жегенге еш қарсы еместігін содан соң ғана барып білдік. Сол себепті төрге жалтақтауыма енді қол тимеді. Он-он бес кемпірге жеміс турап беру оңай ма? Алманың қабығын аршып, цитрустарды кесектерге бөліп, жаңғақты шағам деп әбігерге түсіп, өзім де аузыма бір түйір салып үлгермедім.
Өмірдің өзгермес ережесі бойынша, соңғы сөзді молда алды. Ол Құран бағыштап, бата берді. Мұнысын ол бар тіршіліктен арыла отырып, шын ниетімен атқарды.
Астарқан-шеше
Оның жарқын дауыспен «ашшшайтани рражими» деп Құран оқуы мен үшін құлаққа сіңісті болып қалды. Өйткені, біздің үйде мерекелік дастарқан жайылған сайын Құранды сол кісі оқитын. Әжем де оны өзге құрбыларынан бөліп, жасының үлкендігі үшін, Құранды жатқа білгені үшін, ауыр тағдыры үшін, қазақтар айтпақшы дер кезінде «тәубеге» келе алатындығы үшін ерекше құрметтейтін. Тағы да: ол Астрахань өңірінен келген, біздің руласымыз еді.
Ол жай ғана жесір емес, іштен шыққан он үш баласында қара жерге берген көкірегі қайғыдан қарс айырылған шерменде ана еді. Ел-жұрт сыртынан «жалмауыз» – бәрін өзі жалмап қойды деп тілдерін безейтін. Немерелерінің бірінің қолында тұрды. Онысы кәрі әжесіне қарағысы келмеген екі әйелімен де ажырасты. Үшінші рет ажырасуға бел байлай алмады. Екі үйдің ортасында бір өзі шапқылап жүретін. Тоқсандағы әжесіне бір өзі ғана қарасатын. Кейде жүйкесі сыр беретін. Ішіп кететін. Ішкен кезде басына түскен қиындықтары үшін, елуге келіп жаңадан әке болғандығы үшін қаусаған кәрі әжесін кінәлайтын. Ондай кезде әжесінің құдайшылдығы да жынына тиетін. Әжесі оған ләм-мим деп жауап қатпастан әйнегі қалың көзілдірігінің ар жағындағы сұп-сұр көздерімен сүлейсопа қарап, оның жан тыныштығы үшін дұға қыла беретіндігін жақтырмайтын. Әрине, былайғы өмірде ол тамаша адам еді. Жақсы немере болды. Сол немересінің қамқорлығымен әжесі ештеңеге кіріптарлық көрмей жүз жасқа таяу жасады.
Тоқсаныншы жылдардың іші. Ол әженің жасы еріксіз адам өмірінің өлшемі мен тарих туралы ойлантатын. Ол Октябрь революциясына дейін туған. Тіпті революцияны ересек күнінде қарсы алған. Бойжеткен кезінде. Ол өмірінде Азаматтық соғысты да, коллективтендіруді де, Екінші дүниежүзілік соғысты да, жылымықты да көрді, тағы нені көргенін бір Құдай ғана біледі.
Астарқан-шеше сұңғақ бойлы, сүйекті кісі еді. Бірақ өздігінен қимылдай алмайтын. (Бірақ үй шаруасын өзі атқара беретін, қамырды да қатқан қайыстай қара қолдарымен өзі жаятын). Егер немересі бір жаққа кетсе, біздің үйдегілер мені жұмсап, оны үйге алдыратын. Іргелес тұрған үйден біздікіне дейін он бес минут қана болатын. Қолындағы таяғын абайлап, еппен ауыстырады да, үйге жеткенше маған неше түрлі әңгімелер айтып береді. Әжем қайтқан соң үйге шақырып қоймай, Жұма сайын оны үйіне іздеп баратын болдым. Әжеме Құран оқытушы едім. Терезе алдындағы биік үстелде отырамыз. Ол әңгіме айтып бастайды. «Сенің Әжең де сен құсап Жұма сайын маған келуші еді, жарықтық. Үйіне қайтып бара жатқан кезде аулада бұрылып қарап, маған қолын бұлғайтын» дейтін. Шеше тарамыстай тартылған қолын көтеріп, Әжемнің даладан қалай қол бұлғайтынын көрсетеді. Неге екенін Астарқан-шеше үшін осы жайт аса маңызды еді. Мен барған сайын осыны айтып қоймайтын.
Кейде Астарқан-шеше балалық аңғалдығын білдіріп алатын. Бірде маған түнде көрген түсін айтып берді. Түсіне анасы еніпті. Үстіне аппақ көйлек киіп алған. Қолын бұлғап, оны шақырып жатыр екен. «Бұл түсті қалай жорисың, айтшы?» деп менен сұрайды да, әңгімесін өзі жалғастырады: «Шешемнің түрі есімде де жоқ қой, ол өмірден жастайынан өтті, революцияның алдында кетті, оның бет-жүзі санамда анық қалмапты. Бірақ сол екенін ішім сезеді. Мен оған ренжідім ғой. Баяғыда, бала күнімде, біздің ауылда шешек қаптады, үйдегі бар бала қынадай қырылды, тек мен және кішкентай інім ғана аман қалдық. Бір күні кешке анам мені ауырып жатқан інімнің аяқ жағына көлденеңінен жатқызды. Таңға жуық ол өліп қалды. Мен тірі қалдым. Шешеме әлі күнге дейін сонысын кешіре алмай келем». Шешесі түсіне кіргеннен кейін де ол кісі біраз жыл аман-есен өмір сүрді.
Сары-шеше
Ақсары келген, көк көзі кейде сарғыш тартып құбылып тұратын. Сүйегі ірі, толық кісі. Қайдан шыққанын білмейтін. Аштық кезінде оны Қарағандының вокзалының жанынан тауып алыпты да жетімдер үйіне өткізіпті. Дастарқан басына жиналған кезде кінәлі адамша мүләйімсіп жымиып отырушы еді. Құлағы нашар еститін. Соның кесірінен көпшіліктің әңгімесіне араласа бермейді де. Білдей бастық болған ұлы ерте қайтыс болып кетті. Келіні мен немерелері күн көрсетпейтін. Өйткені, күйеу соғыста қайтыс болған соң әмеңгерлікпен тиген қайнысынан тапқан балалары тұңғышы алып берген бір бөлмелі пәтеріне таласатын.
Мен Сары-шешені жақсы біле алмаппын. Бірақ неге екенін менің Әжем, сол кісі кеткен соң, тағы да бір атын есіме түсіре алмаған апа екеуі қайта-қайта түсіме кіргіштеп жүрді. Түсімде жаңа туған шақалақ қызыма қамқор болып жүретін, мені түрлі келеңсіздіктерден сақтандырып отырды.
Өскемен-шеше
Сұңғақ бойлы, арықша келген, қараторы әже. Шыққан жері Шығыс Қазақстан еді. Ересек ұлы екеуі тұрды. Үнемі үй шаруасынан қолы тимейтін, құрдас-қатарластарының отырыстарына көп келе бермеуші еді. Бірде менің Әжем құрбыларымен қыдырып кетіп, көңілі түсіп қайтты. Ойланып отырып, былай деді: «Өскемен-кемпір күйеуі соғыста өлген соң қалай қиналғанын айтып берді. Ауылдың белсенділері оған қандай қоқан-лоққы көрсеткендерін айтқанда, жағамды ұстадым. Бірақ басқалары да оның айтқанын мақұлдады. Біздің Жымпитыда жағдай олай ушықпаған еді. Егер біреуге қара қағаз келсе, оны пошташы емес, ауыл бастықтарының бірі барып естіртетін. Көңіл айтып, жаназа шығаруға қол ұшын созатын. Қара жамылған үйге барынша көмектесіп отырушы еді. Білесің бе, атаң соғысқа кетпей тұрып осындай ережелерді біздің ауылға өзі бекітіп кеткен сияқты. Бәрі адамның өзінен екен ғой».
Әжемнің асын берген кезде бір адам Кеңсайдағы бейітіне ілесе барып, Құран оқып берсе екен деп едім. Әжеме мұның бәрі көзі тірісінде өте маңызды болатын. Мен титтей күнімнен баласының, біздің нағашымыздың басына барған барлық сапарларында Әжеме ілесіп жүрдім.
Жетпісінші жылдары және сексеннің басында бейітке бара қалсаң, сүт пісірім уақыттан соң татар шал жетіп келетін. Ол қараусыз қалған мазарларға қарауыл еді. Туыстары ұмытқан марқұмдарға Құран бағыштап отыратын. Әжем оны танитын. Екеуі ескі таныстарша жарқын амандасатын. Сосын ол Құран оқиды. Кейін ол Кеңсайдан төбе көрсетпейтін болды. Жастау молдалар Кеңсайдың кіреберісінде отырады. Шақырсаң ғана бейіт басына барып Құран оқып береді. Одан кейінгі молдалар оңай ақшаға құнығып алды. Дарбазаның алдында отырып Құран оқи салатынды шығарды. Құранды қайда оқысаң да бәрібір дегенді уәж ететін болды. Әжем оларды сыйламайтын. Құран оқып берем деген айғайына үндемей өтіп кететін. Баласының басына барғанда Құранды өзі оқушы еді.
Астарқан-шешені Кеңсайға апару мүмкін емес-ті. Оның үстіне қырсыққандай қыс қатты болды. Қар қалың түсті. Өзім аса жақын танымайтын Өскемен-шешеге өтініш айттым. Ол бірден бас шұлғып, келісе кетті. Таксиім Кеңсайдың дарбазасының алдында қарға тығылып қалғаны. Ары қарай жаяу жүруге тура келді. Кеңседен арғы жол мүлде тазаланбапты. Жотаның басына қарай жүрген сайын қарға белшеден батып, зорға жеттік. Сексеннен асқан қарияны осынша қинағаныма өлердей ұялып барам. Бірақ Өскемен-шеше өте сабырлы екен. Табиғаттың алдан тосқан жайсыздығына міз бақпады. Кері қайтқандағы жолымыз да оңай болмады. Ымырт үйіріле бастады. Такси ұстай алмай әлекке түстім. Бастан-аяқ су болып, әбден қатып, иін алып жүргісіз адам тола автобусқа мініп, одан оны ауыстырып, үйге әзер келдік. Ол кісіні үйінің кіреберісіне дейін шығарып салып қоштасқан сәтімде Өскемен-шешенің маған ерекше ыстық ықыласпен қарағанын ешқашан ұмытпаспын.
Біраз уақыттан кейін ол шеше баласымен бірге басқа ауданға көшіп кетті де, арамыздағы байланысымыз күрт үзіліп қалды.
Офицердің кемпірі
Күйеуі бар жалғыз кемпір еді. Содан да «Офицердің кемпірі» атағына қалған. Құрбылары сияқты жесір қалуы да ықтимал еді ғой. Соғыс кезінде контузия алған күйеуін өліге балап, бауырластар қабіріне көмейін деп жатқан кезде қолының қимылдағанын біреу байқап қалыпты. Ажалы сексенінші жылдарға тап келді. Өзі тып-тыныш, бейқам, көлік көп жүре бермейтін Марков атындағы көшеде мотоцикл мінген біреу қағып кетті. Шалдың балалары маңдайына жазылғаны сол шығар деп, жап-жас ингуш жігітке жандары ашып, ешқандай айып тақпаймыз деп арыз жазып берді.
Офицердің кемпірі өте көңілді, көп сөйлейтін, ашық-жарқын, тәуекелшіл, аздап мақтансүйгіш еді. Құрбысының бұндай мінезін жанында шалы бар болған соң солай шығар деп отыратын Әжем. Өзіме ол туғаннан осындай сияқтанатын. Арғыннан шыққан. Сонысын да мақтанышпен айтатын. Ата-анасының жолы болғыштығы мен қайраттылығы балаларына мирас болды. Бұл отбасы өзгелерінен әлдеқайда бақуатты еді.
Көптеген қарт қазақтарға қарағанда Офицердің кемпірі тоқсаныншы жылдары есік қаққан нарық заманына тез бейімделді. Елбасының саудамен айналысу керек деген ұранын алғашқылардың бірі болып қабыл алып, сол іске бел шеше кірісті. (Жалқау ғана сауда жасамайды, деп айтылды-ау сол кезде). Мәселен, Өскемен-кемпір Әл-Фараби мен Университеттік көшелерінің қиылысындағы жайма базарда сауда жасайтын. Өзінің саудагерлігінен сұмдық ұялатын. Сондықтан біз бұл базарды сыртынан айналып өтетінбіз.
Офицердің кемпірі Никольский базарына шықты. Таныс біреу-міреуді байқай қалса, дауыстап айғайлап, өзіне шақыра қоятын. Балалары оның саудаға деген ынтасын барынша басып ұстауға тырысты. Саудаласпай жүру ол кісіге қиынға тиетін.
Бірде қыстыңгүні біздің үйге кепті. Бір нәрсе бүлдіргенін түрі айтып тұр. «Саған күріш керек пе? Таяу маңда бір адаммен саудаласып келдім. Бағасын екі есе түсірттім. Бірақ біздің үйде күріш көп. Балалар қапты көрсе, дүрсе қоя береді. Ауыр көтеруге тыйым салып тастады. Шанаңды сайла. Менің орныма сен сатып ал. Сен бәрібір саудаласа алмайсың ғой» деді. Мен шынында да күрішті өте арзан бағаға сатып алдым. Сөйте тұра ол тағы маған шанамды сүйреуге көмектесіп қояды. Жол-жөнекей бала-шағасы мен немерелерінің жетістігін айтып, дәулетті өмірлері туралы мақтанып келді. Оның мақтанымпаздығы әзілмен еркін айтылатындықтан адамның шабына тимейтін. «Білесің бе, мен үлкен баламды қазы-қарта үшін сатып жібергем. Қалыңдығы маған түк ұнамады. Бірақ құдалар Көкшетаудан екен. Олар табақ-табақ етіп тартқан жылқының етін көргенде… Ішімнен ойладым. Балам кімді ертіп келсе де, ол келін маған ұнамайтыны анық, ал мынаны алса, соғымға көкшетаудың жылқысын жеп жатпаймын ба деп». Өзі сол ойына қарқ-қарқ күледі-ай келіп…
Өзім тұрмысқа шығып, тойдан кейін оның ауласын кесіп өтіп бара жатқанымда жолыға кетті. Амандық білісіп болған соң күйеуім туралы сұрады. «Отырған қыз орнын табар деп қазақ бекер айтпайды» деген еді құттықтап болған соң. Сосын тойға шақырылмағанына ренішін өте ұқыпты түрде мені тілдемей, әкемді тілге тиек етті. «Сенің әкең оңбаған, мені тойға шақырмағаны несі? Әжеңмен дәмдес едім ғой» деді. Сасып қалдым. Асығып жүріп бұл кісіні шынында да шақырмаппыз. Бар құрдасын аттандырып болған ол кісі қазір жалғызсырап жүрген еді. Өзі қолында тұратын кенже баласының үйінде емес, көбінесе үлкен балаларын аралап кететінді шығарған. Мен ыңғайсызданғанымнан міңгірлеп ақтала бастадым. «Құдай ақы, шеше, кешіріңіз. Кез келген кезде келіңіз… Сізге есігіміз әрдайым ашық екенін білесіз ғой…». Ол зор дауысымен сөзімді бөлді. «Мен саған анау-мынау проходите-заходите дейтін кемпір емеспін. Маған арнайы шақырту керек» деп жарықшақтана шыққан зілді дауысына өксік тығылды.
Сексеннен асып кеткен шағы еді. Әлгінде айтқан сөзіне қарамастан бір күні шақыртусыз біздің үйге өзі келді. Қызымды жаңа босанған кезім. Құттықтай келіпті. Біздің бала күнімізде киетіндей етіп өз қолымен тоқыған қызыл баскиімді қолыма ұстатты. «Көзім баяғыдай емес. Көрмей қалды. Бізге көзім жетпей, жібінен жаңылсам да тоқып бітірдім, әйтеуір. Әжеңнің тұңғыш шөбересі ғой. Бақытты болсын» деді.