Тас қала, тас көшеден шаршадым ба,
Ауылға ауа береді аңсарым да.
Дариға-ай,
Дәл осылай күй кешем деп,
Ойлап па ем, бала дәурен бал шағымда.
Ауылдағы алаңсыз жас шағым жоқ,
Күйім осы ойда зіл, баста мұң кеп.
Тас қала, тас қабырға, тас көшеде,
Кетпесем болдым мен де тас бауыр боп.
Бұл жақтағы өмірдің басқа мәні,
Тастай қатты адамдардың қас-қабағы.
Миымды солқылдата сыздатқанда,
Тастай қашқым келеді тас қаланы.
Маңдайымнан аймалап таңғы лебі,
Көзімді ілсем түсіме тау кіреді.
Туған жер сенен ғана табылардай,
Құлазыған жанымның жалғыз емі.
Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!
0 / 5. Дауыс саны: 0